Әрбір адамның денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Ал жүйке жүйесінің саулығы адамның физикалық, психикалық және эмоциялық жағдайын тікелей анықтайды. Невропатология саласы дәл осы маңызды бағытқа ерекше назар аударады. Білікті маман, көпжылдық тәжірибесі бар невропатолог дәрігер Гүлнәр Мұстафаевамен мереке қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсіп, әйелдер мен балалар денсаулығы туралы әңгіме өрбіттік.

– Көптен күткен көктемнің басты мерекесі құтты болсын, Гүлнәр Өмірбекқызы! Алғашқы сұрағым, мамандығыңызға қатысты болмақ. Невропатология саласын таңдауға не себеп болды? Бұл мамандыққа деген қызығушылық қалай пайда болды?

– Рақмет! Ең алдымен, қасиетті Рамазан айының келуімен, сондай-ақ 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!

«Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» демекші, әр баланың кішкентайынан көріп өскен адамдардан еріксіз тәлім алатыны анық. Ал менің балалық шағымнан көріп өскен тұлғалар әкемнің қарындастары еді. Әпкелерімнің барлығы медицина саласында еңбек етіп, менің осы салаға деген құлшынысымды оятты.

Невропатология – адам денсаулығының ең маңызды жүйесімен, яғни орталық және перифериялық жүйке жүйесімен айналысатын сала. Бұл мамандықты таңдауыма университет қабырғасындағы профессорымның ықпалы зор болды. Ол жүйке жүйесінің бүкіл ағза қызметіне әсер ететінін ерекше атап өтетін.

Неврологияның күрделілігі мені әрдайым қызықтырады: әр науқастың шағымы жеке зерттеуді, терең талдауды қажет етеді. Бұл сала тек физикалық емес, психосоматикалық факторларды да қамтиды. Әрбір диагноз, әрбір емдеу тәсілі – үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды талап етеді. Сол себепті мен бұл мамандықты өмірлік жолым ретінде таңдадым.

– Сұрақтар легін әйел денсаулығына қатысты сауалдармен жалғастырсақ. Айтыңызшы, дәрігерлік тәжірибеңізде әйелде жиі кезігетін психосоматикалық бұзылыстар қандай? Оның алдын алу жолдарымен бөліссеңіз.

– Әйелдер қауымында жиі кездесетін сырқат – невроз және кернеулі бас аурулары деп ойлаймын. Көпке топырақ шашпаймын, алайда денсаулығына салғырттық танытатын нәзік жандарды жиі кездестіреміз. Көбіне жағдайы мүшкіл хәлге түскен кезде ғана барып дәрігер көмегіне жүгінеді. Өкінішке қарай, ол кезде тіптен кеш болып кетуі әбден мүмкін.

Көп әйелде стресс, депрессия жиі кездеседі. Мұны өздігінше жеңуге тырысады. Мәселен, әйелдің отбасында қиын жағдай орын алып, одан туған күйзеліспен өзі күреседі. Ал дәрігер көмегіне жағдай ушыққан кезде, яғни бет нерві, қол-аяқ дірілдеген кезде жүгінеді. Соның өзінде олар өз қалауымен емес, басқа біреу бұл құбылысты байқаған жағдайда ғана келеді.

Нәзік жандардың денсаулыққа немқұрайлы қарауына бірден бір себеп деп қоғамда қалыптасқан менталитетті атасақ болады. Ал денсаулық салғырттықты көтермейді. Олар тексерістен өтіп, дәрігерге көрінуден жасқанады. Осы тұрғыда ата-ана қазірден бастап қыз баласының түйсігіне оның қаншалықты құнды екендігі туралы ой қалыптастыруы керек. Бала шағынан салғырттыққа бой алдырмай, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға үйрете білгеніміз дұрыс.

Әйел адам – әр үйдің ұйытқысы. Балаларға да көп дүние ананың ақ сүтімен, оның берген тәрбиесімен дариды. Сондықтан әйел денсаулығының маңызды екенін естен шығармаған абзал.

