2 ақпан. Астана қалалық музыкалық жас көрермендер театры. Көрерменге көп ұзамай ұсынылатын «Қоштасқым келмейді» музыкалық драмасына дайындық барысы. Сахнада эмоция, шынайылық, өнер. Ал сахна артында толқу, шабыт пен жауапкершілік. Дәл осы дайындық сәтінде бүгінде киелі сахнада өз орнын тапқан жерлесіміз, театр актері Ілияс Өтетілеумен жүздестік.

Кез келген адам үшін туған жердің орны бөлек. Қайда жүрсе де, балалық шағы өткен мекенді аңсап тұрады. Қазір Астанада тұрып, өнер жолында жүрген кейіпкеріміз Қызылорда топырағында туып-өскен.

– Ілияс, алыста жүрсеңіз де, туған жердің жылы желі мен таныс көшелері жиі еске түсе ме? Сағыныш сезімін сөзбен жеткізу қиын ғой…

– Қызылорда алғашқы қадамым жасалған, өнерге құштарлығым оянған, ең бастысы, балалық шағым өткен жер ғой. Әрине, сағынбау мүмкін емес. Қазір Астанада жүрсем де, туған қаламның аптап ыстығы, кешкі самалы, таныс көшелері көз алдымнан кетпейді. Кейде сары күзде сарғайған жапырақтарды көргенде, Сырдарияның жағасында өткен күндерімді еске аламын. Ал қызылордалықтардың қонақжайлығы, адамдардың кең пейілі мен үшін ерекше қымбат. Сөзіңізбен келісемін, сағынышты жеткізу қиын.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

– Елордаға қоныс аударғаныңызға төрт жылға жуықтады. Екі қаладағы айырмашылықты байқадыңыз ба?

– Астана – үлкен мүмкіндік алаңы. Көрермен де, өнер адамдары да көп. Дегенмен мұндай мүмкіндіктер Қызылорда да бар. Сонымен қатар аймағымыз өзіндік рухы мен дәстүрі бар ерекше мекен. Әрі ұлттық құндылықтар мықты сақталған. Айтарым, екі қаладағы мүмкіндіктер бірдей. Тек оны дұрыс пайдалану қолдану қажет.

«Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмаған. Астанада жүрсем де, қызылордалық екенімді әрдайым мақтан етемін. Қай салада болсын биіктерді бағындырған жерлестеріміз аз емес. Бұл Сыр елінің киелілігінің бір көрінісі. Сол жақта көргенім, үйренгенім, ұстаздарым мен ағаларымның берген тәлімі мен үшін баға жетпес қазына. Қайда жүрсем де, сол қолдауды сезінемін.

– Әркімнің өнерге келу жолы әртүрлі. Ал сіз бұл салаға қалай бет бұрдыңыз?

– Кейде «Мен өнерге жайдан жай келмедім» деп ойлаймын. Себебі шығармашылыққа жақындығым анамның сүтімен дарығандай. Мен айтыскер ақын Айнагүл Абуованың үлкен ұлымын.

Оқушы шағымда анам театрға әкеліп, алғашқы ұстазым Оңталап Нұрмаханов ағайға табыстады. Бұл шақта 10-сыныпта оқимын. Міне, 16 жастағы Ілияс сол кезеңнен бастап театрдың ішкі әлемімен танысты. Бір күн де қол үзген емеспін. Осылайша, Қызылорда қалалық «Жастар» театрының бір мүшесі атандым. Тек ол уақытта үйірме ретінде жұмыс істедік. Сол кезеңнен бастап 12-13 мың теңге көлемінде еңбекақы ала бастадым. Бұл өнер жолындағы алғашқы табысым еді.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

– Ұстазыңыз туралы айтып қалдыңыз. Ал шығармашылық саласында кімді үлгі санайсыз?

– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Себебі өнерде нақты бір адамды үлгі тұтамын деп айта алмаймын. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өзімнің дара жолымды қалыптастырғым келеді. Аға буыннан бастап, кейінгі толқынға дейінгі көптеген талантты жандардың еңбегімен таныспын, олардың шығармашылығын құрметтеймін.

