Кирилл ДЕСЯТНИЧЕНКО, Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы:

Азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, сот шешімдерінің дер кезінде орындалуының маңызы зор. Елімізде осы бағытта жеке сот орындаушылар институтының іске қосылғаны белгілі. Бүгінде бұл құрылымның жұмыс істей бастағанына 10 жылдай уақыт болды. Уақыт талабына сай жеке сот орындаушылар институтының қызметі жылдан-жылға дамып келеді. Осы орайда жеке және мемлекеттік сот орындаушылардың қазіргі қызметі мен олардың біліктілігі тақырыбында Кирилл Десятниченкомен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Кирилл Викторович, жеке сот орындаушыларының мемле­кет­тік сот орындаушыларынан айырма­шы­лы­ғы неде?

– Негізгі ерекшелік, жеке сот орындаушылары ешкімге тәуелді болмайды. Жеке табысы арқылы өзін-өзі қаржыландырады. Дегенмен де олардың заңды пайдалану құзыреті мемлекеттік сот орындаушысымен тепе-тең. Мемлекеттік сот орындаушысы жала­қысын мемлекеттік бюджеттен алса, жеке сот орындаушылары өздерінің ат­қар­ған жұмыстарына байланысты қаржы­лан­ды­рылады. Жеке сот орындаушы қызме­ті­не ақы төлеуді борышкерден өн­ді­ріп алынған қаражат есебінен жүргі­зе­д­і. Яғни, қызметі үшін ақыны өндіріп алынған қаржының немесе мүлік құнының белгілі бір пайыз­ы­нан алады.Негізі «Жеке сот орындаушыларының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы» арнайы заң да шыққан.  Мұнда жеке сот орындаушыларының құқықтары, міндеттері нақты айтылып,  не істеуі керек, қандай жұмыстармен айналысуы қажет, мұнда барлығы да атап көрсетілген. Тіпті жеке сот орындаушысы қызметінен кеткен күннің өзінде мемлекеттік және адамның жеке өміріндегі кейбір деректерді сақтауға және құпия ұстауға міндетті. Жалпы жеке сот орындаушысы көмекшісінің құқықтары мен міндеттері дейін заңда атап көрсетілген.

– Жеке сот орындаушысы институты ен­гі­зілгелі бері, осы бағыт белгілі бір жүйеге қо­­йыл­ды ма? Яғни, тиімділігін көрсете алды ма?

– Жеке сот орындаушылардың қызметі жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет ресурстарда көптеген ақпараттар бар. Соның негізінде жеке сот орындаушылардың қызметінің дамуы айқын байқалады. Дамудың басты негізі – Ұлт Жоспары, «100 қадам» болып табылады.  Бәрімізге мәлім,  27 қадам жеке сот орындаушылардың қызметін әрі қарай дамытып, сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту болатын. Осындай қадам жеке сот орындаушылардың қызметінің мәртебесін көтеруде.

Қазақстанда жеке сот орын­дау­шы­лары 2011 жылдан бастап пайда болды. Алғашында олардың саны 100-ге жуық болса, қазір 2500-ге жетіп қалды. Бұрын мемлекеттік сот орындау­шы­ларының жүктемесі өте көп болатын. Олар физикалық тұрғыда өндірісті орындап үлгере алмайтын. Мұндай жағдай, әрине, жұмыс сапасының төмендеуіне әсер етпей қоймайды. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, атқарушылық құжаттардың басым көбі жеке сот орындаушыларына берілуіне орай, қазір жұмыс сапасы анағұрлым жақсарып отыр.

