Эндокриндік жүйе – адамның жалпы денсаулығына және өмір сүру сапасына маңызды әсер ететін күрделі жүйе. Гормондардың деңгейіндегі өзгерістер адамның физикалық және психоэмоционалдық жағдайына тікелей әсер етіп, түрлі аурулар мен бұзылыстарға себеп болуы мүмкін. Әрине, бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін дәрігерлердің кеңесі мен кәсіби тексерулердің маңызы зор. Осы ретте, көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықовамен сұхбаттасып, эндокриндік жүйенің бұзылу белгілері, алдын алу шаралары және оның денсаулыққа әсері туралы кеңірек мәлімет алдық.

− Эндокриндік жүйенің бұзылысын қандай белгілер арқылы анықтауға болады? Ал мұндай өзгерістің алдын алу үшін қандай профилактикалық тексерулерден өту керек?

− Эндокриндік жүйенің бұзылуының көп белгісі бар, олардың әрқайсысы ағзадағы гормондардың теңгерімсіздігінен туындайды. Егер сіздің тәбетіңіз күрт өзгерсе, яғни тым көп немесе тым аз тамақ ішсеңіз, бұл гормондардың бұзылуынан болуы мүмкін. Мысалы, инсулин немесе лептин деңгейінің бұзылуы бұл белгіні тудыруы мүмкін. Артық салмақтың жылдам қосылуы немесе күрт азаюы эндокриндік жүйедегі, әсіресе қалқанша безі, инсулин және кортизолдың деңгейіндегі өзгерістермен байланысты болуы мүмкін Эндокриндік жүйенің бұзылуы теріде құрғақтық, бұйра шаштың түсуі немесе терінің пигментациясының өзгеруі сияқты белгілерді тудыруы мүмкін. Қан қысымының өзгеруі, ұйқының бұзылуы секілді алғашқы симптомдары бар.

Эндокриндік жүйенің бұзылысын ерте анықтау үшін профилактикалық тексерулер маңызды рөл атқарады. Мысалы, қалқанша безінің жағдайын бақылау үшін TSH және Т3, Т4 гормондарының деңгейін өлшеу қажет. Қанның глюкоза деңгейін тексеру қант диабетінің алдын алуға және инсулинге төзімділік белгілерін анықтауға көмектеседі. Қан қысымының тұрақты мониторингі гипертония мен гипотонияның ерте белгілерін анықтауға көмектеседі. Липидтер мен холестерин деңгейін тексеру жүрек-қан тамырлар жүйесінің денсаулығын бағалауға және эндокриндік бұзылыстардан туындайтын жүрек ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Кортизол, эстроген, прогестерон, тестостерон, лептин, грелин сияқты гормондар деңгейін тексеру жалпы эндокриндік жүйенің жағдайын анықтауға көмектеседі.Қалқанша безінің құрылымын тексеру үшін ультрадыбыстық зерттеу жасау ұсынылады. Бұл ісіктерді немесе құрылымдық өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

− Тәжірибеңізде көп кездесетін эндокриндік бұзылыстар туралы айтыңызшы? Ал қызылордалықтар қандай эндокриндік аурумен жиі ауырады?

– Эндокриндік бұзылыстар – бұл ағзадағы гормондарды өндіру мен реттеудің бұзылуынан туындайтын патологиялар. Олар адам денсаулығына айтарлықтай әсер етіп, әртүрлі аурудың дамуына әкеледі. Эндокриндік бұзылыстардың нәтижесінде қант диабеті, қалқанша безі аурулары, гипотиреоз, гипертиреоз, зоб, бүйрек үсті безінің бұзылыстары, гормоналды теңгерімсіздік пайда болады. Аталған дерттер облыс тұрғындарында кездеседі, ал көп таралғаны қант диабеті. Әлемде 380 млн адам 2-типтегі диабетімен, ал 1,1 млн астам бала мен жасөспірім 1 типті диабетімен өмір сүруде. Қызылорда облысы бойынша өткен жылдың 9 айлық қорытындысына сәйкес, қант диабетімен жалпы 16211 адам есепте тұрады. Оның ішінде 7021-і ер адам, ал 9882-сі әйелдер.

Эндокриндік жүйе жаңылмасын

− Өзіңіз де қант диабетін айттыңыз. Білуімізше, сусамырдың 3, тіпті одан да көп түрі бар. Жеке жеке тоқталып, айырмашылығын талдап берсеңіз.

− Қант диабеті − ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде бөлуімен және инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болатын ауру. Қант диабеті инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып 2 түрге бөлінеді. Ең басты себептеріне тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалануды айтуға болады. Сол секілді қажеттен тыс тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеледі. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікпен байланысты. Сырқатқа шалдығудың басым бөлігі тұқымдық бейімдеушілік екенін де айтып өткен жөн. Себебі тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралуда.

Балалар, жасөспірімдер мен жастардағы қант диабеті қатты екпінмен басталады. Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді және асқынуға бейімді.

1-типті қант диабеті − ағзаның тамақ глюкозасын энергияға айналдыру қабілетіне әсер ететін созылмалы ауру. Көп жағдайда 1-типті қант диабеті өмірдің жастық шағында дамиды және бала кезінде анықталады. Бұл ауру иммундық жүйе ұйқы безінде инсулин бөлетін жасушаларға шабуыл жасағанда басталады. Инсулин дене жасушалары үшін глюкозаны энергияға айналдыруға көмектесетін гормон. 1-типті қант диабетімен өмір сүретін адамдар күнделікті инсулин инъекциясынсыз өмір сүре алмайды.

