Медет Жорабек – 10 жылдан аса уақытын жастар саясатына арнаған тәжірибелі маман. Университет қабырғасында жүргенде-ақ жастардың мәселесін мінберде көтеріп, түйткілдің түйінін тарқату үшін білек сыбана кірісетін. Осы саланың қыр-сырына қанық іскер жас өткен жылдың сәуір айында Қызылорда қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне келді. Қала жастарының көшбасшысымен бүгінгі жастардың жайынан хабар алу үшін ашық әңгіме өрбіттік.
– Медет Ерданаұлы, әңгімемізді өзіңіз қызметке келген уақыттан бастасақ. Орталықтың тізгінін қолға алған Медет ең бірінші жастардың қандай мәселелеріне назар аударды? Осы уақыт ішінде орталықтың жұмысына нендей өзгерістер енгізе алдыңыз?
– Иә, орталықтың жұмысына келгеніме 1 жылдан асты. Дей тұрғанмен осы қызметке келгенде «айтарлықтай бір өзгерістер енгіземін» деп айттым дей алмаймын. Өйткені бұл қалалық жастар ресурстық орталығының жұмысы әу баста бір жолға қойылған, бағыты айқын, жүйесі бар. Бұрын қалай жастарға қызмет көрсетті, қандай жобалары жүріп жатыр соның барлығы ретімен жүзеге аса береді. Тек қазіргі уақыт талабына сай қосымша жобаларды жастарға қарай бағыттап, іске асырып жатырмыз. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, ауқымды әрі өзгеше жоба ретінде мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жайдарман ойындарын айтсақ болады. Одан бөлек, жыл сайынғы берілетін Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын осы жылға сай жаңартып, «Жұмысшы мамандықтарды» насихаттау деген арнайы бағыты қосылды. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік жоба ретінде нағыз «Жұмысшы мамандықтарға» берілетін болады. Бұл сыйлық бұрыннан табысталып келеді, бірақ бұл жолы осы салаға қарай бағыттадық.
Сонымен қатар қазіргі күні ең көп басымдық қойып жасап жатқан жұмысымыз – мемлекеттік, атаулы даталарды, маңызды күндегі мерекелерді жастарға кеңінен насихаттау.
– Қазіргі таңда қала жастарының басын біріктіретін қандай ауқымды шаралар жүзеге асуда? Жалпы, жастар орталыққа мәселесін айтып келе ме?
– Біз үлкен цифрларға жұмыс істемейміз. Мәселен, бір шараға 100 адам қатысты дегеннен гөрі бізге барлық жасалып жатқан қызметтердегі тұрақтылық маңызды. Ал орталыққа қызмет алуға келген жастарға QR сканер қойылған. Яғни, олар электронды нұсқада өздерінің қандай қызмет алғысы келетінін немесе қандай маманға келгенін көрсете алады. Мұнан соң біз олардың ай, тоқсан сайынғы санын қарап, ең өзекті болғандарына басымдық беріп, сол бағытта жұмыс істейміз. Жалпы алатын болсақ, жыл басынан бері 2480 жасқа қызмет көрсеттік десек, 100 адамды тұрақты түрде әлеуметтендіріп отырмыз.
Жылдың басында оқу орындарында, жатаханаларда жастармен тұрақты кездесу өткіземіз. Ауылдан келген жастардың бұрыс бағытқа қарай бұрылып кетпеуі үшін түсіндірме жасаймыз. Ал орталық таңғы сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін тұрақты жұмыс істейді. Демек жастар осы уақыт аралығында келіп, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады. Одан бөлек арнайы жастар үшін қойылған ойын алаңдарында уақытын тиімді өткізсе де болады.
Ал бағанағы айтып отырған кездесулерден соң белсенді жастар ұсыныстарын айтып, «шаралар ұйымдастырғым келеді» деп келіп жатады. Бұл бізді қуантады. Яғни, жұмысымыздың нәтижесін бергені десек болатын шығар.
