Қазақстандықтардың, әсіресе жастар мен әйелдер арасында бизнеске қызығушылық артып келеді. Алайда қаржыландыру, нарықты зерттеу және бәсекелестік тәрізді қиындықтар кез келген кәсіпкердің алдынан шығады. Осы бағыттағы сауалдарға жауап алу үшін өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишуковамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Жас кәсіпкерлерге бизнес бастап, оны дамыту үшін қандай қаржылық қолдау құралдарын пайдалануға кеңес бересіз? Қайтарымсыз гранттар, венчурлық капитал, несиелік бағдарламалар – қайсысы тиімдірек?

– Әр қаржылық қолдау құралының өзіндік артықшылықтарын ескерген жөн. Әрине, бизнестің түрі, қажетті қаржы көлемі және даму стратегиясы да әсер етеді. Мысалы, қайтарымсыз гранттар инновациялық немесе әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін өте тиімді. Олар кәсіпкерге бастапқы қаржыны қайтаруды міндеттемейді.

Ал венчурлық капитал жоғары өсу әлеуетіне ие жобалар үшін пайдалы. Егер сіздің бизнесіңіз жылдам өсуге бағытталса және инвесторлармен серіктес болуға дайын болсаңыз, венчурлық капитал арқылы үлкен көлемде қаржы тартуға мүмкіндік бар. Алайда, бұл жағдайда инвесторлармен пайданы бөлісу қажеттілігі туындайды.

Несиелік бағдарламалар тұрақты және қайтарымды қаржыландыру қажет кезде тиімді. Егер сіздің бизнесіңіз белгілі бір табыс көзін қалыптастырып үлгерсе, банк немесе қаржы институттары ұсынатын жеңілдетілген несиелер бизнесті одан әрі дамытуға қолдау көрсете алады.

Жас кәсіпкерлерге әртүрлі қаржылық құралдарды үйлестіріп пайдалануды ұсынамын. Бастапқы кезеңде арнайы гранттар арқылы бизнесті «аяққа тұрғызып», кейіннен венчурлық капитал немесе несиелік бағдарламалар арқылы дамуды жалғастыру – тиімді стратегия болуы мүмкін.

– Жастардың бизнеске деген қызығушылығы айқын байқалады. Осы орайда кәсіп жолын бастаушыларға зерттеу жүргізудің маңызы туралы не айтар едіңіз?

– Шынында кез келген кәсіпті бастау үшін алдымен жан-жақты зерттеу жүргізу өте маңызды. Кәсібіңіздің нарыққа қаншалықты қажет екенін анықтаған дұрыс. Мәселен, «Тұтынушыларға қандай пайда әкеледі, олардың қажеттілігін қанағаттандыра ала ма?» деген сұраққа нақты жауабыңыз болуы керек. Сондай-ақ міндетті түрде бәсекелестерді зерттеп, өзіңіздің артықшылығыңызды көрсетуге тырысыңыз. Жастардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – алдын ала зерттеу жүргізбейді. Ал бұл кәсіптің дөңгелеуіндегі маңызды қадам.

– ЕҚҚДБ-ның «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы аясында жұмыс істедіңіз. Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуында қандай қиындықтар кездеседі? Ал қазір нәзік жандарға арналған қандай тиімді бағдарламалар бар?

– Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуында бірқатар қиындық бар. Біріншіден – қаржыландыру. Әсіресе ауылдық аймақтардағы әйелдер үшін бұл өзекті мәселе. Оған қоса отбасылық міндеттер мен гендерлік рөлдерге байланысты қысым сезіледі. Тағы бір мәселе – кәсіпкерлікке қажетті білім мен тәжірибенің жетіспеуі.

Елде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бірқатар тиімді бағдарламалар бар. Мысалы «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры әйелдерге жеңілдетілген несие, гранттар және жан-жақты оқыту бағдарламалары арқылы қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Халық банкінің «She’s Next» бастамасы әйелдерге арналған арнайы гранттар мен жеңілдетілген несиелерді ұсыну арқылы олардың бизнесін қаржыландыруға мүмкіндік береді. «Атамекен» ҰКП да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы нәзік жандарға өз бизнесін брендке айналдыру үшін қажетті білім мен дағдыларды береді. Ал БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың бағдарламалары әйелдерге жаһандық деңгейде қолдау көрсетіп, олардың кәсіпкерлігін өркендетуге септігін тигізуде.

– Елдегі кәсіпкерлік ортаны жақсарту үшін сіздің ойыңызша қандай өзгерістер қажет?

– Кәсіпкерлер үшін заңдар мен реттеушілік талаптарды жеңілдетіп, бюрократияны азайту қажет. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін маңызды. Тіркеу процедураларын оңайлату, лицензия алу процесін жылдамдату және салық салу жүйесін оңтайландыру кәсіпкерлерге жұмыс істеу барысын айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар қаржыға қолжетімділікті арттыру маңызды. Банк несиелерін алу шарттарын жеңілдету, шағын және орта бизнеске арналған арнайы гранттар мен субсидияларды көбейту, сондай-ақ венчурлік капитал нарығын дамыту арқылы кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге болады. Үшіншіден, елде кәсіпкерлік мәдениетті нығайту, қоғамда кәсіппен айналысуға деген позитивті көзқарасты қалыптастыру қажет.

– Келесі сауал өзіңізге бағытталады. Кәсіпкер ретінде білім саласында да тәжірибеңіз бар. Бизнес жолындағы еңбек өтіліміңізге тоқталсаңыз…

– 2009 жылы бизнеске бет бұрып, «Балапан» бағдарламасы аясында жеке балабақша ашудың реті келді. Сол уақытта өз бастамаммен қалада 3 жеке балабақша ашылды. Оларды қорғау және қолдау мақсатында 2016 жылы арнайы қауымдастық құрдық. Ол ұйым менің басқаруымда жұмыс жасап келеді. Ал жеке мектеп ашудағы жолым 2017 жылмен байланысты. Сол кезеңде «Бастау бизнес» жобасында тренер болдым. Бұл жобадағы тәжірибем маған жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, үлкен қадам жасауға жігер берді. 2018 жылы серіктестермен бірге «Мансап» мектебін аштық. Ал қазір инклюзивті білім беру бағытына ерекше көңіл бөліп, жаңа жоба ұйымдастыруды қолға алдым.

– Жауабыңызға рақмет!

Әңгімелескен Ә.АСЫЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!