Қазақ халқының рухани-мәдени мұрасының алтын діңгегі – жыраулық өнер. Бұл өнер түрі тыңдарманға рух сыйлап қана қоймай, ұлт тарихын ұрпақ жадына сіңірудің айрықша құралы саналады. Жыраулық дәстүр көне түркі дәуірінен бастау алады. Орхон жазбаларындағы Күлтегін мен Білге қаған жазбалары соның дәлелі. Ал қазақ хандығы тұсында жыраулар мемлекеттің рухани кеңесшісі, ханға бағыт көрсеткен айтулы тұлғалар атанды. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Бұқар сынды жыраулардың әрқайсысы өз заманының жүгін арқалап, сөзбен елді ұйыстыра білді.
Бүгінде жыраулық өнер ұмыт қалған жоқ. Жас буынның орындауында жаңғырып, жанданып, жаңаша сипатта насихатталып жүр. Бұл – халқымыздың рухани иммунитеті әлі де тірі деген сөз. Тарихы терең төл өнерімізді түлеткен жас жыршы-термешілердің бірі – Малика Алдамжарова. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 2001 жылы дүниеге келген ол бірнеше облыстық, республикалық және халықаралық өнер сайыстарына қатысып, жеңімпаз атанған жас дарын.
Жуырда ғана Түркияның Анкара музыка және бейнелеу өнері мемлекеттік университетінде «Музыкатану» бағыты бойынша магистр атанған жерлесімізге байланысқа шығып, сұхбат алудың сәті түсті.

– Дәстүрлі өнерге алғаш неше жасыңызда қызығушылығыңыз оянды?
– Дәстүрлі өнерге қызығушылығым мектеп қабырғасында, нақтырақ айтсам, 3-4 сынып оқып жүрген кезімде оянды. Бұл жолға бет бұруыма көршіміздің қызы – Жұлдызай себепкер болды. Ол менен бір сынып жоғары оқитын. Музыка мектебінде жыр-терме бағыты бойынша білім алатын, ал анасы – күйші. Жұлдызай мектептегі түрлі іс-шараларда жыр орындағанда, ерекше қызығып қарайтынмын.
Сол кезден бастап мен де жыраулар үйінде немесе музыка мектебіндегі жыр-терме үйірмесіне қатысқым келетінін анама жеткіздім. Анам әуелде бұл ойыма қарсы болды. Соған қарамастан, төртінші сыныпта оқып жүргенімде «домбыра» үйірмесіне қатыса бастадым.
Айта кетерлігі, ең алғаш жыр мақамына сай домбыра тартуды Жұлдызайдан үйрендім. Өзіне өтініш жасап, үйімізге шақырып алатынмын. Қызығы – «Тойбастар» әнін алғашқы күні-ақ үйреніп алғаным әлі күнге дейін есімде.
– Ең алғаш қатысқан байқауыңыз туралы айтып беріңізші. Қандай әсерде болдыңыз?
– Нақты есімде жоқ, шамамен 6 немесе 7 сыныпта оқып жүргенімде Байқоңыр қаласында өткен «Мой родной край» атты байқауда жыр орындап, бірінші орынды иеленген едім. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жүрегімде ерекше сенім оянып, «демек дәстүрлі өнерге дұрыс қадам басыппын» деген ой түйдім. Сол жеңіс мені шабыттандырып, өнер жолына нық қадам басуыма себепкер болды.

