«Бұрын «осы оқудың саған не керегі бар» дейтіндер қазір бізге қызығып жүр» деп бастады сөзін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші профессоры Нұрбол Аппазов. Демек ғылымның көсегесі көгеріп, айы оңынан туып келе жатқаны. Бұл сөзге біз де қуандық.
Әйтсе де, кейінгі уақытта елдегі ғылымның дамуы даңғылға түскенін естіп қуансақ, ғылымға қаржы бөлуде аутсайдер мемлекет екенімізді естігенде ойланып қалдық. Батыс Еуропа, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ тәрізді мемлекеттерде олардың ғылымға бөлетін қаржысының мөлшері ішкі жалпы өнімнің 4%-на дейін жетеді. Ал бізде бұл көлем 0,1% шамасында. Бұл – көтерілгені. Сонда бұрын бізде ғылымның болмағаны ма деген ой келеді.
Ғылым саласының кешегісі мен бүгіні, жастардың ынта-ықыласы жайында Нұрбол Орынбасарұлынан сұрап білген едік.
«Бұрын «осы оқудың саған не керегі бар» дейтіндер қазір бізге қызығып жүр»
– Бүгінгі қазақ ғылымы жайлы айтсаңыз… Ғылымның дамуына қандай кедергі бар? Ғылымды қолдап жүрміз бе?
– Елдегі ғылымның дамуы біркелкі. Кейінгі уақытта қаржыландыру мөлшері де артқан. Қаржыландырудың төрт түрлі әдісі бар. Әуелгісі – базалық. Бұл бойынша бұрын тек ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне ғана қаржы берілетін. Сол кезде басқа ғалымдар тысқары қалып қоятын. Ал қазір базалық қаржыландыруда сол ғалымдарға да қаражат қаралатын болды. Бұл ғылымның дамуына сәл де болса серпін берді. Ғалымдардың жалақысы тек конкурстық негізде гранттық қаржыландыру негізінде алынатын. Конкурстан ұта алмай қалғандар құр алақан қалатын. Әрі қарай белгілі, ол нан табу жолында басқа жұмысқа ауысып кететін. Қазір конкурстан ұта алмай қалса, келесі конкурсқа дейін базалық қаржыландыру негізінде жалақы алу мүмкіндігі бар.
Тағы бір айта кетерлігі, 2022 жылға дейін байқауға ғалым үш жылда бір-ақ рет қатысатын. Бірінші мен екінші конкурстың арасындағы үш жылда ұта алмай қалған ғалымның тобы шашырап, басқа жаққа ауысып кетіп жататын. Ғалымға келесі конкурсқа қатысу үшін тағы да топ құрау керек болатын. Қазір мұндай конкурстардың арасы жақындап, жыл сайын өтетін болды. Дегенмен мұның да кемшілігі бар. Мысалы, кез келген дамыған елге қарайтын болсақ, олардың әрбірінде ғылымды қаржыландыру үлесі жоғары. Батыс Еуропа, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ тәрізді мемлекеттерде олардың ғылымға бөлетін қаржысының мөлшері ішкі жалпы өнімнің 4%-ына дейін жетеді. Ал бізде бұл көлем 0,1% шамасында. Бұл кейінгі уақытта сәл көтеріліп келе жатыр, бірақ көп мөлшерде емес. Біз бұл ретте әлемдегі аутсайдер елдердің қатарындамыз. Демек біз ғылымға қаржыны қаншалықты аз құйсақ, қайтарымы да соншалықты аз болмақ. Сол себепті, біз өркениетті ел боламыз десек, ғылымнан қаржы аямауымыз керек. Ол қаржыны инженерлік іргелі ғылымдарға көбірек бөлу керек. Өйткені осы ғылымдардың экономиканы дамытуға тигізер үлесі қомақты.
– Нұрбол Орынбасарұлы, әлем күн сайын дамып жатыр. Біздің материалдық-техникалық базамыз қаншалықты деңгейде қанағаттандырады? Жаңарып тұра ма?
