Мұқағалидың өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем. Себебі оның жанымен жазылған жырдың бәрі әр адамның жүрегінде жаттаулы. Көңілді қозғап, жүректі тербейтін ақынның шығармашылығы бүгінгі буын арасында да кеңінен насихатталып келеді. Мәселен Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Балнұр Баймұрат ақынның өлеңдерін ғана емес, поэмаларын да жатқа біледі. Аңыз адамның шығармашылығымен етене таныс жас дарынмен осы аптада тілдескен едік.

Мұқағали шығармашылығын жан-жақты зерттеуді, өлең, поэмаларын жаттауды қай уақыттан бері қолға алдыңыз? Ақын туындыларын таңдауыңызға не себеп болды?
− Бала кезімнен әдебиетті сүйіп өстім, оған басты себепкер әкем болса, одан кейін қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазымның да үлесі бар. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінің тілі жеңіл, мағыналы әрі қарапайым. Сол үшін мұзбалақ ақынның поэзиясын ерекше жақсы көремін. Әрбір өлеңін оқып, жаттар алдында шығарманың шығу тарихын білу мен үшін қызық болатын. 3 сыныпта оқып жүргенімде әкем «Мұқағалидың бір өлеңін жатта» деп тапсырма берді. Содан бір аптаның ішінде бірнеше өлеңді жаттап үлгердім және бұл әдет өзіме де ұнай бастады. Ал жоғары сыныпқа келгенде жетекшім Гүлмира Мінуарбекқызы танымдық дүниелерді қолына алып, мәнерлеп оқуға машықтандырып, ақынның поэмаларын жаттатқыза бастады. Соның нәтижесінде дәстүрлі «Мұқағали Мақатаев оқулары − 2022» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінің жүлдегері атанып, республикалық кезеңде ақынның туған жері Қарасазға барып қайттым.
− Ақын әлемін тану барысында бұрын-соңды көпшілік естімеген тың деректер болды ма? Ақын шығармашылығынан сізге ұнаған туындылар жайлы айтып берсеңіз…
− Мұқағали Мақатаевтың туған күні 9 ақпан екенін бәріміз білеміз. Алайда, шын туған күні 8 наурыз екенін кейін білдім. Бұл туралы ақынның келіні Бақытгүл Мақатаеваның журналистерге берген сұхбатын оқып, таң қалдым. Мұны тың дерек деп айтуға келмес, десек те, ақынның туған жеріне табан тірегенімізде көзін көрген жолдастары мен ауылдастарының естеліктерін өз аузынан тыңдап, ерекше әсер алдым.
Ақынның туындыларын оқи отырып әрбір оқырман оның өмірбаянын көз алдынан өткізері сөзсіз. Өмірінің соңғы жылдары жиі ауырып, емханаға түсіп жүргенінде сәл тәуір бола бастаса, қолына қалам алып, өлең жазатын көрінеді. Сонда: «Мен өлең жазумен, өлең оқумен ауруымды емдеймін» деген екен. Маған ұнайтын ақынның «Жоқ, дәрігер» өлеңі де сол сәттерде жазылған болуы керек. Ал «Райымбек, Райымбек» поэмасын оқығанда тарих беттерінен Райымбек батырдың өмір сүрген жылдары мен ерліктері туралы біраз іздендім.
− Өлең мен поэмаларды жаттауға қанша уақыт арнадыңыз?
− Мұқағалидың қай өлеңін алсақ та ұйқасы әдемі, тілі жатық, әр сөзі орны-орнымен тізіліп тұрады, яғни жаттауға да оңай. Әдетте, бір өлеңін жаттау үшін жарты, ары кеткенде бір сағат уақыт кетеді. Ал, поэмаларын жаттауға бір апта, ұзақ болса бір ай уақыт арнаймын.
− Өзіңіз оқитын білім ордасында Мұқағали шығармашылығын насихаттау бағытында іс-шаралар жиі жүргізіліп тұра ма?
− Иә, әрине. М.Мақатаевтың туған күнінің қарсаңында жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұйымдастыруымен әдеби кеш, мәнерлеп оқу сайысы, ақын шығармашылығы бойынша сахналанған қойылымдар және тағы да басқа түрлі шаралар өтеді. Аталған шараларға мектебіміздің оқушылары да жақсы дайындықпен қатысады. Мысалы, менің сыныптастарыммен «Аққулар ұйықтағанда» поэма желісі бойынша дайындап жүрген қойылым соның айғағы десек болады.
− Ақынды, оның өлеңдерін әр жыл сайын ақпан айында жиі еске аламыз. Ал сіз Мұқағали шығармашылығын өз замандастарыңыз арасында қалай насихатталғанын қалар едіңіз?
− Ақынның шығармашылығын тек туған күнінде емес, жыл бойы насихаттау керек. Ол үшін түрлі челлендж, мектеп театры жобасы аясында өмірі мен шығармашылығын сахналау, ақынның сөзіне жазылған ән байқауы ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
− Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!