Алға ұмтылған, өрге талпынған заманда көштен қалу қисынсыз. Сондықтан жастардың жыларман күй кешпей, аяққа нық тұруы құптарлық іс. Бойда бұлқыныс пен жастықтың оты барда жалындап жану жөн-ақ. Қызылордалық ару Марал Жаппасбай да асқақ арманынан айрылмай, қабілеті мен білімін шетелде шыңдап жүр.

– Байқап қарасам, тәуекелшіл көрінесіз. Америкаға баруыңызға не себеп және ондағы өміріңіз жайында не айтасыз?
– Ойға алған ісім үшін әркез тәуекел етемін. Мәселен, АҚШ-қа келуді жылдар бойы жоспарлаған емеспін. Аяқ асты кәсібімді жауып, шетелге шығуға бел будым. Дамуда дамылдағым келмейді, керісінше жаңаны үйренсем деген талпынысым бар. Қызылордадан арман қуып, Алматыға бардым. Онда 6 жыл тұрақтаған соң, мақсат-мұратымды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндік, жаңа ел, жаңа қала керегін түсіндім. Көп ойланбай Америкаға кетуге шешім қабылдадым. Қазір мұнда жүргеніме 7 айдан асыпты. Бәрі жақсы, өз ойымдағыдай өмір сүріп жатырмын.
– Негізгі мамандығыңыз – қаржыгер. Бір сөзіңізде түрлі салада бақ сынау керегін айттыңыз…
– Иә, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін қаржыгер мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдадым. Кейін өз күшіммен банкке жұмысқа орналастым. 6 банктен ұсыныс түсіп, «Каспий банкті» таңдап, сату менеджерінен бастап бірнеше қызметті атқардым. Мұнда 3 жыл еңбек еткен соң, бір жерде отырып жұмыс істеу менікі емес екенін білдім. Осылайша мотиватор Қуаныш Шонбайдың мектебінде маркетолог мамандығын оқыдым. Бұл маған мамандықты емес, өз-өзімді және жаңа орта табуды үйретті. Тек белгілі бір салаға байланбай, жаңа салаларды игеруге септігін тигізді. Маркетолог мамандығын оқығаннан кейін банктегі жұмыстан бас тартып, құрылыс компаниясында маркетинг бөлімінің жетекшісі болып, 1,5 жыл қызмет атқардым. Жақсы жетістікке жеттім, табысым да жоғары болды. Әйтсе де қосымша түрде айналысқан саудам жақсы жүріп, кәсібіммен айналыстым. Кейін кәсібімде қиындық туындаған соң айналымдағы ақшамды шешіп, Америкаға жол тарттым. Қысқасы, Қуаныш Шонбайдың сабағы ой-пікірің мен көзқарасыңды өзгертіп, әрқашан іздену мен өзіңді жетілдіруге жөн сілтейді.
Жастар арасында «шетелде еркіндік пен ерік өзіңде болады» деген пікір қалыптасқан. Бұған не дейсіз?
– Иә, АҚШ жастарға еркіндік пен мүмкіндік береді. Мидағы шектеуді алып тастап, тың идеяны іске асырудың кілті іспетті. АҚШ-та біреудің жасына, түр-түсіне, шыққан жеріне тиіспей, тұлға ретінде қабылдайды.
Менде студенттік виза болғандықтан 5 жыл оқуға келгенмін. Қазіргі таңда магистратураға түсу мақсатында оқып, сапалы білім алудамын. Қосымша студенттерге аптасына 20 сағат жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Үйге тазалық жұмысын жүргізіп, бала күтуші ретінде де жұмыс істедім. Бастысы, адамдармен қарым-қатынас орнатып, ағылшын тілін жетілдіріп, ел-жерді аралағым келді. Яғни бұл жұмыстың барлығы маған тәжірибе жинауға сеп болды. Тіпті маркетолог қызметіне де ұсыныстар түсті. Осылайша кәсіпкердің ассистенті болып, маркетиг жағынан көмектестім. Маңдай термен тапқан табысыма жақсы өмір сүрудемін. Еңбектенуден жалықпайтын адам жарға жығылмайтыны анық.
– Шетелде күн көрудің өзі күшке түсетіні белгілі. Жұмыс пен үй-жайдың мәселесін қалай шешуге болады? Қандай кеңес бересіз?
– Иә, күнкөріс оңай емес. АҚШ-қа тек ғана мықтылар келеді. Өйткені, өмір сүру қиын болған соң өз еліне қайтып кеткендер жетерлік. Шетелде өмір сүру күшті болуды, тек диплом мен білімді қажет етпейді. Адамның пысықтығы мен қабілеті маңызды. Мұнда адамдар ашық, еркін болғанымен өз еліңдегідей жанашырлық көрсетпейді.
Тіл білу қаншалықты маңызды. Жалпы Америкада тұрақтап қалуыңыз мүмкін бе?
– Тіл білмеген адамға жұмыс іздеу де, істеу де, өмір сүру де қиын. Себебі, бәрі ағылшынша сөйлейді. Сондықтан, тіл білу өте маңызды дер едім. Мұнда оқуым мен жұмысымды қатар алып жүргендіктен әзірге тұрақтап қалуым ықтимал.


Сұхбаттасхан
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!