Асылхан ДӘРІБАЕВ,

Қазалы аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ директоры:

– Асылхан Жұмабекұлы, ауданда қанша жас бар, олар немен айналысады?

– Ауданда 17 791 жас бар. Бұл аудан халқының 23%-на тең. Бұл көрсеткіш өзге ауданмен салыстырғанда жоғары. Жастар орталығы жастардың бос уақытын тиімді жұмсауға, құқығы бұзылған жағдайда, білім алуға, кәсіп бастауға қолдау көрсетіп келеді. Жастарды қолдау ‒ мемлекет саясатының бір тармағы. Осы тұста аудан әкімі аудан жастарын назардан тыс қалдырған емес. Әкімдік тарапынан берілетін қолдаудың дәлелі ретінде қазір іске асырылған барлық жұмысты айтуға болады. Биыл аудан жастарына «Жастар үйін» беру жоспарлануда. Онда IT Park пен коворкинг орталығынан бастау алатын барлық бағыттағы түрлі үйірмелер, шығармашыл жастардың орталығы тағы да басқа көптеген жобаны іске асыру көзделуде. Мұның барлығы үшін жастарға жанашырлық танытатын аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлына алғысым шексіз.

– Ауданда жастар саны басым екен. Осы жастың барлығын қамтуда жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің әлеуеті жете ме?

– Бұл қызметке тағайындалғаныма бір жылдан асыпты. Ол кезде орталық қызметкерлері Әйтеке би кенті әкімінің “Кенттік клубы” МҚК ішінде отыратын. Клуб болғандықтан түрлі қойылымдар, концерттер ұйымдастырылады. Яғни жан-жағымыздың барлығы у-шу. Жұмыс істеу мүмкін емес еді. Екі күн шыдадым, болмаған соң аудан әкімі М.Ергешбаевқа кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі де ұсынысыма бей-жай қарамай, Әйтеке би кенті әкімдігінің екінші қабатынан орын берді. Алдағы уақытта аудан әкімі жастар орталығын ашу мәселесін шешеміз деп уәде етті. Бұрын орталықта 6 маман жұмыс жасайтын. Негізінде біздің жастар орталығының негізгі мақсатының бірі – жастардың құқығын қорғау ғой. Сол себепті келе сала заңгер маманына штат бөлдік. Сонымен қатар бір инспекторды қатарымызға қостық. Қазір орталықта 8 адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек биыл тағы бір маманға штат ашуға ұсыныс беру жоспарланған.

–  Сонда қандай маман жетіспейді?

– Қазір мекемеде арнайы психологиялық тұрғыдан жастарға кеңес беретін маман бірлігі қарастырылмаған. Психолог маманының қажеті пандемия кезінде айтарлықтай білінді. Бұған қарамастан орталық қызметкерлері аудандық орталық ауруханамен бірлесіп, олқылықтың орнын толтырды. Дегенмен қашанғы бұлай жүре береміз? Орталыққа арнайы психолог маманы ауадай қажет. Алда Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын жастармен жекелей жұмыс жасау да маңызды. Осы тұрғыда «Жастар денсаулық орталығы» Қазалы аудандық филиалы аудан жастарымен мүлде байланыста жоқ десе де болады. Тек білім беру ұйымдарының жоспарларында бекітілген акцияларға ғана қатысуда. Бұл бір. Екіншіден, заңгер маманға сұраныс беріліп, тиісті маман қызметіне көшті. Мәселен, халық көп шоғырланған орындарда құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында онлайн/оффлайн кеңес беру акциялары үздіксіз өткізіліп келеді. Мысалы,  жастарды толғандыратын тұрғын үй мәселесі, шетелге виза алу, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарттары аясында толықтай кеңес берілуде.

– Былтыр үздік үштікке енген жастар орта­лығы қатарында Қазалы ауданы да бар. Мұндай нәтижеге қалай жеттіңіздер?

