Қазақстан биыл алғаш рет әлемдік деңгейдегі «Miss Grand International – 2025» байқауына қатысады. Ал сұлулық додасында ел намысын қорғау қызылордалық ару Томирис Қадырханға бұйырды. Әлемдік сахнада қазақ қызының бейнесін көрсету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бойжеткен үшін бұл байқау тек сұлулық жарысы емес, ұлттық болмысты, рухани биіктік пен қазақ қызына тән қайсарлықты танытудың мүмкіндігі. Халықаралық дода Тайландтың Бангкок қаласында 29 қыркүйекте басталады. Ақтық кезең 18 қазанға жоспарланған. Уақыт та жақындады, ал қызылордалық Томиристің дайындығы қалай жүріп жатыр? Сұрап көрдік.
– Томирис, «Miss Grand International – 2025» байқауында ел намысын қорғайсыз. Бұл жаңалықты алғаш естігенде қандай әсерде болдыңыз?
– Әрине мұндай жаңалықты естігенде жүрегімде бір ғана сезім емес, тұтас эмоцияның толқыны қатар оянды. Қуаныш, мақтаныш, толқу, жауапкершілік – бәрі де бір сәтте тоғысты. Жарыстың нәтижесін болжау мүмкін емес. Десе де өзіме сенімдімін. Себебі жеңіске жетсек те, әлде жеңіліс болса да әрі қарай қай жолды таңдайтынымды білемін.
– Дайындық қалай өтіп жатыр?
– Расымен уақыт таяп қалды. Дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. Бұл жерде тек сұлулық бағаланбайды. Бұл – жан-жақты еңбекті талап ететін байқау. Кейінгі апталарда арнайы фотосессиялар мен бейнетүсірілімдерге қатыстым. Солардың ішінде мен үшін ең маңыздысы – бейбітшілікке шақыратын сторителлинг видеосы. Сонымен қатар шығармашылық кезеңге де дайындалып жатырмын. Ән айту үшін арнайы вокал сабақтарына қатыстым. Ал ерекше тоқталуға тұрарлық дүние – ұлттық киімім. Оның эскизі жасанды интеллект көмегімен жасалды. Дәстүр мен заманауи технологияны үйлестіру – менің үлкен арманым еді, енді ол жұмыстың да сахнада жарқырап шығатын күні алыс емес.
– Әлем алдында қазақ қызының бейнесін қалай көрсеткіңіз келеді?
– Қазақ қызы – тек нәзіктіктің символы емес. Оның бойында қайсарлық та, рухани биіктік те бар. Бүгінгі қазақ қызының бойындағы нәзіктік пен батылдықтық көрсеткім келеді. Сахнаға шыққанда ұлттық болмысымды, жүрегімдегі мейірімділікті және ішкі күшімді әлемге паш еткім келеді.
– Байқаудан кейінгі жоспарыңыз қандай?
– Сұрақ барысында өзіңіз де айтқандай, «Miss Grand International»-ға бірінші рет қатысқалы жатырмыз. Мен үшін бұл да бір белес. Ал нәтижесіне келер болсақ, қандай нәтиже болса да, тоқтап қалмауға тырысамын. Байқаудан кейін жаңа бағыттарды зерттеп, өнерде болсын, қоғамдық салада болсын, өзімді дамытуды жалғастырамын. Әрқашан жаңа мүмкіндіктерге ашықпын.
– Көпшілік біле бермейтін үш қасиетіңізді атасаңыз.
– Біріншіден, мақсатыма адалмын. Қандай кедергі болса да, қойған межеге жетуге тырысамын. Екіншіден, әрбір сәт пен жаңа кезеңді мүмкіндік деп қабылдаймын. Бұл сенім маған күш береді. Үшіншіден, жүрегімдегі мейірім – менің басты байлығым. Адамға мейіріммен қарау – өмірдің мәнін сезінудің ең әдемі жолы.
– Сәттілік тілейміз!

Томиристің дайындық барысы мен арман-мақсатын тыңдағаннан кейін, біз байқаудың ресми мән- маңызын «Қазақстан Аруы» ұлттық сұлулық байқауының директоры Айжан Рузаеваның өзінен сұрадық.
– Білуімізше, «Miss Grand International – 2025» байқауына Қазақстан алғаш рет қатысады. Бұл қадамның еліміз үшін маңызына тоқталсаңыз…
– Бұл – Қазақстан үшін тарихи әрі маңызды қадам. «Miss Grand International » әлемдегі ең беделді 5 сұлулық байқауының қатарына кіреді. Біздің дебют Қазақстанның сұлулығы бейбітшілік пен соғысты тоқтату идеясымен біріктірілген үлкен жаһандық сахнаның бір бөлігіне айналғанын білдіреді. Бұл байқау тек сыртқы әдемілікті емес, ішкі мазмұнды, азаматтық ұстанымды көрсетуді мақсат етеді. Сондықтан қатысушы қыздар ұлттық киім, кешкі көйлектер, сұхбат секілді дәстүрлі кезеңдерден өтеді. Олардың шешендік өнері, әлеуметтік белсенділігі, өмірлік құндылықтары мен жеке миссиясы да қазылар үшін аса маңызды.
– Бұған дейін қазақстандық арулар бұл байқауға неге қатыса алмады? Қандай кедергілер болды?
– Негізгі кедергі – ресми франшизаның болмауы еді. Мұндай байқауға қатысу үшін халықаралық ұйымдардың келісімі қажет. Әлемдік ұйымның рұқсатынсыз ешбір ел өз өкілін жібере алмайды. Тек биыл ғана «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының командасы келіссөздер жүргізіп, лицензияға қол жеткізді. Осы арқылы еліміздің тарихында тұңғыш рет «Miss Grand International» сахнасына шығуға мүмкіндік туды. Бұл – ұзақ күткен әрі маңызы зор қадам.
– Әлемдік деңгейдегі осындай байқауда жеңіске жету үшін қазақстандық арудың қандай қырын күшейту қажет деп ойлайсыз?
– Әлемдік додада жеңіс тек сыртқы сұлулықпен келмейді. Мұнда даралық, интеллект, ішкі күш пен жарқыраған харизма қатар жүруі тиіс. Томиристің артықшылығы да осында. Ол ақылды, жарқын, сахнада да өзіне сенімді. Ең бастысы – ұлттық болмысын әлемге көрсетуге дайын. Жеңіске жету үшін біздің ару өзінің тұлғалық ерекшелігін жоғалтпай, сонымен бірге байқаудың философиясын айқын жеткізе алуы керек. Томиристің мұны атқаратынына сенімдімін.
– Қазақстан бұл байқауға тұрақты түрде қатысады деп сеніммен айта аламыз ба?
– Әрине. Біздің мақсатымыз – бір реттік дебют жасап қана қоймай, жүйелі түрде қатысу. Жыл сайын лайықты өкіл таңдап, оларды халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ету үшін кешенді іріктеу мен дайындық жүйесін құруға кірісеміз. Қазақстанды әлемдік аренада тұрақты түрде көрсетіп, ақырындап жаһандық сұлулық байқауларындағы көшбасшы елдердің қатарына қосуды көздеп отырмыз. Болашақта «Miss Grand International» жеңімпаздарының қатарында Қазақстан аруы да болады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!