Сағатбек Сиюов,

«Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы:

Еліміздің Конституциясында мүгедектерге қоғаммен етене араласу үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқығы тайға таңба басқандай белгіленген. Оған Мемлекет Басшысы өз Жолдауында басымдық берген. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұрынғыға қарағанда қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлінуде. Бүгінде олардың өмірін жақсарту мен оларға кедергісіз орта құруға арналған Қызылорда облысының 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында ерекше күтімді қажет ететіндердің емін-еркін қоғаммен араласуына кедергі келтіретін мәселелердің түйінін тарқатудың маңызы зор. Осы мақсатта «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы, ерікті жас – Сағатбек Қуанышбайұлымен сұхбаттасқан едік.

Биыл облыста 30100 мүгедек тіркелген. Олардың ішінде I топ – 2952, II топ – 10844, III топ – 11300 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 5004. Үйде қызмет көрсететін 848 жалғыз басты қарт пен мүгедекке және 1208 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 791 мүгедек жұмыспен қамтылған.

– Елбасы Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтып, кәсіпкерлерге оларды жұмысқа жеңілдікпен орналастыруды тапсырды. Бұл тапсырма біздің өңірде қаншалықты орындалуда? Жалпы өзіңізбен тағдырлас жандардың жұмысқа орналасуында кедергі бар ма?

– ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 27 бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган ауыр жұмысты, еңбек жағдайы зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді. Осыған байланысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қаладағы және аудан әкімдіктері үшін «Ақпараттық түсіндірме жұмысын» жүргізу жөніндегі кестесін бекітіп, 163 мекемеге түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ бізде тапсырма берілу бар да, оның орындалуы қадағаланбайды. Неге десеңіз, мүмкіндігі шектеулі жандар І, ІІ, ІІІ топқа бөлінеді. Бірақ ІІ және ІІІ топ мүгедегінің жұмысқа тұру мүмкіндігі І топқа қарағанда жоғары. Сол себепті статистиканы ІІ және ІІІ топ мүгедектері жоғарылатады. Ал І топ мүгедектері тасада қалып қояды. Мемлекеттің әр мекемеге қояр талабы бойынша 3-5 пайыз аралығында жұмысқа мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға квота бөлінген. Бірақ бұл квотаға тек ІІІ топ мүгедектері қол жеткізуде. Ал арбаға таңылған жандардың жұмысқа орналасуы өте баяу. Мысалы, мені жұмысқа қабылдайтын мекеме ең бірінші пандус орнатуы, тынығатын арнайы бөлме жабдықтауы қажет. Осы талапты орындаудан көпшілігі жалтарады. Бірақ осыдан 10 жыл бұрын мүгедек жандардың жұмысқа орналасуы түгіл сыртқа шығуы мұң болатын. Қазір қаламызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап түрлі оқу курсы, арнайы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастыруда. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін қоғамнан тыс сезінбеуі үшін жасалған жұмыстар.

– Инвотакси қызметін пайдалану үшін қанша уақыт кезек күту қажет?

– Мемлекет тарапынан берілген қолдаудың арқасында кезек күту мәселесі шешім тапты. Осыдан 3 жыл бұрын Қ.Көшербаев Халық банкінің демеушілігімен үлкен сыйымдылықтағы 1 газель алдыртты. Биыл да 1 такси пайдалануға берілді. Қазір қалада екі бағытта 11 инвотакси қызмет етеді. 7-еуі зағип жандарды, 4-еуі арбамен жүретіндерді тасиды. Бірақ тапсырысты 1 күн ерте айту қажет. Одан бөлек, соңғы үлгіде әкелінген үлкен сыйымдылықтағы автобустар да инвотакси қызметін біршама жеңілдетті. Бірақ мұнда да айтатын мәселелер жетерлік.

– Толығырақ тоқталсаңыз. Қоғамдық көлікпен қатынауда қандай қиындықтар бар?

