Жамал Жақсытай – кинопродюсер әрі сценарист. Ал журналистік қабілеті салмақты сөз сөйлеп, тартымды туынды түсіруге сеп. Жанкешті жұмыс істейтін маманның әр телехикаясы көп көңілінен шығып, оң бағасын алуда.

– «Пьеса – құндақтаулы сәби. Оның қандай азамат болып өсіп шығары режиссерге байланысты» дейді А.Сүлейменов. Расымен, кім де болсын шығармасын баласындай көреді. Ал сценарист ретінде не айтар едіңіз? Жазылған сценарийге жан бітіретін кім немесе не нәрсе?

– Жазылған сценарийге жан бітіретін – режиссер. Көп жағдайда кино саласында режиссер мен сценаристі бірге белгілеп, қос маман байланыста болады. Бірақ қанша жерден режиссер мықты түсіргенімен, сценарий мардымсыз әрі осал болса кино сәтті шықпайды. Альфред Хичкоктың «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген сөзі бар. Демек киноның сәтті шығуына әсер ететін негізгі фактор – сценарий мен сюжет. Өнімнің 80% жақсы шығуына сценарий маңызды. Ал қалған 20%-ы режиссер, актер, костюмер, оператор және шығармашылық командаға байланысты.

– Журналистердің жауапкершілік жүгін көтеретінін, кадр сыртындағы шығармашылық топтың көзге көрінбейтін елеулі еңбегін «Таңшолпан» телехикаясы тағы бір дәлелдеді. Айтыңызшы, мұның сценарийін жазарда қай детальге акцент қойдыңыз? Сондай-ақ жазу барысында өз болмысыңызға қарсы шығатын сәт бола ма?

– «Таңшолпан» – махаббатпен жазылған туындылардыңи бірі. Болмысыма қарсы келетін тұс болған жоқ, керісінше еркіндік басым болды. Сюжетті өзіміз қалағандай құрастырдық. Иә, сын-пікір де айтылды. Бірақ бұл – кино. Егер «Таңшолпан» бағдарламасы, сондағы адамдардың өмірін түсірсек деректі фильм болар еді. Ол кино болуы үшін, көрерменді еліту негізінде әртүрлі сюжеттерді ойлап таптық. Сериалды жазу барысында журналистиканың қай қырын терең көрсете аламыз деген сұрақ болды. Сондықтан әр бөлімінде журналистиканың кухнясын көрсетуге акцент қойдық.

Негізі сценарий жазуды созып жүре берсе 4-5 жыл уақыт кетеді. Кейде аз ғана мерзімде туындайтын идея да жоқ емес. Мәселен, «Таңшолпан» сериалының сценарийі 6 айда жазылды. Бұл өз уақытына тұрарлық туынды болды деп ойлаймын.

– Біразы продюсер көркемдік сапа мен қаражатты қадағалауға жауапты деп ойлайды. Сондықтан сериал таспалаудағы маманның маңызына тоқталсаңыз… Әсіресе өнім эфирге шыққаннан кейін көрерменнің сын-пікірін, салыстыруын қалай қабылдайсыз?

– Продюсер – жобаның анасы. Идеяның презентациясынан бастап эфирге шыққанға дейін басы қасында болатын маман. «Қандай режиссер алынады?», «қандай команда жұмыс істейді?» сынды сұрақтарға жауап береді. Жоба шығынға батса да, табысқа жетсе де продюсердің мойнында. Менің тәжірибемде өнім эфирге шыққаннан кейін аса қатты сын айтылмаған. Аз қаралым болса да, көрген адамның бәрі жақсы пікірде. Өнім жасаудағы керемет сезім – көрерменнің берген бағасы мен пікір ойы. Сондықтан әр сәт сайын көптің жазған пікірі мен әсерін оқып отырамыз.

– Қандай да бір фильм немесе сериал көргеннен кейін көрермен ретінде баға бересіз бе? Әлде сала маманы ретінде іштей саралайсыз ба? Жалпы жұрт байқай қоймаған әр кадр, әр сөзіне дейін мән беретін боларсыз…

– Бұл салаға келгеннен кейін киноны көрермен емес, маман ретінде көремін. Ең бірінші қандай кадр қолданған, сценарийде қандай шешімдер бар және қалай түсірілгенін, түсірілімде қандай қиындық болғанын елестетіп отырамын. Мәселен, жақында шыққан «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмін көрдім. Сонда түсінгенім, Қазақстанның өзінде кино түсіруге қиналамыз. Ал түсірілімді 7 мемлекетте ұйымдастыру зор еңбек. Мұның артында мықты продюсерлік команда жұмыс істегені байқалып тұр. «Томирис» фильмінде де көпшілік қанша адам қатысқанын көріп таңдануы мүмкін. Ал менің назарым аттарға түсті. Өйткені фильмде 500 ат түсірілсе, оның жем шөбін, суын дайындап, қарау оңай емес. Демек мұнда да үлкен еңбек бар.

– Көбіне кино-фильм «Happy end» болып аяқталады. Көрермен де мұны топшылайтын тәрізді. Осы тұста шарықтау шегі мен шиеленіс шешімнің қандай болғаны маңызды?

– Әр фильмнің өз жанры болады. Соған сәйкес әртүрлі аяқталады. Киноның басы, шарықтау шегі, соңы жеке-жеке маңызды деген нәрсе жоқ. Сценарист үшін киноның әрбір деталі маңызды. Егер басынан динамиканы дұрыс ұстамаса көрермен фильмді әрі қарай көрмейді. Әсіресе сериалда. Яғни көрермен сериалдың бастапқы минутына мән береді. Демек кино тұтас сәтті шығуы тиіс. Әйтпесе көрермен келесі бөлімді көруге құлық танытпайды.

– Байқауымша, тарихқа қызығушылығыңыз жоғары. Демалуға қолайлы болмаса да Өзбекстан мен Үндістанға таңдауыңыз түсіпті. Сапарда сізді не таңғалдырды?

– Саяхатта ұстанатын қағидам бар. Әзірге жағажайда жататын пассив демалысты таңдай алмаймын. Әрқашан ақпаратқа, танымға көп қызығамын. Сондықтан рухани азық алатын мемлекеттерге баруды жөн санаймын. Түркі және Шығыс мәдениетін құрметтеймін.

Негізі үндістердің киносын көріп өскен адамдардың қатарынан емеспін. Мен үшін Үндістан – Тадж-Махалмен және шығыстық стильмен ассоциация. Тек шығыстық стильдің, сол атмосфераның фанатымын. Үндістан сонысымен қызық әрі көруге арман болды. Маған қатты ұнаған қала – Джайпур. Нағыз Индия. Атмосферасы ерекше. Өз әлемі бар қала. Барған соң білген факт – Үндістан өзі штатқа бөлінеді. Әр штат мүлде басқа мемлекет сияқты.

– «Теңіз түсті махаббатым». Айрықша атаумен жарық көретін ойларыңыз ерекше. Шынында махаббаттың өз бояуы болады. Ал табиғаттың бөлшегімен үйлестірудің сыры неде?

– «Теңіз түсті махаббатым» сөзінің авторы – Әсел Кәрібай. Ол туындысына осы атауды қойған екен. Дәл осы атаумен кино сериал немесе кітап жазылса қалай болады деп, өзінен рұқсат алдым. Біраз уақыттан бері ойларымды жинақтап жазып жүрмін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!