– Пандемияға байланысты біршама жоспарлар кейінге шегерілді. Десе де біз мұнымен тоқтамай, биыл «Мүмкіндік алаңы», «Soft-Skils» қабілетті да­мыту тренингі, «Шабыт» фестивалі, «Жас тілші», «Әдебиет порталы», «Мен – шығармашыл ұстазбын» жобасы, «Шеберлік сағаты», «Облыстық ақындар мүшәйрасы», «Жастар лагері», «Тазылар сайысы», «Малшылар слеты» бұдан да басқа жастардың қызығушылығын оятатын жобаларды жүзеге асырамыз. Былтыр аудан жастарының бастамасымен «Жас құрылысшы» еңбек жасағының бағыты бойынша ауданымызда жүргізілген құрылыс нысан­дарына 60 жас жұмыспен қамтылды. «Жас кеңесші» жобасы аясында 50 жас кеңес алды. Оның ішінде «Жас отбасыларға» кеңес беру бағытында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен «Халық банк» АҚ ғимаратында, халық көп шоғырланатын «Арзан» супермаркеті, теміржол вокзалы, Жұмыспен қамту орталығында  жастарға құқықтық кеңес пен бос жұмыс орындары туралы жәрмеңке, «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кеңес берілді.

– Аудандағы жас кәсіпкерлер саны қанша? Орталық тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Аудан жастарының басым көпшілігі кәсіпке бейім. Жалпы ауданда 300-ден астам жас кәсіпкер бар. Біздің орталық негізінде Кәсіпкерлер палатасы емес. Сол себепті кәсібін бастағысы келетін жас­тарға жолын көрсетіп, қолдау көрсетеміз. Арнайы оқу курсын ұйымдастырамыз. Курсқа Қаза­лы қаласы, Әйтеке би кенті және барлық ауыл­дық округтер бойынша NEET санатындағы жастар белсенді қатысты. Оқуды «Атамекен» ҰКП Қызыл­орда облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері жүргізді. Нәтижесінде 23 жас «Бизнестің жол картасы – 2025» жылға арналған бағдарлама аясында қайтарымсыз грант иеленді. Бұдан бөлек пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз. Нәти­жесінде есепте тұрған үш жас 555,600 теңге көле­мінде қайтарымсыз грант иеленіп, кәсібін дөң­гелетуде. Кәсібін бастап, бірақ кедергіге тап болған жастарды да барынша қолдаймыз.

– Жалпы кәсіп ашқысы келетіндер қай бағытқа басымдық беруде?

– Жастардың басым көпшілігі азық-түлік саласы бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішіне суши, пиц­ца, яғни фас-фуд өнімдерін жеткізеді. Біздің орта­лық мамандары жастардың өндіріске бет бұруына бағыт беруде. Мысалы, Қазалының брендіне айналған Қазалы конфетінің 8 түрлі дәм беретін 8 түрі шыға­рылуда.

– Аудандағы жастардың жұмыссыздық дең­гейі қанша пайызды құрайды және Neet санаты туралы не айтасыз?

– Жұмыссыздық мәселесі дамыған елдерде де өзекті. Ауданда консерватория, магистратура неме­се қолында қос дипломы бар жастар да жұмыс таба алмай жүр. Оларға «неге жұмысқа орналаспайсың?» десең, көбісі айлығы мардымсыз деп жауап береді. Оларға бірден 200 мың теңге жалақысы бар жұмыс қажет. Ал кей ауыл жастары ауылда жұмыс көзі болмаған соң ауылда тұрақтамай 100 мың теңгенің жұмысын өзге қалада атқаруда. Не деген қарама-қайшылық? Ал Neet санатына келер болсақ, негізінде  neet деңгейін  нақты анықтайтын құрал жоқ. Арнайы бекітілген формула бар. Бірақ оның өзі нақты көрсете алмайды. Мысалы, 6 ай көлемінде еш жерде тіркелмеген, табыс тапппағандарды да Neet санатына жатқызамыз. Жуырда жұмыссыз жастардың санын нақтылау мақсатында Қарашең­гел, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде өзіміз Neet санатындағы 76 жасты анықтадық. Сол жастың 41-ін жергілікті мердігер ком­паниямен келіссөз жүргізіп,  уақытша жұмыспен болса да  қамтыдық.

