Ел ішінде «Сау адамның басында алтын тәж бар. Оны тек ауру адамдар көре алады» деген сөз бар. Расымен де денсаулықтың баға жетпес байлық екенін кейде ескермейміз. Бүгінде технология дамыды, өмір сүру сапасы жоғарылады дегенмен сапалы медицина мамандарына деген сұраныс төмендеген емес.
Осы орайда Жалағаш аудандық ауруханасындағы бас дәрігердің бастапқы медициналық санитариялық көмек жөніндегі орынбасары, жоғары санатты дәрігер Индира Орынбасаровамен денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу бойынша сұхбаттастық.
– Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Айдынды Аралдың шалғайдағы ауылында туып- өскен Индира неліктен дәрігер болуды армандады? Екі мыңыншы жылға дейін жоғарғы оқу орнына түсу оңай болмағаны белгілі. Қай оқу орнында білім алдыңыз?
– Арал ауданындағы Қаратерең ауылында дүниеге келдім. Отбасындағы төрт баланың тұңғышымын. Дәрігерлік мамандықты таңдауыма анамның медицина саласында еңбек етуі себеп болды деп ойлаймын. Анам Тастақ елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктте фельдшер болып жұмыс атқарған. Ол кісінің елге деген жанашырлығы, өз міндетін абыроймен атқарып, халықтан алғыс алуы менің де ел игілігі жолында қызмет етсем деген арманыма жол ашты. Сондықтан анамның жолын қуып дәрігерлік мамандықты таңдап, Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясында білім алдым.
– Бұған дейін балалар дәрігері, отбасылық дәрігер болып қызмет атқардыңыз. Бүгінде бас дәрігердің орынбасарысыз. Медицина дамыды десек те, ауруына ем іздеген жандар аз емес. Қазір тұрғындарда қандай дерт жиі кездеседі?
– Бүгінде симптомсыз, яғни ешқандай белгілерсіз пайда болатын дерт түрі көбейіп барады. Сол үшін денсаулығымызды үнемі назарда ұстап, тіпті еш жеріңіз мазаламаса да, тұрақты түрде тексерістен өтіп тұрудың маңызы зор.
Кейінгі кезде денсаулық сақтау саласы аурудың дамуындағы стресстің әсеріне көбірек назар аударуда. Өкінішке қарай, қазір бәріміз жиі күйзеліске ұшыраймыз. Мазасыздық, үрейге бой алдыру және психо-эмоционалды шиеленіс әртүрлі аурудың дамуына ықпал етуі мүмкін. Дұрыс тамақтану, жаттығу жасау, жаман әдеттерден бас тарту және ең бастысы көтеріңкі көңіл күйді сақтау маңызды.
Қазір жүрек-қантамырлар аурулары, онкологиялық дерттер, сонымен қатар туберкулез асқынуынан туындайтын аурулар өлім-жітімнің басты себебіне айналғаны өкінішті.
– Скринигтік тексерілу – ауруды ерте анықтаудың бірден бір жолы. Мұндай тегін медициналық тексерілуге тұрғындар арнайы келе ме? Қай жаста скринигтен өту керек? Қандай анализдер тапсыруы қажет?
– Скринингтік тексеру ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 30 қазандағы №174 бұйрығы бойынша жүзеге асырылады.
Скрининг – шағымдары жоқ адамдарда ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық тексерумен жүргізілетін ауқымды жұмыс, өте маңызды және қажетті тексеру. Ол тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүргізіледі. Медицина қызметкерлері пациенттерге скринингтен өтудің маңызын түсіндіреді. Ол міндетті болып саналғандықтан тегін негізде өткізіледі. Профилактикалық тексерулерді қаржыландыру МӘМС қаражаты есебінен болады, сондықтан скринингтен өту үшін сақтандырылу мәртебесіне ие болуы қажет. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрықта скринингтен өтетін тұрғындар жалақысы сақтала отырып, жұмыстан үш күнге орташа еңбекақы төлей отырып босатылатыны туралы негіз бар. Осы негізді ескеріп, жұмысбасты азаматтар уақыт бөліп келуін ескерсе дейміз. Тексеру көбіне қатерлі аурулардың бастапқы кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді.
Скринингтер белгілі бір аурулар үшін және белгілі жас топтары үшін жүргізіледі. Тексеру 2 жас санатында жүргізіледі:
Алғашқысы, 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар. Балалар жыл сайын кәмелетке толғанға дейін профилактикалық тексеруден өтеді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді.
Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында жүргізіледі.
Екіншісі, 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектер АГ, қант диабеті, глоукома ауруларының алдын алуға өткізіледі.