– Жыраулық өнердегі ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Алғашында анам жыраулар үйінде Бидас Рүстембеков есімді жыраудың барын айтатын. Ол кісі сол кезде жыраулар үйінің директоры еді. Содан Бидас ағайды арнайы іздеп барып, сабақ алдым. Кейін ол кісі мені Айгерім Ешбаева апаймен таныстырып, әрі қарай сол кісіге тапсырды. Осылайша менің жыраулық өнердегі алғашқы ұстаздарым – Бидас ағай мен Айгерім апай болды.
Мектепті тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түстім. Онда да дәстүрлі өнердің дара өкілдерінен – Руслан Ахметов, Шолпан Биімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Берік Саймағамбетов, Алмас Алматов сынды ұстаздардан білім алу бақыты бұйырды.
– Білуімізше, «Жойқын жүйрік» атанған Жорықбай жыраудың ұрпағысыз. Тектінің тұяғы болу – бір жағынан мақтаныш, бір жағынан жауапкершілік. Сөз ұстаған бабаңыз жайлы естеліктерді өз аузыңыздан естісек…
– Иә, Жорықбай жырау – бесінші бабам. Әрине, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Дәстүрлі өнер саласындағы аға-әпкелеріміз «тектінің ұрпағы» деп таныстырғанда марқайып қалатыным рас.
Жорықбай жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттей келе, оның 1864 жылы бұрынғы Перовск уезіне қарасты Қабылкөл атты елді мекенде дүниеге келгені жөнінде дерекке кезіктім. Ол кісі – жыраулық дәстүрдің өкілі ғана емес, табан астында суырып салып жыр толғайтын ақын әрі өткір тілді шешен болған деседі.
Бізге жеткен мұраларынан «Нұрмағамбетпен сөз қағыстыру», «Қара болысқа айтқандары», «Нақыл сөздері», «Ошақты садаққа», «Қожамұраттың Жақыбына», «Бақтыоразға», «Жарма қазғандарға», «Мыңбайдың бағасы», «Жетірудың ақыны келді әлпештеген», «Жорықбай деген шайырың», «Қармақшыда», «Ақназар ұстаға» секілді көптеген жыр-өлеңін атауға болады. Бүгінде осы туындылардың бірнешеуін Айбек Тәңірбергенов пен Берік Саймағамбетов сынды ағаларымыз орындап, көпшілікке жеткізіп жүр.

– Орындауыңызда қанша жыр, терме бар? Жыршы жадының мықты болу сыры неде?
– Бұрын жыр қорым едәуір мол болатын. Нақты қанша екенін дөп басып айту қиын. Дегенмен ел қатарлы дастан да, жыр да, толғау да, терме де қорымызда бар.
Жадының мықтылығы туралы айтсам, өзгелерде қалай екенін білмеймін, өзімде жаттау қабілетім жақсы дамыған. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік іспетті. Мәселен, арнау секілді жаңа шығармаларды жаттауға тапсырма берілсе, сол күні-ақ жаттап алатынмын.
Әрине, сахнада тұрған кезде кейде ұмытып қалатындай уайымдайсың. Бірақ бұл тұста «визуалды жады» көмектеседі. Қазақша айтқанда, көру жады – жырды көп жаттаған адамның санасында сөздер, көз алдына жыр жолдары елестеп тұратындай болып қалыптасады. Бұл – көп жаттау мен тәжірибенің нәтижесі. Жалпы жаттауды дағдыға айналдырсаң, есте сақтау қабілетің де соғұрлым жақсы дамиды деп ойлаймын.

– Биыл Түркияның Анкара қаласындағы Музыка және бейнелеу өнері университетінде магистратураны тәмамдадыңыз. Ресми түрде магистр дәрежесін алуыңызбен құттықтаймыз! Ендігі кезекте шетелдегі музыка білімінің ерекшелігіне тоқталсаңыз.
– Құттықтау үшін рақмет! Иә, мұнда «музыкатану», яғни «музыкалогия» бағытында білім алдым. 2022 жылы оқуға қабылдандым. Алғашында түрікше сәлемдесуді де білмейтін едім. Өзге мемлекеттен келгендер тіл үйренгенше түсінісу, сөйлесу өте қиын еді. Бір-бірімізді түсіне алмай қиналғанымыз сонша, елімізге қайтқымыз келген сәттер де болды. Алайда түрік халқының бауырмалдығы, көмек көрсетуге даяр тұратындығы біздің осы елде қалып, оқуға құлшынысымызды оятты.
Алғашқы бір жылда түрік тілін үйрендік. Анкара қаласына келген соң университеттің тек қана қыздар тұратын жатақханасына орналастым. Тіл үйренуіме сол жатақханадағы қатарластарымның көп септігі тиді. Сабақтан кейін Палестина мемлекетінен келген Дениз есімді қызбен бірге отырып түрік тілін үйренетінмін. Сол қыздың арқасында үш айдың ішінде түрік тілін жоғары деңгейде меңгердім. Осылай айналамыздағы адамдардың көмегінің арқасында көп дүниеге үйренісіп кеттік. Бірі арабиялық, бірі африкалық, бірі ирандық, бәріміз тату тұрып, тіл табыса білдік. Мұндай ортада әлемді танып, көзқарасың өзгереді. Бауырмалдықтың не екенін түсініп, жалпыадамзаттық құндылықты ұғынасың. Әсіресе бауырмалдық жөнінде баса айтқым келеді. Біздің елде қай салада болсын бәсекелестік пен қызғаныш қатар жүреді. Бәсеке болуы керек, әрине. Онсыз даму мүмкін емес. Алайда түрік еліне келгелі қызғаныш деген дүниенің мұнда жоқ екенін түсіндік. Сахнаға шыққанда сенің өнеріңді екінші бір өнерпаз қуана тамашалай алады, бағалай алады. Бәсекелес болуы мүмкін, бірақ еш қызғанышсыз.

