Сая Қыдырәлі – әлемдік білім аренасында жұлдызы жанған жаңа есім. 17 жастағы бойжеткен халықаралық IELTS емтиханынан ең жоғары 9.0 ұпай жинап, рекорд жаңартты. Миллиондағанүміткердің арасынан үздік атану, әрине, білім, табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Статистика бойынша, бұл межеге емтихан тапсырушылардың небәрі 0,5%-ы ғана жете алады екен.
Әрине, бұл бір күндік нәтиже емес. Ол 5 жасында-ақ өзге тілді еркін меңгеруге талпынып, 9 жасында өзінен кіші балаларға сабақ бере бастады. Ал 14 жасында екі бірдей оқу орталығын ашып, мыңдаған оқушыны тіл меңгеруге баулыды.
Бүгінде оның оқушылары әлемнің үздік оқу орындарына грант жеңіп алып, халықаралық компанияларда жұмыс істеуде.
Бала кезінен ерекше қабілетімен көзге түскен Саяның тіл үйренуге деген қызығушылығы 8 жасында саналы түрде артқан. Ол ағылшын тілінің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын ерте түсініп, бұл бағытта өзін шыңдауға бар күшін салған. 9 жасында америкалық кеңесте ерікті түрде сабақ беріп, алғашқы мұғалімдік тәжірибесін жинақтаған. Сабақ беру тәсілін ерекше әдіспен жүргізіп, тіл меңгеруді ойын, ән айту, диалог құру арқылы үйреткен. Оның айтуынша, оның жетістікке жетуінде ең басты рөлді анасы атқарған.
– Менің бапкерім, ақылшым – анам. Қандай мәселе, шешім, таңдау болсын анаммен ақылдасып, сырласамын. Ағылшын тілін үйреніп және бүгінгідей мықты дәрежеге жетуіме себепкер болған да – анам.
Ал менің қызығушылығым саналы түрде 8 жасымда пайда болды. Себебі сол кезеңде мен ағылшын тілінің жапон, француз тілдері секілді әлемге жол ашатын құрал екенін түсіндім. Яғни бұл арқылы қалаған оқу орныңа грант ұтып алып, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге шақырту алып, жаһандық аренаға шығуға болатынын ұқтым, – дейді ол.
IELTS емтиханы бойынша ТМД елдеріндегі ең жас сарапшы атанған Сая алғашқы емтиханын 11 жасында тапсырған. Ол кезде оның нәтижесі 6.5 болса, кейінгі жылдары жүйелі дайындықтыңарқасында көрсеткішін 8.5-ке дейін көтерді. Ал биылғы 9.0 нәтижесі – оның кәсіби деңгейінің дәлелі. Жас дарынның айтуынша, мұндай көрсеткішке жету үшін ол халықаралықемтиханды 20 рет тапсырған. Кейіпкеріміздің әлеуметтік желіде тараған әсерлі видеосы көптің жүрегін елжіретіп, кеудемізде мақтаныш сезімін оятқаны рас. Өзі жеткен нәтижеге алғашында сенбегенін де жасырмады.
– Алғашқы емтиханды 11 жасымда тапсырдым. Speaking кезеңінде 8,5 ұпай жинадым, ал жалпы балым 6,5 болды. Мен 7 жасымнан ағылшынша еркін ойымды жеткізе алатыныма қарамастан дұрыс стратегиялар мен техникаларды білмеген соң, алғашқы емтиханда өзіме қажетті нәтиженіжинай алмадым. Уақытыңызды, энергияңызды жоғалтпай, мықты мұғаліммен, дұрыс әдістемемен дайындалу маңызды екенін айтқым келеді. Теория мен практиканы қатар алу керек, – дейді Сая.
Жас келсе іске. Мақсаты айқын, өзіне не керек екенін білетін кез келген баланың биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!