Білім мен ғылым саласында тың зерттеулер жүргізіп, іскерлік пен ұйымдастыру қабілетін ұштастырып, мықты менеджер ретінде танылған нәзік жандар аз емес. Олар – отбасының да алтын қазығы. Сондай жандардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Майнұр Бөрібаева.

Кейіпкеріміздің ғылымға келуі, ұстаздары мен жұмыс барысындағы жаңалықтардан хабардар болу үшін Майнұр Әбілтайқызымен сұхбат құрдық.

– Еңбек демалысына қарамастан сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Айтыңызшы, демалыс уақытын қалай өткізгенді ұнатасыз?

– Демалыс − тынығу ғана емес, жан дүниең тынышталатын сәт. Мұндай уақытта кітап оқып, өзімнің зерттеп жүрген бағытым бойынша ғылыми мақала жазуға тырысамын. Әрине, табиғат аясында балаларыммен демалғанды, таза ауада ұзақ серуендеп, әңгіме-дүкен құруды ерекше жақсы көремін. Бұл − менің өміріме қуаныш пен шабыт сыйлайтын мезеттердің бірі.

− Бауырларыңыз ғылымға жақын мамандар. Сіз бұл салаға отбасылық миссия ретінде қарадыңыз ба, әлде жүрек қалауы ма?

– Менің ғылымға бет бұруыма бір-ақ себепкер бар. Ол – менің ғылыми жетекшім, рухани ұстазым Нұрсұлу Шаймерденова. Жасыратыны жоқ, әкемнің «қыз бала мұғалім, ұл бала заңгер болуы керек» деген нақты ұстанымы болатын. Осы қағидамен «оқуды бітірсем мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі боламын» деп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің студенті атандым.

1-курста «Славян филологиясына кіріспе» пәнінен лекция оқуға кірген оқытушыға бірден ғашық болдым деуге болады. Ол профессор Нұрсұлу Жамалбекқызы еді. Студенттермен сөйлесу мәдениеті өте жоғары, академиялық тілмен лекция оқып, үйге берген тапсырмаларын сұрау мәнері де ерекше болып көрінді. Ол кісі алғашқы оқу жылынан бастап мақала, рецензия, диссертациялардың авторефератына рецензия жазуды үйретті. «Өте жақсы, бұл сіздің қолыңыздан келеді, тағы да тырысып көріңіз» деп бізге үміт беріп, өз-өзімізге сенуге күш салды, ғылымға баулыды. Бұл салаға бет бұрамын деген мақсат тіпті ойымда болған емес, сондықтан жүрегімнің қалауы деп те айта алмаймын. Бірақ өмірлік жолымда кездескен ұстаздарыма қарап ойым өзгерді. Сол кісілердей болғым келді… Ұстаздарымның үмітін ақтадым ба, білмеймін. Бірақ есімдерін ешқашан ұмытпай жадымда сақтап, сәтін салған жерде алғыс айтып жүремін.

– Еңбек жолыңыз Алматы қаласындағы №14 орта мектептен басталған екен. Педагогикалық қызметіңіздегі қандай оқиғаны жиі есіңізге аласыз?

 – Иә, университеттен Алматы қаласындағы №14 орта мектепке жолдама алып, жұмыс істеуге кірістім. Ол тек орыс мектебі болатын. Маған бірден сынып жетекшілікті берді. 5-7 сынып оқушыларына «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болдым. Қазір ойласам, университетті бітіріп жұмысқа орналасқан, бар жоғы 21 жастағы маман болыппын.

Ата-аналар жиналыста мені көргенде бірден шошитын. «Өзіңіз бала сияқтысыз, арық, бойыңыз кішкентай, сізді оқушылар қалай тыңдайды?» деп айтқандары әлі есімде. Расымен бойым өзімнің 5-сыныптағы балаларымның бойымен бірдей болды. Дегенмен жасөспірімдермен жақын тіл табысуға тырыстым. Осылай мектепті жақсы көріп кеттім.

Ғылым мен өмірдің үйлесімі

– Естеліктерге әрі қарай шолу жасасақ. Осыдан тура 11 жыл бұрын «Болашақ бағдарламасы бойынша Ресей халықтар достығы университетінде тағылымдамадан өттіңіз. Өзге елдегі жұмыс, атмосфера ерекше болары анық. Қалай ойлайсыз, «Болашақ» бағдарламасы сізге не берді?

 – Мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болғанымды әрқашан мақтан тұтамын. Осы бағдарламаның арқасында қазақы мінез, рух ұғымдарын терең түсіндім. Шет елде жүргенде өз елің үшін мақтаныш әрі сағыныш сезімі пайда болады. Білімімді шыңдап, тағылымдамадан өтіп қана қоймай, Ресей университетіндегі профессор-оқытушылар құрамына Қазақстанның ғылымы, ғалымдардың еңбегін айтып, жетістіктерімен бөлісуге тырыстым. Ғылыми тағылымдама кезінде Мәскеудің баспаханасында монографиямды шығардым. Ол алдын ала кафедрада талқылаудан өтті. Біршама ресейлік журналға мақала жаздым. Сөйтіп еңбегімізді басқа кеңістікке таратуға тырыстым. Бұл − керемет мүмкіндік. Сондықтан қазіргі жастарға, әріптестеріме үнемі «Мемлекет осындай мүмкіндік беріп жатса, бағыңды сынап көру керек, уақыт өтіп кетеді, жас келеді, ал алған тәжірибе мен білім ешқашан ұмытылмайды» деп айтып жүремін.

– Кітап – сенімді дос, сарқылмас білім көзі. Білуімізше, кітап оқығанды ұнатасыз әрі үйіңізде жеке кітапхана бар. Тіпті қоныс аударғанда кітаптарды ыңғайластыру қиын болған деседі. Жаныңызға қандай жанр жақын? Кітапқа деген махаббат қайдан туындады?

 – Кітапқа деген махаббат мектеп қабырғасында пайда болды. Әдебиет пәнінің мұғалімдері сабақ үстінде дауыстап, мәнерлеп әдеби кітаптарды оқытатын. Ал өз атам мен әкем инженер-электрик болса да қолдарынан кітап тастамауға тырысатын. Есімде қалғаны – анам үнемі есеп шығарып отыратын. Бала кезде түсінбейтінбіз. Ес жиып, бойжеткенде анамыздың есепші екенін түсіндік. Ауылда тұрсақ та кітап өте көп болды. Бірақ барлығы орыс тілінде еді. Ал тұрмысқа шыққан соң көркем әдеби кітаптар жинай бастадым. Себебі үйдің байлығы, көркі кітап деп есептеймін. Олар сөреде тұрған соң шаң басып, оқылмай қалмайды деп ойлаймын. Ал жанрға келсек, әрине, классикалық көркем әдебиет ұнайды. Бірақ керемет жазылған фантастика да бар ғой, осы жанр да жаныма жақын.

– Фейсбуктегі естеліктерде ұстазыңыз Элеонора Сүлейменова туралы жиі айтасыз. Сіз үлгі тұтатын жандар туралы бөлісіңізші.

 – Сұхбат барысында айтқанымдай, ұстазым тек біреу ғана емес, өмірде кездескен барлық ұстазыма алғыс білдіремін. Элеонора Дүйсенқызы, Алтай Аманжолов отандық тіл білімі ғылымын Қазақстанға ғана емес шетелге танытқан, талай шәкірт дайындаған белгілі ғалымдар. Нұрсұлу Жамалбекқызы да осы мектептен шыққан, бірлесіп талай еңбектер жазған тұлға. Мен осы тіл білімі ғылымына берілген ғалымдардың ұстаханасында шыңдалғаныма қуанамын және оларды үлгі тұтамын. Әрине, уақыт өте келе ой-өрісің кеңейеді, жаңа тұлғалармен танысып, олардың шапағатын көресің. Мен үлгі тұтатын жандардың қатарында Серік Негимов, Дихан Қамзабекұлы мен Бағдат Кәрбозовтың есімдері де бар.

Ғылым мен өмірдің үйлесімі

 – Белгілі нәтижеге қол жеткізуде тепе-теңдікті сақтау маңызды рөл атқарады. Жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүру үшін қандай тәсіл қолданасыз? Жар, ана, келін және басшы рөлінде балансты қалай ұстауға болады?

 – Әрине, ол оңай жол емес. Жар, ана, келін және басшы рөлінде баланс сақтау қиын. Бұл сұрақтың жауабын мүмкін жақындарымнан, балаларымнан және әріптестерімнің өзінен білген дұрыс шығар. Бірақ мен қандай жұмыспен айналыссам да, үй шаруасы, я жұмыс уақыты болсын сабырлық сақтап, позитивті көңіл-күймен жүргенді қалаймын. Өйткені үйде балаларыңа шабыт берсең олар сабақты жақсы оқиды, өздерінің қабілетіне сенеді, психикалары да тұрақты болады. Ал қызметкерлер мен әріптестеріңе шабыт сыйлай алсаң, жұмыс та қарқын алып, оң нәтижесін береді. Корпоративтік мәдениет жақсы қалыптасады. Сол үшін ең маңызды қасиет сабыр мен позитивтілік деп ойлаймын.

 – Ғылымды теңізге теңейміз. Ізденіс, еңбек әрі уақытты талап ететін салада жұмыс істеу өзіңді күн сайын қайраумен тең. Ал жұмысқа деген ынтаны жоғалтып алмауда мотивация мен қолдаудың рөлі зор. Өміріңіздегі қолдаушы кім?

 – Өмірімдегі бірінші қолдаушым – әкем мен анам, содан кейін – бауырларым, одан кейін өз отбасым. Әрине, ұстазымның қолдауы ерекше. Неге екенін білмеймін, бірақ әкем мен анам бес баланың ішінде мені ерекше еркелетіп өсірді. Отбасында әр баланың орны бөлек қой, бірақ маған деген сезімдері ыстық болып көрінетін. Кішкентайымнан орнымның бөлек екенін білдіріп, мотивация мен қолдау көрсетті.

Ғылым мен өмірдің үйлесімі

– Филология ғылымдарының кандидаты ретінде жасөспірімдердің психологиясын және балалар әдебиетін зерттеуді қолға алдыңыз. Зерттеу жұмысының барысы қалай?

– Негізі менің зерттеу бағытым көне орыс жазбаларындағы түркі сөздерін зерттеу болатын. Ал балалар әдебиетіне, жасөспірімдер психологиясын зерттеуге біз бір топ әріптестерімізбен ғылыми жоба аясында бас қостық. Өйткені балалардың түрлі гаджеттерге (ұялы телефон, айпад, компьютерлік ойындар) құштар болуы олардың психикасын бұзып, оқу, ойлау, әдемі сөйлеу дағдыларынан айырып жатыр. Жасөспірімдердің арасында суицидтің өршуімен қатар, осы технологиялық құрылғыға тәуелділік пайда болып, денсаулықтарына үлкен зиянын тигізуде. Біз бұл мәселені 2011 жылы қозғап, кітап шығарып, ғылыми жоба аясында бірқатар зерттеу жүргіздік. Десек те бұл жағдай өршіп, заманның үлкен проблемасына айналды.

 – Қоркыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі ғылым саласы қандай деңгейде? Ғалымдар зерттеу жұмысы барысында қандай бағытқа басымдық береді және олардың ғылыми зерттеулері туралы айтсаңыз.

– Бұл ауқымы кең, тіпті бөлек сұхбат ұйымдастырып, толық тарқатуға тұрарлық сұрақ. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өткен жылы алғаш рет QS Word University Rankings-2024 халықаралық рейтинг агенттігінің талдауы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірді. Тұрақты даму мақсаттарына үлес қосу бойынша алғаш рет UI GreenMetric әлемдік рейтингіне қатысып, беделді тізімде 1015 орынға тұрақтады. Осы рейтингтерден бастаған себебім барлығының ішінде ғылыми зерттеулер мен жобалар, шетелдік ғалымдармен бірлесіп орындаған зерттеулер ескерілді. Міне, осындай әлемдік деңгейге жетуде университет ғалымдарының үлесі зор.

Университетке ғылымнан түскен қаржы 2020 жылмен салыстырғанда 5,4 есеге өсті. Тек былтыр Ғылым комитетінің қаржыландыруы мен әртүрлі компаниялардың тапсырысы бойынша орындалып жатқан, ұтып алған жобалардың құны 1 324 299 291 теңгені құрады.

Университет ғалымдары бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлейтін болады.

 Университте 8 бағытта ғылыми журнал шығарылады. Оның біреуі Ғылым және жоғары білім министрлігінің тізіміне кіреді.

Өткен жылы Қазақстанның жыл сайынғы 75 мемлекеттік ғылыми стипендиясының үшеуі университет ғалымдарына берілді. Сонымен қатар олар былтырдан бастап Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне қосылды.

Ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау мақсатында 3 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «500 ғалым» бағдарламасы бойынша шетелде ғылыми тағылымдамадан өту үшін 25 адам жолдама алды. Сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумдар шеңберінде 5 халықаралық жоба іске асырылды.

 Нова Лиссабон университетінің ғалымдарымен бірге альцгеймер және паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек әзірлеу халықаралық жобасы орындалуда. Бұдан бөлек, құрамында мұнай бар қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық технологиясы әзірленді.

 Университет ғалымдары облыстағы Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала, Бәбіш мола, Асанас қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстарын Германиядағы Тюбинген университетінің және Ресей ғылым академиясының Миклухо Маклай атындағы Археология және этнология институтының ғалымдарымен бірге жүргізеді. Жуырда университеттің жас ғалымы 2024-2027 жылдарға арналған халықаралық ғылыми жобада жеңіске жетіп, жапондық әріптестермен бірге Арал маңында ежелгі дәуір ескерткіштерінен табылған жәдігерлерге архео-ботаникалық әдіс арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Ғалымдар алғаш рет африкалық тары сорттарының перспективалық үлгілерін Арал өңіріне егіп, тұзды топырақта құмай өсіру технологиясын ғылымға енгізгенін айта кету керек.

2021-2023 жылдары Мичиган университеті (АҚШ), Ховест қолданбалы ғылымдар университеті (Бельгия), Любляна университеті (Словения) және Еуропалық Одақтың Erasmus+ орталықтарымен біріккен 4 халықаралық білім беру жобалары жүргізілді.

Өткен жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) ынтымақтастық аясында Жасанды интеллект және информатика институты ашылды. ЖОО-ның өзге де шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық байланысы артты. Каннам университетімен (Корей Республикасы), Қытай мұнай университетімен (КХР), Томск политехникалық ұлттық зерттеу университеті, Дубна университеті (РФ), «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетімен (Өзбекстан) бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

 Жақында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде Қорқыт ата университетінің өкілдігі ашылды.

2023-2024 жылдары 9 оқытушы диссертация қорғады, оның ішінде 6 адам біздің университеттің докторантура түлектері.

Ғылым мен өмірдің үйлесімі

 – Білім ордасының қызметкерлері мен білім алушыларының ғылыми жұмыстарына қандай қолдау көрсетіледі? Ғалымдарға арналған жобалар туралы айтсаңыз…

– Ғалымдардың ғылыми зерттеулерге ынтасын арттыру мақсатында әлемдік базаларда индекстелетін рейтингі жоғары журналдарда еңбегі жарияланғаны үшін көтермелеу шаралары көзделген. Оларға кейінгі екі жылда қаржылай қолдау көрсетілуде. Ал жас ғалымдардың ғылымизерттеу жұмысын жүргізуге арналған ішкі гранттар конкурсы 3 жылдан бері ұйымдастырылуда. Биыл үздік деп танылған 8 жобаның авторына 1 250 000 теңгеден грант сертификаты табысталды. Осы жылдан бастап грант қаржысы 20 миллионға дейін көтерілді.

Наурыздан бастап Түркияның жастар және спорт министрлігінің қолдауы, қаржыландыруымен «Мәдени мұра» халықаралық жобасы іске асырылуда. Осы жоба аясында белсенді жастар мен жас ғалымдар Түркияға тегін тағылымдамаға жіберіледі. Бірінші легі осы жылдың мамыр айында барып келді.

Ғылым мен өмірдің үйлесімі

 – Сізді әріптестеріңіз жігерлі көшбасшы ретінде сипаттайды. Ал жұмыстан тыс Майнұр қандай?

– Күлкілі болса да, шындық…

Жұмыстан тыс Майнұр – жұмсақ, мейірімді, балмұздақ пен ұйқыны жақсы көретін адам.

– Сіз үшін бақыттың құпиясы…

 – Мен үшін бақыттың құпиясы – адамдарға жақсылық жасау, еліңе қызмет ету.

– Cұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!