– Қайырымдылық жасауда белсенділік та­ны­татын жастардың қай ісін мақтан ете ала­сыз? Қазалының қайырымды жастарына тоқ­тал­­саңыз?

– Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер» жылы деп жариялады. Аудан жастары “Bilim”, “Sabaq­tastyq”, “Saýlyq”, “Taza Álem”, “Asyl mura”, “Qam­qor”, “Úmit” бағыттары бойынша халыққа қыз­мет көрсетті. Тіпті Қызылорда қаласына да арнайы келіп, қан тапсыру орталығында,  қарттар үйі мен жетімдер үйінде болып Қазалының қайырымды жастарының  Қызылорда қаласындағы бір күнді­гін өткіздік. Қазіргі таңда жастарымыз «Жас құры­лысшы», «Жас кеңесші», «Жас отау» сияқты тағы да басқа жобаларды іске асыруда. Пандемия кезінде оқушылардың қашықтан оқуына тура келді. Осы мақсатта 3 отбасына ерікті жастардың ұйым­дастыруымен 1 планшет, 2 роутер пайдалануға берілді. Қазалы ауданында «Қазалы қайырымды жандар», «Автоволонтер», «Серпін жастары», «Ха­ре­кет» қайырымдылық қоры, «Жас орда», «Қазалы сауал» қоғамдық бірлестігі, ұйымдарына қолдау көрсету арқылы аудан жастарына қатысты барлық бағыттағы іс-шаралар жүйелі жүзеге асуда. Мысалы, «Мейірімді жастар жасағының» ұйым­дастыруымен жалғыз басты аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолұшын созуда. «Автоволонтер» еріктілері құқық қорғау қызметкерлерінің ұйымдастыруымен үйінен із-түссіз кеткен жандарға іздестіру жұмысын жүргізуде.

– Ауқымды шаралар атқарылыпты. Жалпы ауданда қанша ерікті жас бар? Ерікті жастардың ерлігіне тоқталсаңыз?

