Темірлан ӘБЖАНОВ, «Business start» жастар кәсіпкерлер орталығының ұйымдастырушысы, MVP командасының мүшесі:
«ASK Hack Day» − мобильді қосымша жасаушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын байқау. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстанның студенттер альянсы ұйымдастырған осы бәсекеде сырбойылық студенттер бас жүлдені иеленді. Еліміз бойынша 40 команда қатысқан хакатонда үздік шыққан жобаның басты ерекшелігін білу үшін MVP командасының мүшесі Темірлан Абжановпен тілдестік.
− Темірлан, әңгімемізді бастамас бұрын өзіңізбен толығырақ танысып алсақ… Қазір қандай мамандық бойынша білім алудасыз? ІТ саласына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Болашағыңызды осы саламен байланыстырасыз ба?
− Қазіргі кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде “ Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру” саласы бойынша оқу үстіндемін. Осы мамандықта білім алуды мектеп қабырғасынан армандағаным рас, алайда соңғы кездері қызығушылығым бәсеңдей түсті. Университтетке келгелі көптеген хакотон, фестивальге қатыстым, нәтижесінде ІТ саласына деген қызығушылығым арта бастады. Бірақ мен толықтай құрастырушы емеспін. Жоба барысында көп жағдайда ұйымдастырушылық қызмет атқарамын, яғни техникалақ тапсырмаларды өзгелерге үлестіріп, кейін сапалы шығуын қадағалаймын. Сондай-ақ университеттегі “Business start” жастар кәсіпкерлер орталығында студенттерге жобалар менеджері ретінде қызмет көрсетіп, олардың бизнес-жобаларының жүзеге асуына көмектесемін. ІТ саласына болашақтың мамандығы ретінде қараймын. Әрі ІТ біздің өмірімізге керек сала болған соң жаңа дүниелерді үйренуге деген ынтам жоғары. ІТ саласында “Nocod” атты бағыт бар, яғни бағдарламаларды кодсыз жасауға болады. Қазір біз осы бағытты дамыту үшін жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ киберспортты дамыту үшін “Аlash Vibe” ұйымын ашып, стратегиялық даму жолында бірқатар жоспарды қолға алдық. Осы мақсатта қалалық әкімшілікпен және бірнеше кәсіпкер көмегімен жастардың тек компьютерлік ойынмен уақытын бос өткізбей, өздерін кәсіби жолда дамыту мақсатында жарыстар өткізудеміз. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылы Қазақ киберспорт федерациясы құрылып, бүгінде жоғары деңгейге жетті. Біз әзірге киберспорттан турнир ұйымдастырып, жүйемен танысудамыз. Болашақта қаладан федерация филиалын ашып, үлкен кәсіби деңгейге жеткізу ойымда бар.
− Команда атауы − MVP. Топқа не үшін бұл атауды таңдадаңыздар? Осы орайда команда мүшелері қалай бас қосқанын да айтып өтсеңіз…
− Байқасаңыз, компьютерлік ойындарда және баскетбол ойынында MVP деп ең маңызды ойыншыдеген мағынаны білдіреді. Команда әрдайым үздіктер қатарында болсын деген ниетпен топ атауын осылай қалдырдық. Командада веб-дизайнер − Айдос Елшібек, құрастырушылар − Айбек Әбикен, Ғалымжан Қажымұрат, спикер − Нұрбол Нұржанұлы бар. Олар да университеттегі “Business start” жастар кәсіпкерлер орталығының резиденттері. Жобаны толық аяқтау үшін бір ай уақыт берілді, сондықтан тамыз айының соңында бағдарлама қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
− Бітіруші түлектерге арналған бағдарламаны жасау идеясы қалай дүниеге келді? Қазір ақпарат алуға болатын сайттар мен жобалар жеткілікті. Ал сіздер ұсынған жобаның басты ерекшелігі қандай?
