Қандай да бір қиындыққа тап келсек немесе келісімге келе алмасақ сотқа жүгінетініміз жасырын емес. Тіпті екінің бірі кейде «сені сотқа беремін» дегенін еститініміз бар. Бұл ретте судьялар күн-түн демей істі қарап, анық-қанығын зерттеп барып, шешім шығарады. Кейбірі дауды тоқтатып, мәмілеге келеді. Осылайша медиацияның көмегімен сотқа дейін баратын істер қысқарады.

Забира Абылайқызы,
Қызылорда қалалық сотының судьясы:

– Тәжірибелі маман ретінде медиацияның негізгі қызметіне тоқталсаңыз…
– Медиация – өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың бейтарап жақ көмегімен тараптар арасында дауды реттеу тәртібі. Басты құндылығы – екі тараптың ауызбіршілігі сақталады. Бүгінгі таңда бүкіләлемдік тәжірибе медиацияның ірі бизнестен бастап, жанұялық дау-жанжал, ажырасу мен дүниені бөлісу деген сияқты мәселені реттейтінін дәлелдейді. Халықаралық санаққа жүгінетін болсақ, медиация арқылы бүкіл келіспеушіліктің 30-40 пайызы өтеді, 85 пайызы оң нәтижеге ие болады. Кезінде Авраам Линкольн: «Соттасудан аулақ болыңдар. Өз қарсыласыңызды бітімге келуге көндіріңіз. Соттағы бір жеңісіңіз – шығын мен уақытты жоғалтудағы нақты жеңісіңіз» деген екен.
Дауды реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдірудің және азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғаудың басым бағыттарының бірі – татуластыру рәсімдерін дамыту. Азаматтық процестік кодекстің 4-бабына сәйкес дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізудің міндеті ретінде айқындалып, оны жүзеге асыру мақсатында соттарда татуластырушы-судьялар институты енгізілген.Татуластырушы судьяның басты мақсаты – тараптардың арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтап, жанжалды медиация тәртібімен шешу. Оның қарауына тек қана талап қоюлар бөліп беріледі. Татуластырушы-судья, оған талап қою келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде туындаған құқықтық қатынастарды реттейтін нормалар жиынтығын тексереді және көрсетілген мерзімде талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту туралы мәселені шешеді. Бұл ретте бірнеше әңгімелесулер өткізілуі мүмкін екені ескеріле отырып, татуластыру рәсімі үшін – 10 жұмыс күні, сотқа дейінгі хаттама жасалған кезде – 15 жұмыс күні ішінде әңгімелесу күні тағайындалады.
Шақыртуда тараптардың белгілеген уақытқа дейін (күніне) соттың қатысуынсыз дауды келісім, сонымен бірге сотқа дейінгі хаттама толтыру арқылы медиатордың, адвокаттың нотариустың қатысуымен бітімгершілік рәсімінде шешу құқығы түсіндіріледі.
– Медиация бойынша қандай істер қаралады?
– Медиация жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дау бойынша істер жатады.Сот қарауында жатқан, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу сатысындағы материалдар бойынша жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация тәртібімен істі тоқтата тұруға негіз бар.
– Қандай істер медиация қарауына келмейді?
– Отбасы қатынастарынан туындайтын даулар, оның ішінде неке бұзу, сонымен қатар заңды маңызы бар фактілерді анықтау, әрекетке дау айту және тағы да басқалары.
– Былтыр қанша іс қаралды?
– Қызылорда қалалық сотында өткен жылы татуластырушы-судьяның қарауымен 489 іс медиация тәртібімен аяқталып, оның ішінде 178 арыз бойынша сотқа дейінгі хаттама жүргізілген. Сонымен қатар 27 азаматтық іс бітімгершілік шартпен, 163 азаматтық іс медиация тәртібімен және 5 іс партисипативтік рәсім тәртібімен аяқталған.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелеcкен
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!