Таяуда 22 жастағы блогер, «Іn.kyzylorda» парақшасының негізін қалаушы, шолушы Мұхаммедәли Агзаммен сұхбаттасудың сәті түсті. Жас та болса, өз ісінің маманы ретінде танылған кейіпкеріміз мобилография саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
− Мұхаммедәли, қазір көптеген блогердің контенті қызық. Соған орай жалпақ жұртқа сөзі өтімді. Өзің бұл салаға қалай келдің? Отбасыңыз бен достарыңыз бұл ойыңызды қолдады ма?
− Студенттік шақта, нақтырақ айтсам карантин уақытында мобилографиямен айналыстым. Кейін тапсырыс қабылдап, гастрольдік сапарға шықтым. Бірақ блогер ретінде танылу ойымда болмады.
Екі жыл бұрын Түркияға саяхаттадым. Елге оралған соң «Қалай 300 мың теңгемен Түркияға баруға болады?» деген тақырыпта әлеуметтік желіге видео жарияладым. Мобилограф ретінде тәжірибем болған соң видеоны түсіру де, монтаж барысы да оңай болды. «Жасауға болады екен» деп, кейін осы бағытты жалғастырдым. Қаралым саны артып, желі қолданушылары үшін қызық контентке айналды.
Ата-анам үлкен кісілер болған соң әуелде түсінбеді. Ол кезде блогерлік те, мобилография да дәл қазіргідей танымал емес. «Сені видеодан көрдік» дейтін. Кейін нақты осы бағытта жұмыс істеймін дегенде ғана отбасыма бастамамды жеткіздім.
Неге «Іn.kyzylorda»? Өзіңіз де білесіз, әлеуметтік желіде «Sxodim » пабликтері бар. Олар − қала тұрғындары мен қонақтары үшін пайдалы құралға айналды. Дәл осы идеяны Қызылордаға алып келгіміз келді. Қалада ашылған жаңа орындар, өтетін іс-шаралар мен концерттерді көрсетіп, халыққа пайдалы парақша ашуды жоспарладық.
− 2022 жылы колледжді тәмамдаған соң университетке оқуға тапсырмадыңыз. ЖОО-да білім алу ойда бар ма?
− Жоғарыда айтқанымдай, студент кезімде видео түсіріп бастап, жұмысым қарқынды жүрді. Мамандық бойынша да бағымды сынадым. Екеуі де жаныма жақын, ұнайтын бағыт еді. Бірақ нақты бір салада дамуым үшін тәуекелге бел буып, таңдау жасауым қажет болды. Жүрек қалауым медиа бағытына түсті. Алдағы уақытта медиа бойынша америкалық оқу орындарында білім алсам деймін. Ал дәрігер ретінде, мүмкін жеке тіс клиникамды ашып қалармын. Бірақ оқуымды бұл салада жалғастыру туралы жоспар жоқ.
− Аз уақыт ішінде 65 мыңға жуық оқырман жинаудың құпиясы неде?
− Мұның нақты құпиясы жоқ деп ойлаймын. Бастысы − дұрыс әрі сәтті схема. Біздің негізгі аудитория – жастар. Сол үшін олардың сұранысына, қызығушылығына сай контент әзірледік. Трендтегі видеоларды уақытында ұсынумен қатар маркетингтің де рөлі зор. Қоғам сапалы дүниелерге «аш» кезде, қызықты контент әзірледік.
«Іn.kyzylorda» ашылған сәтте мен жалғыз болдым. Команда бертін келе жасақталды. Сапалы контент үшін бізге телефон мен петличка болса болғаны.
Жиналыс үшін бізде арнайы уақыт бекітілген. Әр сәрсенбі таңғы 8-де талқылау жүргіземіз. Нақты мақсат идея мен жоспарды ортаға салып, біздің жолымызда кездесуі мүмкін мәселелердің алдын алу шараларын жасаймыз.
− Оқырмандарға өміріңіздің қанша пайызын ашық көрсетесіз?
− Шамамен өмірімнің 15 пайызын ғана көрсетемін. «Іn.kyzylorda»-дан бөлек жеке парақшам бар. Өзім туралы сонда жиі баяндаймын, бірақ көп емес. Отбасымды блогқа араластырмаймын. Олар контенттің құрбаны болмаса екен деймін.
− Блог жүргізуден бөлек, болашақта қандай салада дамығыңыз келеді?
− Бизнес саласына барсам деймін. Бүгінде әйелдерге арналған аяқ-киім сататын онлайн дүкеніміз жұмыс істейді. «Аудитория бар, құрал бар, неге қолданбасқа» деген мақсатпен досым екеуіміз осындай кәсіп бастадық. Қазір сұраныс артып жатыр.
− Егер уақытқа сапар жасасаңыз. Екі жыл бұрынғы және кейінгі Мұхаммедәлиге қандай кеңес берер едіңіз?
− Жалпы менің бойымда кез келге мәселеге оңай қарау деген қасиет бар. Мұның жақсы да, сондай-ақ жаман да тұсы бар. Сол үшін өзіме «бастаған ісіңе салмақты қара, жауапкершілікті сезін, бастысы сол қалпыңнан тайма» деп айтқым келеді. Ал екі жылдан соң өзімді филантроп, 100 миллион капиталы бар кәсіпкер әрі отбасылы адам ретінде көремін.
− Бүгінде курс ұйымдастыру да трендке айналды. Оқырмандарыңызға қандай да бір ұсыныс әзірлеп жатырсыз ба?
− Иә, 2-3 ай көлемінде контент-мэйкинг жөнінде офлайн және онлайн курс жүргізуді бастаймыз. Бағасы да қолжетімді болады. Мобилографиядан бастап, сапалы контент дайындау бағытындағы барлық тақырып қамтылады.
− Білуімізше отбасыңыздың кенже баласысыз. Оқырмандарға қызық екенін байқадық, отбасыңыз туралы айтып өтіңізші.
− Біз 4 ағайындымыз.Үйдің кенжесі дегенде ойға лезде еркелік келетіні рас. Бірақ менің жағдайымда олай емес. Кенже болсам да бауырларыммен жас айырмашылығымыз көп. Сондықтан болар үйдің үлкені секілді тәрбиеленіп, жауапкершілікті сезініп, тәртіппен өстім.
− Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!