30-70 жаста жатыр мойны, 40-70 жаста сүт безі, 50-70 жаста тік және тоқ ішек қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында өткізіледі. Жүргізілетін анализдер экспресс тест арқылы глюкоза, холестерин, «без контактный», яғни байланыссыз тонометр арқылы көз қысымын өлшеп, гемокульт тест, PAP тест, маммография арқылы тексеріледі.
Скринингтен өту үшін тұрғындар тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Ол үшін әрбір алғашқы медициналық- санитарлық көмек қызметінде скринингтік кабинеттер бар. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді ала баруыңыз керек.
– Төрегелді Шарманов «Біз жиі ауырып, қысқа ғұмыр сүреміз. Дүниеге аз ұрпақ әкеліп, отбасылардың ыдырауына көп жол береміз. Денсаулығымызға немқұрайлы қарап, сыр берген сәтте міндетті дәрігердің мойнын артамыз» дейді. Расымен де қазір денсаулыққа келгенде бейқамдық танытып, саулығы сыр бергенде дәрігер іздейтіндер аз емес. Иммунитетті нығайтып, қатерлі ісік секілді күрделі аурулардан сақ болу үшін нені ескеру керек?
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөз өте орынды айтылған. Әрбір адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапкершілікпен қарау керек. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, таңертеңгілік жаттығу жасап, таза ауада серуендеп, көбірек жаяу жүруі қажет.
Дұрыс тамақтану – ащы, тұзды, майлы тағамдарды мейлінше шектеу, фаст-фуд тағамдарына, энергетик сусындарға әуес болмау, күнделікті қолданыстағы ыдыстардың сапасына мән беру, зиянсыз болуын ескеру.
– Бүгінде әйелдер арасында жатыр мойнының қатерлі ісігі онкологиялық аурулар бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ауру көрсеткішінің артуына не себеп деп ойлайсыз?
– Әйел отбасындағы берекені келтіруші болғандықтан өзінің денсаулығын кейінгі орынға қалдырып жатады. Сондықтан міндетті түрде алдын ала тексеруді назардан шығармай уақытылы тексеріліп отырса, асқынудың алдын алудағы бірден бір жол болар еді.
– Қазір екінің бірі «БАД» аталатын, биологиялық белсенді қоспаларды қолданады. Оның түрі де көп. Мұндай қоспаларды ішуге дәрігердің рецепті керек пе?
– Кез келген биологиялық белсенді қоспа – бірнеше тексеруден, дәлелдеуден өткен сертификатталған өнім. Үзілді-кесілді қолдану, қолданбауына кеңес беру қиынға соғады. Алайда дәрігердің кеңесімен пайдалануға болады.
– Психосоматологтар көбейді. «Жандүниеңдегі өзгерістер, уақытында айтылмаған сөздер, іштей уайымдау бір дертке апаруы мүмкін» дейді мамандар. Бұған келісесіз бе?
– Әрине, іштей уайым кез келген адамды күйзеліске ұшыратады. Үрей, әлеуметтік хал- ахуалдың төмендігі, кейде өзінің ойлағанына жете алмау салдарынан да ауруға шалдығып жатады. Мұндайда мамандардың көмегі септігін тигізеді. Ең бастысы құпиялылық сақталуы тиіс.
– Емханадағы жағдайға тоқтала кетсек. Науқастың қай жері ауырса да алдымен терапевтке жазылуы керек. Кезек күтіп, ол жолдама бергеннен кейін ғана сол саланың дәрігеріне көрінесің. Ол әрине, анализ тапсыруға, Узи дан өтуге жолдама береді. Бұның бәрі уақыт алатыны белгілі. Айталық, неге бірден нефролог, лор, урологқа көрінуге болмайды? Бұған медицина өкілі ретінде не айтасыз?
– Әр пациент өз аймағының дәрігерімен тығыз байланыста болуы шарт. Себебі аймақтық дәрігер – келген пациентті толық тексеріп, тар буынды мамандарға негізсіз баруының алдын алатын маман. Егер пациентті шұғыл түрде қарау керек болса, онда тікелей тар буынды маманның кеңесін алу мүмкіндігі бар.
– Қазір емханаға қандай мамандар жетіспейді? Болашақ мамандар медицинаның қай саласын көбірек таңдағаны дұрыс деп ойлайсыз?
– Бүгінде еліміз бойынша фтизиопедиатр дәрігер мамандары тапшы. Алдағы уақытқа көз жүгіртер болсақ, қазіргі жастардың барлығы электронды жүйеге өте жақын. Соның салдары көру, есту, ойлау жүйелеріне зиянын тигізері анық. Сол себепті лор, окулист, деффектолог, логопед мамандарын қажет етеді деп ойлаймын.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!