Өнер – адамның дүниетанымын көркем образдар арқылы жеткізетін ерекше сала. Ол арқылы өмірдің тынысы, тіршілік болмысы мен адамның сезімі бейнеленеді. Әсіресе, қазіргі кезде театр мен кино көрермен сүйіктісіне айналды. Осы орайда біз халықтың көзайымы атанған саланың сырын жетік меңгерген Нұрай Әбдірашиттен сұхбат алдық.

– Өнер жолына қалай келдіңіз? Бұл мамандық бала күнгі арманыңыз ба, әлде кейіннен пайда болған қызығушылық па?

– Актриса болу – бала күнгі арманым. Менің анам – музыкант, бұрын музыка пәнінен сабақ берген. Қазір мәдениет үйінде жұмыс істейді. Ол «Көркем сөз өнері» мен «Музыка» атты үйірмеде жетекші болды. Анамның қосымша дәрістеріне қатысып жүргенімде, болашақта Темірбек Жүргенов атындағы университетте оқып, өнер жолына түсемін деген ой пайда болды. Осылайша актриса болуды бастауыш сыныптан мақсат еттім.

– Алғашқы рөліңіз есіңізде ме? Түсірілім алаңынан қандай әсер алдыңыз?

– Алғашқы рөлімді үшінші курста ойнадым. Мектеп туралы документалды сериал. Алғашқы тәжірибе ешқашан ұмытылмайды. Ол әлі күнге дейін есімде. Камера алдында режиссермен жұмыс істеу туралы оқығанымыз болмаса, бақылап көрмедік. Рөлім мектеп және драмамен байланысты болғандықтан, әлі күнге дейін жылы естелік болып қалды. Алғаш кино түсірілімі кезінде көп қате жібердім. Қазір оны қайта көрсем барлық кемшілігім білінеді. Иә, қазір де қателер болып тұрады. Енді-енді тәжірибе жинап, оларды түзеп келе жатырмын.

– Қай рөліңіз сізге ерекше әсер етіп, өміріңізге өзгеріс әкелді?

– Көбіне кинодағы емес, театрдағы рөлдер ықпал етеді. Өткені олардың дайындығына көп уақыт кетеді. Мар Баджиевтің «Жекпе-жек» атты қойылымы бар. Сол жерде Нәзи рөлін ойнадым. Кейіпкерге ұқсағым келмейді, бірақ қыздың болмысын ашатын рөлде ойнаған ұнайды. Оның менің өміріме әсері болған жоқ. Себебі жұмысқа келе өзіңді толық түсірілімге арнайсың, ал одан кейін өзіңнің болмысыңа қайта енесің.

Нұрай Әбдірашит: Көрермен талғамы күнде өзгереді

 – Сіз театрда да, кинода да өнер көрсетесіз. Екеуінің арасында қандай айырмашылық бар?

– Театр мен кино ойынында айырмашылық көп. Театрда микрофон жоқ және қайта дубль жасай алмайсың, тек бір мүмкіндік беріледі. Сахнада қателессең де оны білдіртпей әрі қарай жалғастыру керек. «Тоқтай тұрасыздар ма» деп қайта бастай алмайсың. Ал кинода дубль бар. Киноның өзінің ойнау ерекшелігі қалыптасқан. Кинода театрдағыдай, театрда кинодағыдай ойнауға болмайды. Екеуінің ережесі екі түрлі. Менің мамандығым – «Драма театр және кино әртісі». Темірбек Жүргенов атындағы университетте оқыдым. Ол жерде біз театрда ойнау өнерін меңгердік. Ал кино практика кезінде ғана келді. Бізде ол оқытылған жоқ.

Нұрай Әбдірашит: Көрермен талғамы күнде өзгереді

 – Кинода бір сәтті түсіру үшін ең көп дегенде қанша дубль жасадыңыз?

 – Біз Алматының Кастек ауылында «Ауыл мұғалімі» атты сериал түсірдік. Таудың шетінде күн ыстық кез еді. Бір дубльдің өзі адамның сабырын тауысып жібереді. Қызметкер көп, күн ыстық, жағдай жоқ жерде біз 6-7 дубль жасадық. Бұл ең көп мүмкіндік қолданған кез болды. Туынды сонысымен есте қалды.

 – Өмірде сәтсіздіктер болып тұрады. Сіздің түсірілім немесе қойылым кезінде қолайсыз оқиғаға ұшыраған кездеріңіз болды ма? Болса, сол туралы айтып берсеңіз.

