Lifelong learning – XXI ғасыр ұстазының талабы. «Мұғалім өмір бойы оқуы керек». Бұл – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Маржан Ердібектің ұстанымы.

Студент кезінде дебат турнирлері, қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайтын Маржан Кеңесқызы білім саласына өзіндік үлес қоса алатынын ерте аңғартты. Оқытушы ғана емес, ерік-жігері мықты ерікті ретінде де қоғамға танылды. Бұған халықаралық «ЭКСПО-2017» кезінде волонтер болуы, пандемия уақытында оқушыларға тегін сабақ өткізуі, Арыс оқиғасында тұрғындарға көмек көрсетуге барғаны дәлел болса керек.

Ол 2023 жылы Огайо штаты университетінде магистратураны бітіріп, елге оралды. Ал былтыр ҚР Президентінің «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасы бойынша көшбасшылар тізіміне енді.

Жуырда қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын иеленген Маржан Кеңесқызымен білім саласы, шетелде оқу барысы туралы сөз қозғадық.

– Маржан Кеңесқызы, жастар басылымындағы алғашқы сұхбатыңыз болғандықтан, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Мектеп мұғалімдерінің арасында жұмыстан үзіліс алып, шетелге оқуға кететіндер көп емес. Огайо штаты университетін таңдауыңызға не себеп болды?

– Білім саласында 2015 жылдан бастап еңбек етемін. Алғашында балабақшада, кейін мектепте жұмыс істедім. Бір ғана жұмыс істесем, бір орында тұрып қалғандай сезімде болатынмын. Сондықтан облыстағы пікірсайыс турнирлерінде жаттықтырушы, төреші болып, дебаттың аймақта дамуына атсалыстым. 2018 жылдан бастап «Jas Otan» жастар қанатының «English for Zhastar» жобасында ерікті болдым. Түске дейін С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейде мұғаліммін, ал түстен кейін Тасбөгет кенті мектебінің оқушыларына ағылшын тілінен тегін сабақ беруге баратынмын. Осылайша балаларды 4 ай оқытып, сертификат табыстадық. Келесі жылы Ж.Махамбетов ауылындағы №268 мектепте де ерікті ретінде сабақ бердік. Бұл да нәтижелі жұмыс болды, себебі қорытынды ретінде ашық сабақ өткізіп, балаларға ағылшын тілі бойынша 1-2 деңгейді үйреттік.

Осы кездері үнемі шетелде білім алуды ойлайтынмын. «Болашақ» бағдарламасына алғаш рет құжат тапсырғанда университеттегі GPA көрсеткішім 0,5 пайыздай жетпей қалды. Сол жылы бағдарламадан үміт үздім десем де болады. Бірақ кейінірек ережеге өзгеріс еніп, GPА-ға баса назар аудармайтын болды.

Бұл уақытта Астана университетіне де құжат тапсырып, магистратураға қабылданып қойған болатынмын. Алайда пандемия басталып, онлайн оқуға көшіп, Қызылордаға қайта келдік. Әдеттегідей тек оқумен шектелгім келмеді. Сондықтан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және халықаралық «Сана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Birgemiz Bilim» жобасы аясында ағылшын тілінің «Elementary» деңгейі бойынша тегін видеосабақтар түсірдік. Аудан, ауыл балаларына арналған бұл сабақтар Youtube желісіне жүктелді. Мен Қармақшы ауданына жауапты болдым. Бұл – мектептегі сабақтарға қосымша, яғни тіл үйренуге талпынатын, ағылшын үйренгісі келетін оқушыларға арналған жоба еді.

Сол кезде білім алуға ештеңе кедергі болмайтынын ұғындырған бір жағдай есімде қалды. Шалғайдағы әлдебір ауылда ұялы байланыс өте нашар болды. Сонда мектеп оқушысы терезенің алдына келіп, сабақ оқитын. Zoom арқылы сабақ тапсыратындықтан, бәрін көріп тұратынмын. Анасы сабақ үстелін жақындатып, кітаптарын ұстап көмектессе, әкесі сеть тарту үшін сабақ бойы телефонды жоғары көтеріп тұратын. Сол оқушы менің әлі көз алдымда. Қаншама балалар мүмкіндік болса да, тегін сабаққа қатыспай қалғанын байқадық. Ал шын ынтасы бар адам жерге де, елге де қарамай, білім алатынына осы кезде көзім жетті.