– Жалпы қаладағы үлкен сыйымдылықтағы автобустардың басым көпшілігі Тасбөгет ауданына қатынайды. Жаппасбай батыр көшесіндегі тұрғын үйлерге үлкен автобус бармайды. Ол жақта арбамен жүретін 20 шақты тұрғын бар. Олардан бөлек, тұрғындардың да емін-еркін жүріп-тұруына қоғамдық көлік қарастырылмаған. Жуырда 32 жаңа үлгідегі автобус пайдалануға берілді. Ол да №1 бағытта қатынайды. Ол бағытта қатынайтын автобус бар, неге үстемелей береміз? Түсінбеймін. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі Талсуат ауылында орналасқан оңалту орталығына қатынайды. Ол жақта 3 әлеуметтік нысан орналасқан. Ем алушылардан бұрын ол жақта 600-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың да қатынауы қиын. Сол себепті №18 маршутты оңалту орталығына дейін созса екен деген ұсынысымыз бар. Бұл бір мәселе. Екіншіден, автобус жүргізушілерінің мәдениетін өсіру керек сияқты. Арбадағы жанға қызмет көрсеткісі келмейді. Артындағы көлікпен жарысып, салғырттық танытады. Үлкен сыйымдылықтағы автобустар электронды төлем жүйесіне өткендіктен кассир де бола бермейді. Бұл да еркін қатынауға кедергі келтіруде. Соңғы үлгіде салынған аялдамалардың басым көпшілігі биік орналасқан. Айта берсең, мәселе көп.

– Кедергісіз болашақ деп жатырмыз. Жалпы біздің аймақ бұл талапты қаншалықты орындаған?

– Мүмкіндігі шектеулі жандар ешқандай шектеусіз бір жаққа баруы үшін пандус мәселесін тыңғылықты шешу қажет. Мәселен, стандартқа сәйкес пандустың ені – 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспау керек. Биіктігі – 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болу шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 см, ішке кіретін есіктің ені – 90 см-ден кем болмағаны жөн. Едені таймайтын материалдан немесе тұтқыш төселуі керек. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын. Бірақ бізде неге екенін білмеймін, бірақ бұл талап орындала бермейді. Рас, қаладағы көптеген мекемелерде арнайы пандустар орнатылған. Бірақ олардың көбі талапқа сай емес. Ол талапқа сай болмаса кімге қажет?! Тіпті кей пандустан шыны керек, сау адамның өтуі де қиын. Бірақ бар ма, бар болып тұр. Әлде пандустың талапқа сай емесін бізден басқа ешкім байқамайды-ау. Осыған қарап, кең жердегі таршылықтан, тар жердегі кеңшілік артық деген ой келеді. Жалпы біздің өңір өзге облыспен салыстырғанда арбаға танылған жандардың қолайлы өмір сүруіне бей-жай қарайды. Өзіммен тағдырлас жандар хабарласып, түрлі мәселесін айтып «қоғам белсендісісің ғой, осы мәселені неге көтермейсің» деп жатады. Бірақ мен айтқанмен естір құлақ болмай тұр. Өзіммен тағдырлас жандарды қоғамнан өз орнын табуға, шараларға қатысуға, белсенді болуға шақырамын. Бірақ олар қоғамда қолайлы жағдай жасалмаған соң, сыртқа шыққысы келмейді. Осыдан 3 жыл бұрын Н.Назарбаев даңғылында, қателеспесем, 273 миллионға аспалы көпір салынды. Оның бір бөлігіне мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап лифт салды. Бірақ бұл лифтті ол жерге қандай мақсатпен салғанын түсінбедік. Егер аталған көпір аурухана жанында немесе әлеуметтік нысан жанында орналасса мүмкін пайдаланар едік. Бірақ лифт өз орнын таппаған. Яғни зерттеліп жасалмаған дүние. Қаржы бөлінсе, пайдасы бар ма, жоқ па, ол игерілу керек. Бізде мүгедектерге жағдай жасалуда деп ауыз көпіріп айтқанымен, көмектің қаншалықты бізге пайдалы екені сараланбайды. Соңғы кездері көптеген мекеме, демалыс орындары жаңғырудан өтті. Бірақ ол жерде де кедергілер көп. Мысалы, “Сыр Ана” монументі жаңғыртылып жатқан кезде арнайы видео түсіріп, қай жерде кемшіліктер барын айттық. Мердігер компания дер уақытында олқылықтың орнын жойды. Жыл басынан бері қаламыздағы 200-ден астам көше жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолы салынғаны бәрімізге белгілі. Осы көшелерді жөндемес бұрын қала басшылығына ұсыныс ретінде жаяу жүргіншілер жолы мен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың да кедергісіз қозғалуына жағдай жасалса деген болатынмын. Бірақ бұл талаптың қаншалықты орындалғанын күн қатты суытуына байланысты нақты айта алмаймын. Міне, біздегі мәселе кемшілікті көрмейміз.

