Сау тіс – адам күлкісінің кілті, денсаулығының маңызды бір бөлшегі. Сол тістерді емдейтін тіс дәрігері – екі есе жауапкершілік арқалайтын күрделі мамандық. Ал біздің кейіпкеріміз Іңкәрбек Тәуекелов үшін стоматология тек мамандық емес, ол – өмір салты. Ол кәсібилікті адамгершілікпен ұштастырып жүрген дәрігер.
– Іңкәрбек, кейде адам өз жолын кездейсоқ тапса, ал кейде сол жол адамды өзі іздеп табады дейді ғой. Бұл салаға деген қызығушылығыңыз қашан басталды? Мамандық сізді таңдады ма, әлде сіз осы жолға жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?
– Бұл сұраққа жауап беретін болсам, менің әңгімем біраз ұзақтау болар еді… Көпшілік өз мамандығын бала кезінен-ақ таңдап, сол бағытта армандай бастайды ғой. Ал мен ондайлардың қатарына жатпаймын. Мен – үйдің тұңғышымын. Сабақты жақсы оқыдым, үздіктер қатарында болдым. Алайда сегізінші сыныпқа жеткенде балалық мінезім басым түсіп, еркелігім байқала бастады. Мұны байқаған әкем менің болашағыма алаңдап, тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түсіруді жөн көрді.
Жалпы менің қабілетім ауқымды еді – шығармашылыққа бейімім де бар болатын. Сурет салу, сызу сияқты істерге қызығушылығым жоғары болды. Осы қасиеттерімді ескеріп, ата-анам ақылдаса келе мені тіс технигі мамандығына түсіреміз деп шешкен. Алайда құжат тапсыру кезінде сәл қателесіп, мені «дантист» мамандығына жазып жіберіпті. Дантист дегеніміз – орта білімді, бірақ кей жағдайда ем жүргізуге де, тіс технигінің кейбір жұмыстарын орындауға да құқылы медицина қызметкері.
Сөйтіп, тағдыр мені сол жолға жетеледі. Кейін ойласам, мен мамандықты таңдамаған екенмін – мамандық мені таңдаған сияқты.
Оқуға шын ықыласпен кірісіп, табандылық пен намыс арқасында қызыл дипломмен тәмамдадым. Оқу барысында бұл салаға деген қызығушылығым артып, өз ісімнің маңызын түсіне бастадым. Сол кезде өзіме «міндетті түрде жоғары білім алуым керек» деген мақсат қойдым. Себебі орта білімді маман көбіне жоғары оқу орнын бітіргендердің көлеңкесінде қалып қоятынын байқадым.
Алланың қалауымен, дәл сол колледж қабырғасында өмірлік серігімді, болашақ жарымды кездестірдім. Уақыт өте келе екеуміз де арманымызды бір арнаға тоғыстырып, жоғары оқу орнына бірге түстік. Бұл жол – менің өмірімдегі ең үлкен сынақтардың бірі әрі ең сәтті шешімім болды.
– Көбі тіс дәрігеріне келіп емделуге қорқады. Осы орайда алғашқы тіс дәрігерінің арқалайтын жүгі ауыр. Айтыңызшы, тіс дәрігерінен қорықпау үшін һәм пациенттің сенімін арттыру үшін не істеу қажет?
– Иә, жасыратыны жоқ, тіс дәрігерінің алдына көпшілік үреймен келеді. Бірі алғаш келіп, білмей қорықса, енді бірі бұрынғы ауырсыну тәжірибесінен секем алады. Көп науқас кеңес дәуіріндегі ем-домның салдарын әлі ұмыта қойған жоқ десем қателеспеймін. Ол кезде анестезия сапасы төмен, құрал-жабдықтар ескірген, ал емдеу тәсілдері бүгінгі талапқа сай болмады. Тіс емдеу сол заманның мүмкіндігімен шектелетін.
Қазір жағдай мүлде басқа. Технология дамыды, құралдар жетілді, емдеу әдістері жаңарды. Бүгін біз пациенттің ыңғайын, жайлылығын және психологиялық күйін бірінші орынға қоямыз. Бірақ соның өзінде ғылым дамып тұрған дәуірде де бір заңдылық бар: қазіргі ең заманауи тәсілдердің өзі уақыт өте келе ескіреді. Медицина – үздіксіз қозғалыс, ал дәрігердің міндеті – сол өзгеріспен бірге дамып отыру.
