Жуырда Қытайдың «Кремний алқабы» ретінде танылған Чжунгуаньцуньда «Zhongguancun World Competition 2024» халықаралық инновациялық жобалар сайысы өтті. Беделді байқауға әлемнің 30 елінен 1500-ден астам жоба ұсынылған. Маңызды һәм тартысты бәсекеге қазақстандық жас технократтар да қатысты. Олар бақ сынап қана қоймай, 2-орын иеленіп, ел мерейін асырды.
Қазақстанның атынан қатысқан жастар «Q Agro» жобасын ұсынған. Ал бұл бастаманың мақсаты мен ерекшелігі неде? Біздегі сауалға жауап алу үшін команда мүшесі Мадина Абдулламен байланыстық. Ол – Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.
– Мадина, әлемдік аренадағы жүлде құтты болсын! Байқауда қорғаған «Q Agro» туралы толығырақ білгіміз келеді. – Рақмет! Жалпы елімізде жылына 8 мыңға жуық мал жоғалады. Ал оны іздеуге шыққан шопандардың да адаспауына ешқандай кепіл жоқ. Яғни адамдардың да жоғалу қаупі басым. Сонымен қатар қазір ауыл шаруашылығының 15 пайызы ғана цифрландырылған. Ең қызығы бұл көрсеткіш өзге елдерде 50-80%-ға дейін жетеді.
Біздің инновациялық жобамыз дрон арқылы малдың санын бақылауға, жайылымдарды қадағалау мен түрлі қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни бұл мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға арналған, кез келген ауа райына төтеп беретін, шопанның қызметін атқаратын робот-дрон жүйесі. Басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын цифрландыру арқылы Қазақстан экономикасына үлес қосу. Дрон өрістегі төрт түлікті санап, түгендейді. Ауырып тұрған малды анықтайды. Ең маңыздысы отардан бөлініп қалған қойды тауып береді.
Дрон жасау ауқымды және күрделі жұмыс. Оған арнайы мамандар қажет. Әзірге бізде алғашқы прототип нұсқасы дайын. Нарыққа шығару үшін өнімді жетілдірудеміз. Сондай-ақ инвестицияға ашықпыз.
– Қайткенмен де халықаралық деңгейдегі додаға кіл мықтылардың жиналғаны анық. Қарсыластардың бәсі қандай болды?
– «Zhongguancun World Competition 2024» біз үшін тәжірибеге толы байқау болды. Онда шамамен 1500 жоба қорғалды. Ол – түрлі идея, инновациялық бастамалар мен жастардың алаңы. Әр команданың өзіндік айтары, ерекшелігі бар. Қарсыластарымыз медицина, биоинженерия, технологиялар саласындағы өзекті стартаптарды ұсынды. Топ ондыққа GreenEnergy (Australia), CityCycle (India), SafeD (Israel), pureAIR (Brasil), Neuro (USA), Carbonix (UK), Vita.kr (South Korea), XenoGen (Canada), HyperP (Japan) және біз кірдік.
– Өзіңіз айтқандай дрон жасау күрделі жұмыс. Жобаларды іске асыру да жауапкершілік пен уақытты талап етеді. Мұндайда тәжірибенің рөлі зор. Ал сіз ақпараттық технологияларға қалай және қашан бет бұрдыңыз?
– Назарбаев зияткерлік мектебіне түскеннен кейін стартаптар, ғылыми және инновациялық жобаларға деген қызығушылығым оянды. Ал 8-сыныптан бастап маркетингті меңгеріп, осы салада жұмыс істей бастадым. 11-сыныпта инновациялар жасауға шабыттанып, IT саласымен жақын таныстым. Менің ойымша, IT – заман қажеттіліктерінің бірі.
Алғашқы жобамды 7-сыныпта әзірледім. «Зерде» байқауына қатысу барысында ұстазымның кеңесімен қаламыздағы экологиялық мәселені шешу жолын қарастырдық. Біз бұл мәселенің шешімі ретінде жерасты қоқыс жәшіктерін ұсындық. Әлі есімде оның макетін 22.00-ге дейін жасайтынбыз. Жобаны мектепішілік кезеңде қорғап, 2-орынға ие болдық. Әрине, қорқыныш пен тәжірибенің аздығы білінді. Дегенмен ұстазымның қолдауының арқасында жоба жасау процесін толық түсіндім.
Жалпы процеске келетін болсақ, түрлі қиындық кездеседі. Мысалы, бір деталь істен шығуы мүмкін. Мұндай сәтте оны қайта қарап, түзетуге және жобаны жетілдіруге тура келеді. Яғни үнемі ізденісті, жаңа білім мен тәжірибе жинауды талап етеді. Ең бастысы – идеяға жанашырлық танытып, оған сену. Сол сенім мен ынта жобаның сәтті жүзеге асуына негіз болады.
«Q Agro»-дан бөлек құмар ойындарға тәуелді адамдарға «Антилудомания» атты жоба бар. Ойынға тәуелділіктен арылуға көмектесетін смарт-білезік пен қосымша бар. Ал бұл кейстерге дейін 8 түрлі жобамен айналысып, тәжірибемді толықтырдым. Сонымен қатар «Баста» маркетинг агенттігінің негізін қалап, шамамен 3 жыл жүргіздім. Ал ең сүйікті жобам – «Basta Qazaq».
