Жұмыс күнінің алғашқы үш сағатында жедел жәрдем қызметіне 271 шақырту түсті. Ал бір тәулікте мұндай қоңырау саны мың жарымға жуықтайды. Десе де Қызылордадағы жедел жәрдем стансасының мамандары үшін бұл үйреншікті қарбалас.
Ең қызығы, осы салада еңбек ететін мамандардың бір күні қалай өтетіні бізге де, оқырманға да қызық әрі беймәлім. Білместіктің орнын толтыру үшін облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына барып, ішкі тіршілікпен таныстық. Ал жедел жәрдем жұмысының күнделікті қарбаласын бізге мекеменің фельдшері Жалғас Шарапов көрсетті.
Біз таңғы сегіз шамасында стансаға аяқ басқанымызда, Жалғас Қанжарбекұлы өз кезекшілігін қабылдап жатты. Күндізгі ауысым 08:00- 17:00 аралығында болса да, мамандар жұмысқа әдеттегіден ертерек келуге дағдыланған. Кейін бригада көлікке қарай беттеді. Біз де ілесіп келеміз. Әзірге кейіпкеріміздің есімін ғана білгеніміз болмаса, жұмысына кедергі жасамайық деп үнсіз бақылап тұрмыз. Бірде ол көліктегі оттегі қоры, дәрі-дәрмек, аппараттардың жай-күйін мұқият тексерді. Себебі жолға шыққанда барлығы сақадай сай болу керек. Ереже бойынша тексерілді, түнгі кезекшілікте қолданылған дәрі-дәрмектің орны толды. Ал науқастардан шақырту қашан түсетіні белгісіз. Осы арада біз де кейіпкерімізді жақынырақ тани бастадық.
Жалғас Шарапов жедел жәрдемде үшінші жыл еңбек етіп келеді. Медицина саласына келуі де кездейсоқ емес. Әкесі – медицина саласының маманы, ал анасы ауылдағы медициналық пунктте қызмет етеді. Балалық шағы дәрі-дәрмек пен ақ халаттың жанында өткен. Десе де бұл жолды ата-анасының ықпалымен емес, өз қалауымен таңдағанын айтты. Колледжде оқып жүрген кезін еске алғанда, Жалғас бұл қызығушылықтың қалай басталғаны жайлы бөліскен еді.
− Осы саланы оқимын деп саналы түрде таңдадым. Колледжге оқуға түскен кезімде көшеде өтіп бара жатқан жедел жәрдем бригадаларын көріп, солардың ішінде жүрсем екен деп қызығатынмын. Жедел жәрдемде жұмыс істеу – менің негізгі арманым. Мамандығымды қаншалықты жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің хоббиім де, жұмысым да – осы сала. Демалыс үш-төрт күнге созылып кетсе, үйде отыра алмайтыным тағы бар. Жұмысқа асығып тұрамын. Себебі өз қалауыммен келген соң, қызығушылықпен істеймін. Үнемі үйренгің келеді, білмегеніңді білуге ұмтылып, көрмеген шақыртуларға барсам дейсің. Мамандығымды таңдауда қателеспегенім анық, − дей бергенде көп ұзамай алғашқы шақырту келді. Артқы есік арқылы жедел жәрдем көлігіне біз де ілесе мініп, өзімізді фельдшер ретінде елестетуге тырыстық. Осылайша мамандар науқастың үйіне жөнелді. Ал бригада үш адамнан тұрады. Әрқайсысы өз орнында.
Көлікке жайғасқанда Жалғастың қолындағы арнайы планшетке көзіміз түсті. Жедел жәрдемде қағазға толтырып отыратын уақыт жоқ. Қазір барлық дерек «Көмек» қосымшасы арқылы жүргізіледі екен. Шақырту түскен сәттен бастап науқастың дерегі осы жүйеде көрінеді. Жасы, мекенжайы, бұрын қандай диагнозбен есепте тұрғаны, созылмалы ауруы бар ма, қандай дәрі қолданылғаны – барлығы да осында тіркеледі. Фельдшерлер әр шақыртудан кейін көрсетілген көмекті де осы қосымшаға енгізіп отырады. Бір қарағанда жай ғана техника секілді көрінгенімен, бұл жүйе жедел жәрдем жұмысының үздіксіз жүруіне көмектесіп отырғанын байқадық.
Біз бара жатқан науқас егде жастағы ата еді. Ол кісі оттегі аппаратына тәуелді науқас екен. Сол күні үйінде жарық өшіп, арнайы құрылғысының да қуаты таусылған. Соның салдарынан ауа жетпей, жағдайы күрт нашарлапты. Үйге кірген сәтте-ақ фельдшерлер бірден іске көшті. Қан қысымы мен оттегі деңгейі тексерілді. Көрсеткіштер көңіл көншітпеді. Қандағы оттегінің мөлшері де тым төмен. 70 пайызды көрсетті. Ал қалыпты жағдайда 90 пайыздан жоғары болу керек. Кідірместен өздерімен алып жүретін оттегі баллонын қосқанда қарияның тынысы ақырындап қалпына келе бастады. Көрсеткіштер де жоғарылады. Жарық қосылғанша бригада үйден кетпей, жағдайын толық бақылауда ұстады. Аппарат қайта іске қосылып, науқастың жағдайы тұрақталған соң ғана келесі шақыртуға бет алдық. Қарияның үйінде отырған туыстары фельдшерлерге қайта-қайта алғыс айтып, бата берді.
