Күнделікті күйбең тіршіліктің бел ортасында жүріп алдымыздан кездесетін кішкентай сынға шыдас бермей, жігеріміз құм болып, жанарымызды су алып, жасып жатамыз. Ал тағдырдың қатал тұзағына түссек ше… Бүгін біз әңгімелейтін жан нағыз қайсарлықтың құнын көрсетіп, ерік-жігердің мықтылығына мысал бола білген жан. Туа бітті дертке шалдыққан Мөлдір Маханбетова өмірге деген құштарлығының арқасында спортқа деген махаббаты оянып, бүгінде талай байрақты бәсекелерде оқ бойы озып келеді. Жуырда ғана Алматы қаласында пара поуэрлефтингтен өткен Қазақстан чемпионатында 86 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, рекорд жаңартқан жерлесімізбен ашық әңгіме өрбітудің сәті түсті.

– Мөлдір Темірқызы, ел біріншілігінде алтыннан алқа таққан екенсіз, құтты болсын! Білуімізше, поуэрлефтингке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Жалпы спорттың бұл түріне тоқталуыңызға не түрткі болды?

– Рақмет! Иә, осы спортпен шұғылданып келе жатқаныма 2 жылдан асты. Ал оған себеп болған – әріптесім Сәбит. Бірнеше рет маған ұсыныс айтып, поуэрлифтингпен айналысуымды сұраған. Алғашында бұл спорт қыз баласына ауыр болады деп түйдім. Бірақ 3 айдың ішінде қалай жаттығу алаңында ауыр темірді еңсеріп жатқанымды байқамай да қалдым. Осы уақыт ішінде жеткен жетістіктерім жаман емес. Бұйырған жерден қоржыным бос қайтпайды. Қазіргі күні «Спортпен неліктен ертерек шұғылданбадым екен» деген өкініш бар. Мүмкін осы уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы спортшылардың қатарында боларма дім, кім білсін?!

Қандай спорт түрі болмасын, қиындығы мен қызығы қатар жүреді ғой. Сол секілді менің де жаттығу залындағы, жарыстардағы әрбір сәтім ерекше өтеді. Өзім Қызылорда қалалық спорт бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының спортшысымын.

Мөлдір МАХАНБЕТОВА: Тағдырластарым үлгі тұтатын тұлға болғым келеді

– Жаттығуға қанша уақытыңызды арнайсыз?

– Әрбір жарыс үлкен дайындықты талап етеді. Жаттығусыз ауыр темірді еңсеремін деу бекер әңгіме. Өйткені тапсырыс берген салмақты көтеремін деп тұрғаныңызбен соңғы сәтте қиындыққа тап болуыңыз ғажап емес. Ал ұдайы жаттығу бар жерде нәтиже де болады. Сондықтан аптасына 3 күн, яғни дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндерін «Тарлан» бокс федерациясының алаңында өтетін жаттығуға арнаймын.

Баулитын бапкерлерім – Кабира Асқарова мен Айбек Абжан үнемі жанымнан табылып, жігерлендіріп отырады. Сол үшін жаттықтырушыларыма шынайы алғысымды білдіремін. Осындай білікті мамандар барда әлі талай биік белестерде төбе көрсетіп, додалардан құр қайтпаймын деп ойлаймын.

– Халықаралық дәрежедегі және ҚР-ның спорт шебері ретінде түрлі додаларда бақ сынап келесіз. Тіпті әлемдік ареналарда да ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрсіз. Аз уақыт ішіндегі жеңісті жорықтарыңызға тоқталсақ…

– Жоғарыда айтып өткендей, поуэрлифтингпен шұғылданып келе жатқаныма 2 жылдан асты. Осы уақыт ішінде бұйырған жүлдені қанжығама байлап келемін. Мәселен, 2022-2023 жылдары Ақтау мен Тараз қалаларында өткен Қазақстан біріншілігінде жүлделі І орынды иеленіп, «ҚР спорт шебері» дәрежесін алдым. Былтырғы жыл мен үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Өйткені ол Грузия елінің Тбилиси қаласында өткен «Әлем кубогінде» қола жүлде еншілеп, артынша Таиландтағы дүбірлі додада ІІ орын, жалпы есепте І орын иегері атанып, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иемдендім. Одан кейін Астана қаласындағы VI Жазғы Паралимпиада ойындарында күміс жүлде бұйырды. Ал биылғы жылы Тараз қаласында ел чемпионы атансам, Алматы қаласында Қазақстан рекордын жаңарттым. Нақтыласам, үш тапсырыста да өз рекордымды өзім бұзып, соңында 92 келі ауыр зілтемірді еңсердім.

Мұның барлығы тынымсыз жаттығудың арқасында жеткен жетістік. Бұл әлі басы деп білемін. Алда мені тәтті де сәтті күндер күтіп тұрғанына сенемін.