– Аймағымызда бұдан басқа қандай шешімін таппаған өзекті мәселе бар?

– Өзекті мәселе өте көп. Жоғарыда айтқанымдай, мүмкіндігі шектеулі жандар хабарласып, өкпесін айтады. Жақында мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасы хабарласып, Сарыағаш ауданындағы санаторияға жолдама алғанын айтты. Бірақ жолдама тек баланың өзіне берілген. Онда да жолпұл қарастырылмаған. Енді ойлап қарасақ, осы уақытқа дейін өзге өңірге шығып көрмеген бала жалғыз өзі қалай барады. Мақұл, ата-анасы жолпұлды тауып берер, ал 14 күн бойы ерекше күтімді қажет ететін балаға кім жәрдемші болады? Осыдан түсінгенім, мүмкіндігі шектеулі жандарды мүмкіндігі шектеулі жан ғана түсінеді. Одан бөлек, өңірімізде соңғы 5 жылда құрылыс қарқынды жүруде. Дегенмен кезек күткен мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі баспана тауқыметін көріп күн кешуде. Тіпті шыдамағандар ипотекамен үй алып кетті. Оларға да оңай емес. Ай сайын келіп тұратын пәтерақыны төлей ма, әлде дәрі-дәрмек ала ма? Мұны да ескерген жөн. Ипотекаға жағдайы келмейтіндер 10-15 жылдап кезек күтуге мәжбүр. Жылда 2000-нан астам пәтер пайдалануға берілсе де, бұдан мүмкіндігі шектеулі жандар құр алақан қалуда. Бұдан бөлек, арба мәселесі де шешімін таппай келеді. Мысалы, арбамен қозғалатын жандарға үйішілік және сыртта қолданатын арбаның екі түрі беріледі. Үйішілік арба 7 жылға, ал серуендеуге берілетін арба 4 жылда бір рет беріледі. Бұл мерзімге дейін арбаның тозығы жетеді. Жеке басым мемлекеттен берілетін арбаны 1 жылдан әрі пайдалана алмаймын. Мысалы, автосалоннан машина алсаңыз, кепілдік мерзімі – 3 жыл. Енді қараңыз, ал арбаға берілетін кепілдік мерзімі – 4 жыл мен 7 жыл аралығы. Бұл ‒ өте ұзақ уақыт. Сол себепті арбаны 3-4 жылда берсе екен деген ұсынысымыз бар. Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедек адамдарды электр жетегі бар кресло-арбамен қамтамасыз ету» мемлекеттік тапсырмасын іске асыру мақсатында өңірімізге отандық компания әзірлеген 40 электронды арбаны пайдалануға берді. Мұндай арбаға қол жеткізгендердің қуанышында шек жоқ. Осындай бастамалар жүзеге асса, бір серпіліп қаламыз.

– Әлеуметтік желіде «Мүмкіндігі шектеулі жандар» деген сөз тіркесін қандай сөзбен ауыстыруға болатыны жөнінде сауалнама жүргіздіңіз? Нәтижесі қалай?

