Кезекті кейіпкеріміз − Гүлжан Оразалиева. Атырауда туған жан бүгінде Сыр елінің келіні, 3 баланың анасы. Ал кәсіби жолын IT-мен байланыстырған. Сонымен қатар кәсіп жүргізуде де тәжірибесі бар. Жақында ғана Астанадан оралған Гүлжанмен сұхбаттасудың сәті түсіп, біршама әңгімелестік.
− Гүлжан, жуырда «Startup Garage» бағдарламасының финалисі атандыңыз. Құттықтаймын! Білуімше, «MunaLuna» жобасын әзірледіңіз. Толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, Astana Hub ұйымдастырған Startup Garage акселерация бағдарламасына қатысып, жобамыздың MVP-нұсқасын дайындадық. Бағдарлама барысында өнімді ұсыну, нарықты зерттеу, сату стратегиясы, стартап жүргізудің негіздері мен венчурлік нарық ерекшеліктерін меңгердік. Соңғы лекке 390-ға жуық өтінім түсті. Demo Day-де 77 жоба арасынан үздік 15 стартаптың қатарына ендік.
Startup Garage – Astana Hub ұсынған инкубациялық бағдарлама. Ол стартаптарға алғашқы кезеңде гипотезаларын тексеруге, алғашқы клиенттерін табуға және жобаларын инвесторларға таныстыруға көмектеседі. Бұл жай ғана оқу емес. Бұл – идеяны толыққанды өнімге айналдыру, алғашқы сатылымдарды жасау және өзіңді кәсіби ортада таныту мүмкіндігі.
«MunaLuna» – мұсылман әйелдеріне арналған femtech-стартап. Қазір біз pre-seed кезеңіндеміз. Күзге қарай сатылымды арттырып, Орта Азия нарығына шығуды, ал жыл соңына дейін Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне көптілді нұсқасын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Жоспарланған инвестиция көлемі 200 мың доллар: жартысы өнімді масштабтауға, қалғаны маркетинг пен команда құруға бағытталады.
Стартаптан бөлек, отбасылық «Happy cake» кондитерлік дүкендер желісін басқарамын. Қазір қалада 3 дүкен мен өндірістік цехымыз бар. Сонымен қатар Astana Hub-тың Sales Bootcamp акселераторына да қатысып жатырмын.

− Қалай ойлайсыз, стартап сәтті болуы үшін не істеу қажет?
− Статистикаға сенсек, стартаптың 90%-ы нарыққа шықпай жатып сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан нарық пен тұтынушының сұранысын дұрыс бағалау өте маңызды. Бұл үшін HADI циклін қолдануға болады. Идеядан гипотеза құрасыз, тексересіз, әрекет етесіз, дерек жинап, әрі қарай қорытынды жасайсыз. Осы түйгеніңмен, білген-көргеніңмен келесі идеяны қолға аласыз. Ал мұндай циклдердің арасында шынымен де «жанып» кетуіңіз мүмкін. Сол үшін мақсатыңыз айқын болу қажет. Ал тәжірибе жаңа идеяларға негіз болады.
− Жұмыс барысында қандай қасиеттеріңіз көбірек көмектеседі?
− Қазір IT саласында табысты әйел маман мен эксперттердің көбеюі hard, soft дағдыларды тиімді үйлестірудің нәтижесі деп ойлаймын. Бұл салада дұрыс қарым-қатынас құру, икемділік, жұмысқа тез бейімделу мен көмек сұраудан қорықпау маңызды рөл атқарады. Міне, маған да осы дағдылар көмектеседі.
− Әйел маман ретінде Қазақстандағы IT нарықты қалай бағалайсыз? Ал аймақ деңгейінде, Қызылордадағы мүмкіндіктер мен проблемаларға тоқталыңызшы.
− Бұл өте ауқымды тақырып. Статистикаға назар аударсақ, IT саладағы әйелдердің үлесі жылдан жылға артып келеді. Иә, бұл қуанатын жайт. Десе де нәзік жанның кәсіби мансабына, өсу жолына әсер ететін біршама фактордың да бар екенін білеміз. Олардың қатарында жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алмаудан қорқыныш, мансап жолындағы үзілістер мен қоғамның қысымы бар.