– Елімізде жарияланған төтенше жағдай ке­зінде барлық жерде бетперде бағасы шарықтап кетті. Біз де бетперде тапшылығын байқап, екі жас кәсіпкерге бетперде тігуге өтініш білдірдік, қайтар жолда атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, бір депутатқа жолыққанбыз. Бетперде тігіп, тұрмысы төмен отбасыларға таратайық дедік. Сонда ол кісі: “Жастар, сендерге сол нәрсенің не керегі бар? Біз өзіміз реттейміз” деп шығарып салды. Содан хабар-ошарсыз қалды. Содан кейін “Нұр Отан” партиясынан көмек сұрадық, алайда партия төрағасының бірінші орынбасары өзіне де көмек керек екенін айтып ол да шығарып салды. Осы кезде ауданның екі тігіншісіне бетперде тігіп, 50 теңгеден сатуға ұсыныс айттым. Ол кісілер де бұл бастаманы қолдап, 3000 бетперде тігуге белсене кірісті. Ен­ді қаражат көзін іздедік,  еш нәтиже шықпады. Со­дан не керек facebook-тегі парақшама «Кім-кімді алдап жүр?» деген жазба жарияладым. Оның алдында  «Қазалы игілік» қорының игілігін көре алмай отырмыз» деп те сынаған едім. Көптеген ұйымдастырылған пікірлер болды, мән бәргенім жоқ. Бастысы, өзім айтқым келген мәселені толық жеткіздім. Содан аудан әкімі араласып, «Қазалы игілік» қоры демеушілігімен 1 млн теңге, белгілі кәсіпкер ағамыз Самұрат Жұманұлы хабарласып, 1 млн теңге және Жұмабек Айдарбекұлы “Боксерлар клубы” мүшелерінің демеуімен  30 мың теңге барлығы 2 млн 30 мың теңгеге бетперде және 203 отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түлік үлес­тірілді. Одан бөлек пандемия кезінде жұқпалы аурулар стационарына 14-29 жас аралығындағы жастар бар ма деген ниетпен бардық. Қуантарлығы, жастар болмай шықты. Десек те аудан аралық ауруханадағы өз көзімізбен көрген кемшіліктерді де жасырмадық. Әлеуметтік желіге салдық, мәселе көтердік, нәтижесінде облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп ағамыз ауруханаға үздіксіз кислород берілуіне жағдай жасады. Сонымен қатар еріктілердің атсалысуымен 9 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 4 үй жастардың бастамасымен салынса, 5 үй «Харекет» қорының демеушілігімен сатып алынды. Жалпы ауданда 500-ден астам ерікті бар. Аудандағы «Арзан» супермаркетінің иесі Әділет Қарымсақовты ерек­ше атағым келеді. Әділет Мақтаралда бол­ған жағдайға байланысты отбасымен 2 млн 500 мың теңге көлемінде қолдау көрсетті. Сон­дай-ақ пандемия кезінде 200-дей отбасыға 50-75 мың көлемінде көмек көрсетті. Еріктілер жылын қорытындылаған кезде Әділетті «Жыл жанашыры» номинациясымен марапаттап, Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев төсбелгісін кеудесіне тақтық. Бұдан бөлек ауданымыздың ерікті жастары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға электрондық жүйе арқылы бір жолғы жәрдемақы алу үшін құжат рәсімдеу уақытында тегін қызметтер көрсетіп, оларға оқыту курсын ұйымдастырды. Пандемия кезінде түсінгенім, халыққа қаржылай қолдау көрсеткеннен гөрі қалай кәсіп бастауға болатынына бағыт берген әлдеқайда дұрыс екенін ұқтым. Яғни халықты масылдыққа үйрет­кендей әсер алдым.

– Әйтеке би кентінде жаңа тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Жалпы аудан жастарын баспанамен қамту көрсеткіші артты ма?

– Қазалы ауданында 1129 жас отбасы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің дерегіне сүйенсек, біздің мемлекетте 340 мыңға жуық көп балалы отбасылар бар болса, олардың ішінде 8 мыңнан астамы – 29 жасқа дейінгі 4 және одан да көп ұл-қызы бар көп балалы аналар екені бізді қуантады. Әдетте біз «Жас келсе – іске» деп жатамыз. Олай деу үшін алдымен сол жастардың материалдық және моральдық жағдайына мән берген дұрыс. Мемлекетіміз бұл тұрғыда әрбір Қазақстандық жас өреннің қоғамдық-әлеуметтік әлеуетін іске асыруға даңғыл жол ашып отыр. Мәселен, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 21 жас отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 8 отбасыға баспана берілсе, «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасы бойынша 81 жас бас­паналы болды. «Харекет» қайырымдылық қоры және «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 5 отбасыға баспана кілті табысталды. Мұнан бөлек, Қазалы қаласының ерікті жастарының ұйымдастыруымен жалғыз басты әке Серік Жұмахметұлына және Құмжиек ауыл­дық округінің ерікті жастары ІІ топ мүмкіндігі Орыс­бай Науқанбаевқа ауыл демеушілігімен баспана салынды. Еріктілер жылы соңында Ғани Мұратбаев пен Арықбалық  ауылында да жастар бастамасымен үй салынып пайдалануға берілді. Сонымен қатар орталық жанынан 2019 жылдан бастап «Жас отау» жобасы жүзеге асып келеді. Оның мақсаты – жастарды отбасылық өмірге бейімдеу, отбасы құн­дылықтарының маңызын түсіндіру. Осы орайда, «Біргеміз, биік іргеміз» онлайн бейне сайысы, «FAMILY CUP» интелектуалдық онлайн байқауы, «Менің шағын мемлекетім» атты отбасылық фо­токоллаж, «Отбасы – ұлт тірегі» онлайн сурет бай­қауы өтті. Ал «Жас отбасымен» жұмыс жасау ба­ғытында ор­та­лық жанынан «Әкелер», «Аналар» клубы жасақталды. Бұлардың барлығы жас отбасыларды қолдау, отбасы құндылығын нығайту бағытында ұйымдастырылуда.