– Бұл – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Ғылымның дамуына материалдық-техникалық базаның ықпалы ерекше. Бізге үлкен зертханалар керек. Тек қана зертхана емес, оның ішіндегі молекулалық, атомдық деңгейдегі зерттеулерді жасайтын қондырғылар болуы шарт. Ол қондырғыларсыз ғылымның дамуын елестете де алмаймыз. Зертханалық базаны дамытпай, алға жылжи алмаймыз. Қазіргі жағдайда оқу орындары «көрпесіне қарай көсіліп», өздерінің шамасына қарай қондырғылар алып жатыр. Бірақ біз айтып отырғандай үлкен зертханаға олардың мүмкіндігі жоқ. Менің ұсынысым, мемлекет зертханалық базаны дамытуға арналған байқау жарияласа… Әрине барлығын бірден бүтіндеу мүмкін емес. Тым болмаса, бес зертхана жасаса екен. Мәселен, ядролық физика, химия, биология, медицина, ауыл шаруашылығы, осы бес саладан жылыдан бес зертхана ашып отырсақ біз айналасы он жылдың ішінде зертханалық базамызды толықтырып алар едік. Содан кейін ғана ғылымнан жоғары нәтиже күте аламыз.

Ғалымдар және «ғалымдар»
– Біздің өңірде ғылыми дәрежеге байланысты жалақыға қосымша ақы қосыла ма?
– Ғылыми дәрежеге келсек, ғылым кандидаты, ғылым докторы және PhD дәрежелері бар. Мысалға, ғылым кандидаты мен PhD доктордың жалақысына 17 АЕК үстеме ақы қосылады. Ал егер олардың қауымдастырылған профессор атағы болса, 25 АЕК үстеме ақы қосылады. Бұл 2024 жылы қабылданған ғылым және технологиялық даму заңына сәйкес беріледі. Бұрын тек ғылыми дәрежеге ғана қосылатын. Ғылым кандидаты, PhD доктор профессор атағын алатын болса, оған 50 АЕК көлемінде үстеме ақы қосылады. Ал атағы жоқ ғылым докторы дәрежесі болса, оған 34 АЕК көлемінде үстеме ақы беріледі. Қазір осылай қаржылық қолдаудың арқасында ғылымға қызығушылық арта бастады. Әсіресе жастар тарапынан ынтасы артқандар қатары қалың. Ғылыми жетістікпен қатар, табысым да артады деген ой қалыптасты. Қалай дегенмен де «сананы тұрмыс билейді». Осыдан 20 жылдай бұрын мен аспирантурада оқып жүргенде университет қызметкерлерінің, ғалымдардың айлық жалақысы өте төмен болатын. Сол кезде көп адам бізге «осы оқудың саған не керегі бар, жалақысы да кішкентай ғана» деп күлетін. Ал қазір жағдай жақсарды. Ғалымдарды қолдау олардың қоғамдағы беделінің өсуіне де көп ықпал етті.
– Жастарды ғылымға қалай тартып жүрміз? Олардың қызығушылығы қандай?
– Жастар – біздің болашағымыз. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Оларды тәрбиелеуіміз керек, бағыт-бағдар беруіміз керек. Кез келген салада біз артымыздан еріп, сол саланың жүгін көтерер ізбасарларды тәрбиелеуіміз қажет. Міне, осы бағытта жастарды тәрбиелеп, оларды жолға салып жүрміз. Біз ғалымдарды екі топқа бөліп қарастырамыз. Ғалымдар және «ғалымдар» (тырнақшаның ішінде). «Ғалымдар» – ғылыми дәрежені қызметтік мансапқа пайдаланатындар. Яғни, олар дәрежені алып алғаннан кейін ол ғылыммен айналыспайды. Түрлі басшылық қызметтерде жүреді. Тіпті жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүрген кісілерді де «ғалымдардың» қатарына жатқызуға болады. Өйткені, олар тек қана сабақ береді, ғылыммен айналыспайды. Сабақ беру де – күрделі жұмыс. Оған менің дауым жоқ. Ұстазға құрметім өте жоғары. Ал ғылыммен айналысу – ол сол әлемнің ішіне еніп кету. Ал нақты ғалымдар – университет қабырғасында, ғылыми зерттеу институттарында ізденіп, ғылыммен айналысып жүретіндер. Жас ғалымдарды солар тәрбиелеп, жолға сала алады. Өкінішке қарай, ондай адамдар аз. Біз студенттердің арасынан талабы бар жастарды тартып, өзімізбен бірге зерттеулерге қатыстырып, әрі қарай атқарып жатқан жобаларымызға қосып жүреміз. Тіпті қосымша жалақы да береміз. Сөйтіп оларды ғылымға тартып, жағдай жасаймыз. Ынтасы, жігері бар жастарды әрі қарай ғылымға енуіне бағыттаймыз. Мұндай жастар жетерлік. Соған қуанамын.