Сенімді арттырудың ең басты жолы – дұрыс сөйлей білу, яғни коммуникация мәдениетін меңгеру. Адамның қандай екенін қысқа ғана әңгімеден-ақ аңғаруға болады. Сол секілді пациент дәрігердің кәсіби деңгейін көбіне оның сөзі мен қарым-қатынасынан-ақ сезеді.
Өкінішке қарай, кейбір тіс дәрігерлері өз білімін дәлелдеу мақсатында күрделі терминдерді жиі қолданады. Ал бұл – пациент үшін түсініксіз, кейде тіпті үрей тудыратын дүние. Әрине, кәсіби білімді болу маңызды, бірақ оны қарапайым тілмен жеткізе білу одан да құнды қасиет. Науқас өз денсаулығына қатысты әрбір әрекетті түсініп отырған кезде ғана дәрігерге сенім толық орнайды.
Сенімді арттырудың тағы бір маңызды тәсілі – өз жұмысыңның нәтижесін көрсету. Қазір әлеуметтік желі бәріне мүмкіндік береді. Емнің алдында және кейінгі нәтижелерді жариялау, пациенттердің пікірлерін көрсету – кәсібилігіңді айқындайды. Мұндай ашықтық жаңа клиенттердің сенімін арттырып, бұрынғы пациенттердің ризашылығын көбейтеді. Көп жағдайда бір адамның жақсы пікірі екіншісін сізге жетелейді. Ал өзге біреудің ұсынысымен келген науқаспен жұмыс істеу жеңілірек, себебі ол сіз туралы жылы пікір естіп, емнен қорықпай келеді.
Ең бастысы – сөйлесуден ерінбеу. Мен өз уақытымның едәуір бөлігін кеңес беруге, пациентке ем-шараның қалай өтетінін түсіндіруге арнаймын. Себебі сенім – тек құрал мен дәрінің емес, түсіністік пен ашық әңгіменің нәтижесі. Пациенттің көкейінде күдік те, жауапсыз сұрақ та қалмауы керек. Сол кезде ғана дәрігер мен емделуші арасында шынайы байланыс орнайды.

– Біз көбіне тісіміз ауырмайынша күтімге мән бермейміз, ал сіз күн сайын сол немқұрайлылықтың салдарын көресіз. Сіздің ойыңызша, тіс күтіміне келгенде адамдар нені ескермейді?
– Иә, өкінішке қарай, елімізде тіс күтіміне тиянақты қарамайтындардың қатары әлі де көп. Бұл – ащы да болса шындық. Көп жағдайда мәселені экологияға, су мен ауа сапасына ысыра саламыз. Алайда түптеп келгенде бәрі адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігіне тіреледі.
Қызылорда қаласында тұратын өзге ұлт өкілдері көп. Клиникаға жиі келетін кәріс азаматтарының тіс күтімі мәдениеті бізге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін күнделікті тәжірибемнен байқаймын. Әрине, генетиканың әсері бар, бірақ негізгі айырмашылық – олардың тіс гигиенасына деген ерекше ұқыптылығында.
Ауыз қуысының нашар күйіне себеп көп. Күнделікті тіс жуу – жеткіліксіз. Бұл тек тазалық шарасы, ал тістің саулығына әсер ететін фактор әлдеқайда тереңде. Генетикалық тұрғыда алып қарағанда, көбіне баланың тіс сапасы ананың денсаулығынан басталады. Өз тәжірибемде бұған талай көзім жетті: ана денсаулығы нашар болса, ол болашақ баланың ағзасына, соның ішінде тіс құрылымына да әсер етеді. Біз көбіне баланың денсаулығына мән беріп, оған пайдалы тағам мен дәрумен жайлы көп айтамыз. Бірақ алдымен ананың денсаулығын емдеп, жүктілікті жоспарлап, ағзасын дайындау маңызды.
