Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағат құжаттарындағы деректерге сүйенсек, өңірде кәсіподақ қозғалысының негізі 1919 жылы қаланған. Сол жылы Ақмешіт уездік кәсіподақтар кеңесі құрылып, оның құрамында кәсіподақ бюросының бес мүшесі жұмыс істеген. 1924 жылы маусым айында Ақмешітте партия- кәсіподақ клубы ашылып, онда салалық кәсіподақ кеңестері мен партия мүшелері бірігіп жұмыс атқарды.

Мұрағат деректері еліміздегі кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына қатысты құнды мәліметке толы. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – Қазақстан кәсіподақтарының І съезінің Қызылордада өтуі. 1925 жылдың сәуір айында Қырғыз Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгеріп, ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілген кезеңде кәсіподақ ұйымдары да осында шоғырланды. Өлкемізде өткен алғашқы съезд кәсіподақ қозғалысының жаңа белесін айқындаған тарихи жиын болды.

Биыл Қазақстан Кәсіподақтарына 120 жыл толып отыр. Осыған орай Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымының ақпараттық және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі бас маман Гүлнұр Ермекқызымен сұхбат құрдық.

– 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесімен құттықтаймыз! Осы мерекенің мәні мен қоғамдағы маңызына тоқталып өтсеңіз…

– Бұл мереке – ең алдымен еңбек адамын ұлықтайтын, олардың еңбегінің қадірін арттырып, қоғамдағы мәртебесін айшықтайтын ерекше күн. 10 қазан – кәсіподақтардың еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті сақтап, еңбек адамының құқықтары мен игілігін қорғаудағы рөлін көрсететін маңызды дата.

Кәсіподақтар әрдайым қызметкердің лайықты еңбекақы алуына, қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуіне, әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына күш салып келеді. Сондықтан бұл күн – тек кәсіподақ мүшелерінің мерекесі емес, барша қызметкерлердің еңбегін бағалайтын жалпыхалықтық мейрам деуге болады.Бұл мереке арқылы біз кәсіподақ қозғалысының тарихи жолына тағзым етіп, еңбек адамына деген құрметімізді білдіреміз.

Гүлнұр БАҚЫТОВА: Еңбеккер құқығы - ең басты құндылық

– Жалпы кәсіподақтардың қоғамдағы атқаратын рөлі қандай?

– Кәсіподақтар – еңбек нарығындағы әлеуметтік әріптестіктің негізгі тетігі болып саналатын қоғамдық ұйымдар. Олардың басты міндеті – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынасты үйлестіру, екі тараптың да құқықтары мен мүдделерін сақтап, әділ шешімдер қабылдануына ықпал ету.

Сонымен қатар кәсіподақтар еңбек адамына лайықты еңбекақы, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында үздіксіз жұмыс істейді. Әлеуметтік кепілдіктердің орындалуына бақылау жасап, даулы мәселелердің алдын алады.

– Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы қанша жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінде оның құрамына қанша ұйым мен қызметкер мүше болып тіркелген?

– Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы өңірдегі қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету бағытында ұзақ жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бүгінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының құрамында 49 мың кәсіподақ мүшесі бар. Ұйым 8 аудан мен қаладағы, сондай-ақ 40 қа жуық облыстық мекемені біріктіреді.

Айта кету керек, биыл Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – аймақ кәсіподақ қозғалысының тарихы мен дәстүрін, еңбек адамын қорғау жолындағы табанды еңбекті айшықтайтын маңызды белес болып саналады.

Гүлнұр БАҚЫТОВА: Еңбеккер құқығы - ең басты құндылық

– Кәсіподақтың басты мақсаты – қызметкердің құқығын қорғау. Осы бағытта облыста нақты қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Біздің басты міндетіміз – қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта ең алдымен мекемелер мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасауға тұрақты түрде ықпал етеміз. Бұл құжат жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, еңбекақыны әділ төлеуге, әлеуметтік төлемдерді уақытылы орындауға кепіл болады.

Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен өндірістегі қорғау талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Арнайы тексерулер мен мониторингтер ұйымдастырылып, жұмысшылардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін тиісті шаралар қолға алынады.

