Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосып, диалог құрды. Әрине алыс ауылдағы әкім үшін Президенттің өзі мән беріп, Ақордаға шақырып, ауыл-елдің мәселесін көтергені үлкен мәртебе. Мінберге жетпей жүрген талай тақырып қаузалды. Қазақтың қарашаңырағы дейтін ауылдың жанайқайына құлақ түрді. Ауыл әкімдерінің қолында не бар, қандай мүмкіндік керек, нендей мәселені шешу керек деген секілді салиқалы әңгімелер айтылды.

Осы жиынға барған ауыл әкімдерінің арасында Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының әкімі Нұрбол Жұмабеков те болған еді. Әкімдікке дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Нұрбол Баянәліұлы ауылдық жердің мәселесін жақсы біледі. Президент пәрменінен кейінгі жұмыс қарқыны мен алға қойған мақсат-міндеттері жайында аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Нұрбол Баянәліұлы, әңгімені таяуда ғана Мемлекет басшысымен өткен кездесуден бастасақ… Алған әсеріңіз жайлы айтсаңыз. Президент сіздерге сенім артатынын айқын аңғартты. Мұның өзі үлкен жігер берген шығар… Қандай бастамалар болды?

– Әрине, жігер алып қайттық. Ауыл әкімдерінде сегіз сағаттық жұмыс уақыты жоқ. Олар күндіз-түні еңбек етеді. Құдай сақтасын, бірақ төтенше жағдай туа қалса, басы-қасында болып, ең соңынан қайтатын адамбыз. Жақында ғана ауылда тұрғынның қоражайы өртеніп, түннің бір уағына дейін сонда болдық. Мұндай жағдайға дайын болу үшін арнайы құрылғылар алдырып қойған едік. Соның көп пайдасы тиді. Ел болып жұмылдық. Ал қазіргі уақытта адамдардың қауіпсіздігі жолында көшедегі қаңғыбас иттермен күрес жүргізіп жатырмыз. Қыс болса топан сумен алысамыз, жаз болса аяқсу әкелу қамымен канал жағалаймыз. Осы еңбектің барлығы Президентпен кездесуде айтылды. Әкімдердің нақты статусы, функционалдық міндеттемелері, елдің алдындағы жауапкершілігі – мұның барлығына тоқталды.

Өзіме жақсы әсер қалдырғаны, ауылдағы инфрақұрылым жүйесі бірінші кезекте реттелуі керек дегені. Айта кетейін, мен осы кезде ауылдағы үш көшені күрделі жөндеуден өткізуге жоба дайындатып жатырмын. Олар: Шамақов, Нұртаза және Сәтбаев көшесі. Біздің ауылда орталық алаң жоқ. Өткен жолы ойын алаңын салғанбыз, енді сол жұмысты жалғап, орталық алаңның қамына кірістік. Мұның да жобасы демеушілікпен жасалуда. Айналадағы кәсіпкерлердің арқасында бюджеттен бір тиын алмай, көп жұмыс істеліп жатыр. Әйткенмен, біздің маңайда ірі кәсіпкерлер жоқтың қасы. Соны ескере отырып, аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы елді мекенді газға қосу жобасын демеушілер арқылы дайындатып берді. Қазір біз қажетті мәліметтерді жинақтадық. Осы жобалар оң нәтиже беріп, сәтті аяқтасақ, ауылдан жылыжай, монша тәрізді кәсіптердің жандануына оң ықпалын тигізер еді.

– Президент әкімдердің өкілеттілігіне байланысты мәселе көтерді. Әңгіменің ашығы, қазір ауылда әкімнің қолында көп нәрсе жоқ. Тіпті елдегі білім, мәдениет, медицина нысандарының өзіне сөзі жүрмейтін кездер болады. Бұл ақиқат қой…

– Ауылда көкейінде сауалы бар адам әуелі ауыл әкіміне барады. Мәдениет саласы ауыл әкіміне қарайды. Ал білім мен медицинаны ауданға беру жөнінде мәселе көтерілген. Десе де, бұл бастама көтерілмей тұрып та ауылдық жерлерде әкімнің барлық жұмысты үйлестіру жұмыстары да қалыпты жүріп келеді. Бәлкім, әр ауылда әр түрлі болуы да мүмкін. Дәрі-дәрмекті уақытылы ала алмаса да, мал тіркеуде түйткілдерге тап болса да әкімдікке келеді. Біз мұндай мәселелерді сала-сала бойынша мамандарына бағыттап, дұрысын көрсетеміз.