Өкінішке қарай, көп анада босану арасындағы интервал сақталмайды. Бұл – ағзаның қалпына келуіне кедергі. Күнделікті күйбең тірлік, стресс, дәрумен мен минерал жетіспеушілігі де өз әсерін тигізеді. Қазақ әйелдері көбіне өзіне күтім жасауға уақыт таппайды – отбасы, қызмет, ата-ене қамы… Мұның бәрі ананың денсаулығына, соның ішінде тіс сапасына әсер ететін маңызды факторлар.
Тістің бұзылуына екінші үлкен себеп – дұрыс емес гигиена. Көпшілік «Қандай паста жақсы?», «Қай тіс щеткасы тиімді?» деп сұрайды. Бірақ бастысы – құрал емес, тазалау әдісі. Күніне екі рет тіс жуу жеткілікті дегенді бәрі біледі, бірақ көбі оны дұрыс орындамайды. Мысалы, таңертең тіс жуған соң, таңғы ас ішіп алып қайта жумайтындар бар. Ал шындығында, дұрыс тәсіл – тамақтан кейін тазалау.
Тағы бір қателік – тіс жегісіне немқұрайлы қарау. «Ауырмайды ғой» деген сылтаумен кариесті асқындырып алатындар көп. Тіс ауруын емдеуге ақша аяуға болмайды. Денсаулық – бірінші орында болуы тиіс. Оны жоғалтпай тұрғанда қадірлеу керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар ғой, сол секілді қарапайым профилактика адамды үлкен шығын мен ауыртпалықтан сақтайды.
– Қазір көп адам кезінде немқұрайлылықтың кесірінен тісін жұлдырып, кейін имплант салдыруға мәжбүр. Ал оның бағасы миллионның үстіне шығады. Сол қаржыны басқа маңызды қажеттілікке жұмсауға болар еді. Мысалы, телефон сынып қалса, амалдың жоқтығынан жөндетеміз ғой, өйткені онсыз өмір қиын. Сол секілді тіс те – өмірлік құрал. Ақша болмаса да жолын табамыз, ал неге дәл сондай жауапкершілікті өз денсаулығымызға қолданбаймыз?
– Тісті алты ай сайын тексертіп тұру қажет. Клиенттерге кеңес беру тегін, ең құрығанда тіс тазалауға келіп кетудің өзі көп мәселенің алдын алады. Бұл – үлкен аурудың басталмай тұрып тоқтауы деген сөз.
Тағы бір байқағаным, біздің халық көбіне мәселе ушыққанда ғана келеді. «Үш күннен кейін құдалық», «Тез арада емдеп беріңіз, ұзатылғалы жатырмын», «Ертең туған күнім» деген секілді жағдай жиі кездеседі. Ал асығыс істің нәтижесі қаншалықты сапалы болмақ? Тіпті жүктіліктің соңғы аптасында келіп, шұғыл ем сұрайтындар бар. Ал ондай жағдайда ана мен балаға қауіп төнуі мүмкін. Осындай көріністерді көрген соң, денсаулыққа бейжай қарауға болмайтынын тағы түсінесің.
Қорытындылай келе, тіс күтімі – тек жеке бастың емес, жалпы ұлттық медициналық мәдениеттің көрсеткіші. Профилактиканы әдетке айналдырайық. Алдын алу – емдеуден жеңіл. Денсаулықтың қадірін ауырмай тұрғанда білейік.
– Тіс емдеу кейде ұзаққа созылып, қаржылай да, моральдық тұрғыдан да оңайға соқпайды. Әсіресе имплант орнату – дәлдік пен күтімді талап ететін күрделі процесс. Кей жағдайда мұндай емнен кейін МРТ-ға түсуге болмайтыны да айтылады. Оқырмандарға осы және өзге де маңызды нюанстар туралы айтып өтсеңіз. Пациент ем қабылдамас бұрын нені ескеруі керек?
– Стоматологияда емдеу әдісінің түр-түрі бар, әрқайсысының өзіне тән протоколы болады. Жоғарыда айтып өткендей, көп адам бәрін тақалған сәтте ғана емдеткісі келеді. Алайда ағзаның кез келген процедурадан кейін қалпына келуіне уақыт қажет. Иә, барлық мамандықта дәлдік, жауапкершілік пен мұқияттылық маңызды, бірақ медицинада бұл қасиеттердің рөлі ерекше. Әрбір ем алдында дәрігер науқасқа емнің барысын, қандай нәтиже күтілетінін, не істеуге болатынын және болмайтынын, диагноз бен емнен кейінгі күтім жайлы толық ақпарат беруі тиіс.
