Ғылым – оңай сала емес. Ол сабыр мен табандылықты, түн ұйқысыз еңбекті талап етеді. Бірақ осы жолды жүрек қалауымен таңдаған жандар ғана шын биікке көтеріледі. Солардың бірі – ғылым жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген, тіпті Гарвард университетіне шақырту алған қазақстандық жас ғалымдар, ерлі-зайыпты Назгүл Сәкенова мен Асқарбек Орақов.

Олардың тағдыр жолы туған жерден басталып, Қытай, Жапония, Франция, Германия сынды ғылымы дамыған мемлекеттер арқылы өтіп, бүгінде АҚШ-та жалғасуда.

Ғылым жолындағы ғұмыр

Назгүл бала кезінде күнделігінде «мен ғалым болғым келеді» деп жазыпты. Ал Асқарбекті биологияға деген ерекше қызығушылық пен халықаралық олимпиадалардағы жеңіс ғылымға алып келді.

Олардың жолы 2014 жылы Назарбаев Университетінде тоғысты. Бір-біріне серік болған екі жас сол сәттен бастап жеке өмірін де, ғылым жолындағы тағдырын да бір арнаға тоғыстырды.

– Бізді ғылым қосты. Зертханадан шықпайтын күндеріміз көп болды. Бірақ бұл біз үшін жүктеме емес, қуаныш еді, – дейді ғалымдар жұбы.

Жастық шақтарын білімге арнаған ғалымдар университеттегі қысқы демалыстарын да зертханада өткізіп, бағдарламалау тілдерін меңгерді. Осылайша Жапониядағы зертханада алғашқы ғылыми мақалаларын жариялады.

Магистратураны Францияда, PhD докторлығын Германиядағы European Molecular Biology Laboratory (EMBL) базасында қорғады. Онда Назгүл антибиотикке төзімділік мәселесін зерттесе, Асқарбек бактерия геномикасы мен үлкен деректерді талдау әдістерін дамытты.

– Ғылымда жеңіл жол жоқ. Кейде жылдар бойғы еңбегің нәтиже бермей қалуы мүмкін. Бірақ ең бастысы – табандылық пен ізденіс, – дейді Асқарбек.

Күтпеген қуаныш – Гарвард

Гарвардқа бару олардың арман тізімінде болмаған. Алайда тағдыр еңбекті бағалады.

Назгүл конференцияда қазіргі жетекшісімен танысып, шақырту алды. Ал Асқарбекке EMBL-де болған Гарвард профессоры ұсыныс жасады. Қызығы сол – олардың зертханалары Бостонда бір-бірінен небәрі 300 метр қашықтықта орналасқан екен.

– Бұл біз үшін күтпеген сыйлық болды. Құжат тапсырып жүгірмей-ақ, Гарвардтың өзі шақырды. Бұл – еңбектің жемісі, – дейді Назгүл.

Екі жүрек, бір арман

Ғылымға қатар түскен жұптың ең үлкен сынағы – жеке өмір мен кәсіби жолды үйлестіру. Алайда кейіпкерлеріміз кез келген қиындықты бірге еңсереді.

– Мұны ағылшынша «Two Body Problem» дейді. Бір үйде екі ғалым болған соң, әрқайсысының зерттеуі, уақыты, жоспары бөлек. Кейде түн ұйқымызды қиып, денсаулықты сарп етуге тура келеді. Бірақ бір-бірімізді қолдау арқылы ғана осы күнге жеттік, – дейді олар.

Осы қолдаудың арқасында екеуі де PhD дәрежесін қорғап, бүгінде Гарвардта қызмет атқарып жүр.

Әлемнің дамыған бес елінде – АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Францияда білім алып, жұмыс істегенімен, олар үшін туған елдің орны бөлек.

– Қазақстан бізге бейбіт өмір, білім мен рухани байлық сыйлады. Біздің ең басты тірегіміз – туған жеріміз, – дейді жас ғалымдар.

Назгүл Сәкенова мен Асқарбек Орақов – ғылым жолын таңдаған әр жастың үмітін оятар тұлғалар екені сөзсіз. Олар тек зерттеу жүргізіп қана қоймай, өз тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстаннан шыққан жас буынға жол көрсетуде.

Ғылым – ұзақ жол. Бірақ сол жолды бірге жүріп өткен екі жастың жетістіктеріне қарап, адалдық пен табандылық болса, арманға апаратын есіктердің өзі ашылатынын аңғарамыз. Назгүл мен Асқарбек осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!