Қуанышымызға орай, Қазақстанда IT Aiel секілді әйелдерді қолдайтын, кәсіпкерлікті дамытатын түрлі жоба бар. Бірақ менің ойымша, қыз баласына сыртқы қолдауға қарағанда, ең алдымен жақындарының қолдауы маңызды.
Өткенге көз тастасам, он жыл бұрын IT саласының «дауысы» өте әлсіз еді. Санаулы ғана адам қызығып, жұмыс істейтін. Көпшілігі математикасыз, мықты инженерлік қабілетсіз ITде жетістікке жетуге сенбейтін. Кейбірі әлі күнге дейін бұл саланы фантастика ретінде көреді.
Ал қазіргі ахуал мүлде басқаша. Әр аймақтың дамуына зор көңіл бөлініп, өңірлік орталықтар жұмыс істейді. Сыр өңірінде Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы бар. Мұнда жас жігіттер мен қыздарға IT-ге оңай кіруге мүмкіндік қарастырылған. Қазір бұл салада орныңды табу қиын емес, бастысы − өзіңнің мықты тұсыңды білу және нақты қай салада дамитыныңды анықтау.
Дегенмен өңірдегі ең үлкен шектеу − тілдік кедергі. Осыдан бес жыл бұрын берген сұхбатымда қазақ тіліндегі ақпараттың жетіспеушілігін айтқан едім. Қазір де қазақша контент аз.
− Қазір қандай технологиялық трендтерді жіті бақылап жүрсіз?
− Жасанды интеллектті жіті бақылауда ұстаймын, себебі оның қарқынды дамуы мені бір жағынан қуантса, бір жағынан қорқытады. Адамзат бір күні цифрлы әлемді бақылай алмай қалуы мүмкін. Ал қуантарлығы − бұл технологиялар жұмыс процесін айтарлықтай жеделдетеді. Дегенмен жасанды интеллект әлеміне толық сүңгімес бұрын, оның негіздерін жақсы меңгеру керек.
− Енді IT-ға бет бұруыңыз, қызығушылығыңыздың оянуы туралы тарқатсаңыз.
− Менің IT саласына қызығушылығым математикадан туған еді. 4 сыныптан бастап математикалық олимпиадаларға қатысып, 2008 жылы Атырау облысында 11 сынып оқушылары арасында өткен математикадан бірінші орын жеңіп алдым. Кейін физиканы терең оқып, КБТУ-дың ВТиПО мамандығына 2008-2012 жылдары оқып шықтым. Үшінші курсымда Суперкомпьютер департаментінде лаборант ретінде бір жыл қызмет атқардым. Төртінші курста дипломдық жұмысымды дайындап жүрген кезде Алматыда өткен Hackday байқауына қатыстым. Тек қыздардан жинаған командамыз 144 жобаның ішінен алға суырылып, 2-орын иеленген еді. Кейін жобаларымыз көбейіп, тәжірибе де арта бастады.

− Ал жеке өмір мен мансапты үйлестіру, баланс ұстау қаншалықты оңай?
− Ашығын айтсам, келін, жар, ана, кәсіпкер, IT маман рөлдерін қатар алып жүру оңай емес. Энергия мен күш-қуатымды рухани тәжірибелер арқылы қалпына келтіремін. Аллаға тәуекел етемін. Себебі ол адамға көтере алатын сынақ береді деген сенім бар. Әрдайым «Неге осы істі жасап жатырмын?» деп өз ниетімді тексеремін. Сол кезде бәрі түсінікті болып, әрекет ету оңайырақ болады.
− Егер барлығын басынан бастауға мүмкіндік болса, қай жолды таңдар едіңіз?
− Еш ойланбастастан ІT мамандығын қайта таңдар едім. Бірақ бұл жолы әлдеқайда саналы түрде, уақытты тиімді пайдаланып, ғылымның қыр-сырын терең меңгеруге ұмтылар едім.
− Жауабыңызға рақмет!
Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!