– 16 жастағы Ілиястың театрдағы алғашқы рөлі қандай болды?

– 2016 жылы Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» қойылымында Қайыржанның рөлін сомдадым. Бұл менің алғашқы рөлім, алғашқы кейіпкерім, сахнадағы дебютім еді. Сондықтан болар, әлі күнге дейін мәтінін жатқа білемін. Себебі бұл рөл мен үшін ерекше. Спектакль мектеп оқушылары туралы, ал Қайыржан тура өзім сияқты кейіпкер болды. Оны сомдау кезінде өзімді ойнап шыққандай әсерде болдым.

Кейін А.Атымтаеваның «Қыз қасқыр» трагедиясында Тасшайнар, Б.Айдарбековтың «Неге?» драмасында Мұрат, О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» трагифарсында жас Абай мен Айдар атты кейіпкерді сомдадым. Одан бөлек, аймақта жүргенде С.Балғабаевтың драматургиясымен «Қызылорданың қыздары» атты қойылымында режиссерлік қызмет атқардым. Ал Астанада «Абай-Тоғжанда» Оспанның, «Шәмшіде» Жұмекен Нәжімеденовтің, «Сылаң қызда» Өмірзақ, «Гауһартаста» Досжанның рөлін сомдадым.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

«МЕРУЕРТ ӨТЕКЕШОВА ҚОЛЫМНАН ЖЕТЕКТЕП АПАРДЫ»

– Білуімізше, Қазақ Ұлттық Өнер университетіне дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алдыңыз. Екі түрлі мамандықты таңдауға не себеп?

– Театрда тәжірибе жинап, алаңсыз жүрген шақта мектеп тәмамдайтын күн де келді. Бала арманымның артынан еріп, Қазақ Ұлттық Өнер университетіне түсемін деп шешім қабылдадым. Дегенмен, көздеген арманым көкке ұшып, Астанаға оқуға түсе алмай, қалада қалдым. Осылайша анамның кеңесін тыңдап, журналистикаға аяқ бастым. Бірақ қаладағы театрдан бір сәт те қол үзбедім. Сабақ екеуін қатар алып жүрдім.

Мектептегі 11 жылдың өзі тез өтсе, студенттік өмір одан да жылдам екен. Қолыма дипломымды алып, жас маман атандым. 2021 жылы ЖОО-ны тәмамдаған соң, ешкімге тіс жармай Астанаға жол жүрдім. Іштегі арманымды тұншықтырмайын деп нық шешім қабылдадым. Бірақ «актерлік өнерге» түсе алмай, «театртану» мамандығының студенті атану бұйырды. Егер Меруерт Өтекешова апамыз болмағанда, Қызылордаға қайта келетін едім. Бұл да өмірімдегі ерекше оқиға.

– Толығырақ тарқатсаңыз…

– «Актерлік шеберлік» мамандығына түсу үшін екі мәрте тапсырғанымда да емтихан қабылдайтын ұстаздардың барлығына бірдей ұнамадым. Бірі бойымның қысқалығын айтса, енді бірі «Сенен әртіс шықпайды» деп пікірін ашық айтты. Бірақ «Қыз Жібек» фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Меруерт апамыздың өзі 2021 жылы «Балам, сен кетіп бара жатсың, бұл мамандыққа түсе алмасаң да, өнерден алыстама. Жүр, сені «театртануға» апарамын деп, қолымнан жетектеп «театртану» бөліміне апарды. Бұл менің тағдырым, бұйырғаны осы екенін түсіндім. Ал топта 4 студент білім алдық. Менен бөлек қасымда 3 қыз бала оқыды.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

– Бұл оқиға түнектен кейінгі жарық секілді болған екен ғой. Сәтсіздікке мойымау да сенімділік пен төзімділікті талап етеді. Осы орайда іні-қарындастарыңызға кеңес айтсаңыз.