– Орталықтың көрсететін қызметтерінен бөлек қала жастарына «Мұз айдыны», теннис орталығы, «Евразия» спорт кешенінде тегін жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Тегін емес, бірақ бірлескен шаралардың негізінде арнайы карталарды алып беруге мүмкіндік бар. Бұған дейін орталықтан тұрақты қызмет алушыларға арнайы карта дайындап, жеңілдіктер жасау туралы ойлар болды. Сәтін салса алдағы уақытта жүзеге асыратын боламыз.
Жалпы, жастар бірнеше топқа бөлінеді. Топ деп отырғанымыз, ұйымдасқан, ұйымдаспаған, жұмыссыз, пробация есебіндегі, ауыл жастары деген секілді… Соның ішінде көпшілігіне керегі – уақытты құр өткізбеу. Өйткені қазір әлеуметтік желіге байланған жастар уақытты өлтіреді. Жастар уақытын бос өткізбеу үшін біз тиісті жұмыстарды жасаймыз. Биыл біз іске қосқан жобалардың бірі – «Qosyl» ақпарат. Жоба қаладағы жастарға ақысыз негізде қызмет көрсететін орталықтардың жұмысын бейнероликтер арқылы таныстырады. Осы негізде әлеуметтік желіге 3 бейнеролик жүктедік, бұл жұмыс жалғасын таба береді.
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде нендей шаралар жүзеге асуда?
– Бізден бөлек бірнеше мекеме, ұйымдар осы мәселемен айналысып жатыр. Бірінші кезекті – кәмелетке толмаған жасөспірімдерге тәрбие беретін ата-ана. Одан соң қосымша білім беру орталықтары, оқу орындары, құқық қорғау органдары және біз. Қазіргі күні тұрақты түрде рейд жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Бұл шаралар жасөспірімдердің арасындағы қылмысты болдырмаудың алдын алу үшін жалғаса береді.

– Қала жастарын шет елдерге саяхаттатуға, өзге елдің мәдениетімен, жастар қозғалысымен танысуға мүмкіндігі бар ма? Ол үшін арнайы бір жолдары қарастырылған ба?
– Бұл тәжірибеде бар. 2023 жылы «Компос» атты әлеуметтік жоба ұйымдастырылды. Жоба негізінде қызылордалық 15 жас Өзбекстан еліне барып, ІТ саласындағы жұмыстармен, жетістіктерімен танысып, тәжірибе алмасты. Одан соң алған тәжірибелерімен өңірге келіп, ІТ саласын дамытуда сол жастар әлі еңбек етіп келеді. Одан бөлек былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен жастармен жұмыс жасайтын ұйымдармен Түркия мемлекетінде тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Яғни, олар біздің елге, біздің жастар сол елге барып танысады. Бұлардың барлығы біздің іс-тәжірибемізде бар, алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
– Орталықтағы команданың жұмысына тоқталайықшы. Қыз-жігіттердің жұмыс жасау жүйесі қандай? Бекітілген жоспарға сай ма? Әлде өздері мәселені көтеру арқылы сол мәселенің шешімін таба ма?
– Бүгінде орталықта жастармен жұмыс істейтін 8 маман бар. Олардың барлығына тиісті бір бағыт бойынша жауапкершілік жүктелген. 2 маман шығармашылық бағыт бойынша, 1 маман спорттық шараларға, 1 маман хаттар бойынша және 1 маман жастар арасындағы лудомания, ерте жүктілік, суицид секілді аналиткалық жұмыстарға жауап береді. Сол секілді 1 маман ішкі сыртқы тазалыққа, келуші жастармен байланыс орнатуға бекітілген. Міне, осылай барлығы өздеріне берілген бағыт бойынша жұмыс істейді. Ал үлкен шараларда ұжым ретінде бірлескен түрде күш саламыз. Одан бөлек, күнделікті ұсыныстарын жеткізіп, тиісті бір шараларды ұйымдастыру қажет екенін жеткізіп отырады.
– Жоғарыда пробация есебіндегі жастармен жұмыс жасалады деп қалдыңыз. Сондай жастармен ашық кездесу бола ма? Олардың мәселелеріне құлақ түріп, шешіп берген кездеріңіз болды ма?
