Апта басындағы айшықты жаңалықтың «Сыр медиа» ұжымына да сәулесі түсті. Індетпен күресте ел ішін кезген толассыз ақпараттың анығы мен қанығын, расы мен өтірігін саралауда орасан зор еңбек сіңірген бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналистер арасында сырмедиалықтардың да мерейі үстем болды.

Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айнұр Батталова, «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Айнагүл Манабаева, фототілші Нұрболат Нұржаубай және Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев пандемиямен күресте ерекше көзге түскен еңбегі үшін Қазақстан Президентінің пәрменімен «Халық алғысы» медалімен наградталды.

Жас адамға тән жігермен жан аямай жұмыс істейтін, ақылы мен парасаты тең, шиыршық атып намыс деген найзағай отындай жарқырап жүретін әріптес Нұрсұлтан жайлы ақмешіттік жастардың атынан бірер ауыз лебіз білдіреміз.

Алғашқы әсерлер

«Ақмешіт жастары» оқырманға алғаш жол тартқан жылдары Нұрсұлтанның редакция есігін имене ашып кіргені еске түседі. Жай келмепті, ұстазы, ғалым Намазалы Омашов жайында жазған жиырма беттей портреттік очеркін ала келіпті. Оқыдық. Жазу мәнері мен сөздерді көркем қолдануда сәтті оралымдарына, тіркестеріне риза болыстық. Бір әрпінің де мұртын бұзбастан, жалғасы бар дей отырып, бірнеше нөмірге бастық. Бұдан кейін де Нұрсұлтан газетпен байланысын үзген жоқ.

Бір атақты суретшінің «Жақсы суретші болғың келсе, суретті тоқтамай сала беру керек» дегеніндей, жақсы журналист болу үшін де тоқтамай жаза беру ләзім. Ізденген мұратына жетеді. Шеберлік те жазу арқылы шыңдалады. Оқушы кезінде аудандық «Қармақшы таңы» газетіне мектеп жаңалықтарын жазып тұрған, кейін облыстық «Сыр мектебі» газетінде мақалалары тұрақты жарық көрген, ел астанасындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі Нұрсұлтан Ертуғанұлы «БИКА» баспа-полиграфиялық кешенінде директордың орынбасары, «Атырау ақпарат» ЖШС-інде интернет сайттардың редакторы, «Жайық пресс» медиакомпаниясында бас директордың аға кеңесшісі, бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Елмен етене жұмыс істей білетін Нұрсұлтан ұжымға тез бауыр басты. Мұнда бір бірімен ұзақ жылдай біліскен достарының бірі Әзиз: «Сенің «Сыр медиаға» келгеніңе бір жарым жылдай болды дегенге сену қиын» деп әзілдейді. Жақсы адамға жаттық жоқ деген осы болар.

Демалыссыз күндер

Былайғы күні де бас редактормын демей асай-мүсейін асынып, репортаж жасау үшін оқиға орнында, халықтың бел ортасында жүруге асық Нұрсұлтан кешегі көктем мен жаздыгүні (әлі де вирустың бұлты сейілді деп айта алмаймыз) індетпен күрес кезінде жан аямай жұмыс істеді. Аптаның 7 күнінде, тәуліктің 24 сағатында телефоны қосулы, өзі де тікелей желіде және карантин талабымен көшеде жүру үшін рұқсат қағазбен жұмысқа демалыссыз қатынаған журналистердің алдыңғы шебінде болды. Айта кетейік, Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің базасында Қызылорда облысындағы ахуалды ресми баяндайтын «COVID – 19» ақпараттық медиа бөлім іске қосылды. Бұл жоба аймақта коронавирусқа шалдыққан науқастар жайлы күн сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған жалған ақпараттар мен қауесеттердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Айдың-күннің аманында снаряд жарылып, Арыс халқының басына қиын-қыстау күн туғанда қаланы өзі көзімен көріп, халқымен тілдесіп қайтқан жазбасын жұрт қалай жапа-тармағай оқыса, пандемия кезінде де елдің ең алдымен іздегені Нұрсұлтанның мәліметтері болды. Жұрт әуелі Kyzylorda-news.kz ақпаратына сенді, сілтемесімен ұсынды. Ұжымын да іске кәсіби жұмылдыра білген, ақпаратты жедел әрі нақты дерек көзінен беруде, аудармалар жасап, аудиожазбаларды қағазға түсіруде әбжілдік танытқан Нұрсұлтан мен оның командасының жеделдігі мен жауапкершілігін әріптестері де оң бағалады. Цифрлардан бөлек блок-бекеттердегі дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылаған полицей, ел тыныштығын күзеткен әскери, т.б. COVID 19-бен күресте алдыңғы лектегі мамандармен сұқбаттаса жүріп, олардың жан сезімін ақ параққа айна-қатесіз түсіру үшін өзі де бірде дәрігер, бірде полицей, бірде әскери формасында бір күнін өткізіп, оқырманға қызықты әрі шынайы репортаждар ұсынды. Әсіресе әскерилермен бірге облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, ауру ошақтарын залалсыздандыру ісіне атсалысқанда: «жұмыс-жұмыс деп жүріп, вирус жұқтырып алмаса екен» деп ең әуелі ауылдағы ата-анасы алаңдады.