Бірінші жылы осылай тіл үйренсек, екінші жылы магистратурада білім алудың алғашқы жылы басталды. Біздің бағыт «музыкалогия» болғандықтан ғылыми тұрғыда мақала дайындау, диссертацияны қалай жазу керектігі жөнінде сабақ алдық. Бірінші курста мен «Қазақстандағы айтыс өнері мен Түркиядағы айтыс өнерінің ұқсастығы мен айырмашылығы жөнінде» мақала жаздым. Алғашқы курста-ақ өте көп жобаға қатыстым. Бір жылда шамамен 15-ке жуық концертте өнер көрсеттім. Әрқайсысы әр қалада. Қала аралап, тіпті аудандарына да баратынбыз. Екінші курста диссертация жазумен айналыстық. Менің зерттеу тақырыбым – «Алтайдан Анадолыға көшкен Түркия қазақтарының музыка мәдениеті» болып бекітілді. Бұл жыраулық өнерден алыс болғанымен, жаныма жақын тақырып. Себебі дәріс барысында ағайымыз Анадолыға бағыт алған ұлы көш қандай тауқыметті бастан кешсе де ән салып, жыр орындап, музыка өнерін сақтап қалғаны жөнінде сөз қозғаған болатын. Осы тақырып менің қызығушылығымды оятты.
Қазақстан мен Түркиядағы білім берудің айырмашылығын айтар болсақ, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас өте еркін. Екіншіден, Қазақстанда есту қабілетіне сүйеніп үйрену мен орындау басым болса, Түркияда музыка саласы тек нотаға сүйеніп орындалады және зерттеледі. Сондықтан Қазақстанда музыка өнері шығармашылық тұрғыда дамығанымен, ғылыми тұрғыда Түркия жоғары. Біз бұл жақта музыканы шығармашылық ретінде емес, ғылым ретінде зерделеп, эстетикалық емес, теориялық-ғылыми бағытына баса назар аудардық.

– Оқу барысында қандай мүмкіндіктерге ие болдыңыз? Осы жылдар ішінде өзіңіз өнер көрсеткен халықаралық жобалар жайлы айтып берсеңіз.
– Мүмкіндік өте мол. Үш жыл ішінде көп жобаға қатыстым. Халықаралық конференцияларда баяндама жасап, халықаралық концерттерде өнер көрсеттім һәм оның бәрі «Түркі әлемі» фестивалі аясында ұйымдастырылды. Ең қызығына тоқталсам, Бурса қаласында өткен концертте түрікше айтыс ұйымдастырдық. Қазақтың кәдуілгі айтыс өнерін түрікше көрсеттік. Жиылған көрерменнің ризашылығы мен ықыласын қошеметінен сезініп қайтқан болатынбыз. Жалпы маған ұнайтыны түрік халқының қабылдауы. Өкініштісі, Қазақстанда жыраулық өнердің қадірі қалмай бара жатқаны жасырын емес. Ал мұнда құрмет тұтып, ықыласпен тыңдайтындар қатары өте көп. Әрбір жобада түбіміздің түрік екенін түсіну һәм сезіну ерекше әсер сыйлайды. «Түркі әлемі» ұғымын осынау жобаларға қатысып жүріп тереңірек түсіндім.
Мұнда білім алуға жоғары деңгейде жағдай жасалған. Кітапханалар мен кітап-кофеханалары өте көп. Уақыты шектеусіз. Осы тұсы маған қатты ұнайды. Сондай-ақ президент ашқан тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін алып кітапхананы әлем елдері жақсы біледі.
Түркиядағы үш жылдың ішінде маған берілген ең үлкен мүмкіндіктің бірі ол – Түріксой ұйымының қолдауымен Мароккоға барып, бірнеше мемлекет өкілі түркі әлемінің концертін өткізу болатын. Сондай-ақ Кипрда да түркі әлемі болып наурыз мерекесін ауқымды деңгейде атап өттік. Осылай бір емес, екі елде өнер көрсеттік. Кипрдің президенті бізді арнайы қарсы алды. Жалпы Түркияда да қай қалаға барсақ сол қаланың әкімі алдымыздан күтіп алады және концерттен бұрын өнерпаздар әкімнің қабылдауында боламыз. Одан кейін Астанадағы «Қазақконцерт» секілді Анкарада да ұлттық өнер орталығы бар. Сол жерде өткен концертке қатыстым.