– «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы баспаналы болдыңыз. Бағдарлама көңіліңіз­ден шықты ма?

– Жалпы жастардың бәріне бірдей үй сатып алу немесе үй салудың сәті түсе бермейді. Бұл жағдайда белгілі бір салаға “Дипломмен ауылға” бағдарламасын жүзеге асыра отырып, мемлекет көмекке келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас маман ретінде жұмыс істейтін жастарды оңтайлы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз ету. Дұрыс, жас мамандарға аталмыш жобада көз­делген әлеуметтік қолдауды бірінші кезекте алу құқын берген. Осы орайда әлеуметтік қолдау шаралары мамандардың өтініш беру күні бойынша кезекпен берілуде. Алайда 2020 жыл­дан бастап әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер еніп, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты жаңадан бекітіліпті. Бұл туралы Қызыл­орда облысы экономика басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова енген өзгерістерге сәйкес, бағдарлама тұтынушы маман жақын туыстарының үйін ала алмайды деп хабарлады. Құзырлы орган әлеуметтік желідегі «өзінің үйін өзі сатып алыпты немесе туысқанының үйін сатып алған көрінеді» деген әңгімеден жауыр болған. Бұл тың бастама екені сөзсіз. Бірақ бағдарламаға қаражат бөлінді деген ақпарат тараса, жергілікті халық бас­пана бағасын шарықтатып жібереді. Бір жас отбасының құлайын деп тұрған үйді 4 167 000 мыңға сатып алғанын естіп жаға ұстадым. Ойлап қарасақ, тозығы жеткен үйге мұндай ақша төлеуге жастар мәжбүр. Бұл үйдің несиесін төлеп біткенше, үй құлап қалмасына кім кепіл?! Құлап қалмағанның өзінде жас маман жаңа баспана көтеруге кірісу қажет. Сонда әр жастың өмірі бір баспана қамымен кетейін деп тұр ғой! Сол себепті мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны баспана салуға деген пунктке ерекше көңіл бөлу қажет сынды. Сондай-ақ құжат тапсыру мәселесінде де шикілік бар. Қағазға қол қою үшін де қалаға бару міндеттеледі. Сонда цифрлы Қазақстан деп кеуде соғып жүргеніміз қайда? Алдағы уақытта бұл олқылықтардың алдын алу үшін, жергілікті жердегі әкімдіктер “Дипломмен ауылға” бағдарламасына өтінімді нақтылап, оларға тегін жерден 10 сотық жер босатып, бөлінген қаржыны мердігерге беріп, сапалы, жаңа заман талабына сәйкес 3 бөлмелі үй болса да салдыру керек шығар деген ұсыныс айтқым келеді.

– Бүгінде жастардың бойында жағымпаздық қасиеттің қалыптасқанын байқап жүрміз. Тіпті елге қызмет етуді жағымпаздықпен шатастырып алғандай. Жалпы бұл мәселеге көз­қарасыңыз қалай? Сіздіңше,  бүгінгінің жас­тары қандай бо­лу керек?

