Жастар – асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың нышаны. Олар – қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Жарқын болашақ тарихын тереңінен танып, тілін қастерлейтін, елі мен жерін сүйетін, ойы озық, өрісі кең, рухы биік жастардың қолында. Соның ішінде белсенді, білімді, еңбекқор жастарымыз барда елдің еңсесі биік боларына сеніміміз мол. Солардың бірі – белсенді жас Есет Табынбаев. Ол аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы, бұған дейін аталған басылымда тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етті. Бүгінде аудандық мәслихат депутаты.

Мемлекеттік бағдарламаның барлығы аймақтағы жастарға жете бермейді

Халық қалаулысы ретінде айтыңызшы, бүгінде жастардың қандай өзекті мәселесі бар?
– Жастардың бірінші мәселесі – әрине жұмыссыздық. Қалалық жерлерде, құрылыс, тағы басқа өндірісі бар аумақтарда жұмыс болуы мүмкін. Бірақ аудан, ауылдық округтерде бұл жағы ақсап жатыр. Себебі, адамдардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші әлде де болса көңіл көншітпейді. Мысалы, бір ауылда мектеп, балабақша, әкімдік, клуб ғана бар. Әрі кетсе бір кәсіпкердің шаруа қожалығы. Ал бір буыннан бір жылда қаншама университет бітіріп келетін маман бар. Оның барлығына бірдей жұмыс тауып беру мүмкін бе? Жалпы ауылдық жерлерде жастарды жұмыспен қамту мәселесі тасбақаның жүрісіндей баяу. «Мемлекеттік грант» дегеннің өзінде оған барлығының бірдей қолы жете бермейді. Сонымен қатар «аға-көкенің» арқасы, басшылар тарапындағы бюрократия басым секілді көрінеді.
Биыл 2,5 пайызбен кредит беру жүйесі басталды. Өте орынды, дер шағында жасалып отырған бағдарлама. Әйтсе де оның, жалпы кез келген кредит беру мәселесін, шаш-етектен жүретін қағаздарын азайту керек деп ойлаймын. Мемлекет ұсынатын бағдарламалар жеткілікті. Бірақ оның барлығы ауыл-аймақтардағы жастарға жете бермейді.
Қазір көптеген салада оңтайландыру жүріп жатыр. Мысалы, көпшілік біледі «kaspi.bank»-тен несие алу оңай. Міне, сол сияқты кепілдемесі, басқа нақты-нақты қағаздары болса, мемлекет беретін жеңілдіктерді де оңтайландыру қажет.
Екінші мәселе – тұрғын үй. Қазақ «үйің болмай, күйің болмас» дегенді бекер айтпаса керек. Жастар, жас отбасылар арасында тұрғын үй мәселесі де өте өзекті. Бір жас отбасында екеуі бірдей жұмыс істемейтін отбасы бар. Әрине, жастықтың буымен, үйленіп қалады. Десе де тұрмыстық түйткілдер шыққанда морт сынатын отбасы көп. Бүгінгі қоғамда ажырасу да белең алып барады.
Мемлекет белгілі бір деңгейде, «Жас маман», тағы басқа жоба арқылы көмек береді. Бірақ жас отбасыларға, олардың аяқтан тұрып кетуіне қатты көңіл бөлсе, жоғарыдағыдай жағдайлар аз болар ма еді. Меніңше, түрлі мемлекеттік ұйымдар, жергілікті атқарушы билік басындағы азаматтар да жас отбасылар бойынша жұмыспен қамтуға арнайы зерттеу, мониторинг жүргізіп отыру керек сияқты. Сол бойынша реттілігіне сәйкес жастар, жас отбасылар жұмыспен қамтылса…
Әрине мұнан бөлек те ұсыныс-пікірлер, ой баршылық, бірақ алдымен осы екі мәселеге баса назар аударуымыз керек.