Ал 2-типті қант диабеті − ағза инсулинді жеткілікті мөлшерде бөле алмағанда немесе оны тиімді қолдана алмағанда пайда болатын күрделі созылмалы ауру. Бұл дерттің негізгі түрі ретінде 1,2-типті қарастырамыз. Десе де зерттерулер бойынша бұдан да көп түрі бар. Мысалы, кей әйелдерде жүктілік уақытында қант диабеті анықталып, босанғаннан кейін қалыпқа келеді. Әр түрі өз ішінде тағы да бөлек бөліністерге бөлінеді.

− Ал дерттің алдын алу үшін не істеу керек?

− Өте орынды сауал. Себебі қазір деннің саулығына мән беру қажет. Нақты қант диабеті кезінде артық салмақтан арылу, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану, май мен қантты пайдалануды төмендету қажет. Егер таныстарыңыздың арасында диабетиктер болса, қандағы қант деңгейін жүйелі тексеріп тұру қажет. Екінші типтегі қант диабетінен сақтанудың басты ережесі − дұрыс тамақтану. Майлы тамақты аз, өсімдік талшықтарын көп пайдаланыңыз. Жеміс-жидектерді күнделікті рационыңызға қосып, көмірсутегіне бай азықтарын көп пайдаланыңыз. Бұл қанға глюкозанын жетуін бәсеңдетеді, холестериннің деңгейі төмендейді. Сондықтан ірі тартылған ұнның нанын, макарон өнімдерін, күріш, жемістер, сұлы, арпа, қырыққабат, қарақұмық, картоп жеңіз. Кішкентай порциямен әр 4 сағат сайын тамақтаныңыз. Бұл ішкен тамақты қорыту үшін қанды қажетті инсулинмен қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі. Қант пен тұзды пайдаланбаңыз. Өз салмағыңызды қалыпты ұстаңыз. Тез жүру – семірудің бірден бір емі. Аптасына 5 рет дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданатын адамдар қант диабетімен ауру қауіп дәрежесін 50 %-ға дейін төмендетеді. Кез келген ауа райында күніне 4 километр жаяу жүріңіз. Ал егер диагноз қойылса, арнайы мамандармен тығыз жұмыс істеу керек.

− Қазір инсулин иньекциясын жасау арқылы науқастар денсаулығын күтіп, сапалы өмір сүре алады. Дегенмен Түркия, Москваға барып ота жасатамын, қант диабетінен толық емделемін дейтіндер де бар. Хирургия арқылы айыққандар бар ма? Бұл қаншалықты тиімді әдіс?

− Инсулин − ұйқы безі бөлетін, қандағы глюкозаның мөлшерін бақылайтын гормон. Инсулиннің тым аз болуы дененің біз жейтін тағамнан глюкозаны сіңіре алмайтынын білдіреді. Бұл орын алған кезде қандағы глюкоза деңгейі жоғарылайды. Уақыт өте келе деңгейі жоғарылаған сайын, қан тамырларын зақымдауы және ағзаның мүшелері мен жүйкелеріне оттегі мен қоректік заттарға бай қанның жеткізілуін азайтуы мүмкін.

Ал ота жөнінде тарқататын болсақ, сіз айтқан ем тек 2-типтегі қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған. Шетелге хирургиялық көмекке жүгінген науқастар бар. Дегенмен толық емделгендер жоқ. Тек асқынудың алдын алуға уақытша көмек көрсетеді.

− Денедегі йодтың 20% қалқанша безінде жиналады. Ал йод жетіспеушілігінің салдары не болады? Қандай өзгерістерге алып келеді?

− Йод тапшылығы – ағзада йодтың жетіспеушілігінен болатын қалқанша безінің қызметінің бұзылуы. Бұл патологиялық жағдайға жатады. Йод тапшылығының белгілері арасында есте сақтау қабілетінің төмендеуі, апатия және ұйқының бұзылуы байқалады. Кей жағдайда без жеткілікті деңгейде гормон бөлмейді немесе керісінше шамадан көп болады. Мұндай өзгеріс жүрек ақауларына әкелуі мүмкін. Осы жағдайда тексеру үшін гормондар талдауы, УДЗ және эндокринолог кеңесі қажет болады. Содан кейін тиісті ем тағайындалады.

− Қазір салауатты дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану өмір салтына емес, әлеуметтік желі арқылы қоғамға енген трендке айналды. Адамдардың тамақтану әдеттері эндокриндік жүйеге қаншалықты әсер етеді?

− Тамақтану әдеттері эндокриндік жүйенің жұмысына тікелей әсер етеді. Эндокриндік жүйе – бұл организмдегі барлық гормондардың өндірілуі мен реттелуіне жауап беретін негізгі жүйе. Бүгінгі таңда дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына қатысты түрлі трендтер бар. Алайда олар әрқашан денсаулыққа пайдалы бола бермейді.

Жоғары гликемиялық индексі бар тағамдарды жиі тұтыну инсулиннің артық бөлінуіне себеп болады. Бұл ұйқы безінің қызметіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, инсулинге төзімділіктің (инсулинорезистенттілік) дамуына және қант диабетіне әкелуі мүмкін. Кей гормондар май қышқылдары негізінде түзіледі. Майды толықтай шектеу қалқанша без гормондарының, жыныстық гормондардың және басқа да маңызды элементтердің синтезін бұзады.

Дұрыс тамақтану туралы айтқанда фастфуд пен өңделген тағамдарда тоқталу қажет. Мұндай тағамдардан ағзаға теріс әсер ететін зат көп. Олар организмдегі қабыну процестерін күшейтіп, метаболизмді баяулатады. Айта кету керек, әлеуметтік желіде кеңінен насихатталатын арықтататын дәрілер мен қоспалар да эндокриндік жүйеге кері әсер етеді.

−Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!