– Жастар жағымды болу мен жағымпаз болу­дың ара жігін ажырата білу қажет. Ал оны жас түгілі “кей үлкендеріміз” түсінбей жүргені де жасырын емес. Жағымды болу ұғымы – кішіпейілділік, әдептілік пен қатар білімпаз және өнерпаз болу деп түсінсек, екінші жағы жастар тарапынан көңілге қонымды белсенділік пен ашықтықты қатар қоюында. Ал кей жастар өр көкірек, өзімшіл бола тұра, қалай жағымпаз болғанын байқамай да қалады. Мен тура айтамын деп белгілі бір топтың көңілінен шығуға не қолпаштап отырған ағайлар мен апайлардың ықпалына қарай әңгіме айтып, жағымпаздың ең жоғарғы сұрпына айналғанын білмей қалады. Жастардың негізгі белсенділігі – обьективті түрде әділ көзқарасын білдірумен көрінеді. Жағымпаз болу түсінігімде тек жоғарыдағыларға немесе бас­шыға бағыну емес деген кейіпте. Кей адамдар өз­ге адамдардың өз қызметіне адалдығын жағымпаздыққа апарып теңеп жатады. Бұл да дұрыс емес.

‒ Қазіргі жастармен қоса өзіңізді толған­дыратын мәселе бар ма немесе жастар орта­лығының директоры ретінде қандай ұсыныс айта аласыз?

‒  Қазіргі жастардың көкірегі ояу, ойы терең, алдыартын болжай алады, зиянды әдеттерден аулақ жүретінін байқаймыз. Техника мен ғылымның жетістіктерін тез игеріп, меңгеріп кетеді. Сөйлегенде де тігісін жатқызып, ойын еркін жеткізеді. Алайда осы жастарды қандай мәселелер ойландырып жүр екен деген сұрақ қойылса, аға буын,  орта буын,  қала берді жастардың не ойлап жүргені бар екен? Бар айтатынымыз, жастар еліміздің болашағы,  тұтқасы билік пен хандықты осыларға беру керек дейміз. Сонда елдің көсегесін көгертіп кім еңбек қылады? Осы жерде сәл шегініс қажет-ау. 

Сонау Кеңес үкіметі кезіндегі ұлы бастама болған қозғалыстарды негізге ала отырып, жастардың бірлігін,  Отанға деген сүйіспеншілігін,  еңбекке деген құлшынысын,  мамандық игеруге ықпал етуін жандандыру қажет. Сол кездегі ССО  ( студенттер строй отряды),  яғни жастар мен студенттердің құрылыс, ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы бригадалары мен отрядьтары осы заманға сай етіп ұйымдастыру нәтиже берері хақ. Қазіргі мектеп, ЖОО-нан шыққан жастар шеге қағу былай тұрсын, лай илеуді де білмеуі мүмкін. Барлығын Үкімет пен атқарушы билік жасап беретін болса жастардың не қажеті бар, ел болашағы мен қатар өз болашағын да жасауы тиіс қой. Мені толғандыратын басты мәселе ‒ осы. Жеңілдің астымен,  ауырдың үстімен жүретін жастан қандай патриот шығуы мүмкін?

Жастардың еңбек отрядында болуы бірлікке,  ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді және еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын түсінеді. Осы мәселеге үкімет,  облыстың құзырлы органдары көп көңіл бөліп,  қаржыны осы бағытқа бұрған дұрыс деп есептеймін.  Облыстық жастар ұйым­дарын сала-салаға бөлмей бір ғана “Облыс Жастарының Одағы” деп айдар тағып,  күш-қайратты бір бағытқа арнаса, дұрыс болар еді. Осы мәселелердің шешілуі ‒ жастарды ынталандыру, көтермелеу, өз еңбегімен көзге түскендерді депутат ету (кешегі праймеризде таныс емес адамдар өтті ғой, несімен көзге түскенін қайдам), арнайы жолдамамен оқыту, мемлекеттік,  салалық награда беру,  кезексіз пәтерлер мен жеңілдетілген несиелер беру сияқты стимул жүйелерді заңдастыру. Ал қазіргі уақытша жұмыс, көз алдаудың ешкімге қажеті жоқ, оны ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында ғана нақтылап айтты.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!