Мемлекеттік бағдарламаның барлығы аймақтағы жастарға жете бермейді


NEET санатындағы жастармен жұмысты қалай жүйелеуге болады?
– Соңғы жылдары NEET дегенді көп айтатын болдық. Олардың бойындағы күш-қуатты мақсатты пайдалану керек.
«NEET» – еш жерде жұмыста жоқ, қоғам көңіл бөлмейтін, көшеде бұзақылық жасайтын өз замандастарымыз. Оны шешудің бір жолы – жастар ұйымдары, жергілікті атқарушы билік, елдің ақсақалдары кез келген деңгейдегі топтың, аумақтың жігіттерімен ашық, еркін, кез келген мәселесін тыңдай алатындай болу керек.
Жалпы NEET-тен бөлек, жастар саясатына, жастармен айналысатын мамандарға, оның бюджетіне шекеден қарау бар. Сондай-ақ, жастар мамандарының тым жас, болмаса «Жас болуы керек» деген түсінік те дұрыс емес шығар?! Биыл жастардың жасы 14-тен 35-ке ұзарды. Ал аудандардағы «Жастар ресурстық
орталық­тарындағы» қызметкерлердің орта жасы 23-24 жас. Мейлі, 25-ақ болсын. Сол 25 жастағы маман 35-тегі азаматқа нендей ақыл айтуы мүмкін? Ал тентек жастармен қалай сөйлесуін білмеуі, олардың алдына бара алмауы да мүмкін. Жалпы осындай парадокс жетерлік…
Мұнан кейін бір көшені асфальттауға бөлінген қаржы, бір ауданның жастарының дамуына бөлінбейді.
Бұзық пен тентек, жалқау мен масыл қай қоғамда да, қай заманда да бар. Болған, әрі бола береді де. Оны жоятын қоғам. Тәртіп. Мысалы, әлемде Сингапур деген ел бар. Бүгінде «Азия барысы», «Күншы­ғыстың таңғажайыбы» деген атқа ие. 1959 жылы Ли Куан Ю деген нәті қытай негізін қалады. Айналдырған 30 жылда әлемнің алпауыт ел етті. Ал бүгінде сол Сингапурда көшеде шемішке, сағыз тастауға да болмайды. Қылмыс жасау көрсеткіші ең төмен мем­лекет. Олар оған қалай жетті? Әрине бірінші кезекте – тәртіп.
Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенінде үлкен даналық жатыр. Бізде бір көңілжықпастық, немқұрайлық басым. Алдымен тәртіп пен жауапкершілік болған жерде – қылмыс пен құқықбұзушылық, тәртіпсіздік пен теріс жолға түсуде аз болады деп ойлаймын.

