Өрт сөндіру қызметі – қауіпті мамандық. Жүректілік пен батылдықты талап ететін сала нағыз ер азаматтарға ғана тән. Бүгінгі күннің батырлары суға түсу маусымы кезінде ел қауіпсіздігі үшін кірпік қақпай, өрт маусымында қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осыған орай біз Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаевпен аз-кем сұхбат құрып, жұмыс барысынан хабар алдық.
– Ғабит Әбдінәбиұлы, суға түсу маусымы аяқталды. Осы ретте өткен және биылғы жылдың нәтижесі туралы айтып өтсеңіз…
– Қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жасөспірімдердің әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырамаудың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар басқар масымен тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Жыл басынан бері 1 жағдай тіркеліп, 2 жасөспірім суға түсу маусымы кезінде қаза болды. Сонымен қатар өткен 2023 жылы қала аумағындағы су айдындарында 2 жағдай тіркеліп, 2 адам қаза болды, оның 1-і бала. Мұндай жұмыстар легі тоқтамайды. Жыл сайын тиісті шараларды қолға алып, тұрғындарға түсіндірме тұрақты жасалып отырады.
– Су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Суға түсу маусымы басталғаннан бері басқарма қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында 270 рейд өткізіп, 5350 азаматқа судағы қауіпсіздікті түсіндіріп, үнпарақтар таратылды.
Қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда (Aray city moll ойынсауық орталығы, жаңа базар, ескі базарларға және теміржол мен автовокзалдарға) дыбыстық дауыстау арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылы қала аумағында су айдындарында қауіпсіздік ережелері бойынша республикалық, облыстық телеарналарда су айдындарындағы қауіпсіздік және балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 4 және радио арқылы 23 хабарлама берілді. Сондай-ақ баспа басылымдарында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 5 мақала жарияланды. Басқарманың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында 52 бейнеролик пен 61 мақала жарық көрді.
Биылғы жылғы суға шомылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу барысында Қызылорда қаласында орналасқан қауіпті аймақ толықтай қамтылып, нәтижесінде 18 қауіпті аймақта 30 дана ескертпе тақтайшалар жаңартылып, қала аумағында барлығы 78 тақтайша орнатылды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласы кинотеатрларында «Kinoplexx» және «Жібек жолы» ойын-сауық сауда үйінде орналасқан кинотеатрында әр сеанс басталар алдында 50 секундтық «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
– Су айдындарында азаматтар мен балалардың қаза болуының басты себептері неде?
– Негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кезкелген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі. Оған қоса масаң күйде шомылуы басты қателік болып отыр. Сондай-ақ қайыққа жабысу және қайық бортынан секіру мен балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында басқарма қызметкерлері суға шомылуға тыйым салатын 18 қауіпті аймақта шомылу фактілерін анықтау бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
– Қала аумағында орналасқан қанша қауіпті учаскі бар және түсуге рұқсат етілген орындар бар ма?
– Қала аумағында 18 қауіпті учаскі орналасқан. Сонымен қатар суға түсуге арналған екі аймақ белгіленген, яғни «Сыр самалы» және «Сыр толқыны» болып табылады. Яғни бұл аталған аймақтар Сыр самалы Арай мөлтек ауданында орналасқан ақылы демалыс аймағы. Сыр толқыны аумағының орналасқан жері – Көксу демалыс орны.
– Рұқсат етілмеген орындарда суға түскен жағдайда қандай қатаң шаралар қарастырылған?
– Қазіргі таңда басқарма қызметкерлері және Қызылорда қаласы әкімдігі менполиция басқармасы, Ұлттық ұлан мамандары күнделікті сағат 13:00 мен 20:00 аралығында рейдтік жұмыстар жүргізуде. Соған сәйкес қала аумағында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 412 бабынына сәйкес бекітілмеген су айдындарында суға түскені үшін 10 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, айыппұл көрілді. Қалалық полиция басқармасымен бірлесіп суға шомылу маусымы кезеңінде ҚР ӘҚБтК 364 бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 81 адамға ескерту жасалды.
– Ал балалардың қауіпсіздігі үшін ше…
– Бүгінгі күнге дейін қала аумағында орналасқан 17 колледждің 1870 студентіне, 56 мектептің 8650 оқушысына, сондайақ 560 атаанаға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қала көлемінде «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 48 интерактивтік сабақ өткізіліп, 56 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ереже лері жөнінде ескертілді.
Білім беру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз ету республикалық «Kundelik.kz» платформасында Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды. Сонымен қатар, Евразия спорт кешенімен келісім шарт жасалды. Бұл бастама әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларын тегін суға жүзуге үйретеді.
– Іс-шаралар қай уақытқа дейін өз жалғасады?
– Қала аумағында суға түсу маусымы басталғалы біршама жұмыстар жасалды. Осы орайда рейдтік ісшаралар қыркүйек айының 20-на дейін жалғасын табатындығын жеткіземін. Осымен қатар қала қонақтары мен тұрғындарына тек белгіленген орындарда суға түсуге кеңес беремін және балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймын.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!