«Жиырма жыл болды ірі шаруашылықтарды қолдап келе жатқанымызға, әлі сол деңгейдеміз. Неге біз шағын кәсіпкерлерді қолдамаймыз? Үй шаруашылығында отбасылық кәсіп жасап, фермер болып отырғандар мемлекеттен субсидия да, қолдау да алмай, кәсіптерін жүргізіп келеді» деді Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев бір жиында.
Бұл мәселе әсіресе, төрт түлікті кәсіп еткен жандары көп біздің өңірдің халқының құлағын елең еткізді. Депутаттыққа дейін облыста бірнеше ауданды басқарған Мұрат Нәліқожаұлына бұл тақырып жат емес екені анық. Таяуда біз Мәжіліс депутатына хабарласып, мал шаруашылығына байланысты бірнеше сауал жолдаған едік. Ол мал шаруашылығындағы қолдауды ауылдан бастасақ, жастардың елден-ақ екі қолға бір күрек табатынын, ауылдық елді мекендерімізді дамытудың бір жолы осы екенін нықтап айтты.
– Мұрат Нәліқожаұлы, таяуда жиында жиырма жылда ірі шаруашылықты қолдаудан өзгеріс болмай жатқанын айттыңыз. Есесіне, шағын шаруашылықтарды қолдау арқылы ұтатынымыз көп. Осылай ғой?.. Тарқатып айтып берсеңіз.
– Мал шаруашылығын дамыту – үлкен мәселе. Бірақ одан да үлкені – ауыл шаруашылығы саласын, елді мекендерді дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру. Демек майда шаруашылықтарға да қатты мән беруіміз керек. Бұл үлкен шаруашылықтарды, ірі кәсіпорындарды мүлдем қолдамау керек деген сөз емес. Ірі компаниялардың айналасында көптеген жұмыс орны болады. Жұмыстың сапасы жоғары болуы кәдік.
Елдегі әрбір отбасы үкіметтің қолдауына мұқтаж болмауы керек. Олар өздерінің тірлігімен айналысып кету керек. Нақты мысалға алар болсам, Сырдария ауданына қарасты Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарында әрбір екінші, үшінші үй мал бордақылайды. Оның ішіндегі жылқы шаруашылығы. Олардың өздерінің әдістері бар, сататын орындары бар. Малды да сатып алып жатыр, етті де өз беттерімен өткізіп отыр. Бірақ олар ешқандай субсидияны алып жатқан жоқ, қолдау көріп отырған жоқ. Өз күштерімен барынша алға басып, тырысып жүр. Дәл осылай кәсіп істеп жүрген бір азаматты білемін. Небәрі төрт бастан бастаған, бүгінде оның қорасында 50 бас жылқы бордақыланып тұр. Міне, еңбекқорлық. Осы азаматтарды неге қолдамаймыз? Оларды қолдап, демеп жіберсек, бүтіндей бірнеше отбасының жағдайын жақсартар едік. Мемлекеттен көмек алуға мұқтаж болмайды. Біз осы жағына мән беруіміз керек.

– Бұл мәселенің арғы жағында қарапайым халықтың әл-ауқаты, мемлекеттің экономикалық хал-ахуалы жатыр деуге болады…
– Менің ұстанымым – ауылдағы әрбір отбасын, әрбір кішігірім шаруашылықты осылай дамыту. Егер біз қолдауды ауылдан, қарапайым отбасынан бастасақ, жастарымыз жұмыс іздеп үлкен қалаларға, шетелге кетпейді. Бұл жерде тағы да қайталап айтамын, өте жақсы қолдау керек. Мысалы, бізде жақсы бағдарламалар болды. Естеріңізде болса, ол жерде жоғары талап болатын. Мәселен, кемінде үш мың басқа арналған бордақылау алаңы болу керек деген талапты алайық. Еттің әр келісіне 300 теңгеден субсидиясын беретін болды. Одан кейін бордақылау алаңының көлемін 1500 басқа азайтылды. Оған субсидия әр келісіне 150 теңге болып бекітілді. Мен сол кезде «Мысалы менің жағдайым келмейді бұған. Үш мың, мың жарым басқа арналған бордақылау алаңын салу кімнің қолынан келер дейсің?! Менің ауламда 50 басқа дейін ұстауға мүмкіндігім бар. Сондай нәрсені қолдайық» дедім. Міне, осындай болғанда ғана іс нәтижелі болып, ауыл-аймақ өзі-өзін қамтамасыз етеді. Әрине ірі шаруашылықтар болғаны жақсы. Кіші шаруашылықтар сол ірілерінен тұқымдық алуға болады. Үй шаруашылықтағылар осылай тұқымдық ала алады.
– Демек шағын шаруашылықтарды, яғни, үй шаруашылықтарын дамытып, үлкен компаниялар деңгейіне жеткізу керек…
– Бұл мәселені бір сөзбен ғана айтуға болмайды. Өйткені, бұл – жан-жақты тақырып. Бірінші кезекте біз малдың басын көбейту мәселесін қолға алуымыз керек. Атақты Карл Маркс «Біріншіден, санын көбейтіп, кейін сапаға көшу керек» деген екен. Бұл – экономиканың заңы.