Маржан ЕРДІБЕК: АҚШ-тағы білім мені академиялық тұрғыда дамытты

Астана университетіндегі магистратурам аяқталар тұста «Болашаққа» екінші рет тапсырып көруді ойладым. Оқумен қатар ол кезде «Аманат» партиясында жұмыс істейтінмін.

Алдын ала Англияның университетін таңдап, онлайн әңгімелесуден өтіп, шақырту иелендім. Бірақ бұл жолы да шетелге оқуға түсу бұйырмады. Себебі магистратураны Астанада оқып жатқандықтан, Қызылордадағы мектепте жұмыс істей алмаймын. Ал зейнетақы жинағыма соңғы 12 айда білім беру ұйымынан қаржы түспеген. Мұны басында ескермеген екенмін. Осылайша тағы да бағдарлама бойынша шетелге оқуға түсе алмадым. Бірақ бұл менің еңсемді түсірмеді, үшінші мәрте тапсырып көруге шешім қабылдадым.

Астана университетін бітіргеннен кейін, менің мамандығыма сәйкес келетін, сол уақытта қабылдауға дайын шетелдік оқу орындарын іздей бастадым. Огайо штаты университетінің «Ересектерге білім беру және адам ресурстарын қалыптастыру» бөлімінің бағдарламалары маған қызық болды. Бір айдан кейін шақырту келді. Қайтадан «Болашаққа» бағдарламасына құжат тапсырдым. Бірінші, екінші кезеңнен сәтті өттім. Ал әңгімелесу кезінде ситуациядан қалай шығатыныңды байқайды. «Бакалавриаттағы GPA-ың аздау екен, мүмкін отандық университетте қайта оқып көрерсің?», «Неге ол оқу орнын таңдадың, Қазақстанда бұл мамандық бар емес пе?», «Елге келгесін немен айналысасың?» дегендей сұрақтар қойды. Осылайша ғылыми академиялық бағытты қалай алып кете алатыныңды бағдарлайды. Ол жерде ойыңды жинақтау оңай емес. Іштей «тағы да өтпедім» деген ойда болдым. Бірақ бұл жолы нәтиже оң болды. Осылайша құжаттарымды жинақтап, келесі жылы күзде АҚШ-қа оқуға аттандым.

«Болашақтың» шартының бірі – әлемдегі үздік 100 университеттің бірінен шақырту алу. Соның 50- ге жуығы АҚШ-та. Огайо штаты университеті – сол қатардағы үздік оқу орны.

– Шетелде оқу үшін қалай дайындалу керек?

– Шетелдік оқу орнына грантқа қабылдану үшін жүріп өткен жолың, осы кезге дейінгі ұмтылысың мен жетістіктерің маңызды. Жәй ғана университетті бітіргенің емес, қоғамға қаншалықты пайдалы болғаның ескеріледі. Мысалы, мотивациялық хат әзірлеу барысында өзім жүргізген жобаларым туралы жазып, «оны жалғастыру үшін өзімді дамытуым керек, сондықтан оқуға түскім келеді» деген ойды жеткіздім.

Шетелде оқимын деген кез келген адам үнемі дамып отыру керек. Мысалы, Арыстағы жарылыс кезінде де қол көмек беру үшін волонтер ретінде барған болатынмын. Негізі еріктілік жұмыс 2017 жылы ЭКСПО көрмесінде волонтер болудан басталды. Бұның барлығы оқуға түсерде ескеріледі. Coursera секілді жетекші университеттерде онлайн білім алу, айталық Гарвард университетінің тегін курстарын оқып, сертификатын иелену де сенің құр отырмағаныңды, дамуға деген талпынысыңды көрсетеді.

Менің түсінгенім, адамдар өмір бойы оқуы керек. Кешегі алған білімің қазір актуальды болмауы мүмкін. Біз оқып жатқан кезде жасанды интеллект жобалары енді басталып жатыр еді. Ал қазір даму деңгейі өте қарқынды. Магистратураны бітірер кезде Chat GPT енді шығып, қолдана да білмейтінбіз. Ал қазір оны кез келген адам пайдаланады.

Сондықтан барлық саладағы мамандар әрқашан білімді жаңартып отыру қажет. Мұғалімнің міндеті – өмір бойы оқу.

