Жан қалауындағы істі табыс көзіне айналдырып, қолөнер мен кәсіпкерлікті ұштастыра білген жандардың бірі – Индира Тайшманова. 16 жасынан бастап тігіншілікпен айналысқан ол бүгінде облысқа белгілі «Ханшайым» ательесінің ісін өрге домалатып отырған жеке кәсіп иесі. Қолөнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Индира Әлдібайқызының бұл салада 32 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде ол аймақтағы беделді ателье мен цехтарда еңбек етті. Өз ісіне деген махаббаты мен табандылығының арқасында бүгінде жеке кәсібін дамытып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрген Индираның әрбір жетістігі – еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын келбеті.

– Білуімізше, 16 жасыңыздан бастап тігіншілікпен айналысады екенсіз. Бұл кәсіпке қызығушылығыңыз қалай пайда болды, оны оятуға әлдекім сеп болды ма?

– Иә, тігіншілікке қызығушылығым мектеп жасымнан пайда болды десем артық емес. Ол кезде үйімізде тігін тігетін аяқ-машина болатын. Менің әкем де, анам да қарапайым жұмыс істеді. 1993-94 жылдар болатын. Мектепке сәнді киініп баратын қыздарға қарап сәнді киінгің келеді. Тігінші туыс апайымыз бар, есімі – Заира. Сол кісінің ізінен қалмай, «Маған тігін тігуді үйретіңізші» деп өтініш айта бастадым. Сонда ол «Сен әлі жассың, бұл байып кететін де, құлдырап кететін де жұмыс емес. Біреудің бір кем-кетігін тігіп берсең де, қалтаңда күнделікті қаражатың болады» деп ақыл-кеңесін берді. Өзі «Өрімтал» деген үлкен ательеде жұмыс істейді, қарамағында 30-40 адам болатын. Дегенмен алған бетімнен қайтпаған соң апайым келісті. Түске дейін сабақта боламын, түстен кейін екі сағатымды сол кісіге арнаймын. Әуелде маған киім үтіктеуді тапсырды. «Ал бізге жаңадан үйренуші қыз келді. Қажетті заттарыңыздың барлығын үтіктетіп алыңыздар» деп хабарлады. Оны мен түсінбей қалдым, әлі баламын. «Мен машинка тіккім келіп еді, үтік ұстатып қойғаны-несі» деймін ішімнен. Үйде ата-әжеме ренішімді айттым, жұмыста қабағымды түйіп Заира әпкеме қарап қоямын. Ол кісі «Кім қандай бұйым үтіктеуге береді, содан бастап үйренесің. Үйренгің келсе талпынысыңды байқайық» деді. Содан бастап барлығына көмектесіп, киім үтіктеп жүргенімде алты ай өте шығыпты. Күнделікті үтіктей берген соң жеңі, жағасы, етегі көзіме жатталып қалды.

Сол жылдары жақсы тігінші, нағыз шеберлер ұлты кәріс әпкелеріміз болатын. Олар үтіктеуге жұмыс тапсырғысы келмейді, бірақ асығыс болса ара-тұра өтініш айтады. Сол сәтті пайдаланып, жаттап, сызып алып жүретінмін. Бір жарым айдан кейін маған алғыс айтып, матадан артылған қалдықтарын беретін болды. Кеш батып, бәрі үйіне қайтқан уақытта тәтем ертеңгі тапсырыстарын пішеді, мен әлгі қиынды маталардан мәз болып өзіме белдемше тіге бастадым. Мектепте оқып жүріп осылай белдемше, күрте тіккен соң маған қыздардан біртіндеп тапсырыс та түсе бастады. Мұндай кимдер дүкеннен табылмайды. Дүкенге түскен күннің өзінде тез өтіп кететін кезең еді. Қыздар қызығып, «осындай белдемшені маған да тігіп бересің бе» деп өтініш айта бастады. Әлі күнге дейін есімде, 11 сынып оқып жүргенде 5-6 белдемше сатқан соң, түскен қаражаттың басын құрап, өзіме алғаш рет былғары етік сатып алған болатынмын.