− Әзірге бағдарлама атауы қойылған жоқ. Бұл тақырып Студенттер альянсында талқылануда. Негізгі артықшылығы бағдарламаның ішінде барлық ақпарат жинақталады. Мысалы, колледжден бастап ЖОО-дағы, одан әрі қарай “Enbek.kz”-тегі көрсеткіштерден хабардар болуға болады. Тіпті жаңалықтар тақтасында тек мемлекеттік шәкіртақы ғана емес, жеке қорлардың да студенттерге ұсынған мүмкіндіктері жарияланады. Айта кету керек, біз байқауда ойлап табушы емес, құрастырушы ретінде жоба ұсындық. Қазіргі кезде Студенттер альянсы ЖОО-лармен, колледждермен хабарласып, бағдарламаға қажетті ақпараттарды жинақтауда.
− Жобаны жасау барысында қандай да бір қиындықтар кездесті ме? Бағдарламаны дайындау кезінде демеушілік жасағандар ма?
− Осыған дейін Нұр-сұлтан қаласына басқа да жобамызды қорғау үшін екі мәрте барып келдік. Сол сәттерде бізге қолдау көрсеткен университет ректоры Бейбіткүл Кәрімоваға үлкен алғысымызды жеткізгім келеді. Ал қиындықтарға келсек, жобаны даярлау барысында біз білмейтін функцияларды қосуға ұсыныс берілді. Бірақ уақыт өте келе бағдарламаның түсініксіз тұстарын қалпына келтірдік.
− Осы уақытқа дейінгі жасаған жобаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда «Business start» жастар кәсіпкерлер орталығында қандай жұмыстар атқарылуда?
− ASK Hack Day”-да бағдарламадан бөлек, “Syr-Live” атты экожобаны Iteacmi қорының ұйымдастырылуымен өткен EcoBusinessLab байқауында көрсеттік. Жоба финалға өткен соң әлі де жұмыс жасаудамыз. Бұл − аймақтағы күріштіктің ағынды суларын қайта қолдануды мақсат еткен жоба. Соңғы жартыжылдан бері осы тақырыпты зерттеп келемін. Университет ғалымдары жасап шығарған, күріш қауызынан жасалған белсендірілген көмірден сорбент жасау арқылы суды тұздан тазалау жолын ұсындым. Егер бұл сорбенттер қолданысқа енгізілсе бес жыл уақытқа дейін қолдануға болатыны анықталды. Аталған жобама Ибадулла Тәутенов, академик Нұрбол Аппазов жетекшілік жасап, қолдау көрсетті.
Қазіргі кезде орталықта экожобалар, кәсіпкерлік, IT жобадардан бөлек әлеуметтік жобалар да көбейіп келеді.
Ал келесі сауалға көшсек, университет қабырғасында ашылған “Business start” жастар кәсіпкерлер орталығында студенттер біліммен қатар, конкурстарға қатысып өздерінің кәсіптерін ашуға мүмкіндік алуда. Бүгінде жастар кәсіпкерлер орталығында 40-тан аса резидент бар.
Оқу жылының басында StartUPTALAPKER атты мектеп бітіруші түлектерге арналған байқау өткізу жоспарланып отыр. Мектеп бітіруші түлектер бизнес жобаларпын жасап, аталған байқауға қатыса алады. Үздік деп танылған жобаларға университетімізден білім гранттары және оқу ақысына жеңілдіктер берілетін болады.
− Жастар арасында сізді қандай мәселе алаңдатады?
− Өзімнің жұмыс барысынан байқағаным, жастардың жаңа дүниелерге деген қызығушылығы өте төмен. Қазір студенттерді алаңдататын дүниелер көп секілді. Мысалы, үлкен ақшалай сыйақылары бар конкурстар қазіргі кезде өте көп, бірақ аталған жобаларға жыл өте келе қатысатын жастар саны күрт азаюда. Сонда байқағаным, жастардың арасында алға деген ұмтылысы бар азаматтар азаюда.
− Сіз көздеген биік меже қандай?
− Алдағы екі жылда “Syr-Live “ жобасын бітіруді жоспарлаудамын. Одан бөлек үлкен мақсат қойған жоқпын. Бірақ болашақта өзімді кәсіпкер ретінде елестетемін.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!