– Қазіргі таңда бізде арнайы жол картасы бар. Мақсаты – пробация есебіндегі жастармен жұмыстарды үйлестіру, идеологиялық жұмыстарды жүргізу. Қазір қай жастағы жастарға барсаңыз да бірінші сұрайтыны – жұмыс. Сол үшін біз жыл басынан бері «Мансап» орталығымен бірлесіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Жәрмеңке аясында барлық пробация есебіндегі жастарды тарттық, барлығымен таныстырдық. Қанша екенін нақты белгісіз, бірақ қоғамда ол жастарға арналған жұмыстың бар екенін, еңбек етуге болатынын көрсеттік, түсіндірдік. Одан бөлек алдағы уақытта сол жастарды қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында өздерінің қатысуымен спорттық-мәдени шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
– Өзіңізді жастар саясатынан бөлек басқа салада сынап көргіңіз келмей ме?
– Бұған дейін кәсіпке бет бұрдым. Әлеуметтік жобалармен де айналыстым. Шынын айтсақ, алдағы уақытта бір салаға ауысу жоспарымда бар. Сондай-ақ кәсіпке қайта ден қойғым келеді. Бәрі уақыттың еншісінде. Бастысы, алма піс, аузыма түс дегендердің қатарынан болғым келмейді.
– Көпшілік қала жастарының көшбасшысына орталықтың директоры ретінде қарайды. Жалпы, Медеттің біз білмейтін қандай қырлары бар?
– Қаншама жылдан бері осы салаға ден қойып жұмыс жасап келемін. Өзімнің жұмысым өзіме ұнайды. Бірақ адам болған соң ара-тұра демалғанды қалап тұрамыз. Сондай сәтте далалыққа шығып, балық аулағанды жақсы көремін. Одан бөлек қолым қалт етсе үй тіршілігіне көңіл бөлген ұнайды. Сосын жыл-айда бір атқа мініп, футбол тамашалап тұратыным бар.
– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Жуырда көпшіліктен сүйінші сұрап, болашақ жарыңызға сөз салған суретіңізді жүктедіңіз. Ал 15 мамыр – «Халықаралық отбасы күні». Осы ретте айтыңызшы, отбасының тірегі болған азамат нендей мәселелерге көңіл бөлу қажет? Шаңырақ көтеретін Медет қандай қағидаларды ұстанады?
– Айналамдағылар «30-ға келдің, той қашан?» деп көп сұрайтын. Жұмыс-жұмыс деп жүріп кейінге ысыра берген екенбіз. Алла қаласа тамыз айында шаңырақ көтеру жоспарлап отырмын.
Ал отбасындағы мәселеге келетін болсақ, қазір ажырасу мәселесі өршіп тұр. Тіпті көш басындағы елдердің қатарында тұрмыз. Ешкім ажырасайын деп шаңырақ көтермейді. Бұл мен үшін де жат түсінік. Қазіргі отбасындағы басты мәселе – бір-бірін түсінбеу. Яғни, ашық сөйлеспеу, мәселені бірге талқыламау. Соның салдарынан арты кикілжіңге алып келеді. Іште жиналған бұрыс түсініктердің соңы үлкен ушығуларға соқтырады. Сосын сыртқа күш ешқашан отбасындағы мәселеге әсер етпеу керек деп есептеймін. Сондықтан ең бірінші – отбасыңа көңіл бөле отырып, ашық диалог құру маңызды.
Менің анам жұмысымды жақсы біледі. Болашақ қалыңдығым да барлығынан хабардар. Сондықтан барлығын қатар ұстап отыру қиын соға қоймайды деп ойлаймын.
– Отызында орда бұзбаған, қырығында қамал алмайды. 30 жасыңызда бір орталықтың директоры болып отырсыз. 10 жылға алға көз тастайықшы, 40 жастағы Медетті қалай елестетесіз?
– 40 жастағы Медет – отбасылы. Жақсы жар, үлгі тұтарлық әке. Мансабым жағынан, мемлекеттік қызметте немесе жеке кәсіпкер ретінде көруге болады.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!