Алдыңғы жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде халықаралық конференция өтті. Сол жерде ең жас ғалым атанып, «Қазақстан мен Түркиядағы жыраулық өнер жайында» баяндама жасадым. Конференцияның басты мақсаты түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтып, түркі әлеміне қалай қызмет ете алатынымыз жөнінде тақырыптар қозғалды. Осы конференцияның жалғасы жуырда ғана Түркияның Эрзинджан қаласында өтті. Сан түрлі пікірлер айтылып, таласқа толы конференция болды.
Биыл Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған халықаралық VII этноспорт фестивалін ұйымдастырды. Мұнда түркітілдес мемлекеттердің киіз үйлері тігіліп, үш күн бойы ашық аспан астында түрлі ұлттық ойындар ойналды, концерт те өтті. «Хан шатыры» аталатын өте үлкен киіз үй құрылып, сонда Түркия президенті Тайып Ердоған келді. Ауыз толтырып айтатын жетістігімнің бірі деп осы фестивальге қатысып, президенттің алдында өнер көрсеткенімді атар едім.
Мен білім алған оқу орны – Анкарада жаңадан ашылған «Музыка және бейнелеу өнері» Мемлекеттік университеті. Оқу орнымыздың «ең алғашқы халықаралық түлектері» атанып отырған біздер 8 мемлекет өнерпаздарының қатысуымен Анкарада есеп беру концертін өткіздік. Сонда «Көроғлы» дастанынан үзінді орындадым. Көрермен арасында көп тыңдарман кеш соңында осы дастаннан үлкен әсер алғанын жарыса айтып жатты. Осылай оқуымызды қорытындыладық.
Біз Халықаралық Түркия Гранттары бағдарламасының стипендия игеріміз. Биыл оқу орнын 5 мыңға жуық студент бітірді. Диплом табыстау рәсіміне 2500 түлек қатысты. Өнерпаздар өте көп. Алайда соның ішінде стипендия иегері ретінде өнер көрсетуге мені таңдап алды. Аспаппен сүйемелдеуші топты жалдадық. Диплом табыстау кеші Мәдениет министрінің қатысуымен өтті. Ең үлкен жетістігімнің бірі осы.

– Түрік тыңдармандары қазақ жырын қалай қабылдайды?
– Бүгінде Қазақстанда эстрада бағыты халықтың сұранысына ие. Айтыс пен жыраулық өнердің тыңдарманы азайып барады. Ол уақыт өтіп, буын алмасқан сайын азая беретін секілді. Ал Түрік халқы тілімізді түсінбесе де біз жыр орындағанда арқаланып, рухтанып тыңдайды. Неге? Себебі бұл елде айтыс пен жыраулық өнер жойылып кеткен. Айталық бір ғана Сыр өңірінде бірнеше жыраулық мектеп сақталып, қалыптасқан. Ал түрік халқында мұндай мектеп немесе арнайы үйірмелер жоқтың қасы. Қазақ халқы осынау өнерді сақтап, дамытып, халықаралық деңгейге шығардық. Біздің концерттен кейін түрік халқы рухтанып «біздің бабамыз, ата-тегіміз асыл түрік мына сендерсіңдер» деп айтқанына талай куә болғанмын. Арқаланғаны сонша қайта-қайта орындауымызды өтінеді. Қай шарамыз болсын зал лық толып, ине шаншар орын болмайды. Мұндағы тыңдарманның дәстүрлі өнерге деген осындай құрметіне риза боламын.