Біліп жүргеніміз абзал, аудандарды есептемегенде Қызылордада жедел жәрдемнің төрт бөлімшесі жұмыс істейді. Қаланың әр бөлігін қамтитын бөлімшелер бар. Десе де барлық шақырту алдымен орталық диспетчерлік қызметке түседі. Сол жерден әр бөлімшенің бағыттаушы маманы тиісті бригадаларды бағыттап отырады. Ал шақыртулар бірнеше санатқа бөлінеді. Жеңіл және орташа жағдайлар бар, ал ең ауыр санатқа жол-көлік оқиғалары, ес-түссіз жатқан науқастар, қан кету, биіктен құлау секілді жайттар жатады. Мұндай шақыртуларда әр минут маңызды. Науқастарды жеткізудің де өз тәртібі бар. Дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі мен сенбі күні көпбейінді қалалық ауруханаға, ал қалған күндері көпбейінді облыстық аурухана жеткізіледі. Жүрекке қатысты кез келген жағдай тікелей облыстық орталыққа бағытталатынын да білдік.

Осы арада келесі нүктеге жеттік. Бұл жолы шамамен отыз жас шамасындағы ер адам. Аяқ астынан қатты ауырсыну басталыпты. Тексеру барысында өт жолындағы дертке байланысты ұстама екені белгілі болды. Науқас ауруханаға барудан бас тартты. Сондықтан фельдшерлер ауырсынуды басатын дәрі егіп, жағдайын жеңілдетті. Әрі қарай тексерілуі керек екені де ескертілді.
Станцияға қайта оралатын кезде Жалғас Қанжарбекұлы өткен күндерін еске алып, кейде жедел жәрдем жұмысының күтпеген қырлары да болатынын айтты.
− Біз бір кабинетте отырып жұмыс істемейміз ғой. Түрлі жағдайға барамыз. Күлкілі шақыртулар да кездеседі, – дейді ол. Соның бірін еске алып, түнгі екі шамасында болған оқиғаны айтып берді. Орта жастағы ер адам хабарласқан. Айтуынша, түсінде аюмен төбелесіп, аюдан жеңіліп қалған. Содан бері қорқып, ұйықтай алмай отырған көрінеді.
– Бұл кәдімгі қорқыныш еді. Мұндай кезде препарат салынбайды, адамды тыныштандыру керек. Фельдшердің жұмысы сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ біз кейде гинеколог та, кардиолог та, психолог та бола аламыз. Міне, осы жағдайда науқасқа психологиялық көмек көрсетуге тура келді. Ал жедел жәрдемдегі ең ауыр шақырту – өз жақыныңа бару, − дейді ол.
Ішке келіп, диспетчерлер отырған бөлмеге де соқтық. Жұмыс өз ретімен жүруде. Телефон дауысы, нұсқаулар, бірақ осы қарбаластың арасында мұндағы адамдардың жылы жүзін байқамау мүмкін емес. Сол кезде әріптестері туралы сұрағанымызда Жалғас та кідірмей жауап берді.
− Жұмысқа орналасқан кезде ұжым жылы қарсы алып, жас маман Жалғасқа қолдау білдірді. Білмегенімді көрсетіп, жұмыс барысын түсіндіріп, әрқайсысы маман ретінде қалыптасуыма әсер етті. Сондықтан атын атап, түсін түстегім келмейді, себебі ұжымымдағы әр маманның орны ерекше, − деді Жалғас.
Алғашқы ауыр шақыртулардың бірі әлі күнге дейін есінде.
− Бізде Бауыржан Әбенов деген фельдшер ағамыз бар. Өз ісін дәрігерден кем білмейді. Сол кісімен бірге бесінші қабаттан құлаған бес жасар балаға бардық. Ол кезде енді ғана жұмыс істеп жүрген кезім, қорқыныш болды, сасқалақтадым. Бірақ аға-әпкелер бағыт беріп, не істеу керек екенін түсіндірді. Сол қолдаудың арқасында өзімді тез жинадым, − дейді фельдшер.
Мереке күндері шақыртулар әдеттегіден әлдеқайда көп түседі. Жалғастың айтуынша, кейде бригада жетіспей қалатын күн де болады. Ондай сәтте демалысқа қарамай, жұмысқа шығуға тура келеді. Сондықтан жедел жәрдем қызметкерлері әрдайым байланыста жүреді.
Тағы бірнеше шақыртудан кейін түскі уақыт та таяп қалғандай болды. Сағатқа қарасақ, үзіліс уақыты жақындап келеді. Бірақ қоңырау түссе, барлығы кейінге қалады. Бүгінгі жұмыс барысы да осылай өтті. Диспетчерден шақырту келген сәтте бригада кідірместен науқастың үйіне жолға шықты.
Күн осылайша шақыртудан шақыртуға ұласты. Біз бірге жүрген күннің өзінде Жалғас Шарапов оннан астам науқасқа барды. Уақыттың қалай өткенін байқамай қалдық. Сағат бесте күндізгі ауысым аяқталды. Жалғас жұмысты кешкі бригадаға тапсырып, стансадан шықты. Бір күн осылай тәмамдалды. Ертең бұл қарбалас қайта басталатынын ол да, әріптестері де жақсы біледі.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!