Елімізде ІТ саланы, оның ішінде робототехниканы дамыту өте маңызды. Осы орайда робототехника саласында бірқатар жобаны сәтті жүзеге асырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, “Компьютерлік бағдарламалар” бөлімінің басшысы, ғалым Арыстанбек Тұяқбаевпен емен-жарқын әңгіме өрбіттік.
– Арыстанбек аға, ғаламды жаулап алған цифрлық сала бойынша аймақта алғашқылардың бірі болып нәтижелі жұмыс атқарған білікті мамансыз. Қазір қандай жобамен айналысудасыз?
– Бүгінде қай саланың да болашағын цифрландырусыз елестету мүмкін емес. Елімізде көптеген жұмыс атқарылуда. Өйткені дамыған елдерге жету үшін тоқтаусыз еңбек қажет. Бірақ көп жағдайда ІТ жобалар авторлық деңгейден әрі аспай жатыр. Басым бөлігіне мемлекеттік қолдау қажет. Қазір үш бағытта еңбек етудемін. Алғашқысы, e-univer платформасы. Бұл – университеттегі оқытушылар мен студенттерді бір-бірімен байланыстыру, жұмыс процесін автоматтандыруға арналған жүйе. Екінші бағыт – виртуалды зертхана жасау.
Елімізде қашықтан оқыту енгізілгенімен, зертханалық жұмысты қашықта отырып орындау мүмкіндігі аз. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне арнап, 3Д форматтағы онлайн зертхана жасаудамыз. Онлайн зертхана бойынша жұмысты пандемиядан бұрын, 2019 жылы бастағаныммен, облыстық білім басқармасынан да, қалалық білім бөлімінен де қолдау болмады. Тек пандемия кезінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжі ғана өз серверіне қойғызып, бүкіл мектептерге тегін ұсынды. Бірақ ол кезде де білім ордаларынан қолдау болмады. Кейін колледж оны алып тастап, орнына басқа жүйе орнатты. 2023 жылға дейін онлайн зертхана бойынша платформаны интернетке өз қаржыммен орналастырдым. Бірақ ай сайын қаржы төлеп отыру маған оңай емес. Сондықтан жүйені алуға тура келді.
Қазір жасанды интеллект бағыты бойынша С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технология мектеп-лицейіне жаңа құрылғы әзірледік. Бұл жүйе Face ID арқылы мектеп қызметкерлері мен оқушыларының қашан келгенін, сабақта кім барын, тіпті басқа келушілердің қай уақытта оқу орнына кіргенін анықтай алады. Құрылғы пайдалануға дайын, дегенмен жауапты мекемелерден қолдау байқалмайды. Айта кету керек, бұл жоба сол оқу орнында қызмет ететін ұлым Асқар Әбудің идеясымен жасалды.
– Университеттегі құрылымдардың тікелей интернет арқылы байланыс орнатуына арналған e-univer платформасы қаншалықты тиімді болды?
– Бұл жүйе арқылы ЖОО-дағы әрбір оқытушының ізденістері мен атқарған жұмысын 90 параметр арқылы көруге болады. Яғни біліктілігі, ғылыми дәрежесі, әдістемелік құралдары мен зерттеу еңбектері, авторлық жұмыстары, қай пәннен дәріс өткізетіні сынды ақпараттар сақталады. Әр оқытушының рейтингін анықтауға, қай мамандық, қазіргіше айтсақ, білім беру бағдарламаларына қандай оқытушылар жетіспейтіндігін де саралауға мүмкіндік бар. Платформа арқылы оқу орнының басшысы құрылым басшыларына тікелей тапсырма жүктейді. Сондай-ақ, ректор блогы арқылы қызметкерлер мен білім алушылар басшыға ұсыныстары мен сұрақтарын қоя алады.
– Бірнеше жыл бұрын «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясының сұранысына сәйкес, температура жоғарылағанда мұнайдың тұтқырлығын азайтуға көмектесетін қондырғы жасап шығардыңыздар. Мұнан өзге де коммерциялық жобалар әзірлеген боларсыз?..
– Иә, 2014 жылы «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясының ұсынысына сәйкес, сұйықтықтың тұтқырлығын анықтауға арналған құрылғы әзірледік. Себебі жер астындағы мұнайдың азаюына байланысты құрамындағы судың мөлшері көбейді әрі жазда ауа температурасы 60 градусқа жетті. Канададан алдырған құрылғылары 40 градус температураға дейін жарамды екен. Сондықтан біз компанияның талаптарына сәйкес 60 градус температурада тұтқырлықтың мөлшерін дәл анықтайтын құрылғы жасадық. Оған мамандар жоғары баға беріп, қолданысқа енгізді.