– «Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенті болғым келеді, қандай кеңес бересіз?» деп сөйлесуге келетін жасөспірім көп. Оларға әрдайым өнерде сәтсіздіктің жиі болатынын айтамын. Бастысы біліміңе, ізденісіңе, еңбегіңе сеніп, сәтсіздікке тәжірибе ретінде қарау керек. Біреуге бақ ерте, екіншісіне кеш келеді. Яғни, шығармашылық адамының жолы әртүрлі. Бірақ ең бастысы үміт үзбеу қажет. Мені де алға жетелеген, әлі де жетелеп жүрген, болашақта да жетелейтін, осы үмітім.

19 МИНУТТАҒЫ АНШЛАГ
250 РЕТ САХНАЛАҒАН «ГАУҺАРТАС»

– Бүгінде Музыкалық жас көрермен театрында әр өңірден жиналған 70-ке жуық актер жұмыс істейді. Өнер ошағының тыныс-тіршілігі қандай?

– Өзіңіз де білесіз, елордалық жастарға арналған бұл театр 2020 жылы көрерменге есігін айқара ашып, жұмысын бастаған болатын. Театр туралы тілге тиек еткенде осы сахнамен байланысты өмірімдегі оқиға ойыма еріксіз келеді.

Болашақ театртанушы ретінде білім алып жүргеніме бір жылдан асқан уақыт. Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Chanel №5» деректі драмасын тамашалауға келдім. Соңғы қатарда отырған мені Асхат Маемиров ағай байқап, «Сен қай баласың?» деп сұрады. Сол сәттен таныстығымыз басталды. Кейін Асхат ағай Қызылордаға шеберлік сағатын өткізуге келді. Төрт күнге созылған сабаққа қатыстым. Ағай да мені ұмытпаған екен. Сабақтан кейін ұзақ әңгімелесетінбіз. Бірде «Сенің бойыңда өнер бар, бұл жайдан-жай емес. Отбасыңда шығармашылық адамы бар ма?» деп сұрады. Ал мен «Әкем басқа салада, анам мұғалім» деп жауап бердім. Анамның айтыскер екенін айтпадым, себебі отбасы, балалары үшін шығармашылығын екінші орынға қойған еді. Кейін анам туралы айтқанымда, Асхат ағай бірден «Айнагүл Абуова ма? Мен оны танимын ғой!» деп оның дастанын оқып берді. Келесі күні анам сабаққа келді. Ал ертесіне Асхат Маемиров мені Астанаға алып кетті. Театрға келуім осылай болды.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

Ішкі «кухня» жөнінде айтар болсам, театр – бір отбасы, бір ағза. Мектеп қабырғасынан бастап үйреткендей, біздің ұжымда да әр қызметкер бір-бірін толықтырып тұрады. Өнердегі әкеміз Асхат ағай өнерде де, өмірде де жасандылықты ұнатпайды. Оның басты қағидасы – сахнада шынайы болу. Расымен, қазір ата-анамызбен қалай сөйлесеміз, өмірде қандаймыз дәл соны сахнаға алып шығу керек. Көрерменді алдау мүмкін емес, олар жасандылықты бірден сезеді. Сондықтан театр – шынайы өмірдің айнасы болуы тиіс. Көрермен сахнадан өз өмірін, өзіне таныс эмоцияларды көргенде ғана спектакльге сенеді. Біз үшін ең маңыздысы – көрерменнің бізді шынайы қабылдауы.

Аты айтып тұрғандай, біздің театр жастарға арналған қойылымдар қояды. Барлық спектакльдер музыкалық бағытта өтеді. Мұнда әртістердің музыкалық білімі бар, 70 актердің барлығы да ән айтып, билейді, сахнада біртұтас үйлесімділікпен өнер көрсетеді. Осы ерекшелігіміз көрерменге қатты ұнап жатыр. Әр қойылымымыз аншлагпен өтеді. Сондай- ақ мұнда поэтикалық кештер, театр әлеміне арналған концерттер, түрлі бағдарламалар өтеді. Ән айтып, би билеп қана қоймай, өнердің сан қырын көрсетеміз.

