Инсультке шалдыққан адамдардың жартысынан астамы мүгедек болып қалады. Осындай ауыр салдарын төмендету үшін инсультті бірден танып, дер кезінде көмек көрсете білу керек. Аурудың алғашқы белгілерін қалай анықтауға болатыны және асқынуына жол бермеу жөнінде Қызылорда қаласындағы «ALEXEY SULTAN-AKHMET» ЖШС директорының орынбасары, невролог – дәрігері, эпилептолог Қуанышбек Алмағамбетов сұхбат барысында айтып берді.
−Қуанышбек Нұрбергенұлы, инсульт деген не?
−Инсульт − ми қан айналымы жүйесінің жедел бұзылуы. Ишемиялық инсульт көбіне тромб немесе эмбол әсерінен миды қанмен қамтамасыз ететін артерияның бітелуі салдарынан дамиды. Геморрагиялық инсульт ми артериясының жарылуынан пайда болып, миға қан құйылуына әкеп соғады.
− Инсульт жасарып барады. Қауіп тобындағы науқастардың жас шамасы қандай?
-Өкінішке қарай, ауру жасы 45-тен асқан адамдарды ғана емес, жастарды да жеңіп отыр. Менің тәжірибемде 18-20 жастағы пациенттер де кездеседі. Олар медициналық оңалтудан өтіп, мамандардың тұрақты бақылауында болады.
– Инсульт қалай анықталады?
– КТ және МРТ − қан айналымы бұзылысының ошағы мен сипатын барынша дәл анықтауға мүмкіндік беретін әдіс. Атап өтетіні, МРТ инсульттің болатынын немесе оның белгілерін алдын ала анықтай алмайды. Аппарат тек қалыптасқан ишемиялық ошақты, қан құйылуын және зақымданған тамырларды көрсетеді.
− 2026 жылдан бастап инсульт тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізіледі. Сақтандырылмаған пациенттер қандай қызметтерді пайдалана алады?
− Иә, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызды аурулардың 11 нозология бойынша жаңартылған тізімі күшіне енеді. Бұл кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңында қарастырылған. Алғаш рет тізімге жыл ағымында инсульт нәтижесінде пайда болған эпилепсия және цереброваскулярлы аурулар енгізілді. Бұл емдеу тиімділігін арттыру мақсатында ауруды ерте сатысында анықтауға, дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге және үздіксіз бақылауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Инсультке шалдыққан науқастарға, МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, шұғыл көмек пен стационарлық ем тегін көрсетіледі.
− Инсульттің қалай алдын алуға болады? Қандай тексерулер адамның ауруға бейімділігін анықтап бере алады?
− Тұрақты түрде скринингтен өту маңызды. Биыл инсульт пен ми қан айналымының басқа да бұзылысының алдын алуға бағытталған скрининг енгізілді. Енді 50 жастан асқан ер адамдар әр екі жыл сайын емханалардан міндетті тексеруден өтуі тиіс. Ми қан тамырларының жағдайын анықтаудың ең қолжетімді әрі дәл бағалау әдісі — УЗИ. Ол аурудың ерте сатысында анықтауға көмектеседі. Егер пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған және артериалды гипертензия бойынша диспансерлік есепте болса, ол жыл сайын тексеруден өте алады.
− Инсульттің алдын алуға байланысты қандай кеңес берер едіңіз?
− Артериалды қан қысымы мен холестерин деңгейін бақылауда ұстаңыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұйқыны ретке келтіріңіз, темекі мен алкоголь тұтынудан, сондай-ақ энергетик сусынар ішуден бас тартыңыз. Сонымен қатар, әрине, күйзеліске түсуден сақ болыңыз. Эмоцияналды тыныштық инсульт профилактикасында маңызды рөл ойнайды.
− Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Аханова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!