– Ал идея қайдан келеді?
– Түрлі адаммен әңгімелесуден, көп ойлап, ғаламторды зерттеуден идея туады. Негізінде «адам идеяны емес, идея адамды таңдайды» деген сөз бар. Ал болашақта қоғамға пайда әкелетін, елімізді дамытатын, тарихта қалатындай жобаларды іске асырғым келеді.
– Мадинаның қоржынындағы жетістіктермен бөліссеңіз…
– «Pizza Pitch», «Science Fair 2024» халықаралық конференция, «Greensolutions» экологиялық конференция, «Technovation Girls» бағдарламасы, «ABC incubation 2024», «Harvard Global Case Competiton», «Jastar Startup 2022», «Ozgeris» мектеп бизнес-инкубаторы, «Teenspreneur», «Startup Academy» бағдарламалары мен В.Я.Курбатов атындағы халықаралық химия ғылыми жобалар байқауында бақ сынадым.
Мұнан бөлек, «Idea Bаttle», «Jastar Startup», «MTech 2024», «Mangystau Tech Youth Hackaton» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурстарына қатысып, 50000, 250000, 300000, 1000000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алдым. Республикалық «Таза мекен», «Үздік ғылыми жоба», халықаралық «Research Start», «Caspian Startup» байқауларынан 3-орын иеленіп, қоржыныма Қазақстан-Британ техникалық университетінің 100% грантын қостым.
– Бір деңгейде тоқтап қалмау үшін, біліміңізді жетілдіру үшін қандай тәсілдер қолданасыз?
– Ғаламтор, достар, таныстар және үлкендер – мен үшін білім мен тәжірибе жинаудың негізгі көзі. Әсіресе, ұстаздарым мен менторларымның, сондай-ақ жоғары сынып оқушыларының бөліскен білімдері жұмыс барысында іске асады. Қазір білім алу өте қолжетімді. Дегенмен ақылы курстарды да байқап көрдім. Мысалы, менің алғашқы курстарымның бірі дизайнға арналған еді.
Алайда қазір жалған курстарды сататындар да көп. Сондықтан сақ болу қажет. Менің ойымша, ең жақсы ресурстар – кітап, ғаламтор және адамдардан сұрау арқылы білім алу. Бұл тәсілдер шынайы әрі сенімді ақпарат алуға көмектеседі.
– Бұрын қоғам IT мамандарын тек бағдарламашы немесе компьютер жөндеумен айналысатын адам ретінде қабылдайтын. Қалай ойлайсыз, қазірде де осы түсінік бар ма? Ал мұны қалай өзгертуге болады?
– Бүгінде IT мамандардың рөлі қоғам үшін ерекше. Кез келген салаға еніп, жаңашылдық әкеледі десем де болады. Бұрынғыдай тек техникалық дағдылармен жұмыс істемейді. Қазіргі IT мамандарға техникалық дағдылардан бөлек, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату, мәселелерді шешу және инженерлік шешімдер ұсына білу секілді қабілеттер де үлкен артықшылық береді. Мысалы беделді BIG4 компанияларда адамның soft skills пен құндылықтарына ерекше мән береді.
– Қазір гендерлік теңдік тақырыбы жиі қозғалады. IT салада қыз бен ер бала деп бөліп-жару бар ма?
– Менің ойымша, ақпараттық технология бағытында гендерлік бөліну жоқ. Себебі бұл сала адамның жынысына емес, кәсібилігі мен дағдыларына негізделген. Мәселен, нәзік жандардың сән мен эстетикаға ерекше көзқарасы дизайн, UI/UX сияқты бағыттарда үлкен артықшылық бола алады. Сонымен қатар көптеген IT компания әйелдерге қолдау көрсету үшін арнайы бағдарламалар, шәкіртақылар мен курстар ұйымдастырып, гендерлік теңдікті сақтауға тырысады. Ең бастысы адамның өз ісіне деген қызығушылығы мен кәсібилігі деп ойлаймын. Барлығына да мүмкіндік бірдей. Ал табысқа жету қабілет пен еңбекке байланысты.
– Ақтауда жас технократтарға, инноваторларға қандай көмек көрсетіледі?
– Біздің өңірде жаңашылдыққа бет бұрып, дамуды қалайтындарға жақсы қолдау көрсетіледі. Кейде жастар қаржылық қиындықтарға байланысты Алматы немесе Астана қалаларында өтетін байқауларға қатыса алмай жатады. Мен де солардың қатарында болдым. Дегенмен қазір Mangystau Hub және жастар саясаты басқармасы үлкен жұмыс атқаруда. Олар көптеген байқау ұйымдастырып, технопарк арқылы жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Ал мұндай көмек пен қолдау өңірдегі жастардың әлеуетін арттыруға, олардың өз идеяларын жүзеге асыруына және өзге өңірлермен тең дәрежеде дамуына ықпал етеді.
– Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!