Қазақ тілінің бүгінде абыройы асқақ. Ұлты өзге болса да, мемлекеттік тілді жетік біліп, ана тіліндей құрметтейтін жандар аз емес. Осы орайда өзі орыс ұлтынан болса да, қазақ тілінің болашағына үлкен сеніммен қарайтын Любовь Нестеровамен тілдескен едік.
– Любовь, сіздің әдебиетке жақын екеніңізді естідік. Хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөзін жатқа білесіз. Өзіңіз де шығармашылықпен айналысасыз ба?
– Ең алдымен барша қазақстандықтарды 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қиын-қыстау заманда бір-бірімізге қолдау білдіріп, азаттықтың ақ таңында бас қосып, бейбіт өмір сүріп келеміз. Тарихтың тоқырау жылдарына көз жүгіртіп, өткенге көз тастасақ, қазақ халқының көптеген қиындықты еңсергенін байқаймыз. Алайда ата- бабаның асқақ арманы шындыққа айналып, алты Алаштың басы бірігіп, бүгінде қазақ елі азат өмір кешуде. Ес білгелі оқитыным да, үлгі тұтатыным да – Абай Құнанбайұлы. Абай атамыз «біліңдер» деген дүниенің діңгегіне үңіліп, әрқашан оқуға бейім болдым.
Абай Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаған ойшыл. Әрбір қазақ Абайды таниды, сонымен қатар ол қалдырған асыл мұраның мәні мен мағынасына үңілуі керек. Хакімнің жалынды сөздері әрбіріміздің жадымызда жаңғырып тұруы тиіс. Менің де сол кісідей нар тұлға, қаламы қарымды, сөздері арынды, еліне елеулі азамат болғым келеді. Абай атамыздың жолын жалғастырып, келелі болашаққа кемел өзгеріс әкелгім келетіні сөзсіз.
– Қазақ тілін түсіну қиындық тудырмай ма?
– Бұл сұрақ бәрінің қызығушылығын тудыратын «актуалды сауал» десем болады. Қазақ тілі әлемдегі қиын тілдер қатарында болғанымен, оны үйрену, түсіну аса қиындық тудырмайды. Тіл білу – бүгінгі өмірдің маңызды аспектілерінің бірі. Мен қазақ жерінде туып, осы елдің барлық құндылығын бойыма сіңіріп өстім. Өзім әдебиетке жақын болған соң, қазақ әдебиетінің майталманы атанып кеткен көптеген ақын-жазушының туындыларын сүйіп оқимын. Халқымыздың ұлы тұлғалары, қазақ әдебиеті мен тіл ғылымының аса көрнекті өкілдері қазіргі ұлттық жазба әдеби тілдің негізін қалауға, оны қалыптастыруға айрықша үлес қосқанына ешкімнің таласы жоқ. Сол себепті оқу – менің басты құралым. Ізденіс үстінде жүріп, білім алған адам үшін тілді меңгеру еш қиындық тудырмайды. Сондай-ақ қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемдік дәрежеде болатынына сенемін.
– Қазір қазақ тілін үйретіп жүрген өзге ұлт өкілдері бар. Сіздің ойыңызша қазақ тілін дамыту үшін не істеу қажет? Болашақта қазақ тілін үйретуге өзіңіздің де атсалысқыңыз келе ме?
– Қазақ тілі Кеңес Одағының кезінде жоғалып кетуге шақ қалса да, өзінің құндылығынан айырылған жоқ. Тәуелсіздіктің тұғырлы жылдары бастау ала салысымен тілді дәріптеу үшін мемлекет қыруар қаражат бөліп, әрбір аймақта мыңдаған іс-шара атқарылуда. Қазақ тілінің болашағы зор. Қазір бұл тілді үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Алайда медиа саласында беткеұстар азаматтар тілді білмегендіктен бе, әлде өзге тілді аудиторияның көптігінен бе, қазақша сөйлеуге құмартпайды. Менің ойымша, бұл тілге деген құрметтің аздығынан. Ол кісілерді үлгі тұтатындардың саны миллионнан асады. Айтпағым, ең алдымен тілдің ел алдындағы абыройын көтеруге сол кісілер себепкер болуы керек. Әрине, мен де қазақ тілінің жанашырымын. Отбасымызда барлығымыз қазақша сөйлейміз. Болашақта өз отбасымды құрып, ана атансам, балаларымды да қазақша сөйлеуге дағдыландырып, қазақ мектебіне беретін едім.
– Жалпы қазақ халқы сізге несімен ұнайды? Нендей салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты тәрбиелік маңызы бар, дұрыс деп санайсыз?
– Әуелгі сөзді қазақ халқының қонақжай халық екендігінен бастаған жөн болар. Жер бетінде қаншама ұлт болса да, қазақтан асқан қонақжай халық жоқ дер едім. Олардың ерекшелігі, атадан қалған салт-дәстүрді қай кезеңде болсын дәріптеп жатыр. Бүгінгі жас ұрпаққа насихаттауында. Кіндік қаным тамған Отанымның әрбір құндылығына құрметпен қарау – менің адам ретіндегі парызым.
Әсіресе маған әрбір қыздың жанұясынан сән-салтанатымен ұзап шығатын салты ұнайды. Бұл отбасының қаншалықты құнды, маңызды екенін айқындай түседі. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық пен махаббатты күшейтеді. Өзге отбасыға қадам басып, бөлек «мемлекет» құрып кетсек те, өз ата-анамызға деген құрметті арттыра түседі деп есептеймін.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!