Нұрбол Аппазов – есімі елге белгілі ғалым. Зерттеушінің жетекшілігімен күріш сабанынан биотыңайтқыш, целлюлоза алу, жантақтан дәрілік препарат дайындау, мұнаймен ластанған топырақты тазалау сынды маңызды жобалар атқарылды. Тіпті коронавирус тараған уақытта жаңа құрамдағы антисептикті өндіріске енгізді.

Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші профессор Нұрбол Аппазовтың тағы бір жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Ғалымға хабарласып, зерттеу жұмыстарының ерекшелігі жайлы әңгімелестік.

– Нұрбол Орынбасарұлы, ғылыми зертханада зерттеу жүргізетін 5 ғалымның да гранттық қаржыға ие болғаны – үлкен жетістік. Жобалардың маңызы туралы айтып беріңізші… Бұл жұмыстар қанша уақытқа созылады? Нәтижесі қалай болмақ?

– Осы жылы университет ғалымдарының 9 жобасы гранттық қаржыға ие болды. Оның үшеуі жас ғалымдардың конкурсында, алтауы ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында үздік деп танылды. Оның ішінде бесеуі инженерлік бейіндегі зертханада орындалады. Бесеуін де бастауға өзім себепкер болдым деп айта аламын.

Грант иеленген өз жобам туралы айтатын болсам, 7-азакумарин деген зат бар. 7 азакумарин негізіндегі қосылыстардан биологиялық белсенді заттар алынады. Ол – медицинада қолданылатын препараттар. Бұл зат бойынша дайындалған ісікке қарсы препарат қолданыста бар. Бірақ қазіргі уақытта химиялық терапияда қолданылатын ісікке қарсы препараттардың адам денсаулығына кері әсері жоғары. Байқасаңыз, соның әсерінен науқастың шашы түсіп қалады, өзге де жағдайлар туындайды.

Сондықтан, біздің мақсатымыз – адам денсаулығына кері әсері төмен, бірақ қатерлі ісікті емдеуге қауқарлы жаңа қосылыстар алу. Енді ол қосылыстар қалай алынады? 7-азакумаринді фармакофорлы топтармен химиялық модификациялау арқылы көптеген жаңа биологиялық белсенді химиялық қосылыстар аламыз. Қосылыстарды алғаннан кейін құрылысы зерттеліп, дәлелденуі керек. Жаңа қосылыс алдық па, алған жоқпыз ба, соны заманауи физика-химиялық талдау әдістері көмегімен анықтаймыз. Зертханда жасалатын хроматография, инфрақызыл- ультракүлгін спектроскопия деген әртүрлі әдістермен зерттейміз. Сол әдістердің көмегімен жаңа затты алып, мұнан кейін биолог ғалымдарға жібереміз. Жобада бірге еңбек ету үшін материалдық-техникалық базасы мықты зертханада еңбек ететін, тәжірибелі ресейлік биолог әріптестерімізді таңдадық. Олар біз алған заттардың ісікке қарсы белсенділігін зерттейді. Бірнеше ондаған заттың бәрі бірден белсенділік көрсете салмайды немесе пайдасынан гөрі зияндылығы басым болуы мүмкін.

Мысал үшін айтар болсақ, кейбір заттар ауруды емдегенімен, кейде жүрекке, бауырға, бүйрекке әсер етуі ықтимал. Сондықтан біз адамның денсаулығына мүлде зиян келтірмейтін, бірақ ісікті емдейтін жаңа заттар алу үшін зерттеу жасаймыз.

Нұрбол Аппазов: мақсатымыз - қатерлі ісікті емдеуге қауқарлы жаңа қосылыстар алу

– Зерттеу тірі адамға жүргізіле ме?

– Жоқ, адамның тіні мен жасушаларында зерттеудің әдісі бар. Ерекшеліктері анықталғаннан кейін клиникалық зерттеуге ұласады. Бұл жобада дәріні бірден шығара алмаймыз, оған қаржы қаралмаған. Біздің басты міндетіміз – химиялық зерттеулер жүргізіп, жаңа заттар алу. Олардың құрамын, құрылысын, пайда-зиянын талдаудың өзі – күрделі еңбек. Химиялық белсенділігі, улылығын анықтаумен біздің жоба аяқталады. Оның өзі көп уақыт пен қыруар еңбекті қажет етеді.

Басқа жобаларға келетін болсақ, олар әртүрлі бағытта. Бірқатары ісікке қарсы, антиоксидантты биологиялық белсенді қосылыстар алу, одан бөлек антибактериалды және зең саңырауқұлақтарына қарсы белсенділігі бар заттарды алуға арналған. Мұнан бөлек мұнаймен ластанған топырақты қалпына келтіру бағытындағы бір жобамыз да гранттық қаржыға ие болды.

– Жантақты зерттеп, шетелдік ғалымдармен бірге Альцгеймер, Паркинсон ауруын емдеуде қолданылатын өнім жасауды бастадыңыздар. Жоба қалай жүзеге асуда? Өндіріске енгізілуі мүмкін бе?

