Жақсы ән – адам жанының емшісі. Ақын мен сазгердің жүрегін жарып шығып, сазы мен сөзі қабысқан тамаша туындының бағын кез келген орындаушы аша алмайтыны ақиқат. Сондай-ақ сәтті шыққан ән де – әншінің бағы. Осы орайда ел арасында кеңінен тараған «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Бозторғай ана» секілді мәнді де мағыналы туындылардың орындаушысы Кеңес Әлімжанмен сұхбаттасқан болатынбыз.

– «Үлкен жетістікке апаратын жол кішкентай қадамдардан басталады» дейді. Ән әлеміне неше жасыңызда қадам бастыңыз? Бала Әлімжанның арманы қандай еді? Сол армандар қазір орындалды ма?

– Аралдың Қарақұм деген ауылында дүниеге келіп, №59 мектебінде білім алдым. Бірінші сыныптан ақ ән сабағына әуес болдым. Жалпы шығармашылыққа, әдебиетке өте жақын болдым десем артық емес. Сол бір мектеп табалдырығын аттаған жылдан бастап Үміт Ақжанова есімді ұстазым өнерге баулыды. Қазіргі таңда ауылдағы мектеп директоры қызметін атқаратын апайымыз маған ән-әуез пәнінен білім берді. Бізді түрлі конкурстарға қатыстырып, «Бозторғай», К.Дүйсекеевтің «Туған жер» секілді байқауларынан қалдырмайтын. Сондай еңбекқор, өнерлі жан. Маған кең диапазонда ән айтумен қатар жақсы ән таңдауды сол кісі үйретті.

Бала Әлімжанның арманы сол бір аядай ғана Қарақұм ауылының атын республикаға таныту еді. Қазір ойлап қарасам, ол менің мақсатым екен. Мақсаттарым орындалды, ал армандарым көп. Әнші болып қалыптассам деген арманым жартылай ғана орындалды деп айта аламын. Себебі әншілік өнер деген өмір бақи адамның жан-дүниесінде дамып отырады. Көпшілік үшін әнші атану мен кәсіби деңгейде әнші болу деген екі бөлек дүние. Сондақтан әлі күнге дейін колледждерге, консерваторияға барып, вокалдың түрлі техникасымен айналысып тұрамын. Бұйырса, бала Әлімжанның армандары орындалып келе жатыр.

– «Талант – қаннан даритын қасиет» деп жатады. Тегіңізде әншілік өнер бар ма?

– Әкем жағында әншілік болса, анам жағында ақындық бар. Әкем де, анам да көп ағайынды, шүкір. Барлығы да өнерге жақын жандар. Әкемнің қарындастары, інілері түрлі музыкалық аспапта ойнайды, ән айтады. Уақытында ауылдың тойын басқарып, талай қызықшылығында өнер көрсеткен кісілер. Нағашыларым да көпшілік қауым ішінде сөз сөйлесе үйіріп әкететін жандар. Содан да болар қаннан келген қасиет бар. Менің ізімнен еріп, өнерге қадам басып келе жатқан Хабиболла, Батырхан есімді талантты інілерім бар. «Қазақстан дауысы» секілді жобаларға қатысып, қазір Чайковский атындағы музыкалық колледжде эстрада-вокал мамандығы бойынша білім алуда.

– Алдыңыздағы аға буыннан кімдерді және олардың қандай қасиеттерін үлгі тұтасыз?

– Жалпы, жасы үлкеннің бәрін аға дейтін азаматтардың қатарынан емеспін. Дегенмен барынша кішіпейілдігімізді танытып, «аға» деген асыл сөздің қаймағын бұзбауға тырысамыз. Өзімнің Ғалымжан, Қайыржан есімді туған ағаларым бар. Солар менің нағыз қорғаным деп айта аламын. Ал, өнердегі ағаларға келетін болсақ, жақын сыйласатындарым өте аз. Әлгінде айтып өткенімдей, барлығын бірдей «аға» деуге келмейді. Өзімнің өнерде сыйласып жүрген аға буын өкілдері жайлы айтсам, Тоқтар аға, Өмірқұл аға, Мейрамбек аға, Сәкен аға бар. Әлеуметтік желі беттерінде ағаларыммен бірге елдің көзіне түспесем де өмірде жақын тұтып, құрметтейтінім осы кісілер. Әсіресе Алматыға келген шағымда құшақ жая қарсы алып, өзінің ағалық пейілін көрсеткен жандардың бірі Өмірқұл Айниязов болатын. Өмірқұл ағаны өзім ұстазым тұтам, ол кісі мені шәкіртім дейді.