– Қазіргі жас буынға жыраулық өнерді насихаттап, дамытудың қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта байқағаным – дәстүрлі өнер бағытын ұстанған жастардың әлеуметтік желіде жариялаған видеолары халық тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаланып жүр. Бұл – көңіл қуантатын жағымды үрдіс.
Кейде жыраулар барған ортада «біздің тыңдарман аз ғой» деп, жыр орындауға қысылып, тартынатын жағдайлар болады. Оның да себебі бар: көбімізде «басымды қадірлемейтін жерде өнер көрсетпеймін» деген ұстаным қалыптасқан. Бәлкім, ол да бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ ұмытпауымыз керек – сен ол жерде өнер көрсетуші ғана емес, осы өнердің насихаттаушысысың. Ондай ортада он адам ғана отырса да, олардың ішінде тым құрығанда бір-екі адам құлақ түріп тыңдауы мүмкін. Ал он адамның түгелдей ықыласын ояту – орындаушының шеберлігіне байланысты. Тыңдарман осылай қалыптасады.
Сондықтан жырыңды, термеңді, дастаныңды кез келген жерде тартынбай орындау қажет. Бұл – дәстүрлі өнерді насихаттап, дамытудың ең негізгі жолы.

– Болашақта өзіңізді қай салада көргіңіз келеді: ұстаздық па, орындаушылық па, зерттеушілік пе?
– Шынымды айтсам, тек орындаушылықпен шектелгім келмейді. Бағытымды ұстаздық пен зерттеушілікке бұрғым келеді, тіпті сол жолға бет бұрып та үлгердім деуге болады. Магистратураны тәмамдап, енді нәсіп етсе докторантурада білім алуға ниеттімін. Зерттеу нысаным ретінде жыраулық пен айтыс өнерін, сондай-ақ түркі халықтарының музыкасын таңдадым. Бұдан бөлек, мәдениет саласындағы дипломатия да қызықтырады. Жалпы алғанда, басты мақсатым – түркі әлеміне қызмет еткім келеді.
Жоғарыда айтқанымдай, халықаралық жобаларға қатысқанымның арқасында мен тек қана орындаушы болу жеткіліксіз екенін түсіндім. Егер шынымен жыраулық өнерді әлемдік деңгейде танытқың келсе көзқарасыңды да әлемдік деңгейде қалыптастыра білуің керек. Маған Түркия мүмкіндіктермен бірге осындай үлкен мотивация берді. Қазақ өнерін түркі әлеміне таныту үшін орындаушылық қабілетіңмен де, қабілетіңді ғылымға айналдырып та қызмет етуің керек. Сол үшін мен орындаушылықпен шектелгім келмейді.

– Қазақтың жыраулық өнерін халықаралық деңгейде кеңінен таныту үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Халықаралық деңгейде таныту үшін менің ойымша, ең алдымен, халықаралық жобалар ұйымдастыру керек. Мәселен, Түркияда мәдени бағыттағы концерттердің бәрі халықаралық деңгейде өтеді. Олар өздерін насихаттаумен қатар, өзге ұлтты да ұмытпайды. Бізге де солай жасау керек. Қазақстанда халықаралық деңгейдегі фестивальдер санын арттыру қажет деп ойлаймын. Өткен жылы біздің университетте ауқымды халықаралық жыраулар және айтыс өнері хақында фестиваль және конференция өтті. Түркі әлемінен, яки әр мемлекеттен 4-5 өкіл келді. Құрамында жырау, орындаушы және зерттеуші профессорлар бар. Бұндағы басты мақсат әрі орындаушы әрі зерттеуші болуын талап етуі еді. Аталған жоба үш күнге ұласты. Алғашқы күні ашылуы, келесі күні конференция, үшінші күні концерт ұйымдастырылды. Әр келген өкіл бірінші күні конференцияда презентациясын таныстырып, баяндама оқыса, келесі күні концертте өнер көрсетті. Түсінгенім мұнда жыраулар тек орындаушы ретінде қалмай, зертеуші ретінде де өзін көрсете алды. Менің де басты мақсатым осыларды қатар алып жүру. Өзге де жас жыршыларға айтар кеңесім осы. Әрі орындаушы, әрі зерттеуші, әрі ұстаз болуға талпыныс жасау қажет.
Сондай-ақ дәл осы жобаны Қазақстанда да өткізуді ұсынар едім. Себебі тек өнер көрсетіп, кеш өткізу нәтиже бермейді. Оны ғылымға бағыттасаң ғана нағыз теориялық білім ретінде қалыптасады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!