Газетіміздің 48 нөмірінен бастап қызылордалық жастарды насихаттау мақсатында «Біздің бала…» айдарын қолға алып, шетелде қанат жайған жерлестерімізбен таныстық. Ал бүгінгі шығарылымда ақпараттық технологиялар саласына қадам басып, оқушы болса да IT бағыттағы жобаларға құмарлығымен, үздіксіз ізденісімен сала мамандарының көзіне түсіп, оң бағасын алған кейіпкерімізді ұсынамыз.

Мұқағали Жантүгел – «QR Monuments», «Omni Eye» жобаларының авторы, Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.

– IT-ге деген қызығушылығым ертерек, яғни бала кезімде басталды. Жаңа технологиялар, осы саладағы жаңашылдық пен әлеуеті көп мүмкіндік қызықтаратын. Бала қызығушылығым іштегі арман күйінде қалмаса екен деп, мақсатқа айналдыру үшін жұмыс істедім. Кейін тәуекелге бел буып, бақ сынайын, тәжірибе жинайын деген мақсатта 10-сыныбымда алғашқы жарысыма қатыстым. Осылай жыл соңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Innofest» инновациялық жобалар фестивалі алғашқы баспалдақ болды, – деді ол.

Расымен, етек-жеңіңді, ойың мен жоспарыңды жинап, қадам жасау арқылы өмірлік қоржынымызды тәжірибемен толықтырамыз.

– Алғашқы байқауым инсайттарға толы болды. Өзіммен қатар жалынды жастарды көргенде құлшынысым мен қызығушылым екі есе артты. Ол байқауда «QR Monuments» жобасын әзірледім. Әрине, ешқандай жүлделі орын иеленбедім. Дегенмен мен үшін маңызды сәттің бірі болды. Сол кезден бастап түрлі идеяңдыжүзеге асыру арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатынын түсіндім, – деп Мұқағали өткен күндерді еске алды.

Нәтижеге жетелеген балалық арман

Кейіпкеріміз қатысқан жобалар фестивалі облыстық деңгейде ұйымдастырылатын үлкен аймақ. Себебі «Inno.Fest»-тің мақсаты 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін ІТ саласында жоба жасау. Ал бұл әрине шапшаңдық пен тәжірибеге тіреледі. Айта кетейік, сол жылдары аталған байқауда бақ сынауға 2500 жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысқан еді.

– Міне, сол уақыттан бері Kyzylorda Hub ұйымдастыратын семинарларға, курстарға, жарыстарға қатысып, жобаларымды қолға алдым. Ал бұл жұмыстың нәтижесі келесі жаңа жобаның іске асуына септігін тигізді.

Араға уақыт салып, бағымды тағы бір сынау үшін Республика күніне орай өткен «Smart City Kyzylorda Hackathon 2024» IT жобалар хакатонына қатыстым. Ал бұл байқауда жасанды интеллект арқылы қолданатын «Omni Eye» атты үлкен жобамды ұсынып, «Модельдеу» секциясы бойынша бірінші орын алдым. Бұл жобада жасанды интеллект арқылы нақты уақытта объектілерді анықтау, бақылау және картада көрсету мүмкіндіктері біріктірілген. Тиімді тұстарының бірі − түрлі салада мониторинг жүргізе аласың. Бұл жүйені төтенше жағдай кезінде қолдануға да болады. Сонымен қатар стандартты жабдықтарда жұмыс істей отырып, жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Қазір осы жобаның функционалын дамытып, Алматыда өтетін байқауға дайындап жатырмын, – деп түсіндірді ол.

Нәтижеге жетелеген балалық арман

Облыстық деңгейден, республикалық байқауға жол салып, өз ізін қалыптастыруда еңбек етіп жүрген Мұқағалиға алдағы сапарына сәттілік тілеп, әңгімені болашаққа бұрдық. – Қазір туризм саласын зерттеудемін. Осы бағыттағы мәселелерді анықтап, шешу жолын қарастырсам деймін. Жақын арада «Globet» атты стартапымды іске қосамын. Бұл өте үлкен жұмыс және мұндай жобаларды жасау кезінде IT саладағы мықты мамандармен ақылдасып, тәжірибие алмасу өте маңызды. Ал сәтті жоба жасау үшін маған жөн сілтеп, бағыт бағдар беретін ұстаздарым мен бизнес инкубатордың қызметкерлерімен тығыз байланыста боламын, – деп жауап берді кейіпкер.

Мұнан бөлек жоба әзірлеуге дайындығы мен идея туралы бөлісті. Мұқағали Жантүгелдің айтуынша, идея өмірге деген кең көзқарас пен адамдардың мәселелерін түсінуге негізделуі керек. «Егер идеяның мықты болуын қаласаңыз, алдымен нақты мәселе тауып, оны шешуге тырысу қажет» деп түйіндеді ол.

Ізденіс пен талпыныстың тоғысуында жақсы дүниенің болары анық. Бүгінгі оқушы кейіпкеріміз де алға ұмтылатын ұрпақтың бейнесі іспетті.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!