Бұл қыздың есімі аталған уақытта «Тарихта алғаш рет» деген атағы қатар жүреді. Себебі, ол қазақ каратэшілерінің арасында тұңғыш әлем чемпионы. Қызылордалық спортшы бір уақыттары спортпен қош айтысуға бел буған. Десе де, жаттықтырушысына берген уәдесін орындаған Мөлдірдің әлі де бағындырар белестері бар. Жұдырықты қыздың отбасылық өмірі мен алдағы жоспарын оқырманға ұсыну мақсатында сұқбат алаңында әңгімелесіп көрдік.
– Қош келдіңіз, Мөлдір! Желі белсендісі ретінде өзіңіз жайлы көп ақпарат бар. Оқырмандарға соңғы жарысыңыз бен алдағы іс-сапарыңыз жайлы тоқталсаңыз?
– Қош көрдік! Соңғы жарысым жайлы айтар болсам, қаңтар айында Парижде болдым. Рейтингтік премьер лига бәсекесінде 3-орын алдым. Бұл турнирге дайындығым аз болып қалды. Оның себебі – баспаналы болу. Соның аз-кем жұмыстарының салдарынан жаттығуға көңіл толық бөлінбеді. Ендігі сапарым – Қытай елі. Бұл бәсеке де премьер лига. Яғни, рейтингтік турнир. Өз салмағымыздағы «Топ» спортшылардың бәсекесі десек те қателеспейміз. Қазіргі таңда 1-шы орында тұрмын. Екіншіге, Венесуэла елінің спортшысы жайғасқан.
– Әлем чемпионы болу үлкен еңбекті, маңдай терді, жігерді, төзімді талап етеді. Тарихи жеңісіңіз жайлы сөйлессек…
– Дұрыс айтасыз, оңай жүлде жоқ. Қалалық турнирді ұтудың өзіне 1 жыл дайындығыңызды арнайсыз. Енді елестетіңіз… Тәжірибенің нәтижесінде үлкен аренада татамидің үстінде сынға түстік. Әдеттегідей «сен тұр, мен атайын» сынды үйреншікті қарсыластар(күліп). Сондықтан болар, мен үшін аса қиындық тудырмады. Азия чемпионатынан кейін, араға 10 күн салып, Әлем чемпионатына аттандық. Қарсыластардың әрқайсысына тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, барлығы да іріктеуден өткен мықты спортшылар. Бұл жерде сәттілік маған серік болды деп есептеймін.
– Бұл жеңісіңізден кейін ақпарат құралдары жиі хабарласып, жанкүйерлеріңіздің артқаны анық… Аздап «Жұлдыз» ауруына шалдыққан жоқсыз ба?
– Жоқ, әлі күнге дейін түрлі қоңыраулар түседі. Уақытым артылып, жолым түсіп тұрса барлығына да жауап беруге тырысамын. Мысалы, бүгінгі сұқбат секілді(күліп). Өзгелерге басқалай көрінуім мүмкін. Бірақ өзімді «жұлдыз» болып кеттім деп есептемеймін.
– «Баспаналы болдық» деп айтып қалдыңыз. Отбасылық өміріңіз туралы ақпарат берсеңіз?
– Иә, жақында үй салдық. Ата-енем осы күнге дейін бізді қолдап келді. Өздеріңіз білетіндей, менің күйеуім де спортшы, ал атам жаттықтырушы. Енем бізге қолдау көрсетіп, немере бағу секілді жұмыстарды өз мойнына алады. Менің жұмысым – жаттығу. Ал жаттығу күніне 2 сағат болса, қалған уақытта үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысамын. Кейде реті келсе, қызымызды жарысқа алып кетуге тырысамыз.
Жаңа үй алғаннан кейін де аса қатты өзгеріс болмады. Дидар (күйеуі) үйінің жалғыз ұлы болғандықтан қазір де ата-енеммен тұрамын. Барлығымыз бір-бірімізге қолдау, демеу көрсетуге тырысамыз. Отбасы бақыты да бағыты да осы емес пе?!
– Спортшыларды білеміз, көбіне үйінен шалғайда жүреді. Бірде жарыста, бірде оқу- жаттығу жиындарында. Сол уақыттары басыңыздан өткен қызық жағдаймен бөлісе кетіңізші.
– Мынау бір тосын сұрақ болды. Менің есте сақтау қабілетім нашар, алдын ала дайындалып келуім керек еді. (күліп). Әр жарыс өзінің қызықты оқиғасымен есте. Міндетті түрде форс-мажор сәттер болады. Мынадай қызық болған. Чили мемлекетіне ұшатын болдық. Ұшып барудың өзі ұзақ. Менің қолымда шетелдік құжатым болған соң ескі паспортымды сейфке тастап кеткен болатынмын. Кілті өзімде. Сөйтсем, визам сол айда ескі құжатыммен алынған екен. Біз ұшатын уақытта, барлығы тіркеуден өтіп, мені тастап кетті. Жалғыз өзім командамнан қалып қойдым. Бір уақытта, үйге қайтып, құжатымды алып, билетімді алмастырып, командамның артынан жетіп алғанмын. Себебі біз Парижде 7 сағат күтіп, рейс алмастыратын болдық. Сол аралықта мен де жетіп үлгерген едім.