– Қателеспесем, студенттік шағыңыздан авторлық әндеріңізді жарыққа шығарып, өз жолыңызды қалыптастыра бастадыңыз. Осы жолда «ауыр жылдар» деп еске алатын қиын кезеңдер болды ма? Сол бір кезеңдер жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, 2012 жылы Алматы қаласына арман қуып келіп, Ж.Елебеков атындағы республикалық Эстрада Цирк колледжіне жеке ән салу, опера мамандығы бойынша оқуға түстім. Үш жыл осы оқу орнында білім алдым. Оны тәмамдап, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Сол уақыттан бастап авторлық әндерге қызығушылығым оянды. Ең қиыны, өз салаңнан табыс таба алмау екен. Жеке авторлық әнімді жарыққа шығару үшін асабалықпен айналысқан кездерім болды. Өзімді қинап, той басқарып, түрлі мәтін жаттадым. Кей тойларды дұрыс басқара алмағаным үшін ақысын ала алмай, орнына сарқыт ұстап қайтқан күндерім де болды. 2017 жылдан бастап жиған терген қаражатыма ән жаздыра бастадым. Ең алғаш «Анажаным», «Жанарың-ай», «Бағала», «Ботам, ботам», «Қазақстаным» деген секілді туындыларды жарыққа шығардым. Өзімді, бағытымды таба алмай жүрген дәл осы кезеңдегі әндерімнің көбі көңілді, той әндері болды. Себебі басты мақсат қаржылық қиындықтарды шешу еді. Өнер жолындағы қызығым мен шыжығым осылай.

– Өнер саласында өзіңізді мазалайтын, толғандыратын мәселелер бар ма?

– Өнер саласында мені мазалайтын нәрсе – мәнді, мағыналы әндердің аздығы, халықтың бүгін тыңдап, ертең ұмытылып кететін әндерге әуестігі. Қазір әншілер өздері сазгер, өздері ақын болып кетті. Әнші мен нағыз ақын-сазгер арасында тұрақты бір байланыс жоқ. Сол байланыстың жоқтығы ертең эстрадаға өзінің әсерін тигізе ме деген ойлар мазалайды. Бірақ қолымнан келгенше тыңдарман қауымға мағыналы әндерді ұсынсам деген ниетім бар.

– Репертуарыңызда қазір қанша ән бар? Алда қандай бағыттағы туындыларды жарыққа шығаруды жоспарлап отырсыз?

– Репертуарымда қазіргі таңда қырықтан астам ән бар. Оның көп бөлігі – лирикалық әндер. Ішінде көңілді әндер де бар. Дегенмен әуені ойнақы әндерім ел арасында кеңінен таралған жоқ. Ал лирикалық әндерім қандай отырыс, қандай жиын болсын талантты қыз-жігіттердің орындауында айтылып жүр. Оған да шүкір айтамын. Алдағы уақытта әке жайлы әнімді жарыққа шығаруды жоспарлап отырмын, одан кейін махаббат тақырыбындағы әндер бар. Жалпы, мағыналы дүние ұсыну мақсатында тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз.

– Он жылдан кейінгі Әлімжанды қалай елестетесіз?

– Он жылдан кейін Құдай қаласа қырыққа қадам басады екенмін. Отызда орда бұздым, қырықта қамал алғым келеді. Өзім академиялық вокалда білім алғаннан кейін, балаларды тәрбиелеп, вокалдан білім беретін және түрлі музыкалық аспаптарды меңгеріп шығатындай өнер орталығын ашсам деймін. Яғни, он жылдан кейінгі Әлімжан бір жағынан әнші болса, бір жағынан жақсы маман болады, Құдай қаласа!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!