Брекет жүйесі туралы айтайықшы. Кейбір адамдар оны бір-екі жыл емес, 3-4 жыл бойы тағады. Бұл – жақ жүйесін толықтай түзету мен кейінгі күтімнің ұзақтығынан туындайды. Демек, денсаулықтан уақыт аяуға болмайды.
Адамның өз тісін ешқандай жаңа технология толығымен алмастыра алмайды. Дегенмен имплантация – соған барынша жақын технология. Ол қазіргі тіс емдеу саласында жиі қолданылатын және ғылым жетістіктерінің бірі саналады. Бұл – үлкен әрі күрделі ғылым. Имплант күтімі туралы ұзақ айтуға болады, бірақ қысқаша түсіндіріп өтейін.
Имплант өндірісі бойынша алдыңғы қатардағы елдер – Швейцария, Германия және Оңтүстік Корея. Тек Кореяның өзінде имплант шығаратын 35 фирма бар, соның алғашқы бесеуі әлемдік тіс емдеу нарығында жетекші орында тұр. Қай елдің өнімі пациентке сай келетіні және оның күтімі қалай болатыны дәрігердің кәсібилігіне тікелей байланысты. Бұл шешімді ол жағдайға қарай өзі қабылдайды.
Имплантпен МРТ-ға түсуге болмайды деген пікір бар. Алайда бүгінде бұл ереже өзгерген: қазір заманауи имплант иелері МРТ-ға еркін түсе алады. Тіпті әуежайлар мен өзге нысандардағы металл детекторлар да имплантты «сезбейді». Мысалы, жақында менің әріптесім МРТ-ға түсті, оның да тісінде имплант бар еді, ешқандай қиындық болған жоқ. Сол сияқты, менің анамның да 10 керамикалық импланты бар, ол да екі жыл бұрын МРТ-ға түсіп, бәрі сәтті өтті. Сондықтан бұл процедурадан қорқудың еш қажеті жоқ.

– Қазір сіздің командаңызда қанша адам жұмыс істейді? Жалпы ұжыммен жұмыс істеу сізге не үйретті? Басшы болуды қалай түсінесіз?
– Командамда жалпы 7 адам бар. Құдай қаласа, осы айдың аяғында қатарымыз екі дәрігерге толығады. Клиникам «Президент» деп аталады. Қазір жұмысы қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар жақында сол жағалаудан екінші тіс емханасын ашуды жоспарлап отырмын. Ол келесі аптадан бастап жұмысын бастайды.
Әрбір басшы үшін команда – ең маңызды ресурс. Біздің өңірде қай клиникаға барсаңыз да кадр жетіспеушілігін байқауға болады. Мұндай жағдайда кадрды ұстап тұру, команданы біріктіру және олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру оңай шаруа емес.
Басқару маған жауапкершіліктің мәнін түсіндірді. Тек өзіңнің ғана емес, өзгелердің де дамуы керек екенін үйретті. Жеке мәселелер командадағы басшылық қызметке кедергі болмауы тиіс. Яғни жан-жақты болып, барлығын тең дәрежеде басқаруға үйрену қажет. Дәрігерлік қызметте де менеджерлік қабілет керек деп ойлаймын. Маған бұл кейде ауыр тиеді. Өйткені қағаз жұмысы, науқастар, клиникаға қатысты басқа мәселелер – бәрін де өз бетіңмен шешуді талап етеді. Сен бір уақытта менеджер де, практикалық дәрігер де болуға тырыссаң, жауапкершілік салдарынан күйзеліске ұшырауың мүмкін. Сол себепті көптеген кадр соңында шыдамағандықтан тарқап кетеді.
Басшы болу – әділ болу деген сөз. Еңбекақыны әділ беру, жеке пайда үшін жұмысқа араласпау, қызметкерлерді қажетсіз мазалаудан аулақ болу керек. Өзім команданы қолдау үшін клиниканың атынан тимбилдинг ұйымдастырамын, түрлі қуаныш-қайғыда азды-көпті материалдық көмек көрсетемін.