Нұрбол ЖҰМАБЕКОВ, Айдарлы ауылының әкімі: Ауыл халқының өнімін қабылдайтын зәкірлі кооператив ашу керек

– Төртінші деңгейлі бюджетке байланысты… Ауылдың бюджеті жоғары болуы үшін кәсіп көзі болу керек, кәсіпке қолайлы орта болуы керек. Мұның барлығы айтпаса да түсінікті. Жалпы түсінікте халықтың әлеуметтік жағдайы көп мәселені шешеді. Қоғамдық-саяси ахуал да осыған байланысты. Осы ретте кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы сұрақ туындайды. Ауылдарда орындалуы қалай?

– Айдарлы ауылы мал шаруашылығына бағытталған. Кеңес үкіметінің тұсында 6 мың басқа дейін асыл тұқымды сиыр ұстаған. Дарияның етегінде жатқан соң тиімділігі зор. Ауылдағы ақсақалдардың айтуынша, ауылда 2 мың гектардан аса малазықтық дақылдары егілген. Сондықтан мал шаруашылығына қосымша егін шаруашылығына да бетбұрыс жасап жатырмыз. Қазір халық әрқайсысы өз шамасына қарай 5 гектардан, 10 гектардан жер ашып, жоңышқа тәрізді дақылдарды егіп жатыр. Бақша егіп жатқандар да жетерлік. Мұнан бөлек, 2023 жылы «Бәйтерек» кооперативі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 27,4 млн теңге несие алған. Киіз басу, киіз өнімдерін дайындау жобасы бойынша. Биыл асыл тұқымды ешкі асырау бағытында «Айдарлы өнімдері» кооперативі 12 млн теңге несие алған. «Ауыл аманаты» бойынша қолға алынған бұл жоба да қолдау тапты деп айтуға негіз бар. Биыл бес азамат мал шаруашылығы бағытында қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Тағы бір айта кетерлігі, Айдарлының қауын-қарбызы бренд ретінде қалыптасып келеді. Осыған байланысты кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмын. Бақша дақылдарын егу, оны өңдеу, сусын, тосап, қауынқақ тәрізді өнімдерді дайындап, халыққа ұсынсақ, қандай керемет. Жаз бойы қалаға қауын-қарбызды қалаға тасиды. Кейде басқа қалалардан келіп, егіс басынан жинап кетіп жатады. Әрине ол кезде бағасы төмен болады. Ал егер оны өңдесе, өнім ретінде сатуға шығарса, шаруаның маңдай тері ақталып, жақсы пұлданатын еді. Өнімді шикі емес, өңделген күйінде сатсақ, әрі жақсы кәсіпке де айналар еді.

Мемлекет басшысының өзі өнім өңдеуге, өңдеу өнеркәсібі, өндіріс орындарын ашу бағытында бірқатар тапсырма берді. Қазір елдегі өндіріс саласының дамуы қарқынды. Ендігі мәселе біз шикізатты емес, өңделген дайын өнімді ұсынуға дағдылануымыз керек. Әлгінде мен айтып отырған қауын-қарбыздың да мәселесі осында жатыр. Жерге тастаған дәннен алған өніміңіздің дайын өнімге дейінгі процесі бейнет екені рас. Бірақ дайын өнімнің бағасы қымбат болады. Ауыл халқының жағдайының жақсарып, қолы аузына жетіп жатса, ол – қуанышты жағдай. Ел болып қуанып, бөркімізді аспанға атуға болады.

