Жастығыңа қарамастан қарым-қабілеті арқылы көпті тәнті етіп жүргендер бар. Соның бірі – Досбол Нұрылла. Музыкаға машықтығы мамандығынан қашық етпейтін көрінеді. Өлеңнен өрнек құрып, сан мен саздың әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Бірқатар туындысын өнер жұлдыздары шырқап жүр. Әннен мән, сөзден нәр кетпеуін назарға алатын Досболмен әңгімелескен едік.
Мамандығым – математик, хоббиім – өлең жазу
Өңіріміздегі іргелі оқу орны М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжін математика мамандығы бойынша тәмамдадым. Білімім есеп-қисапқа байланысты болса да, жаным өлең-сөзге жақын. Дей тұрғанмен диплом үшін төрт жыл оқып, сандық түбіне сақтамайтынымды сездім. Қазіргі таңда мұғаліммін. Ал әнге сөз жазуды хоббиім ретінде қарастырамын. Сайып келгенде сан мен сөздің арасы алыс емес. Өнер өлкесінде жүруіме де сол себеп. Неге десеңіз, әнге сөз жазуда да есеп пен шартқа жүгінесің. Ауытқып кетуге болмайды, мұндайда сүйсініп тыңдайтын музыка жарық көрмейді.
Ермек үшін яки еріккеннен өлең жазған емеспін. Себебі сөз құны мен құдіретін түйсігіммен түсінемін. Әлбетте білім мен өнер саласының жүктейтін жауапкершілігі жеңіл емес. Соған қарамастан екеуін де теңгерімде ұстауға тырысамын.
Ақынның бәрі әнге сөз жаза алмайды
Жазба ақын, айтыскер және әнге сөз жазатын ақын болады. Бірақ әннің иіріміне түсіп, сөз жазу тіпті қиын. Поэзияда көкейге түскен, көңілді селт еткізген ойды көркемдеп, қалағаныңша жазуға мүмкіндік бар. Шумақта шектеу болмай, буын санын да өзі шешеді. Ал әндегі ырғақтың ырқына көніп, буынға байланып, нотасына түсу оңай емес. Сөйте тұра музыканың мазмұнын ашатын мағыналы ойды жеткізу де маңызды. Ән мен сөзде үйлесім болғанда ғана жүрекке жетеді.
«Көзмоншағым» әні хит болады деп ойламадым
Махаббат тақырыбында жиі қалам тербейтінім рас. Сондықтан біршама ән лирикалық бағытта жазылған. Оны да түрлендірудің тәсілі бар ғой. Сезімді сөйлетіп, бірде мұңды, бірде қуанышты етіп жазамын. Әсіресе, «Көзмоншағым» әні кең таралып, әлеуметтік желілерде жақсы қаралым жинады. Әуелгіде ән туралы ештеңе ойламадым. Бірақ Жандос Қаржаубай хит болады деді. Саз бен сөздің сиқыры адамды елітіп, жүректі тебірентетіні жасырын емес. Сондықтан тыңдарман талғамынан шығу үшін көпірме көбік сөзге емес, жұп-жұмыр етіп жазуға тырысып бағамын. Десе де бір тақырыптың төңірегінде айналшықтап қалу мақсат емес. Жан-жақты бақ сынап көруден именбеу керек. Әке-ана жайында жазылған әндер бар. Қазір патриоттық сарында да хит ән жазсақ деген ой бар.
Негізі ақын мен сазгердің бір-бірін түсіне алуы татымды туындының жарық көруіне ықпал етеді. Сезім-күйін айтпай танып, үнсіз ұғыну – нағыз шығармашылық процесс. Қазір Айдын Сәндібаймен бірлесе жұмыс істейміз. Айдынның әуезді әуеніне сөз жазу үшін тосылмаймын. Тыңдағаннан-ақ сөздер жүректен төгіліп, үнге сай төселе кетеді. Бүгінде ел арасына танылған әніміз көп. Эстрада жұлдыздары шырқап, өз деңгейінде орындап жүр.
Кавер – 50 пайыз дайын ән
Иә, көңіл құсын құйқылжытар әннің естісі де, есері де бар. Тыңдарман талғамы әртүрлі екеніне талас жоқ. Қай әннің қай уақытта хит боп кетерін болжап білу мүмкін емес. Ойға салмақ түсірер туынды жазсақ, ойнақы әнге құлақ қоятындар бар. Халтура ән де көбейіп кеткені жасырын емес. Қысқасы, тың ән жазу өте қиын. Көбі кавер айтуға әуес. Ол дайын ән ғой, өңдеп, қайта танымал етуге болады. Ескі әндердің жаңарып жатқаны да сол. Әуені өзгергенімен, ой мазмұны сақталған соң тыңдармандар да жаңа нұсқада тыңдауға бейім.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!