– Иә, сәттілік те, сәтсіздік те күнде болады. Бүкіл жерде актерлік сынама өтеді. Біз видео, фото түсіріп, портфолио ретінде әртүрлі жобаларға ұсынамыз. Мұндайда сынақтан өтпей қалатын кездер болады. Мұны мен сәтсіздік деп ойлайтын едім. Бірақ қазір ойланып қарасам, сенің түріңе, типажыңа, болмысыңа сай келетін рөлдер бар. Оны режиссер түріңе қарап-ақ біледі. Кей кезде өтпедім деген сәтсіздік емес, біздің мамандықта қалыпты жағдай екенін түсіндім. Жәй құбылыс деп қабылдадым.

Нұрай Әбдірашит: Көрермен талғамы күнде өзгереді

– Қазір әлеуметтік желіде сын айтатын адамдар көп. Сіз сын-пікірмен кездесіп көрдіңіз бе және оны қалай қабылдайсыз?

 – Иә, кездесіп көрдім. Басында өзім түскен сериал, фильмдердің астындағы комментарийде өзіме сын айтатын адамдардың пікірін оқитын едім. Театр не кино болсын кейбір көрермен тарапынан айтылатын сын дұрыс. Кемшілік әрбір адамда болады. Кейде жүйелі дайындықтың өзі жақсы нәтиже бермейді. Бірақ жеке басыңа мін тағып жазатын адамдар болады. Әсіресе ерлер қауымы тарапынан мұндай жағдай жиі кездеседі. Сондықтан мен әлеуметтік желідегі хаттарды көп оқымауға тырысамын. Өйткені ол сенің өнеріңе не жұмысыңа қатысты сөз емес, жеке басыңа келемеж. Бірақ мен оларды танымаймын, өмірде көрмегенмін. Осы пікірлерге қарсымын, ал егерде кәсіби тұрғыдан айтылған сын болса мен оны қабылдаймын.

– Өзіңіз үлгі тұтатын отандық және шетелдік сүйікті актеріңіз кім?

– Мен үлгі тұтатын актер – Дәурен Серғазин. Астанада жастар театрында жұмыс істейді. Ол кісінің еңбекқорлығы, ойнаған рөлдері ұнайды. Оның түскен фильмі прокатқа шықса, мен міндетті түрде барамын. Кез-келген мамандықта болсын жанын беріп еңбек ететін адамның ниеті бірден көрінеді. Ал «жұмысқа келдім, айлық алдым, маған сол да жетеді дейтін де» сол сәттен-ақ байқалады. Сондықтан мен мамандығын сүйетін, бар күшін салып еңбек ететін актриса болғым келеді. Шетелдік актерларды жиі тамашалаймын. Олардың ойындары ұнайды, бірақ үлгі тұтып, ұқсағым келетін тұлға ретінде ешбірін қарастырмадым.

– Кинодағы кастинг кезінде қандай талапқа назар аударылады?

 – Кастингке студент кезіңде фото, видео деректерді жібересің. Оның жанында сенің бетәлпетіңді, көзіңді, бойыңды, салмағыңды сипаттайтын жазулар болады. Ал кейде режиссер өзі белгілі бір кейіпкерді сомдауға шақырады. Егер осыған дейін киноға түссең, ол сенің қалай жұмыс істейтініңді, ойыныңді біледі. Сондықтан фильмдегі кейіпкердің образы сағай сай келсе, режиссер тарапынан шақыртулар болады. Адам өз болмысынан шыға алмайды. Өзінің табиғатына қарсы келіп, оған қарама-қарсы кейіпті сомдау екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Көбіне актерлар өз типажына ұқсас рөлдерді ойнайды. Осы уақытқа дейінгі образдар маған ұқсас болды. Бірақ мен болашақта басқаша рөлде жағымсыз кейіпкерді ойнап көргім келеді.

Нұрай Әбдірашит: Көрермен талғамы күнде өзгереді

– Туған жеріңіз туралы айтып берсеңіз. Оның сіз үшін орны қандай? Өнер жолына түсуіңізге туған жеріңіз немесе адамдары әсер етті ме?