Индира ТАЙШМАНОВА: Еңбек еткен жан елеусіз қалмайды

«Еңбектің наны тәтті» деген, содан бастап тігін тігуді жаныма серік етіп келе жатқаныма биыл 32 жыл болады екен. Әлі күнге Заира әпкеме үлкен рақметімді айтамын. Бүгінде ол зейнеткерлікке шыққан кісі, сонда да білмеген тұсымды сұрап, ақыл-кеңесін аламын. Бұл тігін деген бірден меңгеріп кететін мамандық емес. Өміріңнің соңына дейін үйренетін, үнемі дамып отыратын сала. Сән деген бір орында тұрмайды. Жыл сайын, тіпті ай сайын түрлі сәнді бұйымдар мен киімдер шығып жатыр. Соны қалай пішуді, қалай тігуді үйренуден жалықпаймыз. Кейде қыздар келеді, «әпке, сізден 1-2 ай курс оқысам тігінші бола аламын ба?» дейді. Бұл қате ұғым. Мен өзім де әлі үйрену үстіндегі шәкіртпін десем болады. Ізденіс ешқашан тоқтамақ емес. Осы менің наным, жан-дүнием тыныштық тауып жасайтын сүйікті жұмысым.

– Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып отырсыз. Қарамағыңызда қанша адам қызмет етеді? Жұмысқа қабылдайтын кезде қоятын қандай да бір талаптарыңыз бар ма?

– Қарамағымда бес адам жұмыс істейді. Одан бөлек көпбалалы аналар мен үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ, яки ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар да бар. Сондай-ақ зейнет жасына жақындап қалған әпкелеріміз бар. Үлгермей жатсақ, түскен тапсырыстарды сол кісілерге еш күмәнсіз сеніп тапсыра аламын. Өздері тиянақты, жауапкершілігі мол жандар. Ательеден шыққандай етіп, бұйымдарды тігіп әкеп береді. Талабым өз ісін, өз кәсібін жақсы көретін, еңбекқор, тапсырылған жұмысқа тиянақты болуы керек.

– Қателеспесем, төрт баланың анасысыз. Ендігі кезекте отбасыңызға ойыссақ. Балаларыңыздың ішінде ісіңізге қызығушылық танытып, ізіңізге еруге ниеттісі бар ма?

– Бір ұлым, үш қызым бар. Үш қызым да тігінге жақын. Кішкентай кезінен түйме болса да тіктіріп, қызығушылықтарын ашатынмын. Кенже қызым тігін машинасына тоғыз жасынан бастап отырып, өзіне керекті шалбарын, спорттық киімдерін тігіп ала беретін. Біздің әкеміз де, яғни отағасы да тігінші. Ол кісі автокөліктерге чехол тігумен айналысады. Үйдегі әжеміз де қолөнерден құралақан емес, тоқыма тоқитын. Соны көріп өскеннен кейін балаларым да тігін тігуге жақын болды.

Индира ТАЙШМАНОВА: Еңбек еткен жан елеусіз қалмайды

– Бір киімді немесе бұйымды тігуге қанша уақыт жұмсайсыз?

– Нақты айту қиын. Әр бұйым әртүрлі келеді. Мәселен қыз ұзатуға дайындалатын киімдер ұзақ уақытты қажет етеді. Себебі сәукелесі мен қамзолы, оған түсетін ою-өрнегі, моншақтары бар. Соның барлығы өзіміз кестелеп, өз қолымыздан шығатын болған соң нақты қанша уақытқа созылатынын тап басып айта алмаймын.

– Матаны, түстерді, дизайнды қалай таңдайсыз? Материалды тапсырыс беріп алдырасыздар ма?

– Матаның бүгінде түрі де, түсі де көп. Көбіне олардың сапасын Ресейдің, Түркия мен Дубайдың дизайнерлері арқылы бақылап отырамыз. Маталар алғаш болып Алматы, Ақтөбе, Шымкент секілді үлкен қалаларға келеді. Сол жақтан тапсырыс беріп алдырамыз.