Мөлдір МАХАНБЕТОВА: Тағдырластарым үлгі тұтатын тұлға болғым келеді

– Есіңізде қалған ерекше жарысыңызбен бөліссеңіз…

– Мен үшін ең ерекше есте қалғаны – Таиландтағы бәсеке. Өйткені мен елімнің спортшысы ретінде қолымды кеудеме қойып, көкке көтерілген көк туға қарап тұрып әнұранымызды шырқадым. Әлем елдерінің алдында осындай дәрежеге жетіп, ел намысын асқақтатқаным маған ерекше әсер сыйлады. Ол кездегі толғанысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…

– Өзіңіз секілді спортшыларға қандай қолдау күтесіз?

– Қазір спортқа қызығатын жас балалар өте көп. Міне, осындай өрендерге жаңа форма алып беріп, айдың үздігі болған жас спортшыларға сыйақы дайындалса, спортқа ден қоятын жастардың қатары артар еді. Ал бұл жағы бізде ақсап тұр. Айтып өткенімдей, мен біраз жарыста болдым. Сол тұста өзге өңірлерден келген спортшыларға қарап сүйсінесің. Барлығы бірдей формада, ерекше әсерқалдырып жүреді. Ал біздің облыс бір форманың өзін алып береміз деп жүргеніне біршама уақыт болды. Сосын өзіміз сатып алуға тура келеді. Осындай кішкентай болса да көзге көрінетін жағдайларды реттесе, спортпен айналысатын жандардың қатары ұлғаяды.

Тағы бір айта кетерлігі, біздегі қаржы мәселесі. Ауыр атлетиканың жағдайын өзіңіз білесіз. Бір жарыстың өзі денсаулыққа үлкен кері әсерін беріп жатады. Ал оны қайта қалыпқа келтіру үшін пайдалы витаминдер тұтынған жөн. Сондай сәттерде барлығы өз қалтамызға түсіп кетіп жатады. Міне, осы бір мәселелер шешімін тапса деймін. Спортшыға жағдай жасалса, кез келген асуды бағындырады деп ойлаймын.

Сонымен қатар Өзге аймақтарда спортшылар ел біріншілігінен жүлделі келсе, арнайы сыйақы тағайындап ерекше қарсы алады. Ал Сыр елінде мен спортқа келген уақыттан бері мұндай жағдай болған емес.

Мөлдір МАХАНБЕТОВА: Тағдырластарым үлгі тұтатын тұлға болғым келеді

– Спорттан бөлек қоғамдағы қызу тіршіліктің бел ортасында жүресіз. «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінде қызмет атқарады екенсіз. Қай уақыттан бері жұмыс істейсіз?

– Жас болған соң елдегі жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Елдің аузындағы әңгімелер, әлеуметтік желідегі сағат сайын жаңарған мәліметтерге қанық боламыз. Кей жаңалықтарды көзім шалып, қынжылып қаламын. Сондай сәттерде осы елдің ауасымен тыныстап жүргеннен кейін аз да болса қоғамға пайдам тисе екен деймін.

2022 жылдың сәуір айынан бастап қоғамдық жұмыс негізінде «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінде жұмыс істеймін. Жаңа орта мені айналаммен ашық танысуға, қызу тірліктің бел ортасында жүруді баулыды. Негізінен біз мүгедектігі бар жандарға компьютерлік, инвасто, инватакси қызметтері арқылы көмек береміз. Ал осындай ортада жүру маған қатты ұнайды. Көптеген өзіммен тағдырлас жандармен кездесіп, олардың ішкі жан-дүниесін тыңдап, сыр шертеміз. Сол арқылы қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, қолымнан келгенді жасаймын. Менің құлшынысымды оятқан ортаның басшысы Сағатбек Қуанышбайұлына мың алғыс.

– Арбаға таңылса да қайсар мінезімен тағдырдың тосын сыйларына қарсы тұра білетін Мөлдірдің алдағы жоспары қандай?

– Адам қиялы шексіз ғой. Кешкілік жастыққа бас қойғанда көптеген жоспарларымды ойша тізбектеп шығамын. Кей сәттерді көз алдыма елестетіп, соған қарай қадам басу керектігін түсінемін. Өмірге деген құштарлығымды оятып, қоғамнан өз орнымды табу үшін күні-түні еңбек еткен анамның жүзіндегі күлкі маған үлкен мотивация сыйлайды. Сондықтан сол үшін мен аянбай тер төгемін.

Алдағы жоспарым – қоғам белсендісі болып, өз тағдырластарым үлгі тұтатын тұлға болу. Сондай-ақ спортта биік белестерді бағындырып, өз бақытымды табу. Бір ғана бағытта қатып қалмай өзімді түрлі бағытта сынағым келеді. Қалғаны уақыттың еншісінде.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет! Өміріңіз жетістікке толы болсын!

Әңгімелескен Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!