Еңбек даулары мен түсініспеушіліктер туындаған жағдайда біз тараптарды келіссөз үстеліне жинап, құқықтық кеңес беріп, әділ шешім қабылдануына ықпал етеміз. Бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілердің арасында өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға мүмкіндік береді. Осының бәрі еңбек адамының құқығын қорғауды күшейтіп, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға қызмет етеді.

– Облысымыз бойынша еңбеккерлер кәсіподаққа қандай мәселелермен жиі жүгінеді?

– Көбіне еңбек жағдайларын жақсарту, демалыс пен еңбек тәртібін сақтау, әлеуметтік қолдау мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүгінеді.

Гүлнұр БАҚЫТОВА: Еңбеккер құқығы - ең басты құндылық

– Кейінгі жылдары ұйым қандай маңызды бастамаларды жүзеге асырды? Ұйым жұмысына жаңа бағыттар немесе жобалар енгізілді ме?

– Кейінгі жылдары біз кәсіподақ қызметін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырдық.

Сонымен бірге жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді араласуын қамтамасыз ету үшін жастар қанаты құрылды. Бұл бастама жас қызметкерлердің кәсіби дамуына, көшбасшылық қасиеттерін арттыруға және олардың еңбек құқықтарын қорғаудағы белсенділігін күшейтуге жол ашты.

Айта кетерлігі, «Еңбек адамы» жобасы аясында жұмысшылардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған түрлі әлеуметтік-мәдени шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар еңбек адамын құрметтеуді, олардың еңбегін насихаттауды көздейді және кәсіподақ қызметінің ауқымын кеңейтуге ықпал етеді.

– Кәсіподақ қозғалысын дамытуда қандай қиындықтар бар?

– Кейінгі жылдары әлемдік экономикалық өзгерістер еңбек нарығына айтарлықтай ықпал етуде. Жаңа технологиялар, нарықтағы бәсекенің күшеюі мен жұмыс түрлерінің өзгеруі кәсіподақ ұйымдарының алдында жаңа міндеттер қойып отыр. Кейбір мекемелерде кәсіподақтың рөлі мен маңызы туралы түсінік әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспады. Бұл – біз үшін негізгі түйткілдердің бірі.

Сонымен қатар еңбек қатынастарының жаңа формаларына бейімделу, жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда кәсіподақтардың құқықтық мәртебесін күшейту, ұйымдық мүмкіндігін кеңейту және қызметін заманауи талаптарға сай бейімдеу – алдағы басты міндеттердің бірі.

Гүлнұр БАҚЫТОВА: Еңбеккер құқығы - ең басты құндылық

– Сіз үшін кәсіподақтағы қызметтің ең қызықты әрі жауапты тұсы қандай?

– Ең бастысы – адамдарға шынайы көмек көрсете алу. Кәсіподақтың миссиясы – қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету. Әрбір жұмысшының мәселесі шешімін тауып, алғыс айтып, көңілі жайланғанын көру – біздің ең үлкен жетістігіміз әрі қызметіміздің мәні.

Біз үшін еңбеккер құқығы – ең басты құндылық. Бұл жұмыс үнемі қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Себебі кәсіподақ – тек ұйым емес, ол адамдардың сенімі мен үмітін арқалаған орта.

– Кәсіподақ мүшелерін, әріптестеріңізді және барлық еңбек адамын мерекесімен құттықтап, тілегіңізді білдірсеңіз.

– Кәсіподақ мүшелері мен еңбек майталмандарын 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – адал еңбекті қадірлейтін, еңбек адамының абыройын асқақтатып, құқықтары мен мүдделерін қорғауға күш салатын барша азаматтарға ортақ қуаныш. Кәсіподақ әрқашан да еңбек адамының сенімді тірегі болып, әділдік пен ынтымақтың бастауы болып келеді. Кәсіподақ мүшелерінің қажырлы еңбегі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, ел игілігіне үлес қосуда. Баршаға мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен бақ-береке, еңбекте табыс тілеймін.

Кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жемісті болып, еңбек адамдарының абыройы арта берсін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Аружан МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!