Сондай-ақ мата тапсырыс берушімен келісе отырып таңдап алынады. Себебі тапсырыс берушінің түс-әлпетіне, дене бітіміне қарап, жарасымды деп тапқан дүние ортақ келісе отырып жасалады. Егер де тапсырыс берушінің өзіне ұнап жатса, өзіміздің қаладағы мата дүкендерінен де әкеліп береді. Басты мақсатымыз қонымды, әдемі әрі сапалы бұйым шығару.

– Клиенттеріңіздің қалауын қаншалықты ескересіз, олардың идеяларымен жұмыс жасайсыз ба?

– Әрине, ең бірінші орында клиенттің идеясын, қалауын тыңдаймыз. Әр адам өз қалауын айтып жеткізеді. Ең қызығы, мектеп тәмамдап жатқан жас түлектер келеді. Олар көбіне алқызыл (розовый) түсті таңдап, қуыршақ Барби көйлегінің дизайнына ұқсатып тапсырыс береді. Сонда бұл кең етекті көйлектер көзге оғаш көрінетінін, бүгінде сәнде басқа үлгілер барын түсіндіремін. Бірақ олар дәл солай киінгісі келетінін жеткізеді. Қалауындағы дүниені дәлме-дәл тігіп беремін. Дайын болған уақытта көйлекті киіп, айнаның алдында баладай айналып, ұзақ тамсанып тұрады. Жас түлек, бірақ әлі де балалығы бар. Осы ісіне сырттай сүйсіне қарап, «бұл қыз сәби күнінен қуыршақ стиліндегі көйлекті киюді армандаған болар» деп, сол арманын орындағандай болып, қуанып қаламыз. Осындай жағдайлар жиі болып тұрады.

– Қандай тігін машиналарын қолданасыз және олардың ерекшеліктері жайлы айтып берсеңіз.

– Тігін машиналарымыздың барлығы жетілдірілген арнайы өндірістік және үлкен тігін цехтарда қолданатын машиналар. Үтігіміз де, жалпы қолданатын техникамыздың барлығы соңғы үлгіде. Еңбектің арқасында барлығына уақытылы қол жеткізіп отырмыз.

Индира ТАЙШМАНОВА: Еңбек еткен жан елеусіз қалмайды

– Қай стильдегі немесе қандай үлгідегі киім тігу сізге ерекше ұнайды? Сондай-ақ қандай киімдерге көп тапсырыс түседі?

– Қазақы нақыштағы киімдерге көп тапсырыс түседі. Өзімнің жаныма жақыны да – ою-өрнектер. Жыраулардың, айтыскер ақындардың шапанын, қамзолдарын тіккен кезде ішімдегі бір рухты оятып, әрбір ою сөйлейді. Мәселен ер адамдардың шапанын тіккенде кеуде тұсына түскен ою-өрнек етегіне түсуге болмайды. Ырыс-несібесі төмен болады. Бірақ бұған қазіргі кәсіпкерлердің көбі аса мән бермейді. Әрбір ою-өрнектің өзіндік мән-мағынасы бар. Ол жайлы қозғап кетсең, көп нәрсе талқылауға болады.

Сондай-ақ маған қазіргі жастардың жаңа киім үлгілері ұнайды. Себебі өзім де үнемі ізденемін. Ол шығамын дегенше үлкен қобалжу, уайым болады. Жалпы айтқанда жастармен, олардың идеясымен жұмыс істеу қатты ұнайды.

– Осы саладағы ең үлкен жетістігіңіз қандай? Есте қалған ерекше тапсырыстар немесе жұмыстар жайлы айтып берсеңіз…

– Ең үлкен жетістігім қала әкімінің қолынан алғыс хат алуым. «Өз ісінің шебері» номинациясын иемденуім, айта берсем, мұндай марапат көп. Бірақ соның ішінде қатты қуанғаным осы қала әкімінің марапаты болатын. Себебі еңбегіміздің көзге түсуі, бағалануы – ол үлкен абырой. Еңбек еткен жан елеусіз қалмайды. Іштегі рухымызды көтеріп, осы жұмысты әрі қарай алып кетуге себепкер болған жетістік осы деп айта аламын.

