Заманға сай жас ұрпақты дамыту, олардың қабілеттерін аша білу, жаңа мүмкіндіктерді ұсыну – уақыт талабы. Осы бағытта түрлі жоба қолға алынып, біразы жүзеге асты. Осы орайда ұстаздық етіп, жаңашыл бағдарламалар мен жобалардың авторы ретінде танылған қызылордалық жас маман Мақсат Серікбаевпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Мақсат Ерланұлы, алғашқы сұрағым IT және медиа бағытына қатысты болмақ. Білуімізше, балаларға осы бағытта қолдау білдіріп, кәсіби тұрғыда білім берудесіз. Өңірде аталған сала дамыған ба? Қандай қолдау қажет? Қызығушылық білдіретіндердің саны көп пе?
– Заман талабына сай IT және медиа бағытына қызығушылық танытатындардың саны көп. Себебі бұл салаға қажеттілік артып келеді. Өңірде аталған бағыт ортаңқол деңгейде дамыған. Әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жетіп жатпасақ та, кем түспейміз. Балаларға бағыт-бағдар беру үшін арнайы үйірме де жұмыс істейді.
Медиа саласына қатысты айтар болсам, алға ілгерілеудің үздік нәтижелерін көріп жүрміз. Бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар да жеткілікті. Мәселен айтар болсақ, мобилография – медиа саласының оқ бойы озық бағыты. Оны баларға үйрету олардың әрқырлы болуына көмектеседі. Көзқарасын түзеп, талғамын қалыптастырады. Қазірден қабілеттерін дамыта бастасақ, есейген кезде ауыз толтырып айтарлықтай керемет дүниелер жасап шығарады деп ойлаймын.
Облыстық медиа да қарқынды қызмет етіп, заманауи талпыныстар жасауда. Түрлі студиялар жақсы туындыларымен күн сайын көрермендерін қуантып келеді. Ал біз бағыттап, білім береміз. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі жобаларды қолға алдық. Бұл журналистика немесе медиа сфераның маманы болғысы келгендер үшін таптырмас мүмкіндік.
– «Балалардың жасанды интеллект заманындағы медиасауаттылығы» атты арнайы авторлық оқу бағдарламасын әзірлеп, «Үздік авторлық бағдарлама – 2024» республикалық сайысында жүлделі орынға ие болдыңыз. Айтыңызшы, балаларға бұл бағытта білім алудың маңызы қаншалықты құнды? Жасанды интеллекттің келешектегі көрінісіне қандай сипаттама бересіз?
– Атап өткенімдей, медиа саласы жылдан жылға ілгерілеп келеді. Олардың цифрлық сауаттылығы мен медиасауаттылығын арттыруды қолға алдық. Авторлық кітаптың жарыққа шығуының басты себебі де осы.
Жасанды интеллектке келетін болсақ, пайдалы жағы мен зиянды тұсы қатар жүреді деп ойлаймын. Оны қолдана отырып, түрлі сурет, бейнеролик, аудиожазбаларды өңдеуге мүмкіндік туды. Бұл көптеген заңбұзушылыққа жол беретін жасанды интеллекттің келеңсіз тұсы. Ал медиасауаттылықты арттыру осы бір сәтте маңызды.
Балалар жоба арқылы ЖИ-дің қалай жұмыс істейтінін біліп, болашақта туындауы мүмкін қиыншылықтардан сақтану үшін қажетті білімді ала алады.
ЖИ әлемдік деңгейде дамыған. Сол себепті одан бас тарта алмаймыз деп ойлаймын. Қайта оның мүмкіндіктерін арттырып, адамдарға қолайлы етуге тырысу керекпіз. Алайда оған түбегейлі байлануға болмайды. Тек қажетті жағдайда һәм өз орнымен пайдалануға дағдыланайық.
– Ұстаздық жолдан бастау алып, бүгінде бірнеше танымал бағдарламаның авторы атандыңыз. Келелі жетістікке жете білген бағдарламалардың бірі деп «Бала ORDA»-ны атасақ артықтық етпес. Осындай тың идеялар мен жаңашыл бастамаларға шабытты қайдан аласыз? Қолға алуды жоспарлап жүрген жобалар бар ма?
– Түрлі жобаның авторы болғаныммен, өзімді жоғары бағаламаймын. Балалармен қоса, өзімнің де шығармашылығымды арттыру мақсатында қолда бар дүниеден жақсы туынды шығаруға тырысып жүрмін. Балаларға пайдалы болатын, олардың таным көкжиегін арттыратын дүние ойлап табуға тырысып бағамын. Жобаны ойлап тауып, оны жүзеге асыру барысында тек біржақты ойлауға болмайды. Біз білмейтін түрлі тұстарын үңіле зерттеп, заман талабына сай етіп, жаңашылдықтың лебін беріп отыру керек.
Шабытты қайдан аламын? Егер қолға алған жұмысым өнсе, жемісін беріп, көңілімнен шықса, сол маған әрі қарай талпынуға мотивация береді. Жобаларды ойлап табу барысында оқушылардың да ұсынған идеялары серпін берген сәттер аз емес. Ең бастысы жарыққа шыққан туынды балалардың пайдасына асса игі. Себебі балалардың дамуына тигізген үлес – болашаққа инвестиция деп білемін.
– Жеке өміріңізге ойыссақ. Ағартушылықтан бөлек, той-жиындарды басқарып, дүйім жұртты қызықты да көңілді асабалық қабілетіңізбен тамсандырып жүрсіз. Мұндай көпқырлы талант болу екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Асабалықты қалай бастадыңыз?
– Иә, ұстаздықтан бөлек, іс-шараларды жүргізіп, той тізгіндейтін де қабілетім бар. Студенттік жылдары түрлі іс-шараларға белсене қатысып, жайдарман ойнап, содан бері халықтың көңілін көтеру қаныма сіңген қасиет. Кез келген жиында тізгінді өзіме беріп, «сен жайдарманшысың ғой» деп жауапкершілік артатын. Алғашында асып-сасып тұратын едім, кейіннен сөзімді жаттап баратын болдым, ойын ұйымдастырып, көрерменнің көңілін әзілмен баурауға бейімделдім. Айтып өткенімдей, жайдарманшы болдым. Командаммен бірге бір-екі отырысты басқарып, кейіннен өзге де ұсыныстар түсе бастады. Осылайша асабалыққа қалай келгенімді де байқамай қалыппын.
– Алтындай уақытыңызды бөлгеніңізге алғыс! Еңбегіңіз еселене берсін!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!