Білім мен ғылымды ұштастыру заман талабы. Талантын таныта талабын шыңдап қызығушылығы арқылы мақсатына табандылықпен қадам басқан жастардың қатары артып келеді.

Солардың бірі − Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Математика педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Нұрасыл Қалмахан. Жас болса да оқу үдерісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізумен шектелмей, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен көзге түсіп жүр. Республикалық деңгейдегі ғылыми байқаулардағы жетістіктері, студенттік-ғылыми кеңестегі жетекшілік қызметі, қоғамдық қорлардағы белсенділігі, «Жыл студенті» атағына ие болуы және IELTS халықаралық емтиханынан 6,0 балл алуы − Нұрасылдың білімге деген құштарлығы мен жауапкершілігінің айқын дәлелі. Сонымен қатар «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының стипендиаты және вице-координатор ретінде жастардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттыру бағытында жұмыс істеуде. Кейіпкермен кездесіп, студенттік өмірі, мамандығы мен жоспары жайында әңгімелескен едік.

− Нұрасыл, жаңа апта басталып, қысқы емтихан келіп жетті. Бұл − студент үшін маңызды уақыт. Жаңа жыл да жақындады. Қазір артық уақыт болмай, қарбаласып жүрген шығарсыз?

− Иә, дұрыс айтасыз, қысқы емтихан – студент үшін өз еңбегін саралап, білімін қорытындылайтын маңызды кезең. Бұл уақыт мен үшін жауапкершілікпен қатар өз-өзіме есеп беретін сәт. Ал жаңа жылдың жақындауы ерекше көңіл күй сыйлайды. Бұл – отбасыммен, жақын достарыммен бірге бас қосып, жылы әрі қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік беретін мереке. Жаңа жылды жаңа мақсаттармен қарсы алуға дайындалып жүрмін.

− Айналадағылар сізді үздік, белсенді студент ретінде таниды. Ал сіз өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?

− Ең алдымен жауапты, үнемі ізденісте жүретін және адамдарды түсіне білетін эмпат студент деп сипаттайтын едім. Қандай іспен айналыссам да, барынша жауапкершілікпен қарап, соңына дейін жеткізуге тырысамын. Ал үздік болу – мен үшін арнайы қойылған мақсат емес, еңбектің, тұрақты ізденістің нәтижесі. Егер өз ісіңе шын берілсең, нәтиже өзі-ақ келеді деп ойлаймын. Мен өзімді елі үшін қызмет ететін ұрпақ ретінде таныстырар едім.

Нұрасыл ҚАЛМАХАН: Уақытты тиімді пайдалану үшін тәртіп керек

− Болашақ мұғалім, ұстазсыз. Бұл таңдау бала Нұрасылдың арманы ма? Ал мұндай шешімге не себеп?

− Иә, мұғалім болу – бала кезден келе жатқан арманым. Мектеп қабырғасында жүргенде өз пәнін сүйіп оқытатын, әр оқушыға ерекше ықыласпен қарайтын ұстаздарды көріп өстім. Әсіресе мектебімдегі математика пәні мұғалімдерінің ықпалы жоғары болды. Олардың сабақты түсіндіру тәсілі, оқушыға деген жауапкершілігі мен адамгершілігі осы мамандықты таңдауыма негізгі себеп болды. Сол ұстаздарымдай шәкіртке бағыт-бағдар бере алатын мұғалім болсам деймін.

− Сіздің ойыңызша, нағыз мұғалім қандай болу керек? Мұғалім мен ұстаздың айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

− Менің ойымша, нағыз мұғалім ең алдымен өз пәнін терең меңгерген, әділ әрі оқушының жан дүниесін түсіне алатын тұлға болуы керек. Ол тек білім беріп қана қоймай, әр баланың қабілетін байқап, оны дамытуға жол көрсете білуі маңызды. Ал мұғалім мен ұстаздың айырмашылығы – мұғалім сабақ үйретсе, ұстаз өмірге бағыт береді. Ұстаз оқушының тек біліміне емес, тұлға ретінде қалыптасуына жауапты адам деп есептеймін.

− Егер өмір ағымы басқаша болса, қай саланы таңдар едіңіз?

− Бұл бағытта аса қатты ойланып көрмеппін. Десе де бизнес саласын таңдайтын едім. Себебі бұл салада да стратегиялық ойлау, жауапкершілік пен шешім қабылдау қабілеті маңызды, ал бұл қасиеттер маған жақын. Әрі кәсіп пен ұстаз да халық үшін қызмет етеді. Бірі білім берсе, бірі материалдық жағдайда қолдау көрсетеді. Сондықтан адам мамандық емес, бірінші миссия таңдау керек секілді.

− Қазіргі мектеп оқушыларының ойы да, қызығушылығы да өзгеше. Болашақ ұстаз ретінде айтыңызшы, олармен тіл табысудың кілті неде?