Ал төртінші деңгейлі бюджетке байланысты кеше Президент жақсы бастама көтерді. Салық түрлерін көбейту керегін айтты. Бізде ауылда салықтың көп түрі ауданға кетіп қалып жатады. Мұндай жағдайда белгілі бір бөлігін ауылға қалдыру керек екенін кеше Мемлекет басшысы да нықтап айтты. Қазіргі жағдайда салықтың ауылға түсетін түрі жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынікі ғана. Осылай жүйелі жұмыс істеп әр ауылдың бюджеті 40-50 млн теңге шамасында болса, онда ауылға жылына орта есеппен екі ойын алаңын, жасыл-желек кешенін салуға болар еді. Сол кезде ауылда ауыз толтырып айта аларлықтай жұмыс көрінер еді.

– Бұған дейінгі ауыл шаруашылығы саласында еткен еңбегіңіз сол қазақтың қарашаңырағына тура бағытталған екен. Ауылдағы мәселелерді шешуде сол тәжірибенің көмегі тиіп жатқан болар. Әрі бұл ауыл сізге бөтен емес. Халықтың қолдауы да жеткілікті.

– Ауыл шаруашылығы саласы жаныма жақын. Қазақта «Су – тіршілік көзі» деген керемет сөз бар. Бізге ең алдымен аяқсу мәселесін шешіп алу керек болып тұр. Өткен жылы ауылдың Уәлихан, Тораңғыл деген екі каналын демеушілердің есебінен қаздырып, арнаны кеңейттік. Биыл дариядан бері қарай су әкелетін Ақтам каналының сағасын су шаруашылығы қазып берді. Ендігі кезекте сол сағадан бері қарай қазу керек. Қоға өсіп кеткен тұсын тазалап алсақ. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті мекемеге хат жаздық. Ел бойынша су тапшылығы бар екені жасырын емес. Бірақ деңгейіміздің жеткен жеріне дейін еңбек етіп, елдің ауласына өзіне керекті көкөнісі мен жемісін егіп жеуіне мүмкіндік беру керек. Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Өткен жылы электрлік су тартқышты пайдаландық, кезектесіп суардық, жаман болған жоқпыз. Бақшаны да егіп жатырмыз, жоңышқаға да су жетті. Төрт күн ауылға, үш күн бақшаға деп бекітіп, кесте бойынша су алдық. Бұл бағытта жағдай жаман емес.

Нұрбол ЖҰМАБЕКОВ, Айдарлы ауылының әкімі: Ауыл халқының өнімін қабылдайтын зәкірлі кооператив ашу керек

– Нұреке, көп ауылда бағдарлама талабына сай кооперативтер ашылып жатыр. Президент те осы бағытқа көп көңіл бөлу керегін айтты. Бірақ менің түсінбейтінім, сол тізімнен мына жағдайды көруге болады. Үш адам кооперативке бірігеді, үшеуі де мал бордақылайды. Біздің түсінікте кооперативте біреуі мал бордақыласа, екіншісі жем-шөп дайындайды, ал үшіншісі ет өнімдерін өткізеді. Сіздің көзқарасыңызда осы дүниелер қалай өзі?

– Өте орынды сұрақ. Біз кооператив ашуға жұмыс істейміз, кәсіп ашуға сүйемелдеп, қажет көмегімізді береміз. Бірақ осы ретте кейбір талаптар өте қатал екені рас. Сол талаптар ауылдың жағдайына ыңғайланып жасалса дейміз. Осындай ұсынысымыз бар. Әйтпесе, кәсіп жасауға ынтасы бар қанша адам көп қадамнан өтіп барып, түбіне жақындағанда тоқтап қалады. Осы ретте кәсіпкердің де көзқарасы ескерілсе дейміз. Мәселен, үш адам отыз ешкі алды делік. Біреуі малға қараса, екіншісі сүт өнімдерін дайындаса, үшіншісі апарып өткізсе, қандай үйлесімді.