«Материалдық-техникалық база болмай, біз ғылымды ешқашан алға сүйрей алмаймыз»
– Құлдыраған қай мемлекетті зерттесеңіз де, ғылымға көңіл бөлу арқылы аяққа тұрды. Біздің ел туралы бұл ретте не айтуға болады?
– Бұл жерге Оңтүстік Корея нақты мысал бола алады. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң Корея солтүстік және оңтүстік болып, екіге бөлінді. Олар бір-бірімен соғысты. 60-жылдары Оңтүстік Корея әлемдегі ең артта қалған мемлекет еді. Қазір әлемдік аренадағы ең алдыңғы ел. Ғылымы да, өндірісі де, мәдениеті де көш басында. Әлем қызығады. Олар біріншіден, еңбекқор. Екіншіден, жаңашылдыққа жаны құмар. Сөз басында айтқанымдай, Оңтүстік Корея ғылымға қаржы бөлуде де алдыңғы қатарда. Олар ғылымсыз елдің дамуы мүмкін емесін түсінді. Міне, ғылымға көңіл бөлудің мемлекеттің дамуына орасан зор ықпал ететінінің айқын дәлелі. Бірақ мына жерде ғалым бар екен деп қаржыны оңды-солды шаша беруге тағы болмайды. Тек заманға сай, экономиканы, индустрияны дамыта алатын жобаларға ғана қаржы құю арқылы олар алға шықты.
Елге оралайық. Шынын айту керек, біздің елде арасында бармақ басты, көз қысты жағдайлар болып жатады. Байланысы барлардың қаржы алуына, басқа да мүмкіндіктер де туып қалатыны жасырын емес. Бәрі емес, әрине. Сол жағдайлармен күресу арқылы біз елімізді дамыта аламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көп көңіл бөліп келеді. Кеңес Одағының құрамында болған кезде Қазақстанда 50 мыңнан астам ғалым болған. Сәл уақыт бұрын 20 мыңнан да аз еді. Мемлекет басшысы көңіл бөліп, қолдау жасағалы бері 20 мыңнан асып келе жатырмыз. Бұған дейін қалай еді?! Біз ғылымға көңіл бөлген жоқпыз, жұмыс істеп жатқан ғалымдардың жалақысы ең төменгі мөлшерде болды және олардың жұмысының алға басуына ешқандай инфрақұрылым болмады. Сол себепті бізде ғылым құлдырау шегінде болған еді. Кейбір ғылыми зерттеу институттарының жағдайы адам шошырлық еді. Қазіргі де сондай институттар бар. Бұл жерде мен университеттерді айтып отырғаным жоқ.
Ал университеттерге келсек, Назарбаев университетінен басқа оқу орындарының жағдайы пұшайман күйде болды. Қаржы да, қолдау да тек Назарбаев университетіне бұрылды. Сол арқылы ғана олар алға шықты. Дәл осындай қолдауды барлық оқу орындарына беріп, қаражат бөлгенде елдегі ғылым саласының көсегесі әлдеқашан көгерер еді. Қазір қолдау бар, көңіл бөлінуде. Бірақ бастапқы сөзімді тағы да қайталаймын. Материалдық-техникалық база болмай, біз ғылымды ешқашан алға сүйрей алмаймыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН.
Суреттерді түсірген Нұрболат ҚАРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!