– Жасанды интеллектті пайдаланатындардың саны күннен күнге артып келеді. Оның пайдасы мен зиянына тоқтала кетсеңіз. Қазіргі нейрожүйе адам психологиясына қалай әсер етеді?

– Технологияны тоқтату мүмкін емес, оны дұрыс қолдансақ, пайдасы мол. ЖИ білім алуда, ақпарат өңдеуде көмектеседі, алайда шамадан тыс пайдаланудың зиянын ескермеу мүмкін емес.

Балалар арасында ЖИ-дің кең таралуы ойлау, шығармашылық қабілеттің төмендеуіне, қозғалыстың азаюына әкеледі. Экранға тәуелділік көңіл-күй тұрақсыздығын, агрессияны күшейтіп, невроздардың көбеюіне себеп болады. Неврозды жағдай бұрындары ересектерде жиі кездессе, қазір балалардан да байқауға болады.

Сондықтан балаларға табиғи дамуға, өздігінен ойнауға, қозғалысқа уақыт беру маңызды. Бұл жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

– Өзіңіз білетіндей, әлеуметтік желіде цензураның жоқтығы үлкен мәселе. Telegram желісінде түрлі канал арқылы ақпарат пен бейнетаспаны көруге мүмкіндік бар. Бұл балалар психологиясына да әсер ететіні анық. Осы тұрғыда айтыңызшы, балалар көріп жүрген контентті қалай бақыласақ, оған қарсы иммунитетті қалай қалыптастырсақ болады?

– ҚР Кодексі бойынша елімізде әлеуметтік желілерде цензура қадағаланады. Дегенмен «әттеген- ай» дейтін тұстары да жеткілікті. Кейбір әлеуметтік желіде көруге болмайтын, тыйым салынған бейнематериалдарды толық бұғаттау мүмкін емес. Ал осы тұста ата-ана бақылауынан тыс қалған балалардың зиянды контентке тап болмасына ешкім кепіл бола алмайды. Шетелдерде бала психологиясына кері әсер ететін жазбалар, видеолар мен қауіпті ойын жасайтын түрлі авторлар бар, бұл үрдістен біздің ел де тыс қалмауы мүмкін.

Жат әрі зиянды контент тек балаларға ғана емес, ересектердің де санасына әсер етіп, қоғамның рухани әлсіреуіне, құндылықтардың бұрмалануына әкелуі ықтимал. Сондықтан ата-ана ұрпағының ақпараттық кеңістікте не тұтынып отырғанын қадағалап, сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар беруі керек. Ал мемлекет цифрлық кеңістікті жүйелі бақылап, кез келген медиа өнімнің мазмұнын сараптауды күшейткені жөн.

Бала – ұлт болашағы. Оның санасын улауға жол бермес үшін біз зиянды ақпаратқа тосқауыл қойып, танымы терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылуымыз қажет.

– 8 наурыз қарсаңында әйелдерге өз денсаулығын психологиялық тұрғыдан жақсарту үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Мерекемен құттықтай отыра, дәрігер ретінде емес, әйел ретінде барша арулар қауымына кеңес берсем деймін. Ең алдымен, әйел адам өз бағасын біліп, өзін таныса екен. Себебі қоғамда құндылығын, өзіне деген сенімін жоғалтқан адам дамудың жолынан жаңылады. Денсаулыққа, ішкі психологиялық жағдайға бейжай қарамау керек. Уақытылы тексерістен өтіп, титтей де болсын сырқаттың симптомын байқаған бойда дәрігерге қаралып, дертіне шипа іздеуге асыққаны абзал.

Әр қыз бала – болашақ ана, бір әулеттің келіні. Бірақ ең алдымен ол Алланың ең асыл, ең құнды жаратылысы. Сол себепті қыз тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана оны барынша сүйіспеншілікте өсіріп, бойына құнды қасиеттерді дарыта білсе, өзін-өзі жақсы көруге үйретуі тиіс. Егер әйел адамның жүрегінде тыныштық орнап, бақытты болса, ол айналасындағы әрбір жанды шуағына, махаббатына бөлейтіні анық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!