– «Жантақтан алынады» деген сөз бір журналист арқылы БАҚ-қа тарап кетті. Флавоноидтар деген заттар бар. Флавоноидтар біздің өңірде жантақтың құрамында көп болады деп едім, соны солай түсінсе керек. Жантақ демей, флавоноид деп айтқан дұрыс. Себебі ол басқа өсімдіктердің де құрамында кездеседі.

Біздің зерттеуіміз не болды? Флавоноидтар – биологиялық белсенділікке ие антиоксиданттар. Қартаю процесін тежей алады. Паркинсон, Альцгеймер ауруларын туындататын адам ағзасындағы дұрыс емес құрылымдағы ақуыздардың да түзілуін тежей алатын қасиеті бар. Оларды амилоидты фибрилдер дейді. Олар адамның миында түзіледі, бірақ адам миын қорғап тұратын гематоэнцефалитті барьерден көптеген дәрілік препарат өте алмайды. Адам флавоноидтарды қабылдайтын болса, әлгі барьерден өте алмайды.

Жобада химиктерден бөлек, нейробиолог, дәрігерлер секілді бірқатар сала маманы бірлесіп жұмыс істейді. Маған қойылған міндет – суда еритін, гематоэнцефалитті барьерден өте алатын флавоноидтардың жаңа модификациясын алу. Шәкірттеріммен бірге осы зерттеу жұмыстарын жалғастырудамыз. Еуропалық әріптестеріміз бұл бағытта оң нәтижеге жетуде. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғалым болғандықтан, бұл жұмыстарды толық атқаруымыз қажет. Бұл ұзақ уақытты қажет ететінін де айта кету керек.

Жобаға бөлінген қаржы да препаратты өндіріске енгізу үшін емес, зерттеу жүргізу үшін берілді. Бұл зерттеулер әлі де жалғасуда. Ал өндіріске енгізілетін кезде хабарлайтын боламыз.

– Сіздің жетекшілігіңізбен күріш сабанынан целлюлоза алу жолы анықталды. Оны қағаз шығару мақсатында қолдануға болады. Бұл жаңалыққа қызығушылық танытқан өндіріс орындары бар ма?

– Бұл бағыттағы зерттеулер толық жүргізіліп, қазіргі уақытта аяқталды. Целлюлоза алудың түрлі әдісі жасалды. Ақ түсті және картон секілді қағаздың бірнеше түрін жасауға болатыны дәлелденді. Патент те алынып, мақала да жарияланды. Жуырда шетелдік журналда бұл тақырыпта тағы бір ғылыми мақаламыз жарық көреді.

Бизнес өкілдеріне ұсынысымызды айттық, көбі қызығушылық танытқанымен, қаржысына келгенде тұрып қалады. Өйткені қағаз өндірісі – үлкен қаржыны талап ететін сала. Ғимарат дайын болған күннің өзінде ішіне алатын қондырғылар, коммуникацияға кем дегенде 500 миллион теңге керек. Алматыдан қызығушылық танытқан бизнес- әріптесіміз болды. Бірақ қаржылай қиындықтар туындағандықтан, әзір емес, бірақ алдағы уақытта іске асырамыз деп уәде берді.

– Мұнаймен ластанған топырақты тазарту бағытында да компаниялармен бірге жұмыс істейсіздер. Еліміз бойынша сұраныс көп пе? Мұнаймен ластанудың қоршаған ортаға залалы қандай? Мұнай өндіретін өндіріс орындары міндетті түрде топырақты тазалау жұмысын атқара ма?

– Мұнайды жер астынан шығару, тасымалдау кезінде төгіліп, топырақты ластауы мүмкін. Қоршаған ортаға қандай кері әсері бар дейтін болсақ, ол буланып атмосфераны және жерге сіңіп, жерасты суларын ластайды. Оның бір бөлігін сол маңдағы өсімдіктер сіңірсе, оны жеген жануарларда ауру туындауы мүмкін. Ауру туындамаған күннің өзінде сол малдың етін тұтынған адамның да ағзасына мұнай өнімдері түсуі ықтимал. Сол себепті ластанған топырақты тазарту қажет. Қазір бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылуда. Ластанған топырақты тазалайтын компаниялар бар. Көбі әкпен тазалау секілді ескірген тәсілдерді пайдаланады. Бірақ ол топырақ мұнан кейін химиялық қосылыстармен ластанады, сондықтан оны табиғи ортаға қайтармай, жол құрылыстарына пайдалану қажет. Жол құрылысына керек топырақтың талабына сәйкес келмегендіктен кейде оны кен орындарына баратын өндірістік жолдарға тастауы мүмкін. Сол себепті біздікі ең зиянсыз, экологиялық таза, биоәдіс болып саналады. Біз мұнаймен қоректенетін бактериялардың ассоциациясы арқылы ластанған топырақты қалпына келтіріп, табиғи ортаға қайтарамыз. Сонда өсімдікке де, жануарға да зияны тимейді. Біздің әдіс арқылы 2 айда ластанған топырақты толық тазалауға болады. Өткен жылы компаниялармен бірлесіп жұмыс атқардық.