Тағы бір маңызды сабақ – мықты команда қасыңда қалсын десең, дайын маманды күтпеу керек. Көп дәрігерге нөлден бастап кәсібін игеруге көмектесемін. Олардың тәжірибесін арттыру үшін оқу курстарына жіберіп тұрамын.
Қазір мамандығы тіс дәрігері болмаса да, осы саланы кәсіп көзіне айналдырғандар бар. Бірақ олар келген команданы ұстап қала алмайды. Себебі мамандарды ұстап тұру үшін өзің де осы салаға жан-тәніңмен беріліп, мотивация беруің керек. Жас маман сенен үйрену, тәжірибе алу үшін келеді. Егер мотивация алмаса, ол өсудің басқа жолын іздейді. Сол себепті материалдық тұрғыдан болсын, моральдық тұрғыдан болсын, командаңды тұрақты қолдап отыру аса маңызды.
– Жеке клиника ашу – үлкен ерлік. Себебі ол тек кәсіби қадам емес, ішкі сенім мен табандылықтың көрінісі. Өз ісіңізді бастаған алғашқы күндеріңізде қандай сезімде болдыңыз? Жеке кәсіпті бастау жолында не үйрендіңіз?
– Студент кезімде менің бір қағидам бар еді: мемлекеттік клиникада жұмыс істемеу. Бұл мемлекеттік мекемелердегі айлықтың төмендігіне байланысты туындаған қағида болатын. Тек жеке емханада, мықты жерде жұмыс істеймін деген ойда болдым. Дегенмен, өзім клиника ашамын деп еш жоспарлаған емеспін.
Ең алғаш «Persona» деп аталатын көпсалалы медициналық клиникаға жұмысқа тұрдым. Өте мықты мамандар еңбек ететін бұл мекемеде екі жылдан астам қызмет еттім. Содан кейін «Interteach» клиникасында 4-5 ай еңбек етіп, кейін досыммен бірігіп шағын емхана аштық. Екі жыл жұмыс істегеннен кейін екінші клиника аштық. Сол кезден бастап ортақ келісімге келіп, досыммен бірлескен бизнесті тоқтатып, жеке кәсіпке бет бұруды ұйғардық.
Жеке кәсіп бастағаныма қазір 4 жыл болған екен. Бизнес ашу оңай емес. Мұнда қатаң қағида жоқ, әркімнің тәжірибесі әртүрлі. Бүгін кезінде жасалған қателіктерді күліп еске аламыз, бірақ жоқтан бар жасадық. Қазірдің өзінде мақтанатын тұсымыз аз, бірақ нәпақамызды тауып отырмыз.
Мен өзіммен жарысамын. Таныстарым мен достарыма да «бәсекелестік – біреумен емес, өзіңмен болуы тиіс» деп айтамын. Біреу дайын дүниені дөңгелетіп кетуі мүмкін, біреу нөлден бастайды. Мұны салыстыруға болмайды. Сол үшін өзіңнің кемшіліктеріңмен жұмыс істеп, оларды түзетуге күш салу қажет. Мен өзіме үнемі «Мен кешегі Іңкәрбектен мықтымын ба?» деп сұрақ қоямын.
Жеке кәсіптің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қағазбастылық та бар, тексеріс жүйелі түрде жүргізіледі. Кейбір кәсіпкерлер дайын дүниені пайдаланып, өз комфорты үшін жұмыс жасайды. Бұл да өз кезегінде дұрыс стратегия. Ал біреуінің кәсіптегі түсінігі мүлде бөлек болуы мүмкін, әр бизнестің өз адамы бар.
Жеке кәсіпті өркендеткен дұрыс. Ол мемлекетке, адамдарға, айналып келгенде өзіңе пайда әкеледі. Бірақ бұл оңай емес. Пациент тарту, команданы бірлікте ұстау, жауапкершілік көрсету – қиын міндеттер. Бір сәтте ұстаз боласың, бірде ағасың, кейде дос болып сырласасың, кейде бастық ретінде қатаң болуға тура келеді. Бизнестегі адам бірнеше рөлді бір уақытта алып жүруі тиіс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!