 – Мен Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі деген ауылдың тумасымын. Мұндағы адамдардың басым бөлігі өнерге жақын. Біз бүкіл қалаларда гастрольмен жүреміз. Онда байқағаным Қызылорда халқы да, театры да жоғары деңгейде. Баланың өсуінде ортасы үлкен рөл ойнады. Мүмкін осының арқасында шығармашылық жолды таңдаған шығармын. Біз жақта өнерді қатты жақсы көреді. Көріністің билеттері үнемі өтіп кетеді. Көрермен туындыға жанымен кіріп отырады. Мұндай өнерсүйгіштік әрбір жерден табыла бермейді. Қаладағы мәдениет үйінде көп жарыс өтеді. Бала кезімнен жарыстан қалмай, бағымды сынап жүргеннен кейін тек мен емес, бұл жердегі көпшілік қауымда жақын секілді. Кішкентай кезімізден қалаған мамандық болғандықтан, оның орындалмай қалуы да мүмкін еді. «Оқуға түспей қалсам не істеймін? Басқа мамандыққа кетіп қаламын ба?» деп ойлайтынмын. Қазір оқуға түсіп, өнер өмірімнің бір бөлшегіне айналғаннан кейін сенімділік пайда болды.

 – Актриса мамандығын таңдауыңызға отбасыңыз қарсы болмады ма?

– Әкем де, анам да мәдениет үйінде жұмыс істейді. Бірақ біздің үйде таңдауды әркім өзі жасауы керек деп айтылады. Ата-анам көп нәрсеге қарсы бола бермейді. Жүрегің қаласа, өзіңді сол саланың шыңынан көріп тұрсаң бағыңды сынап көр деген ұстанымда. Оңтүстікте көпшілік қыздарға стереотипті қарайды. Тіпті журналист мамандығын ауыр, оның орнына үйде отыр, мұғалім бол деп атаана қыздарын басқа арнаға бұрғысы келеді. Мен өскен әулетте баланың таңдауын әрдайым қолдайды.

Нұрай Әбдірашит: Көрермен талғамы күнде өзгереді

 – Қазір дипломсыз актерлер қатары көбейді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Қазір жаңа сериал шықса ішінде оқыған да, оқымаған да, халықтың алдында жүргендер де болады. Ол актер да, әнші де емес. Жәй оқырманы көп блогер. Кәсіби білімді және кино саласында білімі жоқ маман арасында да талантты адам бар. Олардың ойыны маған ұнайды. Бірақ олар сирек кездеседі. Ал кейде киноға мүлде қатысы жоқ адамды алады. Олармен жұмыс істеген қиын. Себебі жарты сағатта түсірілетін сахнаны екі-үш сағат түсіреміз. Оның кинода болуы кинотеатрдағы көрсетілімді көбейтпейді. Сондықтан бұл салаға қатысы жоқ адамдарды не үшін алатыны мен үшін әлі де құпия. Ал КВН-ге қатысатын жігіттер комедия жанрында керемет өнер көрсетеді. Мұны мойындау керек. Олармен жұмыс істеген ұнайды.

 – Бүгінгі көрерменнің талғамы қандай? Олар көбіне қандай туындыларға сұраныс білдіреді?

– Бізде «Өй, комедия болса бармаймыз» деп айтқанымен, халық күлгенді жақсы көреді. Өздерінің өмірінде қиындықтар көп болғандықтан бір сәт киноға барып сергіп тұруды қалайды. Ал театрда қыздар драма жанрын жақсы көреді. Махаббат, қыз бен жігіт қарым-қатынасы болса, «TikTok», «Instagram»-ға жарнамалар салынғаннан кейін билеттері міндетті түрде өтіп кетеді. Бір жағынан көрермен өзінің басынан өткен қиындықтарды сыртынан бақылағысы келеді. Кейіпкер ол мәселені басқаша шешеді. Өзінің ситуациясына ұқсайтын туындыларды қайта-қайта көре беретін көрермендерді байқадым. Бір көрермен қойылымды не киноны бірекі емес, алты-жеті рет көреді. Бізде режиссерлар «адам өзін сырттан көру үшін театр, киноға келеді» деп айтады. Мұнда келіп, жанын емдегісі келетін көрермен де бар. Олардың біреуі болсын әрі қарай өмір сүруге шабыт алып кетсе, біз үшін жетістік.

 – Сіздің ойыңызша, қазіргі көрермендерге қандай фильмдер жетіспейді?

– Бізге әлі де комедия жетіспейді. Өйткені бізде ерлер қауымы драманы көріп отырады деп ойламаймын. Ол жақта сезім, махаббат тақырыбы. Бізге тарс-дүрс болатын күлкі, ойын керек. Ал соңғы шығып жатқан драмалар көп қаралым жинап жатыр. Мүмкін адамның бағыты сол жаққа өзгерген шығар. Кино мен театрда халыққа өтімді болады деген туынды танылмай, ал қызықты болмайды-ау дегені көрерменнің сүйіктісіне айналады. Менің ойымша, көрермен талғамы күнде өзгере береді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Мерей Шәкрат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!