Жуырда гранттық қаржыландыруға ие болған жобамыздың бірі осы салаға арналды. Алдағы уақытта топырақты қоршаған ортаға зиянсыз түрде тазарту жұмыстарын зерттейтін боламыз.

Нұрбол Аппазов: мақсатымыз - қатерлі ісікті емдеуге қауқарлы жаңа қосылыстар алу

– 36 жасыңызда профессор атанған ең жас ғалым болдыңыз. Жаңа зерттеулер жүргізу үшін біліммен қатар интуиция да маңызды болар. Бұлай ерік-жігеріңіздің мықты болуына не әсер етеді?

– Бұл ата-анамыздан дарыған қасиет болар. Әкем жұмысшы болса да ізденімпаз, еңбекққор және өнертапқыштығы бар кісі болатын. Өзі электрик болып қызмет етті. Техникалық заттарға жөндеу жүргізіп, темірден әртүрлі құралдар даярлайтын. Үйдегі есік-терезеге дейін өзі жасайтын. Сондықтан әкемнен көріп, үйренгенімнің арқасында көп қасиетім әкемнен дарыды деп ойлаймын. Ал анам бухгалтер болып қызмет атқарды. Сол заманда мектепті де, оқу орнын да өте үздік оқыған. Әке- шешем бала кезімнен-ақ «профессор боласың» деп арқамнан қағып отырғандықтан, «неге болмасқа?» деп алға ұмтылған шығармын. Осылайша 36 жасымда профессор атағын иелендім.

Иә, қазір көп адамда білім бар. Білімді өте жоғары бағалаймын. Кейде мектеп мұғалімінің білімі ғалымдардан терең болып жатады.

Ал интуицияға келетін болсақ, қоршаған ортадан осы кезге дейін жинақтаған білімімізбен қатар, қазіргі зерттеулер, болып жатқан құбылыстарға қарап, жаңа дүниелерді іздеу үшін интуиция керек. Интуиция да дамытуды қажет етеді. Оны қалай дамытамыз? Қазір Scopus және Web of Science деген халықаралық базалар бар. Жұмыс күнім осы базаларды ашудан басталады. Кілт сөздерді салу арқылы, бүкіләлемде ғалымдар немен айналысып жатқанын біле аламын. Алдағы уақытта не жүргізе аламыз, қай әдіс тиімді? Осы сұрақтарға жауап та табылады. Шетелдерде тәжірибе алмасу, басқа әріптестермен байланыс орнату да ғылымды дамытады.

Білім мен интуициядан бөлек ерік-жігер де қажет. Өзімізді «сен жасамасаң, кім жасайды?» деп қайрап отырамыз. Осылай жетістікке жетіп отырған болармыз..

– Ғалымның бір күні қалай өтеді?

– Әрқалай. Негізінен зертханада 20-ға жуық әріптес және шәкірттеріммен бірге қызмет атқарамыз. Күнделікті жұмыстарды, қысқа және ұзақ мерзімді жоспарларды талқылаймыз. Ғылыми ақпарат іздеп, шәкірттердің жұмысын бақылау, сырттан қаржы көздерін іздестіру мақсатында бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіп және өзге де жұмыс істейміз. Тек ғылыми жобалар емес, өндіріс орындарымен бірлесіп ғылыми-зерттеу және тәжірибелік бағытта да еңбек етеміз. Сол мақсатта компаниялармен келісімшарт жасау, шәкірттердің жасаған жұмыстары нәтижесінде патенттік ізденістер жүргізу, ғылыми мақала, монография жазумен күнім өтеді. Университетішілік шараларға қатысу, сырттан келген шетелдік профессорлармен әріптестік орнату, мұнан бөлек отбасыңа қарап, балаларды мектепке, балабақшаға апару да күнделікті міндетімізге кіреді.

– Ғылымға, оның ішінде химия бағытына қызығатын жастар бар ма?

– Мұндай жастар баршылық. Шәкірттерімнің барлығы химияны жаны сүйетін азаматтар мен азаматшалар. Кафедрада химиялық технологиялар мамандығы оқытылады. Бұл мамандыққа түсу үшін талапкерлер химия мен физиканы таңдайды. Оны таңдайтын балалар өте аз. Жылына түсетіні 4-5 бала. Саны аз болғасын университет бұл мамандықты жабуға шешім қабылдады. Өйткені, студенттерден түсетін қаржы көлемі оқытушылардың жалақысын жаппайды. Қазір тек 4-курс студенттері білім алады. Бірақ бұл мамандыққа келген балалардан нәтиже шығады. Менен білім алған студенттер танылып, өз саласындағы жетістіктері арқылы «жұлдыз» болып жатады. Олар ән айтып емес, өз саласы бойынша еңбек етіп, жұлдыздары жарқырауда. Бірақ біз бұл салада ұстаз болғандықтан шәкірт санының көп болғанын қалаймыз.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!