Мемлекеттік бағдарламаның барлығы аймақтағы жастарға жете бермейді


– Мектеп бітірушілердің үлкен өмірге қадам басуына аз уақыт қалды. Мамандық таңдауда ата-ананың ықпалына қаншалықты сенесіз?
– Өте жақсы һәм күрделі сұрақ. Әрине көп жағдайда ата-ана – прагматик, жас арманшыл бала – романтик болып жатады. Десе де кейбір ата-ананың бойында «Өзім білем» деген амбиция мен «Мен жете алмап едім, сен менің арманымды орында!» деген эго болып та жатады. Осы бір дүние суретші болатын баланы механиктің немесе математикадан мұғалім болатын баланы заңгерлікке, болмаса кеңсенің жұмысына әкеп қоюы мүмкін. Әрине қай ата-ана баласына жамандық ойлайды? Бірақ үлкендер жағы баланың бойындағы қай кәсіпке деген ептілігін, сан түрлі құбылмалы кәсіптік нарықты әбден зерттеп барып, келешек оған жұмыс табыла ма, табылмай ма сол жағын әбден айшықтап барып, тағдырына араласу керек. Себебі, қос-қос диплом құшақтап жұмыс таба алмай жүрген, қызыл дипломы мен ғылыми атағын ештеңеге жарата алмай жатқандар көп. Бұл отбасындағы әке мен баланың – жан-жақты талдап, 5-6 жылдығын ойша саралап, содан кейін барып, келісімге келетін шаруасы деп білемін.
Бастысы – қай салаға барса да кәсіби кадр болуға талпыну қажет. Әйтпесе, қалғаны бекершілік.
– Журналисти­кадағы еңбек жолында не нәрсеге анық көзіңіз жетті? Жалпы осы саланың ертеңінен не күтесіз?
– Қоғамның оянып келе жатқанына көзім жетіп келеді. Ұлтымыздың азаматтық позициясы, жан-жақтылығы, көпшілік халықтың сауаттылығы, «Өзінікін оңайлықпен ауыздан жырып бермеуі» белең алып келе жатқан сыңайлы, жастар арасында да заманына сай «Бірдеңе бастасам», «Кәсіп дөңгелетсем» деген талапкерлік басым. Мемлекет ретінде үлкен өзгерістерге, алға басушылыққа, дамуға баратын сияқтымыз. Себебі, пікір ашықтығы айқын. Бұған өте қуанамын.
Ал дәстүрлі медианың өкілі ретінде аңғарғаным, патриотизм, ұлттық құндылықтарға, тарих, тіл, діл, дәстүрлі дінге деген құрмет аз секілді көрінеді. Бұл мегаполистік шаһарларда қарқынды. Көп жағдайда барлық тіршіліктің түйінін табыс табуға ғана тіреп қоятындаймыз. Ал бұл саланың ертеңіне келетін болсақ, сөз өнері, жазу, ақпарат жеткізу аяқталмайынша, дамуын тежемейді деп білемін. Журналистиканың келешегіне өте оптимистік көзқарастамын.
Журналистиканың еркіндігі секілді еркіндік, ондағыдай көп векторлы жұмыс ешбір салада жоқ. Ол енді осы саладағы әрбір маманның өзіне байланысты.
– Әлеуметтік желіде белсенді қолданушысыз. Берері бар ма?
– Әрине көп. Бірақ әр ақпарат­пен жүйкені жұқарта бермеуге кеңес берер едім. Әйтсе де жабайы аралда жалғыз қалып қойған Робинзо Крузо құсамай, айналадағы тыныс-тіршіліктен, бүгінгі қоғамның трендтерінен, жақсы жаңалықтар да, түрлі бағдарламалардан хабардар отыру керек деп ойлаймын.
– Журналист Нұртөре Жүсіп: «Мінезсіз адам майонез секілді. Кез келген салатқа қорықпай қоса беруге болады» дейді. Мінезіңіз қандай?
– Жақсы айтып өттіңіз. Мен бірақ жыл өткен сайын, қоғамдық шаруалар, әлемдік геосаяси оқиғалар түрлі формада өрбіген сайын осыдан 100 жыл бұрын айтқан Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес – мінезден» дегеніне әбден қанық болып келе жатырмын.
Бұл білімді азаматтарға дақ түсіру емес. Елдік, қоғамдық, халықтық мүддеге келгенде мінездің қатты қажеттілігін аңғаратындаймыз.
Бір ғана мысал, жыл сайын Оксфорд пен Кембриджден бастап әлемнің түрлі мен деген салаларында мыңдаған жастар оқиды. 1997 жылдан бастап халықаралық «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. Қайбір жылы алғашқы түлектерінің өзі 20 жылдықтарын атап өтті. Ал сол мыңдаған жастың қайырымы, елге бергені қайда? Алды 40-тан асты? Олар жаһандану дәуіріндегі біз сияқты қарапайым жастарға қарағанда технологияның қарыштап дамуын сезінген, алғаш қолданған азаматтар емес пе? Ұланғайыр далаға әкелген жаңалық қайда? Мемлекеттің жасаған бағдарламасының қайырымы неге көрінбейді? Ал қазір түкпірдегі бір ауылға бір боксшы, немесе палуан барып, үйірме ашсыншы. 2-ақ жылда кемі 5 баласы аудандық, 2 баласы облыстық жарыстан жүлде алуы мүмкін. Бапкер өзінің бойындағы қарым-қабілет пен тәжірибені ештеңеден хабарсыз балаға жұқтыра алады. Білім мен ғылым игерген жандарда да сондай жанкештілік қажет-ақ. Міне, осы жағдайларға келгенде кез келген азаматқа, мамандық иесіне мінез керек деп ойлаймын.
Жастардың медиасауаттылығын қалай дамыта аламыз?
Ең бірінші – қажеттілік. Екінші – құлық. Қазекең бір ауыз сөзбен «Түйеге жантақ керек болса – мойнын созады» деп кетпеп пе еді?! Менің ойымша, «медиасауат» – көлік басқарудан, мыңдаған көліктердің ортасында дұрыс игеруден қиын емес сияқты.
Жұмыс пен үй арасындағы бейнеңізде өзгешелік бола ма?
– Әрине, ол заңдылық та шығар. Үй киімімен жұмысқа бармаймыз. Сол сияқты жұмыс киімін үйге барғанда ауыстырамыз. Отбасылық дүниеге қызметті, қызметке отбасының тіршілігін араластыруға келіспеймін.
Өзіңізге айрықша әсер еткен 3 кітапты атап өтіңізші.
– Кітаппен бала күнімнен доспын. Жан досым! Шекспирдің «Кітап маған тақтанда қымбат» дегенімен, Бернард Шоудың «Кітап бос уақытта оқылатын нәрсе емес, оған арнайы уақыт бөлемін» дегені ерекше әсер етеді.
Менде де сол секілді қолым бос уақытта, немесе көз іліндіру үшін оқу деген ұғым жоқ.
Осы уақытқа дейін оқыған кітаптарым баршылық. Әдеби, ғылыми, тарихи, өз-өзіңді жетілдіретін туындылар көбісі.
25 жасыма дейін көркем әдебиет оқысам, одан кейін түрлі танымдық кітаптарға, мемуарларға әуестеніп келемін. Сондықтан «мынау-мынау» деп айту қиын секілді.
Кейінгі жылдары ерекше ұнағандары – Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары», Ювал Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы», Ли Куан Юдің «Төртінші әлемнен біріншіге», Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» кітабы.
Оқу бітірген кезімнен өлең жазып бастап едім. Былай тәп-тәуір амбиция бар еді. Сырдың бүгінгі сүлейлерінің бірегейі – Шаһизада Әбдікәрімов ағамыздың «Гладиатор» кітабын оқығаннан кейін өлең жазбайтын болып кеттім. Соған қарағанда «Өлеңді жазсаң, биік етіп, ерекшелеп, өзіңдік қолтаңбаңмен жаз, жазбасаң, жақсы оқырман болып жүр» деген тұжырым жасаған сияқтымын.
Сонымен қатар Мұхтар Мағауиннің, Шерхан мен Бердібектің, Қабдештің шығармашылығы өте қатты ұнайды. Ал әлемдік классика бойынша жапон жазушыларының шығармаларын ерекше атап өткім келеді.


Әңгімелескен
Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!