Ал есте қалған тапсырысқа келсек, Германиядағы қандасымыз ою-өрнекпен көмкерілген үш метр дастарханға және майлықтарға тапсырыс берген болатын. Осы жұмысымыз ерекше есте қалды. Мекен-жайына жеткен уақытта бейнеролик жолдап, мәз-мейрам болғаны әлі күнге дейін көз алымда. Тағы бір есте қалғаны жуырда ғана күміс домбыраны иемденген айтыскер ақын Бексұлтанға тіккен шапаным. Айтыстан жүлделі оралып, хабарласты. Шапаны ерекше көзге түсіп, сахнада жарқырап отырғанын көпшілік айтқан екен. Тапсырыс берушілер кері байланыс жасап, осылай қуанып алғысын айтқанда төбеміз көкке жетіп, марқайып қаламыз.

Қызылордалық кәсіпкерлер мен тігіншілерден құралған чатымыз бар. Сол жерде жаңалықтарымызбен бөлісіп, түсінбей жатсақ бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмек көрсетуден аянып қалған емеспіз.

Индира ТАЙШМАНОВА: Еңбек еткен жан елеусіз қалмайды

– Қазақстанда тігіншілік кәсіптің даму қарқыны туралы ойыңыз қандай? Сән әлемінің жаңалықтарымен жиі санасып тұрасыз ба?

– Жеңіл өнеркәсіп баяу құлдырап барады десем артық айтқаным емес. Өйткені бұрындары бізге тігін тігуді үйрету қарқынды жүргізілді, үйренемін деп қызығушылық танытатын жастар қатары да көп болатын. Ал қазіргі жастарға аса көңілім тола бермейді. Ең бірінші айлығын сұрайды. Байып кету жолын іздейді. Мәселе онда емес, айтарымыз алғашқы орында еңбек. Егер шыдамдылық болса барлығы еңбекпен ғана келеді. Сосын сабақ беретін, үйрететін көп орталық жабылып қалған. Кейбір қыздар бар, ізденіп, ізімнен қалмай үйренуге талаптанып келеді. Осындай өзім секілді қыздарды көрсем қуанып, тігін тігуді тегін үйретемін. Солай аралас-құралас болып жүрген жас қыздар бар. Мейрам, туған күн сайын «әпкелеп» келіп, құттықтап кетеді.

– Жаңадан тігіншілікпен айналысқысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз? Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

– Менің ойымша қазақ қыздарының барлығы тігін тігуді білуі керек секілді. Әсіресе көпбалалы аналар. Біріншіден, отбасылық қаражатты үнемдейді. Екіншіден, өз қолынан шыққан дүниені киген баланың әр киімі есінде қалады. Сондай-ақ балаларымен бірге өзі де сәнді, ерекше киініп жүреді. Мен барлығын тігін тігуге шақырар едім.

Ендігі өзімнің ойымда жүрген дүние жайлы айтар болсам, зейнеткерлік демалысқа шыққан аналарға арнап орталық ашқым келеді. Жұмыс істеп жүріп, зейнеткерлік демалысқа шыққан соң адамдар үйде отырып қалады. Ал үйде отырған адам аурушаң болады. Осындай аналарға арналған орталық ашуды армандаймын. Кішкене болса да өздеріне қамзолын, моншағын, көрпеше-жастығын тігуді үйреткім келеді. Бір жағынан бастары қосылып, өздеріне құрбы тауып, сыр шертіседі.

Жалпы айтқанда, қарт аналарды таңертең әкеліп, кешке алып кететін кәдуілгі балабақша секілді қызмет атқаратын орталық ашу арманым.

– Қандай керемет! Өз ісіне адал, жалпы адамзатқа үлгі боларлық жанмен келелі сұхбат құрғаныма қуаныштымын! Кәсібіңізге береке берсін!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!