– Өзіңіз қай жарысқа барсаңызда, ел қоржынын толтырасыз. Мотивацияны қайдан аласыз?
– Мотивация емес – намыс дегеніміз дұрыс шығар!? Жеңілгім келмейді. Мысалы, кешегі Париждегі турнирді алайықшы. Алғашқы жекпе-жек. Жыбырлап қалған қызбен бақ сынадым. Қайта-қайта шабуыл жасап, менің физикалық дайындығымды әлсіретіп тастады. Есеп 3-1 оның пайдасында. Бір уақытта түріне қарап, ұтылғым келмей қалды (күліп). Екінші дем ашылып, «Дәл сенен ұтылмаймын» дегенім бар. Нәтижесінде, жалпы есеп 5-3 болып, менің пайдама аяқталды.
Қараңызшы, мен қарсыластарыммен айына 2 рет кездесемін. Мен неге ұтылуым керек? Соңғы жарысымда 3-орын алдым. Соның өзінде жарыста «Неге ұтылып қалдым?» деп келесі турнирге дейін жарысты түсімде көріп шығамын. Ал Олимпиадада ұтылғаныма әлі күнге дейін өкінемін. Сол сәттерді қайта көре алмаймын. Спортшыға мотивациядан бұрын, қаншама тер төгіп, уақытымды құртқаннан кейін жай барып ұтыла салу – ақымақтық деп білемін. Басқа спортшыларды ерігіп жүр деген сөзім емес. Адамның бағы болады, Құдайдың маған берген бағы деп білемін. Бастысы – ниет.
– Сіз туралы сұрағанда «Мединаның несібесі бар» деген ақпаратты шолып қалдық. Қателеспесем, қызыңыз дүние дидарын ашқаннан кейін жарыстағы нәтижелеріңіздің жақсарғанымен байланыстырған болу керек?
– Дұрыс айтасыз, Мединаны үйдің несібелісі деп айтамыз. Расыменде дүниеге келгелі несібеміз артып, жолымыз ашылады бастады. Бірақ ұмытпауымыз керек, менің каратэдегі мансабыма аз уақыт бола қойған жоқ. Неше жылғы еңбекті, тәжірибені жоққо шығаруға болмайды. Жеке жаттықтырушым өмірден озғаннан кейін, спортпен қош айтысамын деп ойлағанмын. Сонымен көп ойланып, жалғастыруды шештім. Араға үзіліс салып, қайта жарыстарға шыға бастап, әлемнің әр мемлекеттерінде тұғырдан көрініп келемін. Сол уақыттары 4 айдың ішінде Олимпиадаға жолдама алдым. Премьер лига турнирлерінде топ жардым. Шынын айту керек, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген уақытта тұрмыс құрдым, сәби сүйдім.
– Қазір Алматы облысының тұрғынысыз. Өзіңізден кейінгі Қызылордалық спортшыларды бақылайсыз ба?
– Әрине, қазіргі жастардың спортқа қызығушылығы мені таңқалдырады. 14 жасымда мен олай жасаған емеспін. Спортшылармен кездесу, олардың тәсілдерін қайталаусынды үнемі ізденісте болады. Жақында ғана Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер құрамасы бірінші орынмен келді. Осының өзі үлкен жұмыстың дәлелі деп білемін. Өзім де чемпионаттардың алдында келіп, тәжірибеммен бөлісіп кетуге тырысамын. Бұл спортшылар үшін өте маңызды.
– Спорт саласында жүрген немесе жалпы жастарға айтар кеңесіңіз болса…
– Қай салада болса да еңбек ету керек. Телефонға тәуелділіктен арылып, зиянды әдеттерден аулақ болса деймін. Үлкенді құрметтеп, ұятқа қалдырмайтын әрекет жасаса, адал қызмет істесе – Алла өзі береді. Бар айтарым осы.
– Сіздің парақшаларыңызды жиі қарап отырамыз. Әлеуметтік желілерде белсендісіз. Блогер болу жоспарыңызда бар ма?
– Иа, камерадан қорықпаймын, ұялмаймын. Бірақ монтаждауға, түсіруге келгенде жалқаумын. Қатты ерінемін. Осы мәселемді реттеймін адам болса мен қарсы болмайтын едім. Мүмкін кім біледі, блогер болып кетерміз?! Шынымды айтсам, осы саладағы адамдарға да ішім ашиды. Дым спортқа қатысы жоқ азамат курс сатып жүреді. Қазір нақты жоспарым жоқ, өзімді белсендімін деп те санамаймын. Уақытым болса желіге бөлісіп отырамын.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдос МЫРЗАЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!