Жеке сот орындаушылары институтына келер болсақ, олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Жеке сот орындаушы­ларының мемлекет үшін тиімді тұсы, оларға бюджеттен ақша бөлмейді. Жеке сот орындаушыларының мемлекеттіктен айырмашылығы – оның жұмыс ақысының жүйесі өте ыңғайлы. Себебі, ол қарыз адамнан белгілі бір бөлшегін алатын­дық­тан, жұмысының жылдам орындалуын басты назарға алады. Яғни, атқарушылық құжатты неғұрлым тез аяқтауға асығады. Нәтижесінде, атқарушылық құжаттардың орындалу пайызы артады. Бұл азамат­тар­дың сенімін арттырып, жеке сот орын­дау­шы­ларының жұмысына қанағаттану тен­ден­циясын қалыптастырады. Біздің күтіп отырған нәтижеміз де осы. Мақсат – жеке сот орындаушылары арасында бәсеке­лес­тік­ті тудыра отырып, халыққа жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Бір жағынан соттар мен уәкілетті орган­дардың атқарушылық құжаттарының жылдам орындалуы да, олардың жұмыс көрсеткішін көтеруге әсерін тигізеді.

– Осы жүйені енгізуде қандай мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі басшылыққа алынды?

– Жалпы, жеке сот орындаушылары ең алғаш рет Францияда енгізілген. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Эстония мен Латвия елдерінде де жеке сот орындаушысы ерте пайда болған. Көптеген дамушы мемлекеттер үлгіні Франциядан алды. Балтық елдерін­де­гі заң Қазақстанда жеке сот орын­дау­шы­лар институтын құруда біршама жақын болды. Болгария секілді бірнеше мемле­кеттің заңдары да қарала отырып, шетелдік мамандарымен бірлесе отандық жеке сот орындаушылары институты құрылды.

Жеке сот орындаушылары институты сот және өзге де уәкілетті мекемелердің атқарушылық құжаттарының орындалу деңгейін арттырып, сот орындаушысы мамандығының беделін қосымша бюджеттік шығындарсыз едәуір көтеруге септігін тигізеді.

– Институт жұмысының мемлекетке, халыққа тиімді екені белгілі болды. Жеке сот орындаушыларына жұмысты атқаруға заң­дық тұрғыдан барлық жағдай жасалған ба?

– Елімізде мемлекеттік және жеке сот орын­даушысы қатар жұмыс жа­сап отырған­дықтан, мем­лекеттік сот орын­­­­дау­­­шы­сына берілген кейбір құқықтар жеке сот оры­н­дау­шыларына берілмеген. Мысалы, мемлекеттік сот орындаушысы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға құқылы. Жеке сот орын­даушысына мұндай міндетті атқаруға тыйым салынған. Сот актілерін орындаудан бас тартатын борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешуде бұл жағдай қиындықтар туғызып жатады.

Дегенмен, айта кететін тағы бір маңызды ақпарат Қазақстан Республикасы Әділет министрлігің сайтында Атқарушылық іс жүргізу органдарының Автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖО ААЖ) «Атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті» (борышкер, өндіріп алушы) қызмет көрсете бастады. Атқарушылық іс жүргізу тараптары электронды кабинет арқылы, іс жүргізу барысымен таныса алады, барлық процессуалдық құжаттарды көре алады. Бұдан бөлек, сот шешімінің орындалуы бойынша туындаған сұрақтарын сот орындаушыға онлайн тәртіпте қоя алады. Қажет болған жағдайда өзі құжат жолдап, берешектерін онлай тәртіпте ҚР «Электронды үкіметтің» төлем шлюзы арқылы өтеуге болады.

Әрбір атқарушылық құжаттың артында азаматтардың құқығы, мүддесі, тіпті тағдыры тұр.2021 жылдың қарашасында ҚР Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексі бекітілді. Бұл құжаттың мақсаты халықтың жеке сот орындаушыларына деген сенімін нығайту, кәсіби қызмет барысында өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және әдепсіз мінез-құлық жағдайларын болдырмау болып табылады. ҚР Жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы бекіткен Әдеп ережесі бойынша жұмыс жүруде. Бүгінде әр бір жеке сот орындаушысы кез келген уақытта Әдеп жөніндегі өкілмен кездесіп, қызмет барысында туындаған мәселелерді жеткізіп, шеше алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!