Маржан ЕРДІБЕК: АҚШ-тағы білім мені академиялық тұрғыда дамытты

– Шетелде оқу сырттай қызық әрі жеңіл көрінгенімен, басқа елдің заңына, мәдениетіне де үйрену үшін уақыт керек. Негізі бұл туралы көп айтыла бермейді…

– Иә, шетелде оқу – еркелікті көтермейді. Түсінгенім, АҚШ-та білім алу екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Жат жерге оқуға кету үшін рухың мықты болуы керек екен. Сен қанша жаста болсаң да, алғашқыда адаптациялық кезең болады. Маған шетелге әбден үйренісу үшін 6 айдай уақыт кетті. Басында «Неге бұл оқуға түстім? Тып-тыныш қана мұғалім болып жүр едім ғой. Бір магистратура оқығаның да жететін еді. Одан да турист ретінде келмедім бе?» деген алдамшы ойлар келе бастады. Себебі оқу процесі өзгеше. Әр профессор әртүрлі ұлт өкілі. Маған немістер көбірек сабақ берді. Олардың талаптары бөлек. Эсседе өз ой-тұжырымыңды айту үшін міндетті түрде ішінде факт, дәйек болуы керек. Сенің зерттеуіңмен сәйкес келетін зерттеу жұмысын тауып, ойыңды екі ауыз сөзбен жеткізуің маңызды. «Менің ойымша» дегенді айта алмайсың. Дәлелсіз құр сөз болып қала береді. Сондықтан мені АҚШ-тағы білім академиялық тұрғыда дамытты деп айта аламын.

– Қазір жастардың көбі шетелде оқуға ұмытылады. Бұл олардың шын қалауы ма, қалай ойлайсыз?

– Көпшіліктің қателігі шетелде оқуға жеңіл қарайды. «Қандай оқу орны, мамандық екені маңызды емес, барып келсем болды» деген секілді.

«Шетелге оқуға түссем, жұмыс істеп, ақша жинаймын» деген ой болса, бармаған дұрыс дер едім. Өйткені оған уақытың да болмайды. Расында «қызғылт көзілдірікпен» қарағанда бәрі жеңіл әрі қызықты көрінеді. Бірақ ол жақта пәтер жалдау, тіпті банк картасын алу процесінің өзі бізден бөлек. Банк картасын алуды екі апта күткен кезіміз болды. Ал елімізде 1-2 минутта-ақ дайындап береді.

Сол жақта бірнеше жылдан бері тұратын қазақтармен таныстық. Тәуліктің 24 сағаты болса, 18 сағатын жұмысқа арнап жүргендерді көрдік. Ал Қазақстанда да дәл солай жұмыс істесе, сол ақшаны табатын еді. Көбі алғашқыда 5 жыл солай тынбастан еңбек етіп, содан кейін ғана жұмысын дөңгелетіп, кәсібін ашады. Бәрі бірден бола қоймайды. Бірақ өз кәсібін дөңгелетіп жүрген қазақтар да өте көп.

Маржан ЕРДІБЕК: АҚШ-тағы білім мені академиялық тұрғыда дамытты

– Қызылордалық мұғалімдердің арасында «Болашақтың» түлектері көп пе?

– Қызылорда қаласында мектеп мұғалімдерінің арасында санаулы адам ғана «Болашақтың» түлегі. Өйткені көбісі оқуға түсу мүмкін емес деп ойлайды. Шынымен де жеңіл емес. Өзім «Болашаққа» тапсыру үшін арманымның артынан 3 жыл «жүгірдім».

– Қазір жастардың шетелге көшуі жиі талқылануда. Бұған қалай қарайсыз?

– АҚШ-та жүргенде автобуста экономист, зерттеушімен сөйлесудің сәті түсті. Ол Кеңес Үкіметі құрамында болып, тәуелсіздік алған мемлекеттерді зерттеген екен. «Болашақпен» оқуға келгенімді білгенде, ол «бұл бағдарлама сенің мемлекетіңнің ең үздік бағдарламасы» деді. Себебі «ақыл-ойдың көшуі», яғни дарындылардың өзге елге кетуі барлық мемлекетте бар. Ол әсіресе Қытайда, Үндістанда байқалады. Мамандар арасында бәсеке көбірек. Қазақстан дамушы мемлекет ретінде «Болашақ» бағдарламасымен халықтың білім алуына қолдау көрсетуі негізі дұрыс жолда екенін білдіреді. Ел өз азаматтарының білім алуын қолдап, жағдайларыңды жасап отырса, азаматтық ұстанымда болып өз елдеріңді дамытқандарың дұрыс. Өйткені кез келген мемлекетте бұндай бағдарлама жоқ» деген болатын.

Сондықтан әрқайсымыз «Шетелден келгесін ел дамуы үшін не істей аламын?» деп ойлануымыз керек.