– Мүмкіндігі шектеулі жандар деп аты шектеп тұрғанымен біз өмірге құштар, белсенді жандармыз. Қай салада болсын жоғары деңгейге жетіп, қолтаңба қалдырып жүргендер бар. Қоғамнан өз орнын тауып, белсенділік танытатындар да арамызда жетерлік. Сол себепті мүмкіндігіміз шексіз деп айта аламыз. Осы мақсатта әлеуметтік желіде сауалнама жүргізген едім. Көпшілік «ерекше қажеттілігі бар жандар» деген нұсқаны таңдады. Өзімнің де көңілімнен шықты.

– Келер жылы «Әлеуметтік қызметтер порталы» іске қосылады. Қандай артықшылығы бар?

– Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы пилоттық жоба Шымкент қаласында басталған еді. Енді жаңа жоба барлық аймақта іске асады. Портал арқылы мүгедек деп танылған азаматтар өзіне қажетті тауар мен қызметті өз бетінше таңдауға мүмкіндігі бар. Техникалық оңалту құралдары мен арнайы әлеуметтік қызметтерге онлайн тапсырыс бере аламыз. Осы уақытқа дейін бізге қажетті құралдарды алу үшін тендер жарияланатын. Ал тендердің жайы айтпаса да белгілі. Ұтқан мекеме аты бар, сапасы жоқ заттарды табыстайтын. Енді портал іске қосылса, мүмкіндігі шектеулі жан порталға тіркеліп, өзіне жеке көмекшінің қаражатын да өзі тағайындай алады. Сонымен қатар арба, телефон алуға берілетін қаржыны да портал арқылы басқара алады. Мысалы, арбаны алуға 80 мың бөлінсе, бірақ маған 120 мыңның арбасы қолайлы болса, үстіне өз қалтаңыздан қаражат қосып таңдау мүмкіндігіне ие боласыз. Бұлда бір тың жаңалық болды.

– «Жылы жүрек жастар» қайырымдылық қорының төрағасы ретінде қандай бастамаларды қолға алу жоспарда бар?

– «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қоры 2017 жылы топ болып құрылып, кейін қоғамдық қор ретінде тіркелдік. Қорда 30-дан астам белсенді жас жұмыс істейді. Біздің қор ерікті жастардан құралғандықтан, мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Қордың да басты мақсаты – еріктілер қатарын көбейтіп, жастарды бос уақытын тиімді пайдалануға ынталандыру, қайырымдылық жасау. Мемлекет Басшысы биыл Еріктілер жылы ретінде жариялады. Халқымыз қашаннан да жабырқағанның жанынан табылып, еңсесі түскенді қолтықтан демей білді. Асар әдісімен талай адам баспанаға ие болса, жылу жинау арқылы қиындыққа кезіккен жандар елдің қамқорлығын көрді. Қазіргі күні біз секілді еріктілер сондай жанашыр көңілмен талай адамға қол ұшын созып келеді. Олардың қатарында жастардың басым болуы мені қуантады. Атадан жеткен асыл қасиет бүгінгі буынның бойында тағы бір мәрте жарқырап, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деген сенімдемін. Алда жоспар көп. Біз бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бейімдеу орталығында арнайы шара өткізген едік. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасадық. Енді сол жұмыстар аясын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Балаларға арналған іс-шараларды көбейтуге, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде еріктілер клубын дамытуға мән бермекпіз. Сол арқылы жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге жол ашылады. Жалпы біреуге көмек беру үшін асып-тасқан бай болу міндетті емес. Әрбір азаматтың жүрегінде жанашырлық сезімі болса жеткілікті. Негізі биылға көптеген ауқымды жұмыстар жасалыну қажет еді. Пандемияның әсерінен жұмыстың бағыты өзгерді. Десе де бұрыннан келе жатқан жобаларды да қайта жаңғырту мақсатында жұмыс басталды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды жаңа жылда «Сиқырлы керуен» жобасы аясында құттықтаймыз. Биыл еріктілер жылына байланысты Жастар ресурстық орталығы жанынан еріктілердің фронт офисі ашылды. Президент бекіткен 7 бағытта жұмыс жасалуында. Оның ішінде «Қамқор» бағытына жетекшілік етемін. 

 – Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА