Бүгінде той-думан әнші, бишілерсіз өтпейді. Ол үй болсын, мейрамхана болсын. Оның үстіне “менмін” деген әншілерді емес, жанды дауыста ән шырқайтындарды шақыруды әдетке құп көреміз. Соған қарағанда халық жасанды дауыстан ығыр болғандай. Мен де осы жайттың куәгері болдым. Бірде сыныптастарымның отырысы өтті. Бұл отырыстың көркін 22 жастағы жігіт қыздырды. Нағи Әбдіқадырдың дауысын естігенде таңданып қалғаным рас. Қай тілде болса да емін-еркін айтады. ұйып тындап кеткеніміз соншалықты уақыттың қалай өткенін аңғармай да қалыппыз. Өзім жастардың насихаттаушысы болған соң ба, бірден Нағиды сөзге тарттым.
– Гитараны қолға алғаныма көп уақыт болды. Тіпті бала кезден әуеспін десем болады. Өзіме ұнаған әндерді шырқап жүріп үйрендім. Гитара тарту оңай емес, дегенмен бір үйреніп алсаңыз әрі қарай ауырлық етпейді. Ал әндерді бірте-бірте жаттай бердім. Балалық шақтағы арманым әнші болу еді. Үлкен сахналарда өнер көрсетпесем де, байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған кездерім бар. Бүгінде достарымның арасында ән айтамын. Бұл сөз тойға шығып, ақша табады дегенді білдірмейді. Бірден айтайын, мен тойға шықпаймын. Тек жақындарымның өтінішін орындап айтатыным болмаса. Сіз де осындай сәтке кезігіп қалдыңыз. Жалпы қолдан келген істі жасаған дұрыс қой. Мен өнерді жоғары бағалайтын адаммын. Сондықтан да өнер үлкен сахналарда бағалануы керек. Ал менің арманым сол үлкен сахналардан бой көрсету, – дейді Нағи әңгімесінде.
Нағидың орындауындағы әндердің бәрі жүректі тербетеді, адамға әдемі көңіл күй сыйлайды. Қуандық Рахымның “Мен қазақпын” деген әнін Нағидың аузынан естідік. Шынымен-ақ қазақтың жігіттері осындай болу керек.
– Мен көбіне Әбдіжаппар Әлқожананың әндерін ұнатамын. Ғазизхан Шекербеков әндерін көбіне гитарамен айтады, сондықтан да болар соған еліктеймін. Оның барлық әндерін ұнатамын. Сосын соларды жаттауға тырысамын. Ішінен “Еркекпін мен”, “Қайдан ғана жолықтың”, “Көзіме қара” өлендері жаныма жақын. Бұйырса, арманым орындалар күн алыс, – дейді Нағи.
Өнерлі жігіттердің бірі домбыра ұстап ән шырқаса, енді бірі баянмен өнер көрсетеді. Ал біздің кейіпкеріміз гитарамен ән айтады. Өзім бала кезден гитара үйренгім келді, сондықтан да гитара тартқандарды ютуб арқылы қарап жүрдім. Бірақ “былай ұста, былай тарт” деп отырған адам болмаған соң да үйреніп кету оңайға соқпады. Міне, енді Нағидың қолындағы гитараны көріп, балалық арманым еске түсті. Нағидың “Мен өнерді жоғары бағалаймын” деген сөзі қатты ұнады. Шынында бір-екі ән айтып, танымал болып жатқандар бар. Ауылдан шыққан қаншама талант иесі жарқ етіп көріне алмай жүр…
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!