− Түсіну мен құрмет. Міне, дәл осы екі дүние оқушымен тіл табысудың кілті. Оқушыны тыңдай білу, оған сенім арту және ашық қарым-қатынас орнату өте маңызды. Сонымен қатар баланы шын ниетпен шартсыз жақсы көру, оның қызығушылығы мен қабілетін жан-жақты дамытуға ұмтылу – болашақ ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі. Сонда ғана оқушы мен мұғалім арасында сенімді байланыс қалыптасады.

Нұрасыл ҚАЛМАХАН: Уақытты тиімді пайдалану үшін тәртіп керек

− Өзіңіз үлгі тұтатын ұстаз бар ма? Егер сол ұстазыңызбен қазір бетпе-бет отырсаңыз, не айтар едіңіз?

− Мен үлгі тұтатын тұлғалардың бірі де, бірегейі, әрине ол – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай атамыз қазақ халқының ағартушысы ғана емес, нағыз ұстаздың қандай болуы керек екенін ісімен дәлелдеген тарихи тұлға. Оның білімге, ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасы мені әрдайым шабыттандырады. Егер Ыбырай Алтынсаринмен бетпе-бет отыру мүмкіндігі туса, ең алдымен қазақ баласының болашағы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі үшін алғысымды білдірер едім. Сонымен қатар оның «Білім – елдің болашағы» деген ұстанымын жалғастыру – біздің буынның міндеті екенін айтар едім.

− Кейде жастар «мұғалім болу қиын әрі бағаланбайтын мамандық» деп жатады. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?

− Қазіргі таңда мұғалім мамандығына деген көзқарас одан әрі дамып, оң бағытта өзгеріп келеді деп ойлаймын. Бұл мамандық шынымен де оңай емес, алайда оның маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Ал мұғалім еңбегі ең алдымен шәкіртінің жетістігінде, қоғамдағы рөлінде және уақыт өте келе мойындалуында бағаланады. Сондықтан мұғалім болу – тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік пен миссия.

− Жақында «Жыл студенті – 2025» атандыңыз. Құттықтаймыз! Осы жайында сөз қозғасақ, бұл марапаттың да жауапкершілігі мен жүгі ауыр. Сахнаға шыққанда қандай сезімде болдыңыз?

− Дәл сол күн маған ерекше эмоция сыйлады. Сахнаға шыққанда тұла бойымды толқу сезімі бойлағаны рас. Алдымда қошеметпен ыстық ықыласын білдіріп отырған адамдар, камера мен жарық. Мұның барлығы естен кетпейтін сәт. Бұл марапат мен үшін тек жетістік емес, үлкен жауапкершілік әрі алға жетелейтін мотивация. Алдағы уақытта бұдан да көп еңбек етіп, сенімді ақтауға тырысамын.

Нұрасыл ҚАЛМАХАН: Уақытты тиімді пайдалану үшін тәртіп керек

− Білуімше, әзілге де жақынсыз. Тағы қандай сүйікті ісіңіз бар?

− Әзілден бөлек, спортпен, әсіресе футбол ойнағанды және кітап оқуды жақсы көремін. Сонымен қатар түрлі іс-шара ұйымдастыруға және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу – менің сүйікті істерімнің бірі. Бұл маған жаңа адамдармен танысып, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.

− Ал уақыт жағы қалай? Даму жолындағы жұмыспен қатар сабақты алып жүру қиын емес пе, әлде тиімді тәсіліңіз бар ма?

− Әрине, қиын тұстары да бар. Алайда дәл сол қиындықтар кәсіби дағдыларды арттырып, жауапкершілікке үйретеді деп ойлаймын. Бірнеше бағытты қатар алып жүру мені шыңдай түседі. Уақытты тиімді басқару үшін нақты жоспар құрамын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, уақытты тиімді пайдалану үшін жоспардан бөлек тәртіп те керек. Күнделікті міндеттерге басымдық қойып, уақытымды жүйелі пайдалануға тырысамын.

− Мұғалім Нұрасылға бүгінгі студент Нұрасыл не айтар еді?

− Өте қызық сұрақ… Мұғалім Нұрасылға сабырлы болуды, адалдықтан айнымай, өз жолына және шәкірттеріне сенуді айтар еді деп ойлаймын.

− «Ер адам алдағы 3 жылын ойлау қажет» дейді. Біз одан да әріні алсақ, 5 жылдан кейінгі Нұрасыл қандай болуы мүмкін? Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

− Бес жылдан кейін өзімді жас маман ретінде мектепте сабақ беріп жүрген ұстаз деп елестетемін. Студент кезімде алған білімім мен көрген тәжірибемнің ақысын адал еңбегіммен қайтару – басты мақсаттарымның бірі. Алдағы жоспарым – өз жолын тапқан, елдің тірегі бола алатын шәкірттерді тәрбиелеу. Сол арқылы қоғамға пайдамды тигізгім келеді.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!