Ал лабораториялық залда дайындық өткізіп, спектакльдер қоямыз, кіші залда қойылымдар сахналаймыз. Театр актерлерінің шеберлігін арттыру үшін өз арамызда да өнер көрсетіп, бір- бірімізге жаңа қырларымызды ашып отырамыз.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

Театр – жалынды жастардың мекені. Алғаш рет бұл театрға көрермен ретінде келгенімді айтқан едім. Міне, сол кезде сахнада «Chanel №5» спектаклі қойылып жатқан еді. Сол уақытта маған әртістердің жалынға толы энергиясы сезілді. Актерлікке түсе алмағаны үшін көңіл-күйі түсіп жүрген Ілиястың екінші тынысы ашылды, қанаттанды, серпілді. Театрға, өнерге деген махаббатым қайта жанданды. Сол кезде топтасым «Бұйырса сіз де осы сахнада өнер көрсетесіз» деп қолдау білдірді. Қазақ сөз қадірін білетін, түсінетін халық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, топтасымның айтқаны айдай келді. Тағдырдың жазуы шығар, тура екі айдан кейін дәл сол спектакльде өзім сахнаға шықтым.

– Ал театрдың көрерменмен байланысы қандай?

– Театр тенденциясы жылдам дамып келеді. Бұрынғыдай билетті тегін тарату, қинап оқушыларды жинау жоқ. Көрермен өзіне не ұнайтынын біледі. Мысалы 19 минуттың ішінде бір айлық репертуардың аншлаг болғаны да бар. Бұл біз үшін үлкен жетістік, жаңа серпін болды. Өнер әлемінде, әсіресе театрда, ең басты дүние – көрерменнің сұранысын ескеру. Мәселен «Гауһартас» спектаклі өткен жылы 250 рет сахналанды.

Сондай-ақ халықтың қазіргі көңіл-күйі мен жағдайын ескеріп, қойылым ойластырамыз. Театр көрерменге өз мәселелерін ұмыттырып, рухани демалыс сыйлауы керек.

– Ақпан айында 25-ке жуық қойылымды сахналайсыздар. Ал рөл бөлінісі қалай жүзеге асады?

– Асхат ағай шәкірттерін баласындай жақсы көреді. Барлығымызды басты рөлдерде көргісі келеді. Сол үшін ол кісіге оңай емес. Дегенмен, ұстаз баласының деңгейін, қабілетін жақсы біледі. Сондықтан рөлдерді әділ бөледі.

Ілияс ӨТЕТІЛЕУ: Алғашқы рөлімнің мәтінін әлі күнге дейін жатқа білемін

– Өткен жылы киноиндустрияда дебютыңыз болды. Театр мен кинодағы айырмашылық сезілді ме?

– Театрды бекерден – бекер үлкен өнерге теңемейді. Ол тірі ағза іспетті, жанды спектакль, дубльге жол жоқ. Ал киноның жеңілдігі осында, бірақ бұл саланың өз қиындықтары да бар. Ол үшін де дайындық керек. Ал камерамен жұмыс істеу оңай дүние емес.

Мысалы қойылым барысында көрерменмен байланыс орната аламыз. Олар күледі, шапалақтайды, жылайды. Бұл байланыс бізді қанаттандырып, одан әрі жақсы ойнауға шабыт береді. Ал кино түсірілімінде кері байланыс жоқ. Барлығын тек дайын өнім жарыққа шыққаннан кейін байқайсыз.

Иә, өткен жылы «12:00» телесериалында жас опердің рөлін сомдадым. Эпизодтық рөл болса да, мен үшін үлкен тәжірибелік қорымды кеңейтті. Алғашқы жұбым – Берік Айтжанов.

Ең қызығы, 2021 жылы, мен Астанаға жол жүріп кеткенімде анам түс көрген. Ол түсінде мені Берік Айтжановқа табыстап, ағаның қолынан ұстап, қасынан қалмауымды өтінген екен. Осы түстен кейін анам хабарласып, ақ батасын берген еді.

– Қызықты оқиғаларыңыз бен жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!