Жастарды жаңа орта, жақсы қоғам жарқын болашаққа жетелейді. Бұл ретте шекара асып, таным кеңейтудің тұлға болып қалыптасуға ықпалы зор. Кореяда білім алып жүрген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Балжан Аямен тілдесу барысында осы тұжырымға анық көз жеткіздік.

Мүмкіндік пен уақытты тиімді пайдалану − үлкен шеберлік

Балжан, білім алу үшін Корея елін таңдауыңызға не әсер етті? Салада сізді қызықтырған басты артықшылықтар қандай?
− Кореяда білім алу мені бала күннен бері қызықтыратын. Тек білім алып қана қоймай, оқу бітірген соң жұмыс істеп Кореяда қалу да ойымда болған. Осы елде тұрып жатқаныма бір жарым жылдан асты. Бүгінде ойларым да, түсінігім де біраз өзгерді. Кореяның артықшылықтарын біздің елмен салыстыруға келмейді. Қазіргі таңда SNS арқылы Корея өзін танытуға барын салып жатыр. Мен қызыққан негізгі аспектілер – мәдениет, халқының салт-дәстүрлерін ұстануы және тарихқа деген құрмет болды. Кәрістер де жапондықтар секілді барлығын таза ұстайды, ешкім бір-біріне рұқсатсыз тимейді, заттарын алмайды. Заң да қатал болған соң ел өте тыныш және адамдарға барлық жағдай жасалған.
− Бұл мемлекетке келу сізді қандай деңгейге өсірді? Елдегі Балжан мен шетелде тәжірибе алмасып жүрген қазақ қызының айырмасы бар ма?
− Айтарлықтай өзгеріс бар деп санамасам да, байқалатын бірнеше тұсы бар. Біріншіден, қазір шетелді көрген адам өз еліне қайтқысы келмейді деген түсінікпен менде келісемін. Бұрын болашағымды, оқуымды жоспарлаған кезде фантазиям тек Қазақстанмен ғана шектелетін. Ал қазір жоспар құрғанда өзіме ешқандай шектеу қоймаймын. Екіншіден, әр нәрсенің орнын біліп, шүкіршілік етуге әрдайым дайын болатын болдым. Себебі, үйіңде, жайлы ортада өмір сүріп келіп, жалғыз басқа елге бірінші рет кетіп қалған кезіңде көп дүниенің орны сезіледі екен. Сонда да бұл үлкен эксперимент екенін білемін. Себебі бұл сапар маған көбіне тек жақсы эмоцияларды сыйлады. Соңғы қосарым, Кореяға келу арқылы үлкен жауапкершілік алып үйрендім. Жалғыз тұру, өз-өзіңді асырай білу, денсаулығың, тамағың және ең бастысы оқуың үшін тек сен жауап бересің. Жауапкершілікті қандай деңгейде алып шығуың өзіңе ғана байланысты.

Мүмкіндік пен уақытты тиімді пайдалану − үлкен шеберлік


− Соңғы уақытта мамандар жастарға қабілетін толық пайдалану керегін айтады, яғни осы кезеңде мүмкіндіктерге қол соза білу керек. Осы орайда сізден қабілетіңізді қаншалықты тани алдыңыз деп сұрағым келіп отыр…
− Адамда бар қабілетті өшіріп алмай дамыту − қиын күрес. Бірақ қиындықтың өзінен мүмкіндікті көретін адам тауды жарып шығады. Мүмкіндік пен уақытты жіберіп алмай, тиімді қолдану да үлкен шеберлік қой. Пенде болғандықтан қателіктер жібереміз, ойымыз алаңдаумен басқа жаққа кетіп қалып, қолымыздағыны жіберіп алатынымыз бар. Адамның өз-өзін тануы үшін жүз жыл да жетпес. Мен тек не нәрсеге икемім барын және қай салада тырысуым керегін жайлап біліп келе жатырмын. Түсінгенім – әрекет жасап, әртүрлі мүмкіндіктерді іздеп, оларды қолдана алмасаң бойда бар қабілеттен де пайда жоқ.
− Қазір корей туындыларына көпшілік тарапынан сұраныс жоғары. Әдетте кореялық фильм, дорамалар да тікелей өз өнімдеріне жарнама жасайды. Жергілікті халық үшін де отандық өнімдері үлкен сұранысқа ие ме?
− Корей халқының теледидарынан тек отандық бағдарламаларды көре аласыз. Себебі, шетелдің фильмдерін олар заң бойынша сатып алып ғана көре алады. Біздің халық корей туындылары мен артистерін сүйіп көрсе, корей халқы далада кетіп бара жатып «жұлдызды» көрсе де қатты таң қалмайды. Осы кезге дейін мен де корей дорамасына екі рет түсіп көрдім. Бұл мен үшін қызықты тәжірибе болды. Танымал актерларды көргенде олардың өзің сияқты қарапайым адамдар екенін түсінеді екенсің. Корей халқы − өте патриот адамдар. Өз туындыларын алға шығарып, ықпалын тигізуге тырысады.
− Жаңа орта сіз үшін тың идеялардың ортасы бола алды ма? Ол жақтан үйренген жаңа ақпараттарды болашақта қандай жоспарларға айналдырғыңыз келеді?
− Жаңа ортам маған күш беріп, қолдау көрсете білді. Бір қызығы, бұл жақта қазақтар көп. Біреуі университетте білім алып жүрсе, екіншісі заңсыз жұмыс жасайды. Кореяда бар технологиялар, ресторан желілері және тағы да басқа бизнес идеяларды жүзеге асырып жүрген қазақ бауырларымыз көп. Ортасы өзгергенде адам да жақсы өзгеріске келеді екен. Алайда, артқа қарай шегініп бұрыс ағымға кетіп қалмау абзал. Алдағы уақытта алған білімімді Қазақстанда дамытып, мемлекетімізге өз үлесімді қосу жоспарда бар.
− Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!