– Мектептегі білім жүйесіне тоқталайықшы. Қазір жасанды интеллектті қолданып сабақ өткізсең, ең күшті сабақ сол секілді көрінеді…

– Жасанды интеллекттің жақсы да, жаман да жағы болып тұр. Креативтілік деген ұғымнан бала айрылып жатыр. Баланың бәрі интернет қолдануды біледі, үйде тапсырманы да соның көмегімен орындайды. Бірақ біз оны бақылай алмаймыз. Балаға жаңа дүние дайындап келуді тапсырсаң, Chat GPT-ден сұрайды. ҰБТ-ға бала 10-11 сыныпта дайындалады. Ол баладағы білімнің көрсеткіші емес. Ата-ана грант қай жерде көп, баласын сол мамандыққа тапсыртқызуға тырысады. Мектептерде проферентациялық жүйе қалыптаспаған. Менің ғылыми зерттеуім бойынша жыл сайын түлектер таңдайтын қайталанбалы 10 мамандық бар. Ол тізім ІТ маман, дәрігер, педагог, заңгер, архитектурадан басталады. Бірақ ол мамандық балаға ұнай ма, оны алып кете ала ма, көбі оны ескермейді. Соның нәтижесінде түлектердің көбі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ол – мемлекетке шығын. Қателік сонда. Сұранысқа ие мамандықтардың тізімін шығарып, маманы көп салалар бойынша кадр даярлауды тоқтату керек деп ойлаймын. Өйткені бізде қазір экономист, заңгер, есепшілер жеткілікті.

Негізі оқушы бастауыштан бастап кім болғысы келетінін, таңдайтын мамандығын білуі керек. Болашақта осындай болам деген ой туындауы қажет. Ал бізде 11-сыныпқа келіп, әлі мамандық таңдай алмай отырғандар бар. Тіпті шетелге оқуға түскісі келетіндер кездеседі. Бірақ портфолиосы да жоқ. Ал шетелге оқуға түскісі келетін оқушы 8-сыныптан бастап дайындалуы керек.

Маржан ЕРДІБЕК: АҚШ-тағы білім мені академиялық тұрғыда дамытты

– Ағылшын тілі бастауыштан бастап мектепте үйретіледі. Сонда да ақылы курсқа барып, қосымша оқитын оқушыларды көп байқаймыз. Себебі неде?

– Бұл пән мектепте 3-сыныптан бастап оқытылады. Бұл кезде балада тілге деген қызығушылық бола қоймайды. Мектепте үйретілгенімен, үйде де қосымша қадағалау болмаса, бала бірден алып кете алмайды. Ата-ана алғашқыда бұған мән бермейді, жүрдім-бардым қарайды. Бірақ сыныптан-сыныпқа өтіп, ағылшынның деңгейі көтерілген кезде бала ілесе алмай қалады. Сол үшін оқушы арнайы курсқа қатысып, ағылшынды 0-ден бастап оқиды. Негізі бала мектепке тәуліктің 5 сағатын арнайды, қалған уақытының бәрін үйінде өткізеді. Сол кезде ата-ана «баламның сабағына қалай көмектесе аламын, тіл үйренуге деген ынтасын қалай оята аламын?» деп алаңдауы керек. Баласының дамуына бастауыштан-ақ көмектесететін ата-ана жақсы тұлға тәрбиелей алады.

Үлгерімі нашар болса да, 10-11 сыныпқа келіп, ағылшын тілі пәнін таңдайтындар бар. Сосын айналып келгенде бұған мұғалім кінәлі болады.

– Білімге деген құштарлық, оны басқаларға үйрету өзіңді шын қуантатын жұмыс екенін түсінемін. Бірақ сіз үшін жақсы табыс табу қаншалықты маңызды?

– Сабақ береген оқушым жетістікке жетсе мен өзімді бақытты сезінемін. Сол үшін де мектепте жүрген шығармын. Өйткені «білімімді балалардың дамуына қолдана алдым, оның жақсы адам болып қалыптасуына үлес қостым» деген ой мені қатты қуантады. Сапалы білім бере алуым үшін де өзім оқуды тоқтатпауым керек. Мұғалім өз кәсібіне адал болмаса, берген білімі сапасыз, балаларға қызықсыз болады.

Ал егер көп табыс табуды көздесем, әлдеқашан мектептен шығып, оқу орталығын ашқан болар едім. Ал мен үшін табыстан бұрын кәсібіне адал мұғалім болу маңызды.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!