– Ауыл шаруашылығынан да хабарыңыз бар. Қазіргі ет бағасын алайықшы. Оның арғы жағында жем-шөптің, тірі малдың, қажетті дәрі-дәрмектің құны тұрады. Ал қоғамдағы барлық қымбатшылық та басқа адамдарға қалай әсер етсе, ет сататын кәсіпкерге де солай ықпал етеді. Мәселен, ол да азық-түлік сатып алады, киінеді, тағысын тағы. Бәлкім, азық-түлік бағытындағы субсидияны ортадағы делдалдарға емес, ауылда сол азық-түлікті табан ет, маңдай терімен дайындайтындарға тікелей берсе, бәлкім ет бағасын тұрақтандыруға Үкімет ауылдарға бөліп, шаруаның малын сатып алып, оны халыққа қажетті бағасымен берсе… Мүмкін, жоғарыдан басталған қомақты субсидия ауылға тамшы болып қана жететін шығар… Ауылға жаны ашитын азамат ретінде көзқарасыңызды білсек…

– Мемлекет басшысының өзі егіс даласынан саудагердің сөресіне дейін делдалсыз сату саясаты осыдан екі-үш жыл бұрын көтерілген болатын. Ауылдағы өнім қалаға тіке жеткізілу керек деген еді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жандануы керек деп санаймын. Мәселен, мал бағып отырған адамның қалаға барып, сататын екі ғана жолы бар. Бірі мал базарға тірілей сатады, екіншісі, мал сою пунктіне апарып сойып, өткізіп кетеді. Тағы бір жолы – ауылдан жіліктеп сатады. Бұл – арзан сатылатын жол. Менің ұсынысым, әр ауданға жәрмеңке тәрізді уақытша сатылатын мүмкіндік жасау. Әр өнімнің уақыты бар ғой, мысалы, бақша өнімдері жаздың аяғынан күздің басына дейін. Етке де сондай орталық керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша әрбір ұсынысты елеп-ескеріп, түртіп алып жүретін Индира Сансызбайқызының жұмысын ерекше айтар едім. Әрбір аудан орталығында және облыс орталығында осындай бір кооператив болса… Мысалы, сондай кооперативті Ж.Маханбетов ауылында ашылады деген еді. Ол кооператив ет пен сүтті тікелей халықтан қабылдайды. Сосын тұтынушыға береді. Кәсіпкер өнімін қайда апарамын деп бас ауыртпайды. Тағы бір айта кетерлігі, ол кооперативтер де бағаны жерге ұрмай, халықтың еңбегін бағалап отырса. Сол кезде субсидияны сол зәкірлі кооперативтерге де беруге болар еді… Мемлекет оларға қолдау көрсетіп отырғандықтан, талап ету керек. Мәселен, мына бес ауыл сізге қарайды, сол бес ауылдың өнімін тұрақты қабылдауыңыз керек деп. Сол кезде әрбір ауыл өзінің мүмкіндігіне қарай өнім өткізіп отырар еді…

– Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Ауылды қайтсек дамытамыз?

– Біз кешегі жазда ауыл әкімдерінің оқуында болдық. Сол уақытта әрбір ауыл әкімі өзінің ауылына талдау жасады. Ауылдан не шығады, қандай көлемде шығады, қандай мүмкіндіктері бар деген сауалдарға жауап бердік. Сол себепті, бұл мәліметтердің әрбірі орталықта бар және оған байланысты жобалар жүзге асырылып жатыр деп ойлаймын. Әрбір ауыл әкімі ауылдың мүмкіндігін жақсы біледі. Демек, мұндай зәкірлі кооперативтер ауылды дамытуға ауадай қажет.

Күзде баласы мектепке баратын ата-аналардың басында көп болатын жағдай. Малын базарға апарып, арзанға сатып кетіп жатады. Ал егер орталықтандырылған баға болып, оны солай қабылдайтын жер болса, онда шаруаның да бейнеті ақталады. Әрі халықтың да мал шаруашылығына, бордақылау мен көбейтуге ынтасы артады, несие алып, кәсібін дамытатындар да көбейетініне сенімім мол.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!