Қоғамда тәртіп болмаса тыныштық кетеді. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың түн ішінде көше кезіп, қалада кезіп жүруі өрескел әрекеттің өршуіне ұласады. Текетірестен туындайтын төбелес те талайын тығырыққа тіреп жүр. Бірақ сабақ алатындар бірен-саран. Интернетті шулатқан «Жүгір немесе өл» ойыны да жасөспірімдер арасындағы қауіпті үдетті. Бағымызға орай, өңірде орын алмаса да, сақтықты сақтауға негіз болды. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта жастарды жіті қадағалап, амандығы үшін алаңдап бақылауды күшейтуде.
Әлбетте, жастарды жамандыққа үйір деп сөкпейміз. Дей тұрғанмен, қажет кеңеске құлақ түрмей, қылмысқа ұрынатынын қаперде ұстамайды. Соның салдарынан ата-ана да айыппұл төлеуге мәжбүр. Шоғырланған адам көп жерде шудың да болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан бұзақылықтың басталып, оқыс оқиғаның орын алуына жол бермеу бәрінен маңызды.
– 20-30 қараша аралығында «Құқық тәртібі» рейді жүргізілді. Мақсат – қала көлемінде тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде, басқа да қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыстарды, оның ішінде жыныстық қолсұғылмаушылық, топтық төбелес, суық қаруды тасымалдау, бопсалау сынды қылмыстардың алдын-алу, қылмысқа бейім оқушылар мен студенттер арасында құқыққа қайшы іс-әрекеттерге баруына жол бермеу, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын сату бойынша іске тоқтам қою.
Бір апта ішінде 52 кәмелетке толмаған жастың түнгі уақытта жүргені анықталды. Сонымен қатар қоғамдық орында масаң күйде және сыртта заңды өкілсіз жүру бойынша бірнеше факті тіркелді. Егер плейстейшн, кинорум, басқа да ойын-сауық мекемелерінде ұсталған жағдайда ата-анасына айыппұл салынады. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмаған баланы сағат түнгі оннан кейін қабылдағаны үшін де орталыққа ескерту жасалады.
Қазір куәлікті фотошоппен өңдейтін жастың бары жасырын емес. Полицей қызметкері психолог десем де артық емес. Сөзі мен ісі һәм қимыл-әрекетіне қарап бәрін бағамдаймыз. Сондықтан айласын асыруға жол бермей, тексеруді күшейтеміз. Электронды планшетке ЖСН тіркеу арқылы жеке мәліметі анықталады. Егер фотошоп екені айқын болса, қылмыстық із қозғаймыз, – деді ювеналды полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Алдабергенов.
Жас өскін арасындағы у-шу күз және көктем айында үдей түсетін көрінеді. Оқуға қабылданған студенттердің қиғылығы мен жанжалы бақылауды қажет етеді. Сондықтан қыркүйек-қазан аралығында тәртіп бұзушылық орын алмас үшін полиция қызметкерлері де тынбайды. Талас пен тартыс адамға абырой әперген емес. Соған қарамастан топтық төбелес те жиі тіркеледі.
– Қала 15 аймаққа бөлінген. Әрқайсысында 3-4 қызметкер белгіленген аумақ тыныштығын назарда ұстайды. Темірдей тәртіп орнау үшін қатаң қадағалау керек. Жастарды бақылай отырып, теріс әрекетке тосқауыл қоюға тырысамыз. Осы бағытта патрульдік, учаскелік және ювеналды полиция қызметкерлері жұмыла жұмыс істейміз. Ойыннан от шығатыны белгілі. Сондай мезетте төбелес болса, суық қару, пышақ бары тексеріледі. Анықталған жағдайда ата-анасын шақыртып, құралын тәркіліп, сараптамаға жібереміз. Қорытындыға сәйкес шешім қабылданады. Мәселен, өткен айда білім алушылар арасында кикілжің орын алды. Соған қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде, – деді полиция қызметкері Н.Нұрланбекұлы.
P.S. Ескерту көбейсе маңдайға сор болып, ата-ана қалтасына да салмақ түседі. Егер есепке алынса, кейін қызметке орналасуына кедергі болмақ. Сондықтан полиция қызметкерлері мектеп пен колледждерге барып, аптасына бір-екі рет студенттерге, ата-аналарға бөлек жиналыс жасап, түсіндірме және сауалнама жүргізіп отырады. Тек тәртіпке бас игеннің құл болмайтынын ұмытпасақ игі.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!