Сондай-ақ, сол жылы виртуалды емес, цифрлы зертхана жасадық. Мұндағы датчиктер кернеу, температура сынды физикалық құбылыстарды дәлме-дәл өлшейтін. Бірақ қолдаудың жоқтығынан бұл да жоба күйінде қалып қойды.
– 2017 жылы 3Д принтер арқылы робот «Ақтөсті» жасап шығардыңыздар. Жоба жалғасын тапты ма? Жасанды интеллект арқылы мұнан өзге қандай туындылар жасадыңыздар?
– Сол уақытта магистратурада оқитын қызым Ұлжан Әбуовамен бірге адымдап жүретін алғашқы робот жасауды мақсат еттік. Робот «Ақтөс» «отыр, тұр, жүр, алға, артқа» деген бірнеше тапсырманы орындай алатын. Ол кезде жасанды интеллект қазіргідей емес. Тіпті елімізде қадам жасайтын робот жасалмаған еді. Мұны 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне барып, Қазақ цифрлық ғылыми зерттеу институты жобаларын көрген кезде байқадым. Роботтар көрмесінде мамандар «жүретін робот жасаудың күрделі екендігін» жеткізді. Олар «хабарласамыз» дегенімен, кейін хабарласпады. Сол кезде бұл роботты көрген жауапты тұлғалардың «Мұндай шетелде көп» дегені де рас. Бірақ жобаны әрі қарай дамыту керек еді. Сол уақытта шетелдегі Boston dinamics фирмасы да осындай ит жасады. Бүгінде ол робот жасанды интеллектіні меңгерген, қоршаған ортаны танып, кедергілерден өте алады. Ал біздің роботымыз қолдаудың жоқтығынан «күшік» күйінде қалып қойды. 2017 жылы Қазақстанда өткен роботтар байқауында «Ақтөс» І орын иеленіп, Ұлжан Әбуова Жапонияда тағылымдамадан өтті. Бірақ шетелде меңгерген дағдымен жобаны жалғастыруға қаржы жағы тапшы болды.
– Робототехникада нәтижелі еңбек ету үшін қандай салаларды білу қажет?
– Роботехника жоғары деңгейге көтерілді. Бұған бір себеп мектептерде осы салаға арнайы пән енгізіліп, кабинеттер ашылды. Білім беру ұйымдары қазір Arduinо қосымшасы арқылы, микроконтроллер, яғни кішкентай компьютер арқылы робототехниканы үйретуде. Соның арқасында робототехника мамандығын үйрену жеңілдеді. Бұл тек механикалық басқару арқылы жұмыс істейді. Бірақ бұл – төменгі деңгей. Енді келесі деңгейге өту үшін Arduinо арқылы жасалған роботты жасанды интеллект арқылы басқару қажет. Робот қоршаған ортаны, адамдарды танып, кедергілерден өте алса, әлемдік құрылғылармен бірдей бола алады.
– Еліміздегі ІТ саланың дамуы туралы не айтар едіңіз. Инновациялық жобалар байқауының көбеюі стартаптардың іске асуына, үздік мамандардың қалыптасуына әсер етті ме?
– Жобалар конкурсы ІТ саласын дамытуға белгілі бір деңгейде көмектеседі. Бірақ бұл жеткіліксіз. Олар мемлекет тарапынан қолдау таппаса, әлемдік деңгейден қалып қоюы мүмкін. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанынан Оңтүстік Кореялық университеттің филиалы ашылмақ. Бұл дәл уақытында жасалған бастама деп ойлаймын. Осы арқылы Қазақстандағы жасанды интеллект жобаларын әлемдік деңгейде дамытуға болады. Әйтпесе, жоба, бастама деңгейінде әлемдік биікті бағындыру мүмкін емес.
– Профессор Бақытжан Сайлыбаев туралы естелігіңізді оқып, жоғары білім қазіргідей қолжетімді емес уақытта Мәскеуде оқығандығыңыздан хабардар болдық. Өзіңіз туралы да айтып беріңізші… ІТ сала, робототехника бойынша қандай мамандардан білім алдыңыз?
– Ғылым жолына келуіме көптеген адамдар көмек көрсетті. Атап айтсақ, Бақытжан Сайлыбаев, Лесбек Ташимов, Әбділдә Төрешбаевтың жол көрсетуімен 1989 жылы Мәскеудің авиациялық институтының аспиранты болдым. Ол жерде физика-математика ғылымдарының докторы Андрей Куницынның жетекшілігімен теориялық механика бағытындағы орнықтылық теориясы, ғарыш мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Одан кейін университетте аға оқытушы, 2001 жылдан бастап кафедра меңгерушісі, 2003 жылы «Компьютерлік бағдарламалау» бөлімін бсқарып, Қазақстанда алғашқы болып университетте автоматтандыру жүйесін енгіздік.
– Сұхбат үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!