Республикалық басылымдардан Канаданың жасөспірімдер хоккей лигалары командаларының құрамындағы Марк Уэбб есімді ойыншының сұхбатын көзім шалғаны бар. Алматы қаласында туған «Карлтон Плэйс Джуниор Канадианс» клубының хоккейшісі Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткісі келетінін айтқан. Ең қызығы, Марктің анасы Нұргүл Қызылорда қаласының тумасы болып шықты. Ол Канада Үкіметінде, нақтырақ айтсақ, Сыртқы істер министрлігінде сауда жөніндегі кеңесші қызметін атқарады.

Нұргүл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде бухгалтерлік есеп және экономика мамандығы бойынша білім алған. Содан соң құқықтану мамандығы бойынша Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқуын жалғастырған. Қызылорда облыстық әділет басқармасында заңгер болып жұмыс істеген. Кейін ата-анасының рұқсатымен Алматы қаласына қоныс аударған.

– Сол уақытта бас кеңсесі Алматыда орналасқан KEGOC компаниясына жұмысқа тұрдым. Одан Ұлттық банкке ауыстым. Америкалық компанияда консультант қызметін атқарып жүрген күйеуім банктің ішіндегі кеңселердің бірін жалдап, сонда жұмыс істейтін. Ол да заңгер. Сөйтіп көңіліміз жарасып, отбасылы болдық. Үлкен және ортаншы ұлым Қазақстанда дүниеге келді. Кейіннен жұмыс бабымен Черногория, Албания, Үндістан, Болгария және Армения елдерінде тұрдық. Сосын Канадаға келіп, соның ішінде ел астанасы Оттаваға тұрақтадық. Осында кіші ұлымыз дүниеге келді. Ұлдарымның ағылшын және қазақ тіліндегі қос есімі бар. Үлкен ұлымның есімі – Эрик-Әкежан. Ол дүниеге келерден бір жыл бұрын әкем дүние салды. Сол себепті тұңғышымды Әкежан деп атауды жөн көрдім. Екінші ұлымды Марк-Әсет атадық. Ал кенжемізді әкесі Фин-Абай деп атауды жөн көрді. Осы ретте қызықты оқиғаға тоқталсам, бірде Алматыда қыдырып жүргенімізде Абай даңғылынан өтіп бара жатып «Ана жерде жазылған жазу менің есімім секілді ме?», – деді Фин-Абай.

Сосын Абай есімімен аталған метрода ақынның бейнесін көрсетіп, ол туралы бар білгенімізді айтып бердік. Фин-Абай Қазақстанды ерекше жақсы көреді. Қызылордада туысымыздың үйлену тойына барғанымызда той тойлап, көңіл көтеріп жүрген халықтың дарқандығы мен кең пейіліне риза болып: «Мен осында тұрғым келеді. Адамдар сондай көңілді», – деген болатын. Жолдасым да Абай туралы көп біледі. Үйде ұлы ақынның ағылшын тіліне аударылған кітаптары жетерлік, – дейді жерлесіміз.

Шетел азаматына өзге елдің Үкімет аппаратына жұмысқа тұру оңай емес. Алайда кейіпкеріміз Оттаваға келген соң Carleton университетінің магистратура бөліміне оқуға түсіп, халықаралық қатынастар факультетінде білімін жалғастырған. Магистратурада оқып жүргендерге мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны пайдаланып, қазір Канаданың өзге елдермен сауда қатынастарын дамытуға атсалысып жүргеніне 7 жылға жуықтапты.

– Канадада министрлікке жұмысқа тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ мен жаңағы бағдарлама бойынша конкурстан өту үшін барымды салдым. Жалпы Қазақстанда жүрмесем де, елде болып жатқан жайттарды бақылап отырамын. Ұлым да болашақта Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Елге барсақ, «Барыс» командасында ойнайтын боласың, «Барыс» барлығын жеңеді» деп айтып отырамын.

Егер елге шақыратын болса, жанына еріп келетін едім. Жалпы Марк-Әсет бастапқыда Канадаға келгісі келмеген. Әкесінің жұмысы бойынша түрлі елде жүргенде Канадаға тек еңбек демалысында келіп-кетіп жүретінбіз. Сол себепті әдепкіде Канада ұлдарыма тек туристік орын секілді көрінетін. Армениядан сонда көшеміз деп шешім қабылдағанда Марк: «Онда барғанда біз не істейміз?» – деп барғысы келмейтінін айтқаны есімде.

Бірде Оттавада Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Чехия командасына қарсы өткізген ойынына билет пен «Қазақстан» деген жазуы бар шарф сатып алып, аренада «Алға!» деп айқайлап, отбасымызбен жанкүйер болғанбыз. Ұлдарым қазір де «Қазақстан құрамасы ойнайды. Кеттік, бірге көреміз!» деп мені өздерімен ертіп алады. Үлкенім университетте криминология факультетінде оқиды. Ол да біз секілді заңгер болғысы келеді. Алайда айта кету керек, Канадада заңгер мамандығын меңгергісі келетін жастар алдымен ұқсас мамандық бойынша бакалавриат бөлімінде оқып, сосын заңгер дипломын алуға мүмкіндік беретін екінші оқуды оқуы тиіс, – дейді ол.

Жерлесіміз қазақ және ағылшын тілдерінен бөлек, француз, серб және болгар тілдерін меңгерген. Сөйлескенде екінші тілді араластырмауға, қазақша әңгімелескенде ана тілімізді шұбарламауға тырысатыны да байқалады. Бұған Қызылорданың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір екені және тұрғындардың 95 проценті қазақ тілінде сөйлеуі себеп.

– Қазақ тілін ұмытып қалмас үшін туған-туыстарыммен жиі сөйлесуге тырысамын. Ал ұлдарым жетік сөйлей алмаса да жақсы түсінеді. Кенжем Фин-Абайды еркелетіп, «Ұлым» деп бастасам, ол бірден: «Ай қылып, күн қылып бере салған сол, солай ма?» – деп қазақ тілінде жалғастырып әкетеді. Сосын балаларым Мюзикола тобы орындайтын «Әй-әй, бөпем» атты бесік жырын жатқа біледі. Қазір «Ауылым көшіп барады…» деп бірінші шумағын әндетіп бастасам, олар «Алмалыға-ай…Кім көнбейді тағдырдың салғанына-ай» деп әрі қарай әкетеді, – дейді кейіпкеріміз.

Жерлесіміз ауылдағы ыстық таба нанның иісін, құнарлы құрт пен сөгін ерекше сағынады. Әр демалыста ет асып немесе шелпек пісіруді әдетке айналдырған екен.

– Оттавада тұратын мұсылмандар саны аз. Ұлдарыма құран бағыштап, шелпек таратып, өмірден озған туыстарды, әсіресе әкемді еске алып тұру керек екенін айтып, «Бізде осылай істейді» деп түсіндіремін. Үлкен ұлым әкеме қатты ұқсайды. Әкемнің де шашы бұйра болатын, екеуінің мінезі ұқсас», – дейді ол әңгіме арасында.

Табысты маман, отбасында аяулы ана атанып отырған кейіпкермен тілдесе отырып, талай белесті бағындырарлық­тай күш-қайрат байқалғаны рас. Бұған іштей риза болдық. Әйел шын ниеттенсе, қолынан келмейтін дүние жоқ деген пікірге қосылдық.

Айлин МАНСҰР