Табыс табу – бүгінгі заманның талабы. Жақсы өмір сүру үшін жалақы да аздық ететінін бәрі біледі. Шығынды азайтып, кіріс көлемін арттыру үшін табыс та тұрақты әрі жоғары болуы тиіс. Ал трейдинг – ақшаны айналымға салып, екі есе өндіруге таптырмас мүмкіндік. Бұл туралы трейдер Талғат Қасымбековпен әңгіме өрбіткен едік.
– Банкте 15 жыл қызмет атқарғаныңыз белгілі. Бұл тәжірибе трейдинг саласын меңгеруге ықпал етті ме?
– Еңбек өтілін есепке алмасақ та трейдингті кез келген адамның меңгеруге мүмкіндігі мол. Тек осы саланың қыр-сырын білетін, бүге-шүгесіне дейін үйрететін тәжірибелі маманнан сабақ алған дұрыс. Сондай-ақ күнделікті айналысу – трейдингті түпкілікті түсінуге ықпал етеді. Әрине, банкте жұмыс істегенімнің тиімді тұсы да бар. Компаниялардың есеп-қисабын, қаржылық айналымын тексеруге көмегі тиді. Өйткені бақылау жүргізіп, анализ жасауға, деректі сана сүзгісінде саралауға да сауаттылық керек.
– Инвестор мен трейдер жайында теріс пікір көп. Содан болар құмар ойынмен бірдей көреді жұрт. Жалпы трейдингтің тиімділігіне тоқталсаңыз…
– Трейдинг – қарапайым сауда түрі. Мұны құмар ойынмен салыстыру қате. «Қанағат қарын тойдырады» дейді. Демек, қай уақытта да адам ашкөздіктен аулақ болғаны жөн. Трейдингте де дәл солай. Тапқан табысты місе тұтып, өз ретімен жұмысты жүйелі жүргізу керек. Бұл тікелей мінез-құлықпен байланысты. Мәселе қаржыға кеп тірелгенде өзіңе сенім, психологиялық тұрақтылық болғаны маңызды. Қызуқандылық еңбекті зая кетіреді.
Әдіс-тәсілімен әрекет еткенде берекесі де болатыны белгілі. Қандай да бір компания акциясының бағасы түскен жағдайда төмен бағаға сатып алып, кейін қымбат бағада сатып, пайда көре алады. Тіпті компанияның бағасы бірде өсіп, бірде арзандаса да ақша табуға мүмкіндік бар. Мұны «шорт позиция» деп атайды. Яғни, баға жоғары өскенде брокерден акцияны қарызға алып, қайта сатып және баға түскенде де сатып алып, кіріс көлемін ұлғайтуға болады.
Инвестиция – құнды қағаздарды арзан кезінде сатып алып, ұзақ жылдарға сақтап, баға қымбаттағанда қайта сатып, пайдасын көру. Сонымен қатар дивиденд төлейтін компаниялардың акциясын алу арқылы қосымша табыс түсіруге де болады.
– Капитал күшін жоймағанда ғана инвестор игілігін көреді. Демек, асығыстық әркез пайдалы бола бермейді. Теориялық базаның қажеттілігі туралы не дейсіз?
– Трейдер акция сатып аларда компанияны толықтай зерттеп, фундаменталдық анализ жасайды. Компанияның қаржылық айналымын, ішкі-сыртқы қарызын, қандай жаңалық барын тиянақты тексеруі қажет. Одан кейін техникалық анализ жасалады. «Акция бағасы қандай трендте тұр?», «Қарсылық және қолдау зонасы қандай?» деген сұрақтардың жауабын зерттеп, қосымша индикаторды пайдаланып, нақты акцияны алатын бағаны анықтайды. Осының бәрін мұқият зерделеу маңызды.
– Демек, акция сатып алу стратегиясының осал болуы сүрінуге себеп. Қолдағы қаржыдан қағылмас үшін нендей қателік жібермеу керек?
– «Өзім үйренемін» деген адам уақытынан ұтылып, қаражатын жоғалтады. Акция сатып алудың өзінде мән беретін мәселе көп. Әр талдау тиянақты жасалғанда ғана табысқа жету оңай болмақ. Қателік жібермеудегі қағида – білімді жетілдіру.
– Жастар «өзі би, өзі қожа» болғысы келеді. Қомақты қаржы табу үшін өзгенің қарамағында жүруді құп көрмейді. Қалай ойлайсыз, трейдинг тұрақты табыс көзі бола ала ма?
– Әрине. Іскер адам барлық бастаманы ұршықша иіріп әкетеді. Трейдинг – табыс көзі. Тек тәсілін біліп, меңгеру керек. Бұған қатаң жұмыс режимі де керек емес. Қолда желіге жақсы қосылған ноутбук болса, қалаған жерде жүріп қаражат таба алады.
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!