Дамыл көрмеген адамдар

Нұрсұлтан пандемиямен күресте адам еңбегін, оның азаматтық позициясын, елге шын жанашырлығын көрсетуге үлес қосты. Ауруханаларды қажетті құралдармен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер де, еңбегінің ақысына алғыс арқалаған еріктілер де, онлайн оқытуда еңсесі түспей, оқушысын шабыттандыра білген мұғалімдер де оның қаламынан қағыс қалмады. «Тәулігіне 12 сағат жұмыс режимі», «Қызылордадағы блок-посттарда тұрған дәрігерлер мен полицейлер туралы не білеміз?», «Карантин кезіндегі боямасыз картиналар: «жындыханаға бара жатырмын» немесе «денсаулық өзімдікі ғой», «Төтенше жағдай: түнгі қала қаһармандары», «Қашықтан оқыту: қызылордалық мұғалімнің бір күні», «Төтенше жағдай: журналист қалай залалсыздандырушы болды», т.б. мақалаларының тақырыбының өзі-ақ оқырманын шақырып тұрды.

«Халық алғысы» медалін алғанда, шынымды айтсам, қатты толқыдым, қобалжыдым. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Сондықтан халықпен аттас медальді алудың өзі кісіні тебірентпей қоймайды. Бір жағынан, пандемия кезінде күн-түн демей істеген жұмысымның еленгеніне қуандым. Әрине еңбектің бағасын халық береді деп айтамыз ғой, бұл марапат соған пара пар болды», – дейді Нұрсұлтанның өзі қуанышын жасыра алмай.

Сөз бен істің арасы

«Қаладағы №99215 әскери бөлімнің әскери қызметшілерімен бірге заласыздандыру жұмыстарына қатыстым. Әсіресе қорғаныш киімінің ішінде «өртенген» сағаттарым есіме түссе, не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Дезинфекциялаудың бірінші күні-ақ қорғаныш киімі мен қолғапты кигізіп, көзілдірік тағып, аузымызды тұмшалаған соң бөлімдегілер арнайы ерітінді құйылған сөмкені арқамызға асып берді. Өзі ауыр-ақ. Жігіттердің айтуынша, дихлор ерітіндісі 16 литр екен. Бұл бес қабатты үйдің бір ғана подьезін залалсыздандыруға жететін көрінеді.

Қорғаныш киімі сондай ыңғайсыз, мүлдем ауа кірмейді, екі өкпеңді қысып, қара терге түсіреді. Артық қимыл жасаудың өзі қиын. Қасымдағы жігіттермен жұмыс барысында танысамын деп ойлағанмын, оның бәрі бос сөз болып шықты, сөйлеуге мұршам болған жоқ. Бізге тапсырылған аумақ көп қабатты тұрғын үйдің ауласы мен ондағы ойын алаңдары және кіреберіс болды. Қасымдағы жігіттер маған қарағанда ширағырақ. Алдында жұмыс істеген, үйренген ғой. Мен қимылдамақ түгілі, өртеніп барамын. Оның үстіне дәл сол күні күн ысып кетті.

Қасымдағы жігіттер: «Ерітіндіні былай себеді, былай шайқап, толтырып алады» деп үйретіп жатыр. Қолымнан келгенше намысқа тырысып жүрмін. Одан кейін үшеуміз үш жаққа подьезд жағалап кеттік, ауыр киіммен әр қабатқа мініп-түсу де оңай шаруа емес. Сонда да бір күн істесем де адалынан болсын деп жанымды салдым. Әйтеуір бір уақытта ерітінді де таусылды, жұмысымызды да аяқтадық. Мен сол күндері адамдардың қандай қиын жағдайда жұмыс істеп жүргенін түсіндім, – дейді Нұрсұлтан пандемия кезіндегі үміт пен үрейге толы сәттерді еске алып.

Ұстаз батасы

«Бала кезімде ата-анам менің прокурор болғанымды қалады. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде: «Ұлымыз өскенде атақты прокурор болады» деп айтып отыратын. Бірақ мен басқа жолды таңдадым. Тіпті мектеп бітіріп, грантқа түсе алмай қалған кезімде анамның ақылы түрде прокуратура мамандығында оқытамын дегеніне қарсы болдым да, Қызылорда қаласына келіп, «Сыр мектебі» газетіне жұмысқа тұрдым, – дейді Нұрсұлтан.

Оқушы кезінде-ақ балалар мен жасөспірімдер бақ сынаған «Жас қаламгер» халықаралық фестивалінің бас бәйгесін жеңіп алған Нұрсұлтанды жазу өнерінің шабыттандыруы тектен тек емес еді. 2010 жылы жолы болды, оқуға түсті, қазақ журналистикасының корифейі Намазалы Омашевтың тәлімі мен тәрбиесін көрді. Мұның бәрі адам болуға, кәсіби маман болуға талпынған, көкірек көзі ояу шәкірт үшін абыройлы мақтаныш!

«Неге екенін білмеймін, жақсы адам көрсем, сол туралы мақала жазғым кеп тұрады. Бай болмасаң да, үлкен қызметте отырмасаң да, қарапайым өмір сүріп-ақ жақсылық жасауға болатынын талмай насихаттағым келеді. Сондай жақсы адамдар туралы жұрттың бәрі білсе екен ойлаймын. Кейіпкерлерімнің басым бөлігі – қарапайым еңбек адамдары, – дейді журналист Нұрсұлтан.

Сөз арасында: «Мынау – менің ұстазымның батасы» деп тілдей ақ парақ ұсынды. «Нұрсұлтан! Жазу – дертпен тең. Ләззаты да болады. Сондай ләззатқа бөленуіңе тілектес ұстазың – Намазалы. Бұл – әлі басы. Келе-келе етің үйреніп, ойың ұшқырланып, мақаланың басын оқысаң, аяғын шамалап отыратын боласың. Ләйім, солай болғай!» деп жазылған екен.

Аузы дуалы, сөзі уәлі ұстаздың дегені келіп, міне, бүгін шәкірті журналистік жолда марапат биігінен көрінді. Бұған дейін де жүлдесіз емес еді, мұның жөні бөлек. Халық алғысын алды. Ұстаз айтқан жазу өнерінің нағыз ләззаты осы емес пе?!

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!