– Бірінші кезекте деп қалдыңыз. Мұнан кейінгі саты қандай?
– Иә, бірінші кезекте малдың басын көбейтіп алуымыз керек. Содан кейінгісі – саннан сапаға көшу. Мәселен, ірі қараны мысалға алайық. Мен бір кісіні білемін. Қарапайым сиырлар асырайды және сүт сатады. Қарапайым сиыр бір күнде әрі кетсе, 5-6 литр сүт береді. Оның 10-15-тей сиыры болатын. Енді олар 6 литрден бергенде бір күнде 90 литр сүт болады. Бір уақыттары ол сол ірі қараның барлығын сатты да, орнына 8 бас сүт бағытындағы сиыр әкелді. Ол сиырдың әрбірі күніне 14-15 литрден сүт береді. Енді есептеңіз, ол жем-шөпті бұрынғыдан екі еседей аз пайдаланады. Ал бірақ сүтті бұрынғыдан әлдеқайда көп алады. Мысалы, 8 бастан 120 литр сүт алып жүрді. Ал бұрын 15 бас сиырдан 90 литр алатын. Енді оның малға беретін жем-шөбінен басқа вакциналары, дәрілерінің барлығы кәдімгідей екі еседей азайды. Бірақ пайда артпаса, кеміген жоқ. Саннан сапаға көшу деп отырғанымыз осы.

– Мұрат Нәліқожаұлы, мал шаруашылығы өзі жан-жақты тақырып қой. Бұл жерде өңірлердің табиғатын да назарға алған дұрыс шығар…
– Өте дұрыс айтасың. Батыс Қазақстан, Ақтау, Атырау жақта мал бордақылау өте қиын. Бұл аймақтарды жайылымдық бағытта қарастыруға болады. Оңтүстік, шығыс өңірлерде жем-шөп мәселесі қалай, соны зерттеп алу керек. Өзің білесің, Қызылорда облысы күріш егумен айналысады. Мал азығынан мұнда мәселе жоқ. Осы жаққа бағыттау керек. Мысалы, он мың басқа осынша көлемде жем керек деп зерттеу жасап, нақтылаған жөн. Осы сияқты Павлодар облысының бұл бағыттағы мүмкіндігін де сараптаған дұрыс.
Тағы бір мәселе, қазір мал бағасы өсіп кеткен соң мемлекет экспортқа шектеу қойып жатыр. Ол дұрыс. Бір жағынан біз өзімізді, отандастарымызды ойлауымыз керек. Олардың қалтасына қиындық түспеуі керек. Бұл – уақытша шектеу. Енді қайда сатуға болады? Мәселен, қаланың ішінде, яғни, айналасында тойханалар жетерлік. Олар қанша ет тұтынатынын зерттеуге болады. Одан бөлек, қанша соғым сойылады, қанша той болады? Мұның барлығын есептеу керек.
Ал енді экспортқа шығаруға келейік. Әлгінде біз айтқан ірі шаруашылықтардың жұмысы осы ауқымда қызады. Өйткені, бұл бағыттың өзінің талабы бар.
Біз бұл жерде өзіміздің нарығымызды іздеуіміз керек.
– Әрине қолдау болған соң, оның нысаналы бағытта қолданылғаны жақсы. Бірақ кейде бір адам екінші бір адамнан мал алдым деп рәсімдеп, өзінің тіркеуде жоқ малын сол тізімге қоя салады. Несие алынды, бірақ мал санында өзгеріс жоқ. Мұндай да жағдайлар бар екені рас…
– Иә, мұны бір жолға қойған жөн. Бір ауданнан екінші бір ауданның адамы алса, тәуекел. Бірақ бір жердегі екі адам бір-бірінен алған жағдайларды зерттеу керек. Мәселен, бір ауылдың ішінде 5 мың ірі қара бар дейік. Ауылда несие алған 10 адам 100 мал алды деп есептейік. Қағаз жүзінде мал басы көбейген сияқты. Бірақ ауыл ішіндегі мал саны сол бұрынғы 5 мың бас болып қала береді. Біз малдың саны жағынан 1991 жылғы көрсеткіштерге әлі жете алмай отырмыз.

– Аға, субсидия мәселесіне қайта оралсақ… Ірі шаруашылықтар алады да, шағын шаруашылықтар өз күнін өзі көріп қала береді. Осы жүйені халыққа ыңғайлап, жеңілдетуге болмай ма?
– Мен өз басым субсидияға қарсымын. Тегін нәрсенің қай-қайсысы да нәтижесіз болады. Тегін нәрсе ешқашан пайда әкелмейді. Сондықтан несиелендіру мәселесін қарастыру керек. Ол ұзақ мерзімде болуы керек. Бізде жақсы бағдарламалар бар. Мәселен, «Даму» қоры 80%-дық кепілдігін жауып береді. Өте керемет бағдарлама. Бірақ оны біз үй шаруасындағыларға бағыттауымыз керек. Кез келген нәрсенің қайтарымы болуы керек. Қаражат айналып, қайта оралғаны жөн. Ол – экономиканың заңы.
Ауылдағы үйдің құны 5 млн теңге болса, оған 5 млн теңге несиені бере алмайды және беруге де болмайды. Егер де несиені 100% нарықтық бағасымен берсе, онда ол тегін берген болады. Сонда «мә, ала ғой» деп кепіл мүлкін бере салады.
Түптеп келгенде, менің субсидия туралы нақты көзқарасым мынада: субсидиядан біз ұзақ мерзімді несиелендіруге ауысуымыз керек. Нарықтың да бағыты осында.
– «Егер кооператив құрсаңыздар, көп ала аласыз» деген ұсыныстар болатыны бар. Кооперативті несиені көп алу үшін құратындар да жетерлік. Бізде үш адам кооператив құрса, үшеуі де мал бордақылайды. Негізі кооперативте бір адам мал бордақылайды, екіншісі жем-шөп дайындайды, үшіншісі етті өткізеді. Заңдылығы солай сияқты. Сонда бізде кооператив дегенді үш адам біріксе болды деген түсінік әлі де бар сияқты. Осыған байланысты айтар ойыңыз қандай?
– Кооператив жақсы. Бірақ оның әрбір мүшесі пайда тауып отыру керек. Ағайынды үшеудің атынан құра салып, біреуі ғана пайдаға кенеліп отырған нәрсе кооператив емес. Кооперативте бес адам болса да, өзара шарт болу керек. Ол жерде кімнің қанша үлесі бар, кім қанша табады, осының бәрі тайға таңба басқандай жазылып тұрғаны жөн. Сол сияқты жерді кім жыртады, егінді кім егеді, малды кім бағады, етті кім өткізеді, осының барлығы да белгілі болғаны ләзім. Жоғарыда айтып отырғаның дұрыс, егін шаруашылығы болсаң, мен мал бордақылау үшін шөпті өзіңнен аламын. Міне, сонда ғана кооператив боламыз.

Осы ретте «Ауыл аманаты» деген керемет бағдарлама бар. Жан-жақты ойластырылған жақсы жоба. Бірақ, осы бағдарламаға қосарым, мал бордақылаумен айналысатындарға несие көлемін көбейту керек. Содан кейін мен жоғарыда айтып өткен отбасылық, үй шаруашылық кәсіптерге мейлінше бағыттау керек.
Мына бір қызықты айтайын, мысалы дүкендерді ешкім реттеген жоқ. Нарық реттеді. Дүкеніңіз бар ма, сіз сөреңізге қоятын затты шығарушымен не болмаса тасымалдаушымен сөйлесесіз. Ол дүкен арқылы өз өнімін өткізіп отыр. Мысалы, осы кооперативтік жұмысты нарық реттеп берген, оларға сен мынадан ал, мынаны ал деп ешкім айтқан жоқ. Нарықта сұранысы бар өнімді алды да, сөреге қойды.
Жоғарыда қойып отырған сұрақтың да жауабы сол: оны да нарық реттейді.
– Дегенмен бақылау да болған жөн. Солай ғой?
– Иә, бәрі алып кәсіп ашып кетеді деп кесіп айта алмаймыз. Той жасайтын, көлік алып алатын да адамдар бар. Бақылау керек екені рас. «Сен біз берген қаражатқа не алдың?» деп, оны да тексеріп, есебін алу керек. Егер бәрін сәтімен пайдаланса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы – теңдесі жоқ бағдарлама. Бұл арқылы халықтың қолын аузына жеткізіп, аузын